Сұқбат

Мақсатбек МАХАНБЕТОВ, Маңғыстау облысы Дін істері басқармасының басшысы: «Дін саласындағы  өзекті мәселелер басты назарымызда»

 

          -Мақсатбек Шахзадаұлы, Маңғыстау облысындағы діни ахуал, облыста атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берсеңіз.

-Бүгінгі таңда облыста 44 діни бірлестік тіркелген. Оның 33 – і Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының филиалы болса, 1 православтық, 1 римдік-католиктік, 8 протестанттық, 1 кришнаидтік діни бірлестігі  қызмет етеді. Облыс тұрғындарының басым бөлігі мұсылмандар мен православ христиандарынан құралған.

36 ғибадат үйі жұмыс істейді. Соның 33-і мешіт, 1-і православ шіркеуі, 1-і «Маңғыстау облысындағы Христиандық Жаңа апостолдық шіркеуі», 1-і «Рақым сөзі» Інжілдік Мәсіхші Баптистер қауымының шіркеуі.

Өңірде бүгінгі күнге дейін діни бірлестіктерге қатысты құқық бұзушылық орын алмаған. Дін ұстанушылардың діни сенімін қорлау жағдайлары да тіркелмеген. Ешқандай кедергісіз діни бірлестіктер жұмыс жүргізіп келеді. Өңірімізде діни ахуал тұрақты.

 

          -Облыста 33 мешіт бар екен. Тағы да 8 мешіт салынбақшы көрінеді.

 

-Ия, облыс бойынша 8 мешіт құрылысы жүріп жатыр. Олар Ақтау қаласының мешіті (1000 орын), Мұнайлы ауданының Дәулет (500 орын), Батыр (500 орын), Бесшоқы ауылдарында, Маңғыстау ауданының Жармыш ауылында (100 орын); Бейнеу ауданының Сыңғырлау ауылында (200 орын); Жаңаөзен қаласының Теңге ауылында (500 орын), Түпқараған ауданының Баутин (100 орын) ауылында салынбақшы.

Күні бүгін 4 мешіттің құрылысы бітіп тұр.  Мұнайлы ауданының Қызылтөбе-2 ауылында  600, Маңғыстау ауданының Онды  ауылында 100, Бейнеу ауданының Сам ауылында 80,  Тұрыш ауылында 100 орындық мешіттер жұмысын бастайды.

Облыста 2 намазхана бар. Олар Қарақия ауданы Ералы станциясы 65-ші үйде және Ақтау халықаралық әуежайында. Ақтау әуежайы халықаралық дәрежеде болғандықтар жолаушылар үшін жағдай жасалынды.

 

Облыста Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы филиалдарынан басқа түрлі бағыттағы 11 діни бірлестіктер бар дедіңіз. Басқарма олармен қандай жұмыстар атқарып отыр?

 

-Биылғы сәуір айында облыстағы діни бірлестіктермен жұмыс аясын кеңейту, дінаралық татулықты нығайту мақсатында  Маңғыстау облысы Дін істері басқармасы жанынан діни бірлестік басшыларының клубы құрылды. Клуб құрамына діни бірлестіктердің 11 өкілі кірді. Клуб өз қызметінде мемлекеттік органдармен, діни және басқа да қоғамдық бірлестіктермен, сондай-ақ аймақтық деңгейдегі үкіметтік емес ұйымдармен өзара жұмыс жүргізетін болады. Клубтың мақсаты – азаматтардың діни сауаттылығын арттыру, конфессияаралық және конфессия-мемлекет аралық қатынастарды үйлесімдендіру болып табылады. Негізгі міндеттеріне келсек, Маңғыстау облысының Дін істері басқармасына діни бірлестіктердің айналасында қалыптасып отырған діни ахуал және діни бірлестіктердің қызмет ету мәселелері бойынша заңнаманы сақтау туралы дер кезінде ақпараттандырып отыру. Маңғыстау облысының Дін істері басқармасымен тығыз жұмыстар атқара отырып, әртүрлі діни бірлестіктердің өкілдері арасындағы өзара сыйластық пен төзімділікті ары қарай нығайта түсу. Сондай-ақ клуб өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес діни бірлестіктер мен азаматтар тарапынан дін саласындағы заңнаманы сақтау мәселелері бойынша тұрғындар арасында ақпараттық-насихаттау, консультативтік, тәжірибелік жұмыстар жүргізеді. Аталмыш клуб діни саладағы өзекті мәселелерді талқылауға жағдай жасауға.конфессияаралық қатынастарды дамытуға, облыстың түрлі діни бірлестіктері арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға  айтарлықтай ықпал етеді деп ойлаймыз.

 

– Облыста діни миссионерлер қанша?

-Облыста мерзімі аяқталмаған Қазақстан, Польша, Словакия, елдерінен 5 миссионер қызмет атқарады. Олардың 3-і католик, 2-і кришнаит, 1-і Жаңаапостолдық діни бірлестігінде. Бүгінгі күнге дейін миссионерлердің құқық бұзушылығы тіркелмеді.

 

 

– Мақсатбек Шахзадаұлы, облыста дін саласында әкімшілік құқық бұзушылық  болды ма?

 

-2021 жылдың  10 айында облыста ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 490 – бабына сәйкес ҚР діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу бойынша 24 құқық бұзушылық тіркелді.

          Атап айтсақ, 5 азамат рұқсатсыз діни әдебиет таратқаны үшін, 6 азамат діни рәсімдерді өткізу талаптарын бұзғаны үшін, 1 азамат мешіттің қызмет жасауына кедергі келтірсе, 12 азамат- әлеуметтік желіде теріс діни материалдарды жариялағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Бұл 12 азамат    өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларында діни мазмұндағы бейне, аудио және мәтіндік материалдарды ашық түрде сақтап, жариялаған. Оларға 20 АЕК және 50 АЕК көлемінде көлемінде айыппұл салынды.

          Жоғарыда аталған жалпы 24 азаматқа 2 389 023 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Дін істері басқармасы 5 мемлекеттік қызмет түрін жүзеге асырады. 2021 жылғы 11 айда басқармаға мемлекеттік қызмет алуға 13 өтініш түсті. Оның 5-і ғибадат үйлерін салуға, 2-і діни іс-шаралар өткізетін үй-жайларды келісуге, 4 –і миссионерлік қызметті жүргізуге, 2-і діни әдебиетті таратуға орын белгілеуге өтініш берді.

Облыста діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату 14 орын бар. Оның 10- ны Ақтауда, 2-і Бейнеуде, 2-і  Жаңаөзенде орналасқан.

 

          -Облыстағы деструктивтік діни теріс ағым мүшелерін оңалту жұмыстары қалай жүруде?

 

-Жыл басынан бері оңалту жұмыстарымен 771 адам қамтылды, олармен 1205 кездесу өткізілді. Оның ішінде, 161 деструктивтік діни ағым жақтаушысы дәстүрлі исламға оңалса, 90 адам қазақстандық қоғамның құндылықтарына бейімделді.       Қылмыстық-атқару жүйесі бойынша           Маңғыстау облысының түзеу мекемелерінде оңалту жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Нәтижесінде 15 адам бейімделіп, 2 адам оңалды. Бұл жұмыстар әрі қарай күшейтіледі.

 

– Жалпы діни адасушылық жастардың діни білімді ғаламтордан іздеуі салдарынан туындап жатыр. Интернеттегі әлеуметтік желілердегі деструктивтік идеологияларды анықтау, алдын алу жұмыстары  туралы айтып берсеңіз.

 

          -2018 жылдан бастап интернет желісіндегі теріс діни топтар мен парақшаларға мониторинг жұмыстарын күшейттік. Басқарма жанындағы «Дін мәселелері бойынша ақпараттық-талдау орталығы» «Kazdream Technologies» компаниясының «Интернет аналитикалық карта» жобасымен жұмыс істеп отыр. Бұл жоба -интернетте діни алауыздық пен араздықты қоздырудың алдын алуға және терроризм мен экстремизм идеяларын насихаттаушы азаматтардың әрекеттерін әшкерелеуге арналған.

Жыл басынан бері интернет желісінде теріс діни бағыттағы топтарға тіркелген 8618 парақшамен жұмыс жүргізілді. Бұл аккаунттарға екі тілде 11373 хабарлама жіберілді. 99 парақша бұғатталды. Қоңырау шалу арқылы 361 парақша, хат арқылы 993 парақша кері байланыс орнатып, олар топтан қалай шығу керектігі туралы кеңестер алды. Нәтижесінде 3235 парақша теріс топтардан шығып кетті.

2020 жылы аталған топтарға тіркелген 7066 аккаунт парақшаларына хабарлама жіберілген болса, соның нәтижесінде 6061 аккаунт иелері теріс бағыттағы топтардан шығып, 144 парақша бұғатталды. Хабарлама жіберілген 1467 аккаунт иелері  кері байланыс орнатып, 458-і телефонмен, 1009-ы хабарлама хаттар арқылы кеңестер алды. Былтырғы жылы барлығы 8711 аккаунт иесімен жұмыс жүргізілді.

Жыл басынан бері теріс діни материалдарды насихаттайтын топтар мен парақшаларды бұғаттауға арналған «Киберқадағалау» бағдарламасына Instagram және Вконтакте желісіндегі 839 парақша тексеру үшін «Кибернадзор» бағдарламасына салынды.

 

Діни адасушылқтың алдын алуда интернет кеңістігінде босаған орындарды танымдық материалдармен толықтыру маңызды. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүруде?

 

          –Әлеуметтік желілерде діни профилактикаға қатысты 8119 қарсы насихаттық материал жарық көрді. Оның ішінде, фейсбукте 2 974 материал, ВКонтактеде 1 147 материал, Инстаграмда 3 661 материал, Телеграмда  134 материал, Ютуб каналында 203 бейнеролик жарияланды.

Жалпы 10 айдың ішінде Дін істері басқармасы 4672 материал жариялап, 64729 қаралым жинады. Ал баспа беттерінде 58 мақала, телеарна бағдарламасында 30 іс-шара, радиода 2 сұхбат өтті.

Әлеуметтік желілердегі діни теріс ағымды насихаттайтын сайттар, парақшалар мен топтар басқарманың басты назарында. Бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жандандыру арқылы біз жат идеологиялардың алдын алуға қол жеткізе аламыз деп ойлаймын.

 

          -Жусан операциясы бойынша облысқа қанша адам  қайтарылды? Олармен атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтсаңыз.

 

-Облыста «Жусан» операциясымен оралған 6 әйел, 15 бала бар. Балалардың екеуі жетім. Сонымен қатар, биыл облысқа «Жусан» гуманитарлық арнайы операциясы аясында келгендер қатарынан Атырау облысынан жетім қалған 3 бала келді.

Елге қайтарылған адамдармен тұрақты  теологиялық, психологиялық, әлеуметтік оңалту жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 4 әйел дәстүрлі исламға оңалды. 2 әйел қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімделді. Барлық азаматтарға жан-жақты көмектер беріліп, әлеуметтік мәселелері жолға қойылды.

 

-Бүгінде елімізде қалыптасып отырған діни ахуалға байланысты діни қызметкерлер даярлау өзекті мәселеге айналды. Әсіресе жастардың білімді отандық оқу орындарында  алуы  маңызды. Облыс бойынша бұл жұмыстар қалай жүріп жатыр?

 

-2018 жылдан бастап «Нұр Мүбарак» университетіне исламтанушы, дінтанушы, теология мамандықтары бойынша облыс әкімінің гранты бөліне бастаған болатын. Осы аралықта 38 облыс әкімінің гранты бөлінді.

«Нұр Мүбарак» университетінде 2018 жылы 83 студент білім алса, 2019 жылы 87, 2020 жылы 106, 2021 жылы 96 маңғыстаулық студент білім алып жатыр.

Биыл «Нұр Мүбарак» университетіне 19 студент, ал облыс әкімінің гранты арқылы дінтану және теология мамандығына 3 студент, барлығы 22 студент оқуға түсті.

Қазіргі таңда, облыста 31 теолог маман қызмет етеді. Теологтар діни ағымның жетегінде жүрген азаматтармен қаншалықты күрделі болса да кездесулерін өткізіп жатыр. Теологтардың біліктілігі жеткілікті. Оңалту барысында азаматтардың кездесуге келмеуі, әр-түрлі себептермен болмауы жұмысқа кедергі келтіріп отырады. Қарсылықтар да теологтардың жұмысына әсер етеді. Дегенмен кездесулер жүріп жатыр.

 

 

          -Облыстағы діни ахуалды қалыпты ұстауда, деструктивтік діни ағымдардың алдын алуда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының орны ерекше. Бұл бағытта не айтасыз?   

 

          -Әрине, зайырлы мемлекетіміздің қалыптасқан құқықтық негізі   діни алауыздыққа, араңдатушылыққа,  экстремизм мен терроризмге жол бермейді. «Дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың 2021 – 2023 жылдарға арналған кешенді жоспары» бағдарламасы бойынша басқарма бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқаруда. Өңірімізде құрамында 127 адамы бар 8 ақпараттық-түсіндіру тобы  жұмыс істейді. Жыл басынан бері ақпараттық түсіндіру топтарымен 511 іс-шара өтіп, оған 21881 адам қамтылды.

Соның ішінде 204 шара жастар арасында өтті. Олар өңірдегі мектептерде, жоғары және арнайы орта білім беру орындарында, жастар орталығында өткен шаралар. Ұйымдастырылған шараларға 9000-ға жуық жастар қатысқан.

 

-Мақсатбек Шахзадаұлы, басқарма тарапынан алдағы 2022 жылға атқарылар жұмыстар, жоспарлар қандай? 

 

– Дін саласындағы  өзекті мәселелер басты назарымызда. 2022 жылы басқарманың алдында көптеген мақсаттар бар.          Ең бастысы – өңірде дін саласында мәселенің туындамауы, дін ұстанушылар арасында діни араздық болмауы, кез-келген азамат өзінің қалаған діни сенімін еркін, кедергісіз ұстануы, діни бірлестіктердің арасында тұрақтылықтың сақталуы, деструктивті діни ағымдардың ықпалын жою маңызды. Сондықтан басқарма барлық бағыттағы жұмыстарын күшейтетін болады. Бірінші кезекте интернет кеңістігіне мониторинг жасау күшейтіледі. Себебі ең бірінші қауіп интернет арқылы таралып отыр. Екінші, деструктивті діни ағым ұстанушылармен жеке жұмыс жүргізу. Олармен кездесулерді күшейту үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланамыз. Үшіншіден, халыққа ақпараттық түсіндіру жұмысын жандандыруымыз қажет. Шалғайдағы ауыл аймаққа дейін, барлық мектептегі оқушыларға, колледждегі студенттерге, жұмысшыларға деструктивтік діни ағымнан сақтану және олардың зияны туралы ақпараттар жеткізіледі.  Облыс халқы діни адасушылықтың туралы білуі қажет.
Осы айтылған мақсаттарды орындай білсек, мемлекеттік бағдарламадағы бізге қойылған міндеттерді орындаймыз деген сеніміміз бар.

Мақсатбек Шахзадаұлы, сұқбатыңыз үшін рахмет! Жұмысыңызға табыс тілейміз!

 

Сұқбатты жүргізген Ұлдай САРИЕВА,

Ақтау қаласы

                   

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close