Көкейкесті
Зейнеп АХМЕТОВА, қоғам қайраткері: «Бүгінгі әйелдердің киіп жүргені арабтардікі»
Біз, біріншіден, біліммен, екіншіден, өзіміздің тіл арқылы таралатын дəстүрімізбен ғана ұлтымызды сақтай аламыз. Əрбір адам ұлтымен бірге туады. Ұлтыңмен бірге туған соң, ұлтыңның тілі, бүкіл салт-дәстүрі, елі, жері, тарихы саған да тиесілі. Бұл жерде егер дін ұлттың үстіне шықса, ұлт жойылады. Бүгінде фанатик діншілдер екі сөздің бірінде «қазақпын деп айтпа, мұсылманмын деп айт» дейді. Көрдің бе қандай құйтырқы, жаман пиғыл жатыр?
«Əуретті жерлеріңді жап» дейді. Ол сөз – ұятты жерлеріңді жап дегені. Сенің басың, бетің ұятты жер емес қой. Ол – Құдайдың жаратқаны. Ұятты жер – мойыннан төмен жақ. Қазақ онсыз да ол жерін ашып-шашқан жоқ.
Қазақтың қызы тұрмысқа шыққанға дейін басына орамал салмаған. Кəмшат бөрік, құндыз бөрік, үкілі тақия, шашақты сорабақ, моншақты қасаба, жырға деген сондай əдемі бас киімдер болған. Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген деген, шаш күтіміне көп көңіл бөлген. Қолаң шаш, сүмбіл шаш, қара шаш, алтын шаш – соның бəрі қыздың шашы. Сонда мұсылман болады екенбіз деп соның бəрін, ұлттық киімді жерге көмуіміз керек пе? Бүгінгі әйелдердің киіп жүргені арабтардікі.
Арабтың жері ыстық, құм боран соққан бұрын. Сонда еркегі бар, əйелі бар – бәрі көзінен басқаның бəрін жауып тастаған қарамен. Енді соны алып келіп, бізге тықпалайды. Мұсылман болу үшін араб болудың керегі жоқ. Мысалы, арабтар тегі бір, діні бір, тілі бір. Ал керемет болатын болса, қаншама жылдан бері неге бір-бірін қанға бөгіп жатыр? Қырып жатыр? Оның несі ислам? Оның несі шариғат? Құдай сақтасын!
Қазақтар бұрын жер дауы, жесір дауы деп барымтаға шыққанымен, оның өзін де екі ауыз сөзбен бітіріп отырған. Сөзге тоқтаған. Қазақ – өте құдайшыл халық. Бірақ фанатик емес. Қазақ «Құдайсыз қурай сынбайды» деген бір ауыз сөзбен Құдайды мойындаған. Ең жаман адамды «Құдайсыз адам» дейді. Жақсы адамды «Ой, Құдайы бар екен, айналайын» деп айтып жатады.
Арабтар бұрын пұтқа табынған. Екі қыздың біреуін тірідей көміп отырған. Содан мына «Тарихи жад» қалып қойған. Əйелді төмен көру олардың қанында бар. Бəрібір тегіне тартпай тұрмайды. Ал қазақта, керісінше, «Ырыс алды – қыз» деп, қыз туғанда керемет қуанған. «Кететұғын бала, қонақ» деп, қызды əкенің үйінде жүргенде әбден еркелеткен. Жақсыны кигізген. Дəмдіні жегізген. Қолынан келсе, жорғаны мінгізген. Қызды ешқашан есік жаққа отырғызбаған. Оң жаққа, төрге отырғызған. Тұрмысқа шықпаған қызды «оң жақтағы қыз» дейтіні содан. Отырған қыздың аяғынан аттау үлкен күнə болып саналған қазақта. Қыз балаға қол көтеру үлкен қылмыс болып саналған. Қыздар жаугершілік кезде əкелерімен, ағалармен қатар сауыт киіп, жауға аттанды. Шайқасты. Оған тарих куә. Айтысты, айтысқа түсті. Бəрін былай қойып, қыз қууды қарашы! Аттың құлағында ойнап, жігіттерді қамшымен шықпыртқаны қандай! Енді неге осының бəрін жауып, жерге көміп, мұсылман болады екенбіз деп, бейшара қыздардың басына қара орамал салуымыз керек пе?
сурет: rg.ru
Қара орамалды байы өлгенде салады
Қаралы әйел дейді оны. Мысалы, Әуезовтің «Қаралы сұлуында» әйел жыл бойы басына қара орамал салады. Жыл өткеннен кейін жақындары келіп, қаралығын түсіріп, ауыстырып жатады. Ал мына адасқандар өздерін өздері қор қылып, елдің басына сор болып жүр. Үйлерінде теледидар көрмейді, ешқайда шықпайды, әйтеуір, бала туып жатқандары бар, тек анау еркекке қызмет етуі керек, бітті. Біраздан кейін надандық шығады. Білімсіз анадан білімсіз ұрпақ көбейеді.
Біз, біріншіден, біліммен, екіншіден, өзіміздің тіл арқылы таралатын дəстүрімізбен ғана ұлтымызды сақтай аламыз. Əрбір адам ұлтымен бірге туады. Ұлтыңмен бірге туған соң, ұлтыңның тілі, бүкіл салт-дәстүрі, елі, жері, тарихы саған да тиесілі. Бұл жерде егер дін ұлттың үстіне шықса, ұлт жойылады. «Екі сөздің бірінде қазақпын деп айтпа, мұсылманмын деп айт» дейді. Көрдің бе қандай құйтырқы жаман пиғыл жатыр?