Мәселе
Мысыр, Медине асқандар немесе шетелден бейресми діни білім алудың қаупі
Соңғы жылдары елімізде дінге бетбұрыстың артуына орай, діни білім алу ең өзекті мәселеге айналды. «Діни білімді шетелден іздеген кейбір қазақ жастары күдікті оқу орындарына тап келіп, жат ағымдардың жетегінде кетіп қалмай ма, сырт елден алған білімнің елімізге пайдасы бар ма?» деген сұрақтар өткір туындап отыр. Статистика комитетінің ресми мәліметі бойынша 300-ге жуық қазақстандық жастар шет елдерде діни алуда екен.
Яғни, мамандар шетелде діни білім алған жастар үшін діни теріс ағымдардың жетегінде кету қаупі жоғары екенін ескертеді. Шетелге ҚМДБ-ның рұқсатынсыз, өз бетімен оқуға кімдер кетеді? Зерттеу бойынша, интернеттен салафизм идеологиясындағы материалдармен танысып, діни білімді радикал «шейхсымақтардан» алған жастардың діни білімді еліміздегі мешіт, медреселерден алуға ниеті де, құлқы да болмайды.
Ғаламтордағы шетін идеологиялар қазақ жастарының санасын улап, олардың діни білімді Біріккен Араб әмірлігі, Сауд Арабиясы, Йемен, Кувейт, Иран, Пәкістан Катар сияқты шетелде алуға деген құштарлығын арттырып отыр. «Соның ішінде Египет пен Сауд Арабиясы Корольдігінде күмәнді діни білім алған азаматтар елімізде салафизм идеологиясының таралуына көбірек үлес қосуда» дейді мамандар.
Қазақтың салт- дәстүрін жоққа шығару, ұлттық құндылықтарымызды дәстүрлі мұсылман құндылықтарымен ұштастыра алмау діни адасушылыққа соқтырып, еліміздегі діни ахуалға нұқсан келтіруде. Бастапқы діни білімді еліміздегі медреселер мен мешіттегі имамдардан алмаған жастардың шетелден күмәнді діни білім алуы олардың жеке бастарына да, ұлтымызға да, мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер. Дінді саясатқа, өз мақсаттарына бұрмалап пайдаланған шетелдегі әртүрлі топтардың мақсаты – діни теріс идеологияны насихаттау арқылы басқа елдерге деструктивті идеологияны енгізу. Соның ішінде салафизм ағымы бүгінде отаны – Сауд Арабиясы Корольдігінен асып, төрткүл дүниеге таралып кетті…
Мысалы Сауд Арабиясында «Әл-Жамия әл-Исламия» университетінде оқыған, салафизм идеялогиясын ұстанушы 3 азамат «Қазақстанға келген соң діни араздықты өршітті, терроризмді насихаттады» деген айыппен сотталғаны белгілі. Олар әлеуметтік желілерде деструктивтік идеологияны насихаттаған.
Сауд Арабиясының Медина қаласында «Аль-Джамия аль-Исламия» ислам университеті ислам әлеміне белгілі оқу орны. Салафилік бағытта білім беретін аталмыш оқу орнының ашылғанына 50 жылға жуық уақыт болған. Бұл университетте оқыған, оқып жатқан қазақ жастары бар делінеді. Солардың бірі – маңғыстаулық Марат (есімі өзгертілді). ҚМДБ-ның жолдамасынсыз, облыстық Дін істері басқармасына да айтпай, тікелей Медина қаласына барып құжат тапсырған.
«Енді шетелге оқуға бармайтын шығармын»
«Мен Мединеде араб тілін бастауыш деңгейінде ғана меңгердім. Қосымша тек сол жақтағы жоғарғы курстағы қазақ жігіттерден сабақ алдым. Бір жағынан өзімнің де шариғат біліміне қабілетім жетпейтініне көзім жетіп, елге қайттым. Бүгінде теолог мамандармен жиі кездесіп тұрамын. Олардан діни ақпарат аламын. Енді шетелге оқуға бармайтын шығармын. Дәстүрлі бағыт Ханафи-Матуриди бағытына бейтарап көзқарастамын. Оларды да мұсылман бауырларым деп есептеймін. Бірақ өзімнің ұстанымымды дұрыс деп санаймын» дейді Марат.
«Марат бүгінде теологтармен кездесіп тұрады, – дейді Маңғыстау облысы Дін істері басқармасы «Дін мәселелері бойынша ақпараттық-талдау орталығы» теологы Ержан Бахитжанов. – Медине қаласындағы университетте бастауыш араб тілін ғана, онда да онлайн оқыған Мараттың діни білімі төмен. Ол Сауд Арабиясына кетпей тұрып осындағы араласатын адамдары тарапынан университет жайлы хабардар болып, сонда оқуға кеткен. Негізгі ұстанымы – салафия бағыты ішіндегі Мадхали бағыты. Біз одан мәзхаб ұстану мәселесі туралы сұрағанымызда, ол: «оған ешқандай қарсылығым жоқ және мазхаб ұстанатындарды қатеге шығармаймын» деді. Оған Қазақстан Мұсылмандарының мыңдаған жылдан бері ұстанып келген сенімі Матуриди сенімінің негіздері түсіндірілді. Матуриди сеніміне қатысты айтылған салафия көсемдері тарапынан айтылған жала мен өтіріктерге тұшымды жауап берілді.
Марат өзінің ұстанымын жасырмай салафилік ортада білім алып келгенін айтты. Оған сәләф солихтар дегеніміз кімдер? Олардың Исламның алғашқы үш ғасырында өмір сүрген ізгі ғалымдар және солардың айтқанымен жүргендер ғана сәләф солих жолын ұстанушылар ал, қазіргі өздерін сәләфиміз деп жүргендер олардың маңына да жуымайтыны және еліміздегі дәстүрлі бағыттың ұстанымдары туралы айтылды»
Мараттың салафилік бағытта білім іздеуіне не себеп болды?
Маңғыстау облысы дін мамандарының онымен жүргізген жұмыс қорытындысының ахуалына тоқталсақ, оның дінге келуіне бұдан 8 жыл бұрын салафит достары ықпал еткен. Марат сәләф-солихтардың ақидасын ұстанады, соның ішінде мадхалит. Ұлттық салт- дәстүрді, қазақтың ұлттық құндылықтарын қолдамайды, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына сенбейді.
Неге?
Себебі Марат бұдан 8 жыл бұрын дінге келуіне әсер еткен браттарының ықпалымен интернеттен Ділмұраттың (Абу Мухаммад) уағыздарын тыңдап, оны өзіне ұстаз санайды. Ділмұрат өз уағыздарында ҚМДБ ұстанып отырған дәстүрлі бағытты «бидғат» деп, мазһаб ұстанушы мешіт жамағаттарын «адасушылар» деп жастардың санасын улаған. Яғни, мадхалиттердің қазақстандық ұстаздары Тоиржан Ибрагимов, Октам, Ділмұраттың әлеуметтік желілердегі уағыздары талай қазақ жастарын ата- баба жолынан адастырды. Салафизм идеологиясының ең басты қауіп- қатері – Құран мен хадистердің түпкі мағынасын бұрмалап, жазылған сөзді тура мағынасында түсінуде жатыр. Бұл айналып келгенде бүгінгі қазақ қоғамында неше түрлі пікір қайшылықтарын өршітіп, бір ғана ислам дінінің ішінде сан алуан алауыздық тудырып отыр.
Нәтижесінде «ислам дінін бидғат (жаңалық) атаулыдан тазартамыз» деп адасқанқандар қазақтың салт – санасы мен дәстүріне қарсы шығу арқылы ұлттық тамырымызға балта шабуды мақсат етуде.
Қандай қауіп бар?
Ең бастысы – олар жасаған немесе жасауға дайындалған еліміздегі терактілер бейбіт, тәуелсіз мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндірді. Олар мәзһаб ұстанушыларды жек көреді. Олар үшін намаз оқымаған адам «кәпір». Өздері «кәпір» санаған адамдарды тонау, озбырлық көрсету түк емес. Олар исламда харам әрі күнә саналған есірткі шегу, оны тарату, сатумен айналысып, кәмелетке толмаған қыз балаларды зорлау, кісі ақысын жеу сияқты лас істермен айналысып кеткенін күнделікті жаңалықтардан көптеп көрудеміз. Зайырлы мемлекетімізді «харам», «кәпірлер» елі деп санайды. Салт- дәстүрге, ұлттық құндылықтарға, аруаққа, тарихи ескерткіштерге қарсы.
«Түп тамыры террористік әрекеттерге байланған жат идеологияны насихаттайтын түрлі күштердің қаржысымен жұмыс істеп отырған шетелдегі марказдарда білім алған қазақ жастары «халифат» деп адасып, діни сауатсыздықтан «хижра», «жиһадқа» аттанып, халықаралық террористік ұйымдардың лаңкестеріне айналуда» дейді мамандар.
Мысырға оқуға кетіп, Сириядан бір –ақ шықты
«Мұсылман еліне хижра жасаймын» деп ата-анасын, туған жерін, Отанын сатып кеткен қазақ жастарының біразы бүгінде түрмеде отыр. Соларлың бірі – Бақтияр Ыбраев. Ол террористік ұйымның құрамында Ауғанстан мен Сирияда соғысқа қатысқаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Алғашында шетелге діни білім аламын деп Мысырға кеткен Бақтияр санасы уланып, террористік топтың қатарынан бір -ақ шыққан.
Міне, шетелден бейресми барып, діни білім алудың қауіп- қатері қайда жатыр? Шетелде өз бетімен білім алу, жат идеологиямен улану қазақстандық қоғамға, еліміз ұстанған дәстүрлі дінімізге, жалпы мемлекетіміздің тәуелсіздігіне үлкен қауіп. Қауіптілігі сол – шетелде күмәнді діни білім алған және сондай-ақ олардың жат идеологиясымен адасқан қазақтар радикалданып, халықаралық террористік ұйымдарға қосылды. Мысалы «Сирияға 1000- ға жуық қазақстандық өтіп кетсе, соның 600-і елге қайтарылды. Оның 303-і ер азаматтар. Бұл қауіптің алдын алу үшін діни білімді Қазақстанда алудың маңызы өте зор.
Елімізде діни білім гранттары көптеп бөлінуде
ҚР Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тұжырымдамасында дін мамандарын көптеп оқыту, кәсіби білімдерін жетілдіруге ерекше бағыт берілген. Тәуелсіз мемлекетімізді, бүгінгі қоғамды қатты алаңдатып отырған деструктивті діни идеологияның алдын алу үшін бұл бағыттағы сан салалы жұмыстың бірі – діни білімнің деңгейін арттыру.
Соңғы жылдары ҚР Ғылым және Білім министрлігі Нұр- Мүбарақ ислам мәдениеті университетінде білім алуға көптеп гранттар бөлуде. Еліміздегі оқу орындарында діни білім алу арқылы қазақтың мәдениеті мен салт дәстүріне, руханиятына сәйкес діни сананы қалыптастыруға қол жеткізуге болады.
Қазақстанда қандай діни білім орындары барын білесіз бе?
Бүгінде Қазақстанда 6 жоғары оқу орнында діни факультеттер бар. Діни білім аламын деген жастар «Дінтану», «Исламтану», «Теология» мамандықтарын елдегі жоғары оқу орындарында оқып, толыққанды дін маман болып шыға алады.
Білім іздеген жастар үшін «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.А. Яссауи атындағы халықаралық қазақ -түрік университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің есігі әрдайым ашық. Одан өзге «Сарыағаш» медресе-колледжі, «Шымкент» медресе-коллджі, «Астана» медресе-колледжі, «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжі, «Һибаттулла Тарази» медресесі, «Үшқоңыр» медресе-колледжі, «Әбу Ханифа» медресе-колледжі, «Орал» медресе-колледжі, «Ақтөбе» медресе-колледжі бар.
Шетелге жолдамамен қандай оқу орындарына баруға болады?
Бүгінде еліміздің дінтанушы, исламтанушы мамандары ҚМДБ меморандумға отырған дәстүрлі дінімізді оқытатын шетелдегі діни оқу орындарында білім алып, жоғары білімдерін одан әрі көтеруде. Рұқсат етілген шетелдік оқу орындарының қатарында Түркияның Стамбул университеті, Мәрмара университеті, Анкара университеті, «Селжүк» университеті, «Хасеки» институты, Нажмеддин Эрбакан атындағы университеті, Мысырдың «Әл-Азхар» университеті, Ресейдің Қазан қаласындағы Ресей ислам университеті, Мәскеу ислам университеті және Өзбекстанның Ташкент ислам университеті бар.
Мысалы екі елдің келісімі бойынша 2013 жылдан бастап қазақ жастарын оқыта бастаған Түркиядағы «Хасеки» университетінде оқу шығындары Түркия тарапынан төленеді. Күні бүгін оқуға түскен 116 студенттің 108-і оқуын аяқтап, елге қайтты. Ал «Аль-Азһар» университеті бөлген грантпен 80 қазақстандық білім алуда. Міне, шетелден жоғары діни білім аламын немесе елдегі алған білімін жетілдіремін деген талапты жастарға әрқашан жол ашық. Ол үшін Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасынан рұқсат алу қажет. Ал ҚМДБ тарапынан берілетін рұқсат- жолдаманың алғы шарты – бастапқы діни білімді еліміздегі отандық оқу орындарынан алу, яғни, бойына дәстүрлі мұсылманшылдықты сіңірген, ұлттық құндылықтарымыздан алшақтап кетпейтіндей дәстүрлі исламмен сусындаған жастар болуы қажет.
Шетелде ҚМДБ- ның рұқсатынсыз оқып келген жастар еш жерге жұмысқа алынбайды. Кейбір деректерге сүйенсек, рұқсатсыз кеткен қазақ жастары діни білімді Египетте алуға құштар және олардың көбі сол жақта оқып жүр делінеді. Ал ол жастарымыз Египетте қандай білім алуда? «Шетелге діни алуға кеттім» деген жастарымыздың Сирияға өтіп кеткендері туралы олардың елдегі ата-аналары мен отбасы мүшелері арқылы, сондай-ақ «Жусан» операциясы арқылы белгілі болды. Ендеше, діни білімді елдегі оқу орындарынан алу бүгінгі күннің басты мәселесі.
Durbi.kz
Дайындалған күні – 01.12.2021 жыл