Мәселе

Қайролла КӨШҚАЛИЕВ, Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы: «Терроризммен күресте бізге бірлік керек »

– Біраз жылдан бері Атырауда бірнеше лаңкестік оқиға орын алды. Бұл жағдайлар дін атын жамылған радикалдық, экстремистік топ мүшелерінің қолымен діни ұғымдарды бұрмалау арқылы іске асты. Дін саласын зерттеуші мамандар теріс діни уағыз таратудың артында мемлекеттің тұрақтылығы мен қоғамның тыныштығын бұзу пиғылының жатқанын айтады. Осы айтқандарды саралай келіп, Атыраудағы қазіргі діни ахуалды қалай бағалар едіңіз?

– Атырау облысында діни ахуал тұрақты. Десе де, жат ағым туралы сөз болғанда, еліміздің батыс өлкесі бірінші айтылып жатады. Қазіргі уақытта Атырауда жат идеологияның жетегінде жүрген отандастарымыз аз емес. Олардың барлығы арнайы органның есебіне алынып отыр.

 

– Жат ағым дегеннен шығады, шетке барып, діни білім алуға Қазақстанда заңмен салынған тыйым жоқ. Осы жағдайды кейде жат идеологияның шейхтары тиімді пайдаланып кетіп жатады. Күмәнді оқу орындарында оқып жүрген атыраулықтармен арада қандай да бір байланыс бар ма?

 –Айтқаныңыз орынды, ешқандай ресми тіркеуі жоқ оқу орындарынан келетін қауіп бар. Оны жасыруға болмайды. Және бұл қауіп әлемдік сипатқа ие. Қазіргі таңда Атырау облысы бойынша күмәнді діни оқу орындарында оқып жатқан 30-ға жуық азамат бар. Атырау облысы Дін істері басқармасы олардың ата-аналарымен, отбасымен жоспарлы кездесу өткізіп, түсіндіру жұмысын жүргізіп келеді. Күмәнді оқу орындары өз алдына үлкен тақырып.

Сырттай қарағанда айырмасы болмаса да, күмәнді оқу орындарында жүрген қазақстандық студенттердің өзі ішінде бірнеше топқа бөлінеді. Мысалы, Египет еліндегі заңсыз оқу орындарында жүрген қазақстандық студенттер қазір  Хайа сабаға (7-ықшамаудан, Түрік жамағаты),   Хайа сәни (8 ықшамаудан, ағбаш), Хайа ашар (10-ықшамаудан, салафилер) атты жікке бөлініп жүр. Соның ішінде, соңғы аталған 10-ықшамаудандағы салафилік бағытта «білім алғандар» арасында Сирия асып кеткен қазақстандықтар бар.

 

Белгілі бір өзгерісті байқау үшін, дейін және  кейін деп жатамыз ғой. Заңсыз діни оқу орындарында оқығандар қалай өзгереді?

– Өкінішке қарай, олар тез өзгереді. Салт-дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығарып, өзін тәрбиелеген ата-анасына, мемлекетке, қоғамға деген қарым-қатынастан бастап, санаға дейін құлдырау деңгейіне түседі.

Міне, Атырау облысы Дін істері басқармасының осы жердегі міндеті – профилактикалық жұмыстарды максималды түрде тиімді жүргізу. Біз шетелдегі студенттермен байланыс орната алмаймыз.

Олармен байланысу үшін бірінші кезеңдегі жұмыс ата-аналарымен арада жүргізіледі. Осындай кезең-кезеңмен жүргізілетін жұмыс нәтижесінде елге оралып, оңалғандары бар. Бірақ Таяу Шығыстағы қақтығыс аймақтарына аттанып кеткендердің арасында аталмыш оқу орындарындағы азаматтар барын ескерсек, олардан террористік қауіп мүлдем жоқ деп те айта алмаймыз.

 

– «Жусан» операциясымен оралғандар арасындағы қазіргі ахуал қандай?

–  Еуропаның өзі асқан сақтықпен қарап отырған «Жусан» арнайы гуманитарлық операциясы нәтижесінде Сириядағы қақтығыс аймағынан Атырауға жүзден астам адам әкелінді. Олардың 82-і – бала, 24-і – әйел. Қазіргі уақытта Атырау облысы Дін істері басқармасы қақтығыс аймағынан оралған отбасыларға теологиялық, психологиялық, әлеуметтік, материалдық тұрғыда көмек беріп отыр. Біздің қазіргі мақсатымыз – олардың ортаға әлеуметтенуіне мүмкіндік жасау. Осы ретте «Жусан» операциясымен оралған 14 әйел тегін курстан өтті. Араларында аспаз, шаштараз, тырнақ әрлеуші, тігінші мамандықтарын игергендер бар. Енді олар тегін алған білімді кәсіпке айналдыра алады.

 

– Сұхбатымызды қорытындыласақ

 –Қалай десек те, қазіргі таңда терроризм мен экстремизмнің қауiп-қатері Үкіметті, қоғамды және әрбір азаматты алаңдататын мәселе болып отыр. Әлемде орын алған түрлi терактiлердi сараптап қарасақ, олардың дайындығы мен iске асырылу деңгейiнiң жоғары, террористiк ұйымдардың идеологиялық және психологиялық негiздемелерiнiң аса күрделі екенін байқаймыз. Яғни, бүгінгі әлемде «халықаралық террористiк интернационал» қалыптасты деп айтуға да болады.

Мұндай қауiп-қатердiң негiзi iрi террористiк ұйым емес, радикалды идеологиялық әсермен пайда болған, сырт елдердің ықпалындағы дербес, яғни аса үлкен емес ұйымдар мен жеке террористер екенiн айтуымыз керек. Өкiнiштiсi, солай бола тұра, терроризм қаупі белгілі бір аймақпен немесе елмен шектелмейді. Бұл проблемамен күресте бізге бірлік керек. Бүгінгі сұхбатымыздың түйіні осы болса…

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау қаласы

 

Біздің қоғамда интернет сайттарын, басқа да байланыс құралдарын пайдаланып жұмыс жасап жатқан дәстүрлі емес діни ағымдар мен секталардың, шетелдік уағызшылардың ықпалы жоқ емес.

Осы ретте Атырау облысы Дін істері басқармасы бастамашылық танытып Kaz Dream компаниясы ұсынған автоматтандырылған жобасын іске қосқанын атап өткен жөн.

Бұл жоба – әлеуметтік желіде тіркелген Атырау облысы тұрғындарының парақшаларына автоматты түрде мониторинг жасап, діни теріс бағыттағы материалдар табылған жағдайда толық зерттеуге мүмкіндік береді. 2019 жылы жоба аясында 4 170 жуық аккаунт қаралып, соның 301-і деструктивті діни бағытында екені анықталды. 183 аккаунт діни сараптамадан өтіп, 33 адамға Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 453-бабы 2-тармағы бойынша айыппұл салынды.

Атырау облысы Дін істері басқармасы атыраулық тұрғындар үшін балаларының қандай діни бағытта жүргені жөнінде тегін түрде күнделікті интернет желісіндегі аккаунттарына мониторинг жүргізіп, анонимді түрде ақпарат алуға мүмкіндік бар екенін хабарлайды. Қызметтік байланыс телефондары: 8 702 519 05 69; 8 778 704 71 78.

 

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close