Басты тақырыпЭксклюзив
Қазақ әйелінің орамалына қашан ораламыз?
Зейнеп АХМЕТОВА,
қоғам қайраткері:
Хиджаб – арабтардан келген тұмша
Арабтардың өзі мұсылман дінін қабылдағанға дейін хиджаб киген. Яғни хиджаб – олардың тарихи ұлттық киімі. Даласы шөл, үнемі құм борап тұратын болғандықтан, арабтардың әйелдері көздерін ғана қалдырып, тұмшаланып киінетін болған. Ал оны біз «хиджаб кимеген мұсылман емес» деп, біреудің қаңсығын таңсық көріп жүрміз. Құдай-ау, шашыңды жауып жүргің келсе, неге кимешек кимеске? Қазақ әйелдерінің кимешегіне тең келер киім бар ма?! Ол денсаулыққа да пайдалы болған. Қазір жәдігерге айналған кимешекті алып қараңыз. Алдыңғы өңірі кіндіктен төмен түседі және бірнеше қабат кестеленген. Яғни омырауды жауып тұрады, төске суық өткізбейді. Арты белді суықтан қорғайды.
Біздегі хиджаб кигендер – адасқандар. Мұсылмандықтың айғағы – тұмшаланған хиджаб, қауғадай сақал емес, жүректегі иман. Балағын кескендерде, сақалы өскендерде емес, Алланы жүрегіне қондырғандарда ғана иман бар. Ал әлгіндей пиғылдағылардың барлығы – исламды іштен ірітуді, қазақты қадір-қасиетінен айыруды мақсат еткен дінсіздердің ағымы.
Мақсат НАЗАРОВ,
теолог-дінтанушы:
Хиджаб, ниқаб, паранжа – қазақтың киімі емес
Олар – араб пен иранның ұлттық киімі. Қазақ елінің табиғат ерекшелігінесәйкес өзіне жарасымды дәстүрлі киім үлгілері бар.
Шариғатта фиқһ – әурет деп киіммен жабық тұратын дененің бөлігі айтылады. Әйелдің әуреті екі түрге бөлінеді:
- Намаз кезінде;
- Намаздан тыс кезде және намаздан тыс кездер бірнеше түрге бөлінеді.
Намаз кезінде әйелдің жүзі, қолынан басқа жердің барлығы жабық болуы міндетті.Ханафи мәзһабы бойынша әурет жері дененің кіндіктен тізеге дейінгі бөлігі болып табылады. Әйел адамның туысқандарына денесінің мына бөліктерін: бас, шаш, мойын, көкірек, иық, қолдары (толық) және тізеден төмен аяқтарын көрсетуге рұқсат етілген. Олардың алдында дененің кіндіктен тізеге дейінгі бөлігін көрсетуге тыйым салынған.
Шариғаттың бұл шешімі «Нұр» сүресінің аятына негізделген: «Иман келтірген әйелдер зейнетті жерлерін туыстарынан басқа адамдарға көрсетпесін» (24:31). Намаз кезінде әйел адамның шашы толық жабық болуы керек, ал намаздан тыс кезде әйелдің шашының көрінгені айып емес және дәстүріміздегі бас киім үлгілері – бөрік, тақия т.б. бас киімдермен реттелген.
Сондықтан сәләфи ағымы өкілдерінің «намаздан тыс әйел адамның бір тал шашы көрінсе, тозақы болады» деген көзқарастары дұрыс емес.
Атырау қаласында «Дүрбі» газетінің қолдауымен «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының мамандары Сириядан оралған әйелдерге арнап орамал тартудан шеберлік дәрісін өткізді. Жиынға қатысқан аталмыш орталықтың маманы, тарихшы Ернар Абзалов қазақ әйелдерінің ежелгі орамал үлгілерін көрсетіп, қазақ әйелдерінің ұлттық киімі және қазақтың тарихтағы ұлы аналары туралы танымдық бағытта әңгімелеп берді. (суретте)
– Қазақ әйелдері бас киімінің өз тарихы бар.Қазақ әйелдері ежелден орамал тартқан, – деді тарихшы.- Біздің тарихымызда исламныңенуі VIII ғасырданбасталады. Бізде исламның орнығу процесі әлі жүріп жатыр. Исламның келуімен қазақтың қыз-келіншектеріне жаңа киім үлгісі де келді. Ол – бүгінгі қыз-келіншектер тартып жүрген хиджаб. Түріктермұны «турбан» деп атайды. Хиджаб араб тілінен енген, яғни орану, киіну.
Қазақта бір ауылда өз руы тұрғандықтан, 8-13 жас арасындағы қыздар орамал тақпады. Балиғатқа толып, 13-14 жасқа келгенде қыздарды ұзатты. Тұрмысқа шығып бара жатқан қыз үйінен сәукеле киіп кететін. Келін боп түскен жерде абысындары сәукелені шешіп алып, жаулық салды. Ол кимешек емес, орамалдың жеңіл түрі болды. Әшекейлері болмаған себепті оның жаңа түскен келін екенін көрсетіп тұрды. Жаулықты келіншек баласы бір жасқа толғанға дейін таққан. Одан соң ою-өрнекті кимешек киген. Орамал тағу қазақта әлеуметтік жағдайға да байланысты болды. Ауқатты әйелдер, ханымдар зерлі, әшекейлеген кимешектер киген.
Бала дүниеге келгенде әйел басына шалма ораған. Ол, бір жағынан,көшпелі салтымызға орайласқан қажеттілік болды. Жол үстінде жазатайым біреу қаза болса деп кебіндерін бастарына орап жүрген. Бұл – қазақ даласындағы өркениеттің белгісі. Шалма ораудың негізгі мақсаты осы болды.
Қазақ әйелдері Самарқандтың, Бұхараның әйелдері сияқты беттерін бүркемеген. «Сарттың әйелдері беттерін бүркеп жүреді, пәлекетті бірге тіркеп жүреді» деген қазақ. Ол – өзбек ұлтының мінезіне орай айтылып, бізге жеткен сөз. «Қазақтың әйелдерінің беті ашық жүреді, бірақ пәлекеттен қашық жүреді» деген де мақал қалыптасқан. Қазақ әйелі беттерін ашып, алайда омырауға дейін денесін жапқан. Яғни «Нұр» сүресінде айтылғандай, таққан орамалдары кеудесіне түсіп тұрды. Бұл қазақтың ежелден қалыптасқан тәртібі мен тәрбиесін көрсетті.Бүгінгі қазақтың әйелдері бұрынғы өткен аналарымыздай ақ орамалды тартар, өзге ұлттың орамал үлгісіне еліктеуді тоқтатар деген үміттенеміз».
Ернар Абзалов тарихтағы аналарымыздың, соның ішінде Қасым ханның әйелі Айымбике, Есім сұлтанның бәйбішесі мен әйелінің, Шоқанның әжесі Айғанымның әшекейлі, биік кимешек үлгілерін көрсетіп, дәріске қатысушы қыз-келіншектергеқазақтың ұлттық киімдерінің исламның шарттарына о бастан сай болғанына баса тоқталды.
«Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологі Қатеп Миланбек (суретте) қыздарға хиджаб сияқты алды-артына түсірмей-ақ, кеудесін жауып тұратын жинақы орамал үлгілерін тартып көрсетті.
– Құранда әйел адамның әурет жерін жабуы парыз етілген. Біраққолы, беті, аяғы міндетті түрде жабылуы керек делінбеген. Әйел адам шариғи киім кигенде өзінің ортасына байланысты ыңғайлы киімді таңдауы керек. Екіншіден, Алла Тағала Құранда адамдар туралы «Адамдарды ұлттар мен ұлыстарға бөліп жараттым» деген. Ұлт ретінде біздің өзіміздің тарихымыз, салт-дәстүріміз бар. Қазақ дінді бүгін қабылдаған жоқ, біз әйел адамның шашын жабу керектігін бүгін біліп отырған жоқпыз. Орамал тарту біздің атам заманымыздан қалыптасып, ділімізге әбден сіңген. Осыған орайқазақ әйелдерінің дәстүрлі киімі бар. Ұлттық киіміміз тура сол шариғат бұйырған киіммен бірдей. Сондықтанқазақтың салт- дәстүрін ысырып қойып, басқа ұлттан, тыс мемлекеттерден киім үлгісін кіргізудің еш қажеті жоқ, – деді Қатеп Миланбек.
Айтса айтқандай, қазақтың бірталай танымал тұлғалары да даулы болған хиджаб мәселесіне пікірлерін ашық білдіріп жатыр. Қоғам қайраткері Зейнеп Ахметова «Хиджаб – арабтардан келген тұмша. Біздегі хиджаб кигендер – адасқандар» деген бір сұхбатында.
–Үшіншіден, орамал тағу арабтардан келді десек, біз өз тарихымызды жоққа шығарамыз, – деді дәрісін жалғастырған Қатеп Миланбек.- Біздің әжелеріміз кимешек, шылауыш киген,қыздарымыз шашбау тағып, тақия киді. Ал балиғатқа толып, келін болып түскен күннен бастап басына орамал салды. Әйелдердің жас шамасына қарай киім мен орамалдың түрлері де ауысып отырған. Біз дінді ұстанамыз десек, қоғам тыныш, еліміз аман, егемендігіміз мәңгілік болсын десек, өзге ұлтқа, басқа мемлекеттерге еліктемей, өзіміздің салт-дәстүрімізге, қазақтың ғұрпына міндетті түрде түбегейді оралуымыз керек. Біз сол кезде дінді ұстанған діндар мұсылман әрі салтымыз мен тарихымызды ұлықтаған ел боламыз. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған ұлттық құндылықтарымызды бағалап, алға дамытып, жалғастыруымыз қажет. Ұлттық руханиятымызды дамытпайынша, қазақтың бұрынғы ұлы мұрасын ұлықтамайынша, біз ел бола алмаймыз. Мәдениет – қазақтың ұлттық дәстүрінде. Қазақтың дін ұстанған қыз-келіншектерінің орамалын қазақыландыру, бүгінгі заманға сай ұлттық нақышта дамыту – міндетіміз. Осы бағытта Атырау облысының дін мамандары жұмыс атқарып жатырмыз».
Дәрісте Қатептің «Міне, қазақ әйелі орамалды былай тартқан» деп ашық үлгі көрсете алмауының бірнеше себебі бар… Соның бірі – қазақ әйелінің жаңартылған орамал, кимешек үлгісі жоқ. Ал бұрынғы заманның кимешектері бүгінгі тұрмысқа сай емес. Сириядан елге оралған әйелдер тұтас қара жамылғысын шешіп, ашық түсті киімге ауысты. Бірақ орамалдарын алды-артына түсіріп, шұбалтып тартып жүр. Елдегі әйелдер де осы үрдісте киінуде. Көптеген әйел ұлттық қазығымыздан алыстап, мұсылман елдердің жамылғысын киіп, хиджабын тартып жүр. Бүгінгі дамыған заманда, зайырлы мемлекетімізде дін ұстанған қазақ әйелі қалай киінуі керек? Бұрын сәнді қос етек көйлек киген қазақтың қыздары арабтың өте тартымсыз,«қап-көйлегін» киіп жүре бере ме? Біз бұл сұрақпен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына телефон шалдық.
-Әр ұлт Алланың әмірін өз ұстанымдары, әдет-ғұрыптары мен тарихи таным-түсініктері бойынша орындайды. Осы ретте айта кетер жайт, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс орталықтарындағы мешіттерде тігін курстары ашылып, мамандар салт-дәстүріміз бен қазіргі заманауи талаптарға да сай келетін орамал (кимешек) түрлерін тігу жұмысын қолға алуда. Бұл бастама мектепте киім үлгісіне қатысты туындаған мәселені шешуге оң ықпал етеді деген үміттеміз, – деді басқарманың бөлім басшысы Ағабек Қонарбай. (суретте)
Алайда діндар қазақ әйелінің киім үлгісін жасауға мешіттер жанындағы қарапайым тігін цехтары емес, елімізге танымал дизайнерлер мен сән үйлері атсалысуы қажет. Ұлттық ерекшеліктеріміз мен нақыштарымыз қатар қабысып, сәні мен мәні тұтасып тұратындай заманауи киім үлгісі арнайы комиссияда талқыланып, ортақ бір үлгіге тоқтап, көпшіліктің назарына берілуі керек сияқты. Әр қала, әр тігін цехы халыққа ойларына келген үлгіні ұсына алмайтын шығар деп ойлаймыз.
Ұлдай САРИЕВА,
«Дүрбі»