Көкейкесті

Сирияға кету үшін адам өлтірген…

Ишанғалиев Қуаныш 1975 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Атырау облысы мамандандырылған  ауданаралық сотының 2013 жыл 5 маусым күнгі шешімімен  22 жылға бас бостандығынан айырылған.

Оған ҚР ҚК-нің 179 бабы 4 бөлігі, 185 бабы 4 бөлігі, 233-2 бабы 2 бөлігі, 96 бабы 2 бөлігімен аса ауыр қылмыс жасады деген айып тағылған.

Шегініс

2012 жылы Атырауда  8 адамнан құрылған қылмыстық топ ұсталды. Олар интернеттен исламдағы салафиттік бағыттағы «радикалды-жихадтық» ағымның уағызшыларын тыңдап, Сирияға кетпек болған. Таяу Шығыстағы қарулы жихадқа қатысу үшін террористік топқа қосылу мақсатында атыраулық кәсіпкерден ақша талап ету үстінде  оны өлтірген. Олар Атырау қаласының тұрғындары Ролан Аманжолов, Қуаныш Ишанғалиев, Ардақ Аманғалиев, Абзал Изимов, Ержан Құсайнов, Аман Қонақбаев, Ринат Сисенғалиев, Нұрболат Тайровтар еді.

 Сирияға кетуді қалай жоспарлады?

Оқырманға белгілі әйгілі оқиға, 2012 жылы 21 қыркүйек күні Атырау қаласындағы «Көктем» ықшам ауданында терактіге қатысқан лаңкестерді құрықтау барысында  Е.Сұлтанов құрған қылмыстық топтың 4 мүшесі арнайы орган қызметкерімен атыс үстінде көздері жойылған болатын.  Солардың бірі –Е.Тойлыбаев Сирияға кетуді көксеп жүрген Р.Сисенғалиевтың жездесі еді. Р.Сисенғалиев осы жездесі арқылы сол кезде жойылған қылмыстық топтың басшысы, Сирияда жүрген Е.Сұлтановпен  интернет арқылы байланысқа шығып жүрген болатын. Ролан Аманжолов Е.Сұлтановқа  Р.Сисенғалиев арқылы байланысқа шығып, атыраулық 8 жігіттің Таяу Шығыс елдерінің біріне барып, қарулы жихадқа қатысып, террористік актілерге қатысқысы келетінін айтқан.  Е.Сұлтанов оған Атыраудан  Самара арқылы Түркияға жетсе, әрі қарай оларлы террористік топқа қосуға уәде берген.

Сөйтіп Р.Аманжолов 2012 жылдың қазан- қараша айларында Қазақстанда шариғат және Құран ережелері сақталмайтынын, ел халқын, мемлекетті «дінсіз кәпірлер» деп, қарулы жихадқа қатысу үшін өзі құрған топтағы 7 жігітке «күшпен жихадқа» шығуды уағыздаған.

Осы мақсатта ірі қаржыны қолды етпек болған Р.Аманжолов пен топ мүшелері Атырау қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер «Таң- Сервис» ЖШС-нің директоры, «Таң» саунасының иесі  Лұқпан Досанбаевқа «амалият» жасап, яғни Сирияға кету үшін оның ақшасын қарақшылық жолмен иеленуге жоспар құрған.

2012 жылы 28 қараша күні қылмыстық топ мүшелері қала шетіндегі «Химпоселок» аумағының сыртында жиналған.

 

Әрі қарай оқиға қалай өрбіді? Бұл туралы біз Ақтау түрмесінде отырған Қуаныш Ишанғалиевтан сұқбат алғанда білдік.

– Ауылға, кәсіпкер  Лұқпан Досанбаевтың үйіне түнде барып есігінің алдында жолығып, ақша талап еттік.  Ол ақшаның қалада, офисте екенін айтты. «Офиске барамыз» деп оны алып шықтық, алайда шыға бере жоспарымыз өзгерді. Ауылдың сыртына шығып, оны өлтіретін болдық.

Неге өлтіресіздер? Сіздің мақсатыңыз ақша алу емес пе еді?

-Басшымыз Ролан болды, ол айтқан соң бағындық, өлтіріп тастадық… Ендігі мақсат ақша емес, қашу болды. «Әркім өз жолдарыңмен кетіңдер, қашыңдар» деді Ролан. Біз тығылып жатып, екі аптадан соң Аманғалиев Ардақ екеуіміз Орал қаласына кеттік. Оралда пәтер жалдап, бір аптадай болдық, сонда ұсталдық. Мен 22 жылға  сотталдым. 2013 жылдан бері Ақтау түрмесінде отырмын. Ролан ғана Сирияға қашып үлгірді. Ол Сирияда өлді. Қалған жетеуміз сотталдық.

– Кімдердің уағызын тыңдадыңыз?

-Интернеттен Сайд Бурятскийдің уағызын тыңдадық,

-Ол не деді?

– «Таяу Шығыста мұсылмандарды қырып жатыр, мұсылман мұсылманға көмектесу керек, жихад жасаңдар» деп Сирияға шақырды.

– Мұсылмандарды қорғау үшін Сирияға кетпек болдыңыз, бірақ жол ақшасы үшін елдегі бір мұсылманды өлтірдіңіз? Мұны қалай түсінуге болады?

-Білімсіздіктен болды.

Мұсылманды  өлтірген  мұсылман тозаққа барады делінген. 

– Ол кезде білмедік, «намаз оқымаған мұсылман емес» деп ойладық. Қазір ғой көзіміз ашылып жатқаны. Бар ойымыз Сирияға кету болды.

-Сириядағы соғыс сіз ойлағандай дін үшін болған соғыс емес қой, мұны білесіз бе, қазір?

– Ия, ол соғыс дін үшін емес екен, қазір көзіміз ашылды ғой. Саясат қой. Бармай қалғанымыз жақсы болды, барсақ бір адамды емес 100 адамды өлтірер ме едік, Аллах сақтады!

Сирияда сіздерді кім күтіп отыр еді?

-Роланның байланыстары болды. Біздерді соғысқа қатысу үшін  террористік топқа солар қосатын болған. Сирияға  Ролан, мен және тағы да 2-3 кісі кететін болдық,  қалғандары елде қалатын болды.

 -Қалай адастыңыз? Алғашқы шалыс басқан қадамыңыз есіңіз де ме?

-2007 жылдан бастап намазды Әбу Ханифа мазхабымен  оқыдым. Басында мешітте жүрдік. 2011 жылы көзқарасым өзгерді, теріс ағымға тап болдым. «Халал сойылмаған» деп етті жеген жоқпын, бәрі содан басталды… Содан Сирияға шақыру, елде жарылыстар болды, терроризм басталып кетті ғой. Досым Роланмен кездесіп, сөйлесіп жүрдім. Екеуіміз Сирияға кетеміз деп уағдаластық. «Мына жаққа зиян келтірмейік, соғысты Сирияда жасайық» дедік.

-Шынайы мұсылман қандай болу керек?

-Шынайы мұсылман аузымен де, қолымен де адамға зияны тимейтін адам болуы керек.

– «Шынайы мұсылманмын» деп жүргендер, салафизм ағымындағылар неше түрлі қылмыстар жасап жатыр. Есірткі сатып, өздері шегіп жатыр, арақ ішіп, кәмелетке толмаған қыздарды зорлап жатыр, өз әйелдерін «талақ» деп бір секунтта үш рет айтып тастап, достарына «әйелімді талақ еттім, сен алшы» деп беріп жатыр. Сіздің браттарыңыздың бүгінгі  бет-бейнесі осы. Осы дұрыс па?

-Дұрыс емес, әрине бұл дұрыс емес! Бұл дінге, исламға кір келтіру. Біз ұстанған бұл жол анық дұрыс емес. Басынан бастап.

-Салт-дәстүр, ырым-тиымға қалай қарайсыз?

-Дінге қарама – қайшылығы болмаса болды. Түрмеге келіп сабақ беріп жатқан имамдар, теологтар  салт- дәстүр жөнінде де айтып жатыр. Аллахқа серік қосу ғой проблема.

-Сіз сол Аллаға серік қоспаймыз деп адасқан жоқсыз ба? Қазақтың салт- дәстүрі Құранмен,  хадистермен сәйкес келетінін білмейсіз бе?

-Көп нәрсені енді түсініп жатырмыз ғой…

-Отбасыңыз бар ма? Олар да намаз оқи ма?

-Анам, әйелім, 3 балам бар. Апам, қарындасым, екі ұлым мен қызым намаз оқиды. Қазір екі баламды уайымдаймын, дұрыс жүрсе екен, мен сияқты қателесіп кетпесе, балаларым сотталып. қасыма келіп отырмаса екен деп уайымдаймын.

-Олар қалай жүр?

-Тыныш жүр. Үлкен балам Алматыда медицина университетінде, кіші балам 9-сыныпты бітіріп, заңгер факультетінде оқып жүр.  Намазды мешітте оқиды, «ешкімге ермеңдер, мен сияқты болмаңдар» деп ұрсып қоямын.

-Ұлдарыңыз  не дейді?

-«Ия, әке, сіздікі дұрыс!» дейді. Әкесі түрмеде отырған соң көздері жетіп жатыр ғой. Балаларым менсіз өсіп жатыр, жандарында емес, түрмеде отырмын. Сол өкіндіреді. 9 жыл отырдым, бостандыққа шығуыма әлі 13 жыл бар. 2034 жылы 59 жасымда шығамын.

-Сіз дінді теріс түсіндіңіз, адасып, Сирияға кетпек болып, адам өліміне себепші болдыңыз.  Енді  аттай 22 жыл тар қапаста отырасыз. Кейінгі жастарға не айтасыз?

– Бірінші Үкіметке  айтарым, интернетте теріс уағыз айтып жатқан сайттарға тиым салу керек. Біздің кездегі уағыздар әлі айтылып жатыр ғой, жастар бұзылып жатыр. Интернеттегі сайттарды, теріс уағыздарды тыйса жастар адаспас еді. Мысалы мен  діни білімсіздіктің кесірінен 37 жасымда адастым. Егер мен жасымнан дұрыс дінді түсінсем адаспас едім.  Жастарға дінді, ненің дұрыс, ненің қате екенін түсіндіру керек деп ойлаймын.

Әңгімелескен Ұлдай САРИЕВА,

Durbi.kz

Ақтау қаласы

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close