Боямасыз өмір

Адасудың ақыры

2012 жылы интернеттен  исламдағы салафиттік бағыттағы «радикалды-жихадтық» ағымның Сайд Бурятский және басқа да шетелдік уағызшыларын тыңдап, діни теріс ағымға түскен атыраулық 8 адам қылмыстық топ құрған.

МақсатТаяу Шығыстағы қарулы жихадқа қатысу, террористік топқа қосылу болған. Ал Сирияға кететін жол қаражатын қайдан алу керек? «Қазақстанда шариғат және Құран ережелері сақталмайды, халық, мемлекет «дінсіз кәпірлер» деп өзара пәтуа шығарған  олар қалталы біреудің ақшасын тонамақшы болады. Таңдау Атырау қаласының тұрғыны,  Л.есімді кәсіпкерге түскен.

Ролан Аманжолов баcқарған, құрамында  Қуаныш Ишанғалиев, Ардақ Аманғалиев, Абзал Изимов, Ержан Құсайнов, Аман Қонақбаев, Ринат Сисенғалиев, Нұрболат Тайров бар  қылмыстық топ 2012 жылдың 28 қарашасы күні қала шетіндегі «Химпоселок» аумағының сыртында жиналып, қылмыстық ойларын жүзеге асырмақ болады.

Алайда кәсіпкерден ақша талап ету үстінде болған ұрыс-керіс салдарынан олар кәсіпкерді ұрып-соғып, соңында өлтіріп тыңған.

Ақша түгілі бас қайғы болған олар дереу жан- жаққа қашады. Р.Аманжолов екі күн ішінде Сирияға кетіп үлгіреді. Қалғандары  ұсталып, Атырау облысы мамандандырылған  ауданаралық сотының 2013 жыл 5 маусым күнгі шешімімен ұзақ мерзімге сотталды.

 

Соның бірі –  Қонақбаев Аман  ҚР ҚК-нің 179 бабы 4 бөлігі, 233-2 бабы 2 бөлігі,  364 бабы (аса ауыр)  бойынша 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Бүгінде  ол Ақтау қаласындағы 172/6 қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеп жатыр.  

А. Қонақбаев 39 жаста. Атырау қаласында туып- өскен, отбасылы, үш баласы бар. Жоғары оқу орнын бітірген инженер – механик.

 «Ардақ деген  кішкене кезден бергі дос жігітпен мешітке бірге барып жүрдім . 2012 жылдың  қараша айында кәсіпкерді тонайтындарын, сол үшін көлік керек екенін айтып, көмектесуімді сұрады.  «Көмектесем, бірақ тонауға қатыспаймын, Сирияға бармаймын» дедім. 

Сол түні мен көліктеріне симай қалған бір адамды айтқан жерлеріне апарып тастадым.  Олар кәсіпкер тұратын қаланың шетіне барыпты. Бөтен көлік келсе хабар беру үшін мені жолдың бойына күзетке тастап кетті.

Түнгі сағат 03-те маған телефон шалып, «жүре бер» деді.  Олар кәсіпкерді  ұстап алып, ақша талап етеді. Ақшаға бара жатқанда келіспей қалады да басқа жерге апарып, соғып, қорқытады. Сол жерде топтың басшысы Ролан оны атып тастапды» дейді Аман.

 

-Адам өлімі болатын түнде көлік керек болып, аяқ астынан келіп қалдым. Олардың отырыстарында болған жоқпын. Олар маған «Сирияда мұсылмандарды қырып жатыр» деп 1-2 видео ғана көрсетті.  Интернеттен уағыз тыңдаған жоқпын. Оларға  соңғы жағында тап келдім.

– Қылмыстық топпен бірге болып,  көмектестіңіз. Қалай ақталасыз?

– Ардақ бала кезгі досым еді, соның кесірінен топқа кіріп кеткенімді білмей қалдым. Сирияға бару, қылмыс жасау ойымда болған жоқ. Барынша қашқақтап жүрдім.  Ойланбай ақымақтық жасадым.

Бұл топ Қазақстан  мемлекеті  мен  халқын «дінсіз кәпірлер» деген. Сіз де солай ойладыңыз ба? 

– Мемлекеті харам дейтін менде ой болған жоқ. Туған жерім ғой, осы жерде бала-шағам –өсіп жатыр. Бұрын спортпен айналыстым, тентек болдым, тіпті сотталып  кете  жаздадым. Намазды түзу жолға түсейін деген ниетпен бастап едім. Сақалым болған жоқ, балағымды  да  кескен жоқпын. Мемлекетті, адамды кәпірге шығаратын бөтен ойым болмады. Отбасымда да мәселе болған жоқ. Біреуге қарсы бірдеңе айтардай менде діни білім де болған жоқ.

-Сол діни сауатсыздықтан адастыңыз емес пе?

– Басында діни білімді дұрыс алу керек еді.  Мешітке барып, имамдар мен дінтанушылардан  дұрыс білім алмаған соң осылай болды. Басында жігіттерге еріп намазды Ханбали мазхабымен оқып жүрдім. Жалпы мазхаб дегенді де білмейтін едім. Теологтардан көптеген сабақтар алып, білмейтінімді сұрап, есімді жинап жатырмын. Төрт мазхаб бар екен, түрмеге түскен соң сауатымызды ашып, біліп жатырмын. Қазақстандағы Абу Ханифа мазхабына көштім қазір.

– Сонда сіз бүгін дұрыс жолда болмағаныңызды  біліп, қателігіңізді түсіндіңіз бе?

-Ия, түсіндім. Басында шелпекке, келіннің сәлем салуы мен салт – дәстүрге қарсы болдық. Әрине, бас тарттым бұл жолдан.  Жас емеспіз, ақыл тоқтаттық, енді ешкімнің сөзіне ермеймін.

– Адам өлімі болды. Сіздер Сирияға барып, мұсылмандарды қорғаймыз деп  елдегі бір мұсылманның өмірін қидыңыздар.

– Бұл бізге ауыр сабақ болды. Қатты өкінемін. Біздің қателігімізді артымыздағылар қайталамасын деп бала- шағама айтып, түсіндіріп жатырмын. Ұлдарыма «достарыңа, көршінің балаларына айтыңдар, адасып кетпесін» деп айтамын. Осы жерде отырсам да қолымнан келгенше бала- шағама түсіндіріп жатырмын.

-Түрмеден шыққан соң не істейсіз?

Мақсатым – бала- шағамның қасында болып, отбасымның барлық жағдайын жасау, балаларымды дұрыс жолға тәрбиелеу. Қазір  олар әке тәрбиесін көрмей, ата-әжесіне еркелеп өсіп жатыр. Әке тәрбиесі бөлек қой. Балаларым намаз оқып жүр. Қалай болады?  Болашақты ойлаймын, соның ішінде балаларымның болашағына алаңдаймын. Мен оларға  «ешкімге ермеңдер, интернеттен уағыз тыңдамаңдар. Сұрақтарың болса теологтардан сұраңдар» деп үнемі айтып отырмын. Өзім діни сауатсыздықтың  кесірінен адастым, ақымақтық жасап, қылмысқа ортақ болып, орны толмас өкінішке қалдым. Енді балаларымның менің жолымды қайталағандарын қаламаймын. Теологтар олармен де кездесіп, сөйлесіп тұрады.

-Сіз адастым, қатты өкінемін, бұрынғы көзқарасымнан бас тарттым деп отырсыз. Жастарға не айтасыз?

-Қазіргі жастардың  кейбірі түсінбегендерін білу үшін мешітке барып, имамнан сұраймайды. Қазір компьютер заманы, заман дамып кетті, теріс идеология интернеттен тарап жатыр. Интернеттегі жат ағымдардың уағыздарын тоқтату керек. Теологтарды, имамдарды  тыңдап, солардан дұрыс білім алса жастар адаспайды. Жер бетінде туған жеріңнен, отбасыңнан артық ештеңе жоқ. Жастар осыны түсінсе екен! Біздің діни сауатымызды ашып, ненің дұрыс, ненің қате екенін түсіндіріп, ақиқатқа көзімізді ашқан телогогтарға алғыс айтамын!

Әңгімелескен Ұлдай САРИЕВА,

Durbi.kz

Ақтау қаласы

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close