Жаңалықтар

Бас имам Батыржан Мансұров имамдарға екі бірдей қызметтік үйдің кілтін табыс етті

Бүгін Атырауда имамдарға қызметтік үй тапсырылды. Қасиетті Рамазан айының екінші он күндігіне аяқ басқан кездегі қуанышты сәтте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұров имамдарға баспана кілтін жамағат алдында салтанатты жағдайда табыс етті.


Екі бірдей үй осылайша Атырау қаласына қарасты Жұлдыз елдімекеніндегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің балансына беріліп отыр. Игілікті іске аталмыш мешіттің жамағаты қаржы жинап, тікелей атсалысты. Сонымен бірге, шалғайда жүрген атыраулық азаматтардың да зор үлесі болды.


Көлемі 60 шаршы метр болатын қос үйдің әрқайсы үш бөлмеден тұрады. Заманауи үлгіде тұрғызылған үйде тұрмысқа қажетті барлық жағдай жасалған. Қызметтік үйде Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Ардақ Жұмабекұлы және аталмыш мешіттің наиб имамы тұратын болады.
«Бұған дейін имамдардың жағдайы күрделі болып келген еді. Көп жағдайда имамдар пәтер жалдап жүретін. Енді міне, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешітіміздің балансына екі бірдей баспана беріліп отыр. Асылында, Алла жолында қызмет етіп жүргендерге жасаған жақсылықтың сауабы сансыз» деп атап өткен Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров мешіт жамағатына және осы игілікті істің басы-қасында жүрген  Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің бас имамы Ардақ Жұмабекұлына алғысын жеткізді.


Атап өтер жайт, бұл имамдарға беріліп жатқан бірінші пәтер емес. Өткен жылы Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров Құрманғазы ауданындағы орталық Темірәлі мешітінің балансына демеушілер тарапынан берілген үйдің кілтін салтанатты жағдайда тапсырған болатын.

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close