Эксклюзив

Сириядан қайтарылған Эльнар: «Өз еліңде өлу де бақыт шығар…»

Эльнар Узбеков, лақап есімі «Абу Яхья»  2019 жылы Сириядан «Жусан»-2 операциясымен елге қайтарылды. Елден қашып кетіп, халықаралық «Ислам мемлекеті» террористік ұйымына барып, қосылып, қарулы қақтығыстарға қатысқаны үшін Маңғыстау облысы Ақтау қалалық сотының шешімімен ҚР Қылмыстық Кодексінің 257 бабы, 2 бөлігі, қосымша 62 бабы 3 бөлігімен 8 жылға сотталып, бүгінде Ақтау қаласындағы 172/10 колониясында жазасын өтеп жатыр.

Қазақстанда шариғат және Құран ережелері орындалмайды, ел халқын, мемлекетті «дінсіз кәпірлер» деген елдегі деструктивті діни ағымды ұстанушылар сияқты ол да әке-шешесінің азан шақырып қойған есімін мұсылманша «Абу Яхья» деп өзгертіп алған. 2006 жылы намаз оқи бастаған Эльнар  интернеттен  Сайд Бурятский, Надир абу Халид, Ахмад Мединский және Саудия шейхтарының  жихадты  насихаттаған уағыздарын тыңдаған.

Терроризмді, діни экстремизмді насихаттаған аудио және видеоларды қарап, намаз оқымайтындарды «кәпір» деп, қазақы санасы мәңгірттенген ол «салафиттік» ағымның агрессиялы, радикалдық теріс ағымы жолына түскен.

Нәтижесінде «қарулы жихадқа» қатысу мұсылманның парызы»  деген ұстаныммен Сирияда «Ислам Мемлекеті» халықаралық террористік ұйымына барып қосылуды мақсат еткен. Бұл террористік ұйымның  басты мақсаты – елде шариат заңдарымен өмір сүру үшін  «халифат» орнату,   яғни, Сирия және   Ирак Үкіметіне  қарсы «қарулы жихад» жасап, елдің ресми билігін құлатып, орнына «шариат» заңдарымен жүретін мемлекет орнату екенін біле тұра Зайырлы Қазақстан мемлекетін «кәпір» мемлекет деген Эльнар сол жаққа «хиджра»  жасап, терроризм актiлерiне қатысуға шешім қабылдаған.

Оның айтуынша, Сирияға кетіп, «Ислам мемлекеті» ұйымына қосылуды өзінің «діндар» отбасының мүшелері түгелдей қолдаған. Яғни, әйелі, өгей әкесі Қ.Қарағұл, анасы, екі қарындасы, екі жиені жолға жиналады.  Эльнар Ақтау- Сирия маршрутын  өгей әкесімен бірге жасырын жоспарлайды.

2015 жылдың 2 –ші тамызы күні жетеуі Ақтаудан Атырауға таксимен жетеді. Әрі қарай Астрахань қаласы, одан әрі Мәскеуге жеткен олар Мәскеу- Стамбул» ұшағына отырады.

 

Абу Бакр аль-Багдадиға ант берген

Олар қарсылап алған адамның айтқан мекен-жайына орналасып, Стамбулда 2 ай болған.

2015 жылы 6 –шы қазан күні Стамбул қаласынан Газиантеп қаласына, әрі қарай   Түркияның шекарасындағы Келис қаласына  жетеді. Оларды арабтар шекарадан заңсыз өткізіп, Сирияның шекаралас Джараблус қаласына алып келген.

Эльнар 2015 жылы қарашада Сирияның Сатварух қаласында «Ислам мемлекеті» террористік ұйымынына қосылып, оның құрамындағы «Хайбар катибасы» жамағатының қатарына отбасы мүшелерімен бірге өз еркімен кірген. Сол күні «Ислам мемлекеті» халықаралық террористік ұйымының әмірі Абу Бакр аль-Багдадиға, оның Сирия және Ирак елдерінде «халифат»  құру мақсатына қызмет етуге ант берген.

«Мен мұсылмандардың әмірі Абу Бакр аль-Багдадиға оның барлық бұйрықтарына бағынуға, одан кәфірлік көрмегенше қызмет етуге ант етемін» деп ант беріпті кіндік қаны тамған қазақ жерін, өз Отанын тәрк етіп кеткен Эльнар.

Олар Сирияның Тапка және Сатварух қалаларында «муаскардан», яғни толық әскери дайындықтан өтіп, ату құралдарын, соның ішінде «Калашников» автоматын қолдануды меңгерген.

Халықаралық террористік ұйымының содырына айналған ол 2015 жылдың қазан айы мен 2019 жылдың наурызына дейін Сирия мен және Ирактың Ракка, Тапка, Сатварух, Манбидж, Шаддат, Дэйр-эз-Зор және Рауа қалаларында осы елдердің заңды үкіметі мен әскеріне қарсы соғысқа белсенді түрде қатысқан.

2015 жылдың қазан айынан бастап 2016 жылдың қазан айына дейін Сатварух, Манбидж және Шаддат қалаларында жауынгерлік кезекшілікте болған. Содырлардың әйелдері мен балаларын ауруханаға, мектепке тасып,   оларға тамақ, дәрі-дәрмектер жеткізіп, террористік ұйымның іс-әрекетіне белсене қатысып, айына 50 АҚШ долларын алып отырған.

Отбасынан айырылып, бес жасар ұлымен ғана қалған Э.Узбеков 2019 жылдың 19 наурызында террористік топтың әрекетіне одан әрі қатысудан бас тартып, жасырын  қашып шығады. «Багуз» елді-мекеніне жетіп, күрдтердің қауіпсіздік органдарының қолына түсіп, террористік ұйымға қатысы бар деген күдікпен 2 ай түрмеге қамалған.

2019 жылы 5-ші мамырда ҚР-ның құзырлы органдарының Сирия аумағындағы түрмемен жасасқан екі жақты келісімі бойынша босатылып, Қазақстанға қайтарылды.

Ол сотта Сирияда «Ислам мемлекеті» халықаралық террористік ұйымы құрамында болғанын мойындап, енді қателігін толықтай түсінгенін айтып, өзі азаматы болып саналатын Қазақстан Республикасының халқынан және Үкіметінен кешірім сұрады. Діни сауатсыздықпен адасу салдарынан жасаған іс-әрекетіне кешіріммен қарауды өтінді.

 

Біз Эльнармен Ақтау түрмесінде кездесіп, әңгімелескен едік. 

-Елден кетерде жолда көзге түсіп, күдік болмау үшін  бір- бірімізді танымайтын адамдай екі топқа бөлініп жүрдік. Сақалды алып тастадық, әйелдер орамалдарын шешіп тастады. Жол бойы Сириядағы жігіттермен сөйлесіп отырдық, Стамбулға жеткен соң жол көрсетушінің  айтқан жеріне бардық.  Ол жерде қазақ, қытай, ұйғыр, орыс дағыстан неше түрлі ұлт өкілдері жиналып, Сирияға өтіп кетуге әзір отыр екен. Дінге, соның ішінде салафизм ағымына қосылуыма өгей әкем себеп болды. Ол 2006 жылы анама үйленген болатын. содан бастап өгей әкемнің уағызын тыңдап, діни білімді интернеттен іздей бастадым.

Олар өздері шығарған пәтуаларын айтатын.  Аллаға серік қоспау, намаз оқымаған адамның сойған малының етін жемеу, мейрам, тойлар харам болғандықтан қатыспау, туыстар мен отбасы намаз оқымаса олармен байланысты үзу керектігін айтты. 2009 -2015 жылдар аралығында туыстар туған күнге шақырса, садақа берсе қашқақтап бармадым, наурызды, жаңа жылды тойлауға қатысқан жоқпын.

2013 жылы   интернетте  «Сирияда мұсылмандарды өлтіріп жатыр, көмектесу керек» деген уағыздар шыға бастады.  2014 жылы  «халифатқа шақырып жатыр, бару керек» деп «браттар» қозғалды. «Қазақстанда шариат жоқ, шариат орнаған сол жерге барып парызымызды орындауымыз керек» деп браттар да, өгей әкем де  уағыз айтты. 2013 жылдан бастап жихад мәселесімен ауырып, 2015 жылы кеттік сосын…

-Сонымен Сирия қалай қарсылады?

-Джараблус деген қалаға барған соң әйелдерді бірден бөлек алып кетті, құжатымызды алып қойды. «Артқа жол жоқ, осы жерде қаласыңдар» деді. «Не үшін келдіңдер?» деп сұрады. «Видеодан көріп, шариатпен өмір сүру үшін келдік» дедік. «Бұл жерде соғыс қана бар, денің сау болса, соғысасың, соғыспасаң мәжбүрлейміз» деді олар. Содан бастап отбасымды  көрмей қалдым. Бізді бірден  әскери дайындықтан өткізуге және діни уағыз беруге 2 айға алып кетті.

-Не үшін, кімге қарсы соғысасың деді?

– Курдтар, мен сириялықтарға қарсы соғысатын болдық. «Олар муртадтар, басып алуымыз керек» деді.

-Діни сауат ашуда нені оқытты?

-Өздерінің идеологиясын оқытты. «Ислам мемлекетіне»  кім қарсы болса сол кәпір, олармен соғысу (уажып) міндет. Сирияда біздерге кім қарсы шығады және оларды қолдап, көмектесіп жатқан Ресей ме, Америка ма, кім болса да, олар – кәпірлер» деді. Тіпті көмектесіп жатқан Саудия мемлекетін, мұсылмандарды да  кәпірге шығарып тастады. «Жан – жақтан соғысып оларды жаулау керек» деді.

Соғысқа қатыстыңыз…

-Екі айдан кейін әскери киім, қолымызға қару беріп, соғысқа салды. Олар сенің өздеріне қалай берілгеніңді тексеру үшін отбасыңды да көрсетпейді, бірден отты нүктеге, соғысқа салады. Солар үшін жан беруге дайын екеніңді көрсетуің керек, Керек болса жаңыңды беріп, өліп кет, тек қашып кетпей, соғыс. Сатварух  қаласындағы стратегиялық  нүктеге 10 жігітті жіберді. «Осы жерді қорғайсыңдар» деді. Бетімізге бетперде кигізіп, белімізге белбеу тағып жіберді. «Соғысасың, қажет болса өзіңді жарып жібер» деді.

-Шахид белбеуін бе?

-Ия,  ең бірінші соғысқа салғанда  тақтым.

-Жеңіліп қашып бара жатқанда жармадыңыз. Неге?

-Анам маған үнемі «сенің амандығыңды тілеп отырамын» дейтін.Сол бір ауыз сөзі себеп болды. Мүмкін өлмей, елге аман келгеніме анамның дұғасы көмектескен шығар. Анам, әйелім, бауырларым, балаларым жат жерде қалып қояды деп ойлап, жармадым. Ал Сирияға жалғыз өзі барғандар аман қалмайды, өздерін- өзі жарып жіберіп болмаса оқ тиіп өліп жатты.

-Яғни, анаңыз болмағанда «шахид белбеуін» жарып жіберіп, өліп кетуге бақилы болдыңыз ба?

-Ия, дайын болдық. Соңғы қасық қаның қалғанша қорғау керек, яғни сол жерден шықпауың, қашып кетпеуің керек. Үш жігіт өлді сол жерде. Қалған жетеуміз жеңілетінімізді біліп, кері шегіндік. Артымыздан қуды. 30 шақырым қашып жүріп  Манбидж  деген қалаға бардық. Отбасым қазақ жамағаты орналасқан Шаддат қаласында екен. Сирияда  үш перзентім дүниеге келді.

– Өздерініз елден жеті адам кеттіңіз, Сирияда үш бала өмірге келді. Олардың тағдыры не болды?

-Бір ұлымнан басқасы, яғни барлығы Сирияда қайтыс болды. Өгей әкем олардан бұрын 2017 жылы соғыста өлді. 2019 жылдың қаңтар айында   Марожда қаласындағы тұрып жатқан үйге бомба түсіп , отбасым, анам, бәрі мерт болды.

-Сіз елден кеткенде мұсылмандар үшін соғысамын деп кеттіңіз ғой. Елге неге қайттыңыз?

Халифат деп кеттік қой, «өмір жақсы, бәрі тегін, балабақша, бәрі керемет, соғыссаң да, соғыспасаң да өзің білесің» деді ғой. Бүкіл отбасыңды алып барғанда еркіңнен тыс соғыстырып қойғанда, ол жердегі неше түрлі әділетсіздікті көрген соң елге қайтқың келеді екен.

-Қандай әділетсіздіктер?

-Сені алға, от пен оққа салып жіберіп «өлсе осылар өлсін» деп, өздері артта жүреді. Мен келместен бұрын сол алғы шепте қазақ балалары жүздеп өліп кетіпті… Өздері бұйрық беріп қойып, ақшаларын алып, шалқып демалып жүреді. Біздер ыстық жерде, ас-су жоқ, ашығып отырғанда олар салқындатқыштың астында, салқын су ішіп, тәтті тамақ жеп, рахаттанып жүреді. Біздің әйелдер, жесірлер аш отырғанда олар майға картоп қуырып жеп отырады. Бір қалада әртүрлі жамағат бар, қазақ, орыс, арабтар деп бөліп тастаған. Арабтар мен сириялықтар соғыспай, шалқып өмір сүріп жатты.

-Тағы қандай қатігездіктер болды?

-Адам құнсыз ол жерде. Адамды өлтіре салу түк емес. Мысалы сенің соғысқың келмейді, ал олар сені сотсыз, дәлелсіз «агентсің» деп атып тастай салады. «Бұлардың идеологиясы дұрыс емес, кету керек» деп ойлағаныңды біліп қойса ата салады. Болды.

-Солай атылып кеткендер болды ма?

-Ия болды және көп… Тыңшылар адам көп отырған жерге «чип» тастап кетеді. Сосын ұшақтар сол жерге бомба тастап, бәрін қырып салады. «Бұлар соғысқысы келмеді» деп осылай қырып тастайды.

-Ол жерде әйелдерге деген көзқарас қандай болды?

– Шамалы… Арабтар менің 13 жастағы қарындасымды «бізге бер» деп сұрады. 2018 жылы жол тауып отбасымды шығарғым келген. «Олар құтылып кетсе,  елге аман жетсе болды, өзім өлсем, өлермін» деп ойладым. Алайда жолға ақшамыз болмады. Сол кезде арабтар «қарындасыңды бізге бер, қалғандарыңды аман- сау Түркияға жеткіземіз» деді. Бірақ қарындасымды бермедім. Сөйтіп жүргенде олардан айырылып қалдым ғой… Кейін біреумен ақылдасып, басқа жол іздедім. Ол адам ішкі қауіпсіздікте істейді екен. Мені ұстап «тыңшысың» деп 15 күнге түрмеге жауып тастады. «Тыңшы» емеспін, қашпаймын, отбасымен осында қаламын» деген соң,  нақты қашып бара жатқан жерден ұстамаған соң босатты.  Атып тастауға дайын тұрды. Олар маған «сен райыңнан қайт, әйтпесе  ата саламыз, ол қиын емес» деді. «Енді қашсам мені атып тастаңыз» деп қолхат жаздырып алды.

-Сіз қателескеніңізді қашан түсіндіңіз?

-Барған соң 4-6 айдың ішінде түсіндім. Бірден соғысқа салып жіберді. Қайда келдім, өмір қандай, не болып жатыр? Түк те көріп үлгірген жоқпыз. «Соғысу керек, өлесің, жеп – жеңіл бір оқпен өле саласың, өлсең жұмаққа түсесің» деп миыңды улап тастайды.  Сол жерден зомби болып шығасың… Олар басқа нәрсені көрмеу үшін, соғыс, өлім деген сөздермен сені оқшаулап тастайды екен. Жол тапқандар, ақшасы барлар қашып кетіп жатты.

-Курдтардың лагеріне қалай жеттіңіз?

-Отбасым қайтыс болып кеткен соң  жол тауып, 5 жасар баламды алып курдтерге  жеттім. Мені бірден түрмеге қамап тастады. Сол жерде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының «Біз Сириядағы азаматтарымызды елге әкетуге дайынбыз» деген сөзін естідік. Американдықтар «елге қайтасыңдар» деді.

-Сіз зайырлы, құқықтық Қазақстан Республикасының азаматысыз. Оның үстіне қазақсыз. Сіз шын мәнінде туған жеріңізді, Отаныңызды сатып кеттіңіз. Алайда мемлекет сізді елге қайтарып алды. Не үшін деп ойлайсыз?

-Қазақ  бауырын ешқашан далаға тастамаған. Мысалы, біз Сирияда курдтардың түрмесінде 1000 адам отырдық. Араб, азербайжан, орыс, ұйғыр, өзбек, негр, қырғыз, қандай ұлт керек, бәрі бар. Оларға сол жерде «Қазақстаннан басқа мемлекет өз азаматтарынан бас тартты.  Яғни, өз елдеріңіз сендерді керек емес, елге әкетпейміз деді» деп айтты. Олар сол кезде: « біздер де қазақ болып туылуымыз керек еді» деп қайғырып жатты.  Өз еліңде өлу де бақыт шығар…

Қатты өкінетінім, өгей әкем Сирияға бірінші отбасын емес, біздерді  ертіп әкетті. Соның кесірінен анамнан, қарындастарымнан, жиендерімнен, екі баламнан айырылдым. Елде қайтыс болса, басына барып, құран оқып тұрар едім…

Енді міне, бауырларым да, еркелейтін анам да жоқ. Маған бауырды енді ешкім туып бермейді. Жоқ! Кетті олар… Өкінесің…

-Сіз адасып, өзге елдің соғысына қатысам деп осындай күйге ұшырап отырсыз. Қазіргі теріс ағымда жүргендерге не айтасыз?

-Адасушылар туралы Пайғамбардың өзі айтып кеткен ғой, «Қияметке дейін адасқан топтар болады, олардың мақсаты – бір жол, ол жәннатқа жету» деп. Адасқан топтар көп және  олар діни білімді интернеттен алады. Біз де кезінде интернеттен білім аламыз деп адастық. Бәрі адамның сана-сезіміне, ортасы мен араласқан адамдарына байланысты.

Ол жаққа барып келген адамдардың видеосын көргенімде «мынаған қысым жасап өздері айттырып отыр» деп сенбейтін едім. Өзім көріп келген соң басқаша қарайсың. Шынында да ол жердегі жиһад  – жиһад емес, жиһад өзіңнің нәпсіңмен күресу екен. Біздер таң намазына тұра алмай, оразаны дұрыс ұстай жүріп үлкен жиһад соғысты айтып кетеміз. Біздердің қателігімізді осылай жазып, видеодан көрсете беру керек. Басқаларға сабақ, тәрбие болсын, ойлансын. Сирияға бармай елде жүргендер шын мәнінде халифат пен жиһадтың қандай екенін білмейді. Себебі олар біз сияқты ол жаққа барып, қателесіп жүргендерін түсінбеді. Елде жүріп қатып қалғандар әлі адасып жүр. Түрмеде отырған балаларға бұл жолдың қате екенін айтамыз. Ал олар тыңдайды да, басынан асыра салады.

-Сіз өзіңіздің адасқаныңызды мойындап отырсыз ба сонда?

-Ия. түсініп отырмын. Аман – есен түрмеден шықсам аяққа тұрып, жұмыс істеп, баламды жетілдірсем деймін. Мен көрген нәрсені ол көрмесін. Біз оқымай, діни сауатсыздықдан осындай жолға түсіп кеттік. Баламды оқытып, білікті маман иесі болатындай тәрбие беруге күш салуым керек. Арманым- балама аман –есен жетіп,  өсіріп, үйлендіріп, немере көру. Бұл жерге енді қайтып түспейтіндей өмір сүруім керек.

-Сіз теріс ағымға еріп көп нәрсені жоғалттыңыз. Енді қателігімді білдім, түсіндім деп отырсыз.  Салафизм ағымына енді жақындамаймын деп айта аласыз ба?

– Сирияға барып, адасқанымды түсінген соң енді ол жолға қайта түспеуге өзіме серт бердім. Соған бар күшімді салып, талпынамын.  Абу Ханифа мазһабын, Матуриди ақидасын қабылдадым. Шыққан соң мешітіме барып, намазымды оқып жүремін. Бұл жерде бос отырған жоқпын, теологтардан барлық білімді алып жатырмын. Сирияға кетерде интернеттен аудио, видео уағыздар тыңдадым. Интернеттегі уағызшылар «Діннің ең жоғарғы нәрсесі – күрес, соғыс. Осы жолда болсаң басқасы керек емес. Сен соғысқа қатыссаң жұмаққа тікелей жолдама алып тұрсың» деп үйретті. Миың бір уланған соң «анау қалай, мынау қалай?» деп ойлана алмайсың, Соғысқа барып, бір оққа шалынасың да түк түсінбей, дым білмей өлесің де қаласың. Адасып барған талай қазақ жігіттері кетті солай…

Елде адасып жүргендерге айтатын нәрсем көп қой. Бір сөзбен жеткізе алмаймын. Бастысы – жастарға діни білімді интернеттен емес, мешіттерден, теологтардан алыңдар деп айтамын. Естіп жатырмыз, бүгінде діни сайттар көп екен. Бірақ жастар мынаны білулері керек.  Әр мемлекет өзінің салт- дәстүріне сай үкімдер шығарады. Біздікі Сауд Арабиясына, Саудиянікі бізге жүрмейді,  Бұл туралы бізге білікті теологтар жақсылап  түсіндіріп жатыр. Егер әке- шешеңе, елге қарсы шықсаң сенің шетелде алған біліміңнен еш пайда жоқ. Қазақстанның Муфтиятына бағынып, теологтардан білім алсын, интернеттегі адасқан сайттарға кірмесін. Елге танымал дін мамандарынан дәріс алу керек, кез -келген адамның айтқан уағызын тыңдап қажеті жоқ. Себебі жүрек әлсіз, ұйып кетсе тез қабылдап алады.

-Сіз Сирияда мұсылмандардың өздері пәтуа шығара салып, өздеріндей мұсылманды қырып жатқанын өз көзіңізбен көрдіңіз. Шынайы мұсылман қандай болу керек?

-Шынайы мұсылман өз Отанына пайдасы тиетін мұсылман болуы керек. Отанға зиян жасамауы керек, отбасын асырап, әке- шешесін құрметтеп, ағайын – тумамен ара қатынасын үзбеуі қажет. Шынайы мұсылманнан еліне зиян емес, пайда болуы керек.

-Ал сіз Отанға, қазақ еліне қандай пайда әкелгіңіз келеді?

-Қолдан келгенше жақсылық жасау керек қой. Қолымнан келген бар жақсылықты істеймін.

Сұқбаттасқан Ұлдай САРИЕВА,

Durbi.kz

Ақтау қаласы

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close