Көкейкесті

Ләзат МЫРЗАШҚЫЗЫ, кәсіби психолог: «Кимешек – қазақ әйелінің бет-бейнесі және беделі»

Ләзат Мырзашқызы Меккеге қажылыққа барған сапарында қазақтың кимешегін киіп, құлшылыққа барған миллиондаған адамдардың ерекше қызығушылығын тудырған қазақ қызы. Қазақы көйлек пен ою-өрнекті, сән-салтанаты жарасқан кимешек киген Ләзатты арабтардың өздері қоршап алып, «Қай елден келдіңіз?» ерекше ілтипат білдіріпті.

Ол кәсіби психолог. Тараз қаласындағы Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін, Бішкек қаласындағы И.Арабаев атындағы қырғыз мемлекеттік университетінің педогогика- психология бөлімін бітірген. Бүгінде Түркияның Кайсери қаласындағы Эрджиес университетінде  докторатурада оқуын жалғастыруда.

Ләзат 2017 жылдан бері қазақ әйелдерінің кимешегін тігіп, елімізге кең көлемде насихаттап жүрген бірден бір жан деуге болады. Жақында Алматы қаласы мен астанада кимешек кештерін өткізген Ләзатты   әңгімеге тартқан едік.

 

– Ләзат Мырзашқызы! Қоғамда қазақ әйелінің орамалы туралы  дау- дамай көп… Осы тұста сіздің кимешектеріңіз көңілге майдай жағып, көзге сондай ыстық көрінеді.

-Ия, бүгінгі таңда қазақ әйелінің орамалы туралы айтыс – тартыс өте көп. Қазақтың тарихына, тұрмыс- тіршілігіне сүйенетін болсақ, жас келіннің, бала сүйген ананың, қарт әженің орамалды қалай тартқаны біздің тарихымызда тұнып тұр. Әжелеріміздің бізге мұраға тастап кеткен ұлттық киімдерінің, соның ішінде кимешектің орны ерекше. Бала сүйгеннен бастап қазақ әйелі кимешек киіп, омырауын жапса, егде жастағы аналарымыз қарқарадай кимешек кисе, ол ананың, әженің сән- салтанаты ғана емес, ол – оның бет- бейнесі, беделі болар еді деп ойлаймын. Қазақтың қыздары төбесі жабық тақия киген. Шаштары көрінсе де төбесі жабық болған. Неге? Себебі қазақ о бастан қыз баланың төбесін ашық ұстамаған. Көшпелі қазақ халқының өмір салтында түрлі жерлерді мекендеген, адам аяғы баспаған жерлерді басқан, сол жағдайда төбесінің жабық болуы қыз баланы аурудан, тіл-көзден, қара күштердің кесірінен сақтаған. «Шашқа күннің түскені – кіндікке кірдің түскені» деп Айша бибі, Домалақ анамыз айтқан екен. Біз мұны ескеруіміз керек.

 

– Хиджаб туралы дау көп. Намаз оқыған кейбір қыздар, әйелдер қат-қабат орамал байлап, алды артына салпылдатып түсіріп жүр. Олардың көйлектері де қап сияқты. Сіз қалай ойлайсыз, бұл дұрыс па?

– 16 жасымнан намаз оқып, 18 жасымнан орамал тартқан қыз бала ретінде мен бұл кезеңдердің бәрінен өттім. Жалпы, қап-қап көйлек киген кезең менде де болған. Жамағаттың психологиясын көрдім… Олардың психологиясы бойынша ол – бір тақуалық, тазалық саналады. Бірақ бұл ұзаққа бармайтын дүние.

Өйткені әр нәрседе сән – салтанат болуы керек. Өнер болмаған жерде адам ақиқаттың алдында өмір кеше алмайды. Шаршайды. Сондықтан қазақтың аналарының қос етек көйлек киіп, аппақ көйлекке дақ түсірмей, ақ жаулық тартуында керемет сән- салтанат бар. Өміріміз сән – салтанатқа, мән – мағынаға ие болған болса қазіргі таңдағы әйелдер оқшауланып,  невроз, психоз деген ауруларға ұшырамас еді. Киген киімінің түсі де адамның психологиясына, оның жүріс – тұрысына, мінез- құлқына әсер етеді. Сондықтан біздің қазақ халқының түрлі түсті, қос етекті, қамажай көйлек киюі қыз баланың еркін, өнерлі, қазақ әйелінің қылықты болуына әсер етеді. Бүгінгі намазхан әйелдер арасында  мәнсіз, мағынасыз, сұрықсыз, сұр, қара түсті киім кигендер көп және олар психологиялық ауруға ұшырап жатады. Кінәні өздерінен іздемей, өзгелерді кінәлайды. Өмірімізді мейрамға, көктемге, гүлге, шаттыққа айналдыру өзіміздің қолымыздағы дүние және оны біз Алланың заңына қайшы келмей, шариғат шеңберінен шықпай- ақ  өмірден кеткен әже, аналарымыз сияқты жасай аламыз.

 

– Бұрын балиғатқа толмаған қыздарымыз орамал тартқан жоқ. Қазақта орамал салу – босаға аттап, әйел болғанның белгісі. Бүлдіршін қыздарға орамал тартқызуға қалай қарайсыз?

– Бұл мәселені біз 3-4 жылдан бері діни басқармада жұмыс жасаған кезде де, әлеуметтік желілерде де талқылап, жазып жүрміз. Кез –келген адам дінге өзінің ақыл- есі толысып, өзі шешім қабылдап, Алласын өзі танып, Аллаға деген шексіз махаббатымен келуі керек. Біз Алласы түгіл әлі өзін, әке- шешесін, айналасын танымаған балаға орамал тағып мәжбүрлей алмаймыз. Біріншіден, баланың психикасын бұзамыз, екіншіден ол бала өскен кезде «осы ма, сендердің діндерің?» деп,  діннен жиіркеніп кетеді. Өйткені ата-ана бала үшін идеал. Құдай тұрмақ ата-анасын енді танып жатқан бала ата-анасының өтірік айтқанын көреді. Себебі ата-аналар күнделікті тіршілікте балаға өтірікті жиі айтады, Мысалы «дүкенге барып келем» дейді де, басқа жаққа, ұзаққа кетіп қалады дегендей. Бала өсе келе ата-анасының өзіне өтірік айтатынына көзі жеткен кезде олардан көңілі қалып, сенбейді. Намаз оқитын отбасында да өтірік айтылады, сонда бала «дін ұстасаңдарда өтірік айтасыңдар сендердің діндеріңнің маған керегі жоқ» деген ойға барып, ата-ананың кемшіліктері мен ұрыс- керісінен, үйдегі түсініспеушіліктің салдарынан  дінге деген өкпесі арта береді, көңілі қалады. Бүгінгі қоғамда  дінді жек көретін адамдар көп, тура сол сияқты. Баланың психологиясы өте нәзік. Өсіп келе жатқан баланың психологиясына зақым келтіруге болмайды. Сондықтан қыз баланы тәрбиелеу, қоғамға бейімдеу ата-ананың тікелей міндеті болғандықтан дәстүрлі, классикалық отбасындағы тәрбиені үлгі етуіміз қажет.

-Кимешекке жан бітіріп жатырсыз. Күні кеше Алматы қаласында, астанада кимешек  кешін өткіздіңіз.

– Кимешек тігумен 2017 жылы бастап айналыса бастадым. Магистратурада оқып, психологиядан білім алып жүргенде «Арай» деген жастар газеті сұқбатқа шақырды. Ол кезде мен де әуретімді жауып, намазымды оқып, хиджаб киген әйелдердің бірі едім. Редактор маған «сіздің мынадай киім үлгісіндегі суретіңізді газетке шығара алмаймыз» деді. Ол кезде елімізде діни ахуал қатты ушығып тұрған кез болатын. Сондықтан мен кимешек киіп келдім. Сол кимешекпен түскен суретім бүкіл Қазақстанды шарлап кетті. Бәріне менің бұл образым ұнады. Сол кимешектің қасиеті шығар, арада ай өткенде аяқ астынан Меккеге жол түсті. Ойламаған жерден жалғыз өзім сапарға шығып кеттім. Сол миллиондаған мұсылман тоғысқан жерде кимешек киіп сәжде етіп, Аллаға құлшылық қылдым. Сол күндерде кимешек маған күш берді. Өзбек, қырғыз ағайындар  қазақ екенімді танып келсе, малайзиялықтар, тіпті арабтардың өздері келіп «қай ұлтсың?» деп сұрап, өте қызығушылық танытты. Еліміздегі ұлттық арналар бағдарламалар түсіріп, кимешекті насихаттау сол кезде басталып кеткен. Сол кезде мен: «шіркін, қазақ аналарының басына кимешек кигізсем ғой!» деп, арманға беріліп кеттім. Ол кезде студентпін, қаржылай мүмкіндігім жоқ, кимешекті қалай насихаттаймын деп уайымдадым. Бірақ қолымнан келгенше өзім киіп жүрдім. Кейін магистратурамды бітіріп, диплом қорғап,Түркияға кеттім.Түркияда біраз тәжірибе жинап, діннің ақ-қарасын ажыраттым. Психология саласында кеңестерім, терапия, сабақ, курстарымнан тапқан -таянғанымды жинап, яғни қаржылай тәуелсіздікке қолым жеткен соң кимешек тіге бастадым. Дубайға арнайы барып, сапалы маталар сатып алып, жүзге жуық кимешек тігіп, әлеуметтік желі арқылы елге насихаттай бастадым. Кимешектің қысқаша тарихы осындай.

– Бүгінгі қазақ әйелі қандай? Қандай болуы керек?

Қазақ әйелі қандай болу керек деген сұраққа көп ізденген адаммын. Бұл туралы Ұлт.кз, Абай.кз сайттарына мақалаларым шықты. Қазақ әйелінің болмысы, мұсылман әйелдің өзін- өзі өзектендіруі мені ұдайы ойландырды. Американдық Абрахам Маслоудың  «Теория самоактуализация» кітабын оқыдым. Түсінгенім – әйел өзін- өзі үнемі іске асыра білуі керек. Қазір шама келгенше әйел, еркек деп бөлінетін уақыт емес. Бұл сөзіме көптеген мұсылман отбасылар «әйел үйде отыру керек, еркек жұмыс жасау керек» деп қарсы шығуы мүмкін. Бірақ еліміздің көркейіп өсуі үшін бөлініп отыратын уақыт емес. Қай салада болса да ер мен әйел өз шекарасын біліп, жұмыла жұмыстануымыз қажет.

Қазақ әйелінің даналығымен, ерлігімен ерекшеленген түрлі бейнесі бар. Олардың ішінен Айша бибі, Домалақ ана, Гаухар ана бейнесін көрер едім, «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» дейді қазақ. Анадан балаға қасиет беріледі. Ол үшін  аналар ұлттың бейнесі болуы керек. Ұлтың бейнесін дәл қазір қазақ қоғамында бір әйелді көрсетіп, «міне, осындай болуы керек» деп те айта алмаймын. Өйткені елімізде ұлттық идеологияның ақсап жатқаны шындық. Бүгінде сан тарапқа, сан түрге бөлінген, түрлі жолдағы, түрлі ниеттегі, коммерция, өнер, діни бағыттағы түрлі- түрлі әйелдерді әлеуметтік желілерден көремін, ойланамын.  «Шіркін, осы әйелдердің басы қосылған үлкен семинарлар, жиындар болса, әйелдер бір – біріне жақсы жағынан әсер ете алса!?» деп армандаймын. Бүгінгі қоғамда ең өкініштісі – әйел адамды ұрып – соғу, зорлық- зомбылық көрсету өте көп.  Әйелдердің бір – бірін шұқып, ер адамның алдында жығып беруі көп. Үйінде де, дастархан басында балалардың көзінше күйеуіне басқа әйелді сөз қылып отыру кездеседі. Нәті бір, болмысы бір әйел бір – бірін сөз қылып, тілдегеннің кесірінен жамандықтар болып жатыр. Әйелдер өзін құрметтей алмаса ер адамдар оларға құрметпен қарай алмайды. Сондықтан қазақ әйелі ең алдымен парасатты болуы керек. Парасат – суық ақыл емес, ақылдан да биік нәрсе. Кейбір әйелдерде сол парасаттылық, кеңдік жоқ. Әйелдердің рухани байлығынан бұрын рухани кеселдері көп көрінеді. Психолог болғандықтан курстарымда, терапиямда әйелдер көп шағымданады. Қызғаныш, өкпе, реніш, тұла бойлары толып тұрған рухани аурулар. Біз рухани кемелдену үшін рухани кеселдермен үнемі күресіп отыруымыз қажет. Яғни, рухани кемелденуге бағыттау, ағартушылық жұмыстар көп жасалса біздің қазақ әйелінің ұлттық бейнесі қалыптасар еді деп ойлаймын.

– Отбасындағы бала тәрбиесі туралы қандай ойдасыз? Тілі мен діліне мықты, ұлтшыл, қазақшыл ұл- қыздарды қалай тәрбиелейміз?

– Отбасындағы бала тәрбиесі бағытында «Құбыжық ана, «Ұмай» деген  тақырыптарда  курс өткіздім. 100 аса шәкірт тәрбиелеп шықтым. Әрине, отбасындағы бала тәрбиесі өзекті мәселе, Біз балаға ағылшын тілін үйретіп, баламыздан тұлға жасағымыз келеді. Бірақ байқағаным, білімді ғана алға шығарып, ұлтжандылықты, патриоттықты ескере бермейді екенбіз. Маған келетін пациентер көбіне «балам тұйық, телефонда көп отырады, сезімтал, жылап қалады, әлсіз,  баламды қалай мықты етемін?» деп жатады. Өкінішке орай, техникаға бейім балалардың кейбірі құмар ойынға беріліп кетіп жатыр екен. Баланы жан – жақты тұлға жасау үшін қаншама курсқа берсе де олар ата-ананың үмітін ақтамай жатыр. Неге? Бала ағылшын тілін 10 жасында біле ме, 20 жасында біле ме, ол оның өмір сапасын анықтамайды. Шетелде, Канадада оқып жүрген қазақ жастарын білемін.  Олар әлеуметтік желіде өздерін «мен геймін, лесбиянкамын» деп ашық айтып отыр. Шетелде оқыған, өз – өзін өлтірген қазақ жастарын білемін. Міне, олардың білімі олардың өмір сапасын неге анықтай алмады? Бұл жерде баланың өмір сапасын анықтайтын құндылық деген нәрсе бар. Ол белгілі бір жасқа дейін қалыптасады, яғни сол кезге дейін баланың кеудесіне кұндылықты егіп үлгірмесең, кейін қиын болады. Қазақы құндылықтар дастархан басынан, үйдегі жылы, жұмсақ әңгімеден басталады. Бала ата-анаға сұрақ қойса «мазамды алмашы, уақытым жоқ» деп балаға назар аудармай, керісінше теледидар көріп, қонаққа барып, құрбыларымен телефонмен ұзақ сөйлесіп отырады. Сонда бала  «әке- шешемнің менімен сөйлесетін уақыты жоқ, басқаларға уақыт табады» деп ойлайды. Сондықтан баламен жиі әңгімелесіп, сөйлесу керек. Жалпы, менің ойымша баланы тәрбиелеп керегі жоқ. тәрбиенің нағыз қайнар көзі – ата-ананың өзі.  Ата-ана ұлтжанды болса, ұлтым үшін не істей аламын деп күйіп- жанып тұрса, иманды болса бала да оған қарап, тура сол сияқты адам болып шығады. Мен ата-аналарға осыны айтамын. Баланы басқадан кем болмасын деп қаламаса да математикаға, спортқа тағы да басқа үйірмелерге беріп, оларды қинап, зорықтыру  оның ертеңгі өмір сапасын анықтамайды. Шаршаған бала сынып кетуі мүмкін. Қаныш Сәтбаев туған бір ауылдан бірнеше оқымысты академиктер шықты. Олардың ұстазы кім десек, ол Мәшһүр – Жүсіп екен. Олар Мәшһүр – Жүсіп Көпейұлының «Керқұла атты Кендебай», «Алпамыс», «Ер төстік» сияқты небір ғажайып ертегілерімен тәрбиеленіпті. Баланы ұлтжанды, тәрбиелі, мықты етіп өсіргеңіз келсе оған ертегі, қазақтың батыр, билері туралы жыр- дастандарды оқыту керек. Өйткені бұл туындыларда ер азаматтар  үшін елге қызмет етудің үлгісі көрсетілген. Кез-келген батыр еліне қызмет етеді. Ал оның үлгісі жыр – ертегілерде жатыр. Қазақ әйелінің де үлгісі ауыз әдебиетінде, дастандарда жасалған. Көбі кішкентай баланы дінге бағыттап, Құран жаттатқызады. Ол балаға өте ауыр. Бала түгілі, Пайғамбарымызға Құран қырық жасында түскенде оны жаттау, оқу ауыр болған. 40 жастағы адамға ауыр тигенде кейбір ата-ана кішкентай балаға Құранды оқытып, тозақ пен жұмақ туралы айтып жатады. Бала діннен гөрі ертегі, жыр дастандарды жақсы қабылдайды. Ата-аналар осыны ескерсе екен.

-Психологсыз, тренинг кездесулер өткізіп жүрсіз. Бүгінде жап-жас қыздар психологпын деп адамның санасымен, миымен жұмыс  істеп жатыр. Егер білікті маман болмаса бұл қауіпті емес пе?

-Мен педагогика- психологияны Тараз қаласындағы Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университінде 4 жыл бакалаврда оқыдым. Магистратураны Қырғызстанның  Бішкек қаласындағы  И.Арабаев атындағы қырғыз мемлекеттік университетінде 3 жыл оқыдым. Докторатураны Түркияның Кайсери қаласында Эрджиес университетніде оқып жатырмын. Адам ізденген үстіне ізденіп, білім үстіне білім жамай беруі керек.

Ия,  бүгінде «психологпын» деп жас қыздар адамдармен жұмыс жасап жатыр. Адамның жан дүниесімен жұмыс істеу өте қауіпті. Мен бұл туралы үнемі айтамын, білікті психолог, біліксіз психолог деген курстарым бар. Психология саласына қызығып жүрген қыздарды жинап, анықтамасын беріп, түсіндіремін. Қандай қауіп бар, ара жігін ашып айтып жатырмын. Білімі аз, тәжірибесі жоқ қыздардың психолог болуына қарсымын. Себебі менің алдыма келіп жатқан пациенттердің көбі  осындай сауатсыз психологтардан зардап шеккендер. Тіпті білікті психологдан көмек алғандар да «мен осындай психологқа барып едім, бірақ көмектесе алмады, керісінше менің жағдайым одан сайын нашарлады. Енді не істеймін?» деп келеді. Мен ондай психологтарға ескерту ретінде пост жаздым, бірнеше рет видео түсіріп өздеріне салдым.  Адам тағдыры ойыншық емес. Адам тағдырына араласу, оның жан жарасын емдеу өте жауапты іс. Сондықтан біліміңіз жетпейді ме, жауапкершілікті мойынға алмаған дұрыс.

Адамдар сізге қандай сұрақтармен келеді? Қазақ қоғамының, қазақ әйелдерінің жанын не мазалап жатыр?

–  Көбі бала тәрбиесімен келеді. Ұлтжанды бала тәрбиелеу, баладан тұлға қалыптастыру  бағытында  сұрақтар көп.Тұрмысқа шықпаған қыздар көп хабарласады. Әсіресе пандемия кезінде өте көп сұрақтар түсті. Орта жастағы әйелдер ағзада болатын табиғи өзгерістер кезінде депрессияға, вирус кезіндегі үрей – шабуылға төтеп бере алмады. Олар өздері үшін, бала-шағасы, отбасы үшін қорқыныш пен үрейге берілді. Некеге қатысты да көп келеді. Олардың көбі  «Күйеуімнің басқа біреуі бар, күйеуім тағы бір әйел алғысы келеді, мен сол ойдан шаршап кеттім. Өмірден түңіліп, күйеуімді жек көріп, суып кеттім» дейді. Ер адамның полигамиялық, моногамиялық тұстарына қатысты сұрақтар өте көп. Әйелдер отбасын сақтап қалу үшін күресіп,  шарасыздық танытуда.

Ер адамның полигамиялық, моногамиялық тұстарына қатысты сұрақтар өте көп дедіңіз. Бір еркектің бір әйелмен некесі – моногамия түсінікті. Ал полигамияның бір түрі – бір еркектің көп әйелмен некеде болуы болса, екіншісі – көп еркектің бір әйелмен некелесуі. Құдай сақтасын, алдыңызға келушілердің ішінде соңғысы жоқ шығар…

– Өкінішке орай, соңғысы да бар.  Яғни бір әйелдің бірнеше азаматпен тұруы бар.Тәжірибемде соңғы алты айда сондай  4 келіншек пациентім болды. Олардың уәжі –күйеулеріне көңілі толмайды. Бір күйеуден кете алмайды, тастап кетуге аяйды. Бірақ бірнеше адаммен қатар өмір сүреді және онысын күйеуі де біледі.

– Олардың әлеуметтік жағдайлары қандай? Оқу орнын бітіргендер ме, ұлттары қандай?

– Олардың бәрі жастар. Оқыған, әлеуметтік жағдайлары орташа, кәдімгі қарапайым  қазақ әйелдері. Соңында ары мазалап невроз ауруына ұшырап, психолог іздейді. Әрқайсының жағдайы әр түрді. Жалпы сипаттама беру қиын…

– Діни теріс ағымдағылардың әйелдері келе ме? Оларда қандай психологиялық мәселелер бар?

-Ия, ондай әйелдер болған. Олар «күйеуім ораза кезінде ашуланып, қатуланып жүреді. Бала- шағаға күлмейді, қатал.Қызғаншақ, жұмыс істетпейді, ешқайда шығармайды, үйде аш отырамын, шаршадым, мен оның айтқанының бәрін істеймін. Неге менің күйеуім сондай?» деп келді». «Егер ашуланатын болса, неге ораза ұстайды?» дейді. Бұл жерде жағдай белгілі, бәрі діннің дұрыс емес көзқарасына тікелей байланысты.

–  2-5 әйел алудың әйелге, отбасына, балаларға әсері қандай деп ойлайсыз?

– Бұл өте нәзік сұрақ. Жалпы 2-4 әйел алу өте күрделі мәселе. Көп әйел алу ұлт үшін, қазақтың санын көбейту үшін пайдасы бар. «Бос жатқан жер жау шақырады, жесір әйел дау шақырады» дейді. Жесіріміз бен жетіміміз болмай, жеріміз қазаққа толып,  қазақи, рухы мықты азаматтар көп әйел алып, жесіріне еге болып, жерін ұрпақпен толтырса, кәнеки?! Оған қуанамыз, әрине. Бірақ «кесір әйелдің қырсығы қырық есекке жүк болады» дейді қазақ. Бізде қазір кеңдік, парасаттылық деген жоқтың қасы. Бүгінгі қоғамда адамзаттың, соның ішінде әйелдің жүйкесі әлсіз, психикасы, жан дүниесі тым нәзік. Өзінің үстіне әйел алуға қарсылық танытқан әйелді  айыптай алмаймыз. Себебі әр әйелдің жан-дүниесі, рухани әлемі бар. Адам өзінің жүрегіне жарақат салғысы келмейді. Мәшһүр – Жүсіп атамыз «Бәйбішесі күйеуіне екінші әйел алып беретін болса, ол да және екінші әйелі де шахидтық дәрежеде болады» деген. Неге? Шахид деген елі, жері үшін жанын берген адам. Ал әйелдерді шахидтық жоғары дәрежеге неге қойып отыр атамыз? Өйткені бұл бірінші әйелге де, екіншісіне де өте ауыр сынақ. Нәпсі тәрбиесі бар бұл жерде.   Ән – Нәфсуль Әммәра адамды күнаға итермелейтін төменгі дәрежедегі нәпсіден бастап сонау кемелдікке жеткен Ән-Нәфсуль Кәмилә, яғни кемел әулиелікке дейін нәпсінің жеті түрі бар. Қазақ әйелдері ертеде өз қалауымен күйеуіне 3-4 әйел алып беріп, ұлтымыздың өсіп- өнгені содан шығар. Қазіргі таңда бұл мәселе өте нәзік тұр. Мысалы, маған біреуге екінші әйел болып отырған пациенттерім көп хабарласады. Олар күйеулерімен, балаларымен әлеуметтік желіге шыға алмайды, елге көріне алмайды, бірақ ұлттың өсуіне үлес қосып отыр. Заңды болмаса да Құдайдың алдында адал некесі бар әйелдерді білемін. Ата заңымызда бір ғана әйелге рұқсат етілген. Бұл жерде екінші алған әйелінің заңды құқығы болмайтыны белгілі. Және бірінші әйелдерді де білемін. Бірінші әйелінің қысымына шыдамаған еркектер екінші әйелін оңай талақ беріп, босата салады. Бұл  үрдіс діни теріс ағымдарда өте белсенді жүріп жатыр. Бұл жерде зардап шегетін, қиналатын балалар. Балаға бақытты болуы үшін толыққанды отбасы, әкесі де, шешесі де керек. Отбасында толыққанды бақытқа бөлене алмаған бала сау-саламатты болады деп айта алмаймын. Жан жарақатын алған әйелдер «менің ғана жаным жараланбасын, сенің де жаның қиналсын» деген ұстанымда болады. Осыған байланысты көптеген жамандыққа жол беріліп жатады.

– Туған жеріңіз, өскен ортаңыз туралы айтсаңыз.

Мен Маңғыстаудың тумасымын. Бүкіл ағайын туыс, ата-әжеміз, олардың ата-аналарының қабірі Маңғыстауда, Пір Бекет ата мен Шопан атаның басында жерленген. Әке- шешемнің бауырлары, туыстары Маңғыстауда болса, ата – анам Тараз қаласында тұрады. Таразда бойжеттік, өстік, Маңғыстау мен Тараз менің балалық шағымның, бойжеткен шағымның куәсі болды. Үш баланың анасымын. Бір баланы асырап алдым, оның мүгедектігі бар, арнайы мектеп – интернатта білім алып, емделуде. Аллаға шүкір отбасым, ұям бар, елдің бір азаматының жарымын. Кішкентайым, ұлым Тоныкөк бір жарым жаста.

 Өз күшіммен өте қиын сынақтардан өттім. Түркияға барған кезде тұңғыш қызым 7 жаста болатын, тұратын жерім де болмады, шатырда түріктердің от жағатын үйінде тұрдық. Сөйтіп жүріп тілін үйрендім. Жұрт «сен баланы да туып, докторантураны да оқып,  психолог болып отырсың, күшті қайдан аласың?» деп қызығады. Адамда арман –мақсат болуы керек, мақсаты бар адам бәріне қол жеткізеді.

– Арман, мақсатыңыз қандай?

-Мен мақсатыма тас кенедей жабысып алған адаммын. Арманым өте көп. Ең алдымен ұлтыма пайдалы болу. Англияда Оксфорд университеті бар. Қазақтың білімді жастары шетелде, Англияда оқып жатыр. Елдегі студенттерге  4 жыл сабақ бердім, ендігі арманым осы университетте дәріс беру.

Сізге сыртыныздан қарағанда қазақтың сұлу, ұлтын, салт- дәстүрін сүйетін, иманы мықты қызын көреміз. Осы қыздың ішінде, жүрегінде қандай толқыныс, бұлқыныстар бар екен? Ұлт болашағын қалай елестесе аласыз?

– Егер сырт көзге осындай болып көрінсем, бұл біріншіден,  киелі Маңғыстауда туып- өскенім, ата- әжемнің бойыма сіңірген тәрбиесі шығар. Тәрбие отбасында берілетін дүние, қолдан жасай алмаймыз. Қанмен, текпен келеді. Керемет болмаса да өлең жазамын. Ішімдегі толқыныс, армандарым «Шұғыла» деген кітабымда көрініс тапты. Мен қазақ аналарының ақ жаулық тартқанын, қазақ әйелдерінің сән-салтанатпен өмір сүргенін қалаймын. Мені алдыма келетін невроз ауруына ұшыраған, психоз, өсек айтатын, уақытын босқа өткізетін, сандалып, той – томалақта ғана жүретін кейбір әйелдер қынжылтады. Әйелдер білім мен ғылымға құмар болса,  мемлекетіміз көркейіп, өссе деген арманым бар. Әр адамның ішінде ұлтына деген сүйіспеншілік, жанашырлық болады. Роза Рымбаева орындайтын  «Кең далам толғанайын, толғайын,  әнімді бір өзіңе арнайын» деген сөздері бар «Атамекен» әнін тыңдаған сайын көзіме жас келеді. Күй тыңдағанда, жалпы қазаққа қатысты нәрсенің бәрінде көзімнен жас шығады. Бірақ ұлттың келешегі жайында кесімді нәрсе айта алмайтын қиын кезеңде тұрмыз. Ұлттың келешегінен жақсы үмітте болуымыз, жақсылықтан күдер үзбеуіміз керек. Бүгінгі жүйе, жемқорлық, сатқындық та ауысар. Халық өзгерсе, біз өзгерсек билік те өзгереді. Түріктерде жақсы мақал бар. «Топыраққа су тамса -батпақ болады, топыраққа қан тамса -Отан болады» дейді. Топырағына бабаларымыздың қаны тамған біздің бір – ақ Отанымыз бар. Ұлтымызды, елімізді, жерімізді сақтаймын деп шахид болып кеткен ата- бабаларымыз, батырларымыз бар, олардың аруағы бар. Осындай мықты руханиятқа ие қазақ ұлты мен мемлекеті мәңгі жасайды деп сенемін.

– Өзіңізге өзіңіз сырт көзбен, сынап қарай аласыз ба? Кімді көресіз сонда?

– Әрине, өзіме сырт көзбен қарай аламын. Өзімді сырт көзбен қараған кезде өз бақыты үшін күресіп, жарыққа ұмтылып жүрген, қайтсем құндылық өндіремін, қайтсем өмірге мән енгіземін, өліп, өшіп қалған қазақы құндылықтарды  қалай жаңғыртамын, оларды қалай мәнді ете аламын деген қызды көремін. Ең алдымен кішкентай ботақандары бар ананы, сүйікті жарды, ерінің қолдауына мұқтаж әйелді көремін.  «Мен не істеп жүрмін, елге қандай пайдам бар, қолымнан не келеді? деп ойланамын. Әсіресе қаңтар оқиғасы кезінде көп адамдар сияқты мен де күйзеліске түсіп кете жаздадым. Қатты қиналдым, елім- жерім  үшін жаным ауырды.

Балаларымды алып мен де алаңға шыққым келді. Бірақ сол кезде өзіме «жоқ сенің мамандығың психолог, жан танушы, жан емдеушісің. Жан үрейі, қорқыныш жайлаған, адамдары бір- біріне сенбейтін қоғамға, жан жарасы асқынған адамдарға психологиялық көмек беруге тиіссің» дедім. Қаңтар оқиғасынан кейін психологиялық курстарымды бастап кеттім. Бұрыннан да оқу орындарына барып, студент қыздарға тегін кеңестер беріп жүрген адаммын. Бүгінгі мазасыз қоғамда адамдар қатты алаңдаушылыққа, сенімсіздікке тап келіп отыр. Алдағы уақытта да психологтың көмегіне зәру отандастарыма қолымнан келген көмегімді аямаспын. Осы кезге дейін курстарымда 200 шәкірт оқытып, тәжірибеммен бөлісіп жатырмын. Кимешекпен бірге қазақ қызының тақиясы мен бөрігін де жаңғыртқым келеді. Алдағы күнге, еліміздің болашағына деген үмітім мен сенімім зор. Алла елімізге тыныштық берсін!

Ләзат Мырзашқызы, ашылып айтқан әңгімеңізге көп рахмет! Биіктен көрейік сізді!

 

Сұқбаттасқан Ұлдай САРИЕВА,

Durbi.kz

 

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close