Басты тақырыпКөкейкесті

Қазақ біртектілігін қалай сақтай аламыз?

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ,
философ-публицист

Бұған дейін де ұлттық зерттеулерде «қазақ ұлтының миссиясы», «Қазақ мемлекеті», «қазақ тілі», «ата-баба салт-дәстүрі», «қазақтың тамағы», «қазақтың киімі» және т.б. ұлттық ерекшеліктер мен ұстанымдар туралы үзілмей айтылып келеді. Шынында да, Қазақстан − мемлекеті және Конституциясы, Заңдары бар ел. Бірақ жуырда президенттің өзі: «Қазір мемлекеттігімізді сақтап қалу міндеті алға шықты», – деп ашып айтты. Неге? Себебі, қазіргі дағдарыс кезінде ел тұтастығы ауадай қажет. Бірақ бізде «ауадай қажет» тұтастықты ыдыратушы құбылыстар да жеткілікті! Мысалы, қоғамға қарасақ, ондай факторларды көптеп кездестіреміз…

Қазір «қазақстандық біртек­тіліктен» өзге − «қазақ біртек­ті­лігі» деген өткір мәселе пайда бол­ды. Біз соған назар аударып, қазақ жұртының тұтастығы туралы сөз қозғамақпыз. Одан әрі: «Бізде ұлттық мінез бар ма? Бар болса ол неден көрінеді?», «Қазақ жұртын ыдыратушы қандай себептер?», «Онымен қалай күресу керек?», «Ұлттық біртектілікті қалай нығайтамыз?», «Азаматтық қоғамға көшудің жолдары қан­дай?» деген сияқты сұрақтарға жауап іздеудің қажеттілігін бай­қа­дық…

Біріншіден, ең басты мәселе ретінде, «мемлекеттен бөлек» саналатын дін мәселесін қарас­ты­ра­мыз. Не себептен дінді алға шығардық? Себебі, мемлекет пен қоғамның бақылау аясынан тыс қалған дін, соның ішінде, қазақ елінің табиғатына жат діни ба­ғыт­тар жағдайды шиеленістіре түсуде. Қазір ол біздің ішкі тұтас­тығымызға сына қаға бастады. Ол туралы белгілі дінтанушы Зікі­рия Жандарбек былай дейді: «Таза исламды» уағыздайтын уағызшылардың «еңбектері» арқасында қазақ жастары ата-бабасының мың жыл бойы келе жатқан дәстүрлі дүниетанымы­нан ажырап, араб дәстүршілдігіне қарай ойыса бастады. Бұл қазақ­ты тарихтан кетірудің төте жолы. Сонда қазақ үшін олардың қа­зақ­тың тарихи тамырын кесетін уағызы қымбат па, әлде, қазақ қымбат па? Осы екі аралықта таңдау жасайтын кез келді. Не біз бұл халықты дәстүрлі діни танымынан ажыратып, жастарды адастырып жатқан уағызшы­лар­ды тыямыз немесе ертеңгі күні тарих сахнасынан кететінімізге мойынсұнамыз. Басқа жол жоқ».

Міне, белгілі ғалымның сөзі­нен бүгінде қазақ қауымы «бай-кедей» болып әлеуметтік тұрғы­дан ғана емес, діни тұрғыдан да ажырай бастағанын көреміз. Мысалы, әсіре діншілдер қазақы қалыптағы мінезді, салт-дәстүр­ді толығымен шариғатқа алмас­тыр­ғысы, не болмаса, қазақы адами қатынастарды дінге тәуел­ді еткісі келеді. Жарайды, жұрт «дін – иман» деп, оны қабылда­сын. Бірақ діннің өз ішіндегі кері ағымдар − ғасырлар бойы қанға сіңісті болған қазақи адамгер­шілік қағидаттарды жойып, ұлттық бірізділік пен тұтастыққа залал келтірерін неге ұқпайды? Соны көре тұра, қалайша біз ұлтымыздың қазақы наным-сенімге негізделген иманның орына «соқыр сенімге» бет бұр­у­ына үнсіз қарап отыруға тиіспіз? Отыра берсек, орға жығылар тү­рі­­міз бар. Ендеше, қазіргі қа­зақ­тың алдында − экономикада, ғылым­да, білімде шаруа шаш етектен болып тұрғанда, қолды көкке жайып, «бере гөр», – деп отыра беру жөн емес, қазаққа әрекет керек, еңбек керек, білім керек, кәсіп ке­рек дегіміз келеді. Халық айт­пақ­шы, «маңдай термен келер береке» керек! Міне, қазақты қазақ ететін, жұды­рық­тай жұ­мыл­дыратын, адам ретінде ке­мел­дендіретін, ұлттық кәсіби шеберлікті шыңдайтын, өзіндік мінез қалыптастыратын басты құндылық осы болса керек-ті!

Қазір көп мәселе қазақ ұлты­ның «ұлттығына» деген салғырт­тығынан туындап отыр деуге болады. Әлихан Бөкейханов «Ұл­тына, жұртына қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген еді. Сол айтпақшы, қазақ ұлтын­да мықты ұлттық мінез болса, онда оның билігі де ешқашан халықпен ақылдаспай мәселе көтермейді, страгетиялық қауіпті шешімдерге бармайды. Сондықтан, қазақтың ұлттық мінезін қалыптастыруда діннің де, білімнің де орны ерекше болғандықтан, дінді де, білімді де «қазақ бағытына» бұратын кез келді деп санаймыз. Қажет болса осы мәселені бүкіл халық болып талқылап, алдағы даму бағыты­мызды өзара келісіммен бір ізге салу қажет! Әрине, ол − ұлттық бағыт болмақ.

Екіншіден, қазір бізге шығар­ма­шыл топ құрып, «Қазақтың жігіттік Кодексі», «Жігіт ағасы», «Ақсақалдыққа дайындық», «Ақсақалдық институты», «Қыз жолы», «Келін ибалығы», «Әжелер академиясы» және т.с.с. жобаларды шұғыл түрде қолға алу қажет. Осы мәселе жөнінде билік партиясы «Нұр Отанға» датымыз бар: партия жылына мыңдаған шараларды өткізіп, оған мил­лион­даған қаржы жұмсауда. Ал, енді, осындай ұлт пен мемлекет дамуы үшін аса маңызды мә­се­лені іске асыруға партия атсалысса, нұр үстіне нұр болмас па еді?! Мүмкін мәселенің маңызын ескере келе, көмек қолын созар деген үмітті үзбей­міз. Кезінде, Қазақстанның алдында «Мәскеу қамалы» тұр еді, қазір кім кедер­гі?.. Алайда «ұлтқа жанашырлық та – мінезден» деген…

Біздер осы уақытқа дейін ұлттық идеология негіздерін қа­лай алмадық. Себебі, оның өмір­ге келуі үшін ұлт бойында ұлтты ерекшелеп тұратын «ұлт­тық мінез» болуы тиіс. Тәуелсіз­діктің бастауында қазақта ол мінез біршама болды. Мен бұл жерде оны дәлелдеп жатпаймын, тек Кеңес дәуірінде «ауылдық резервацияда» болған қазақ ұлты мі­не­зін жоғалтпады деп қысқа қайырамын. Ал, өкінішке қарай, тәуелсіздік алғаннан кейін «мінез» күшеюдің орнына азып барады. Қазіргі жастарымыз ділге жат ақпараттар ағынына тап болуда. Бұл ұлттық тәрбиенің әлсіреуіне әкелді. Қазақ тілінің қолданыс аясының тарылуы мен халықтың тұрмыс жағдайының төмендігі де оған ықпал етуде. Нәтижесінде, жаңа ұрпақтың жадынан «ұлттықтың» іргелі стандарттары (ережелер) ұмы­тыла бастады. Оларды қазір бір ғана «мемлекет» және «қазақ» деген сөздер біріктіріп тұрғаны болмаса, қазақ жастарының дені «қазақ болу қандай?» – деген сұраққа жауап бере алмайды. Олар түгілі, қарияларымыз да «Ақса­қал болу қандай?», «Әже болу қанд­ай?» – дегенді біле бер­мейді. Нәтижесінде, біздің ұлт­тық болмысымыз, ұлттық міне­зі­міз, ұлттық тұтастығымыз әл­сі­рей түсуде. Ал мұндай әлжуаз «ұлт­тық көрсеткішпен» біз ұзақ­қа бара алмаймыз. Барған­мен, бәсекеге төзбейміз! Сон­дық­тан ұлттық мінезді қалыптас­тыр­ма­сақ, салт-дәстүріміз, мәдениеті­міз, біліміміз одан әрі әлсірей береді.

Үшіншіден, бүгінде «ұлттық намыс» пен «ардың» аяқасты болуы жиіледі. Соның кесірінен біз өзімізге тән «ұлттық мінез» тудырудың орына, өзгелердің жетегіне жүргіш болып алдық. «Мінезсіз» қыздарымыз қымсын­бастан жаттың жетегінде кетіп жатса, қыздарын қорғайтын жігіттеріміз тұрмыс тауқыметінің жетегімен ұсақталуда. Әлемде «ұлттық мінезі» бар халықтар аз емес. Мысалы, шешендер аз да болса − «мінезді» халық. Көрші өзбекте де, тәжікпен түркіменде де, туыс қырғызда да біршама «мінез» бар. Мінездің арқасында өзбектердің саны 20 жылда екі есеге дейін артты. Түркімендер өз келбетіне қол жеткізіп алды. Қырғыздар «демократияшыл халық» ретінде танылды. Ал бізде осының қайсысы бар, нақ­тырақ айтсақ, қайсысы қалды? Белгісіз. Айтарымыз: «Бардың өзін жойып алдық», – деген пессимистік сарынға саяды…

Ендеше, бізге ұлттық келісім­ге келіп, өзімізге тән рухани ба­ғыт-бағдар алғанымыз жөн! Ол біз үшін компас функциясын атқара алатындай болуы тиіс. Бұл, әрине, дінді немесе бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтарды терістемейді. Керісінше, бұл оларды бұрыннан келе жатқан ата-баба дәстүрімен біріктіріп, жаңаша түрлендіруге жетелейді. Менің ойымша, ол кодексте («қа­зақ кодексінде») басшылыққа алынатын құндылық атаулының барлығы да өзге мәдениеттен тамыр тартып, не болмаса, өзге құндылықтарға сүйеніп емес − қазақ дәстүрі мен мәдениетінен туындауы міндетті! «Ереже» әлемдік өркениетпен, демокра­тиялық Заңдармен үйлесімде болғаны жөн. Осы шараны қолға алу барысында тозығы жеткен дәстүрлерді насихаттамай, ұлтқа тіреу болатын мінезді дәріптеу жалғасын табуы керек. Міне, осы және т.с.с. үлкен шаруалар бізді алда күтіп тұр! Оны кім жасайды? Оны өз халқының шынайы патриоттары жасамаса, бөтен біреу бізге жасап бермейді.

Осыдан он жылдай бұрын Берік Әбдіғалиұлы «Қазақ миссиясын» ұсынған болатын. Енді, міне, «миссияны» жауапкершілікпен атқаратын мінез туралы ойланатын кез келген сыңайлы…

Біз ұсынып отырған жоба КСРО-ның «Коммунизм құ­ры­лыс­шылары кодексіне» жақын көрінуі мүмкін. Бірақ олай емес. Өйткені «коммунистік кодекс» жалпыадамзаттық құндылық­тарға негізделген. Ал біз ұрпақ тәрбиесінде бірізділікті ұлттық сабақтастық тұрғысынан қарас­тырсақ дейміз. Себебі, сабақ­тастықтың үзіле баста­ға­нына куә болып отырмыз. Дәстүрлі жағ­дайда біздегі ұрпақ сабақ­тастығы ежелден «ата мен әже тәрбиесі» арқылы жалғасып отыратын. Ол туралы «өз балаң – өскенше, немерең – өлгенше» деген қанат­ты сөз де бар. Ал қазіргі «современная әжелердің» көбі қалай «әже» боларын, жігіттей көріне­тін ақсақал­дар­дың көбі қалай «ақсақал» боларын біл­мейтін күйге түскен. Бұл да біздің қоғамның назарынан тыс тұр. Біз «Қария қандай болуы керек?» деген сұрақты қоюды ұмыта бастағандаймыз. Ал жаңа толқын ол туралы ойланбайтын да сыңайлы… Бүгінде, көбі жас келген соң, әйтеуір, «ата-әже» болады… Бірақ бұрынғыдай ұлтты ұйыстырушы қариялар − «қазына қарттар» неге азайып кетті? Әрине, жақсы қартаю әркімнің көкейіндегі арман, әркім ол жасқа келгенде «абыройлы бол­сақ» дейді. Ендеше мұны стихия жетегіне жібермей, ұлттық мүд­деге лайықтап, қарттарға көмек қолын созу − қоғамның міндеті емес пе?

Адамның өмірі шектеулі. Сондықтан өмірбақи жинамаған білімді күш кетіп, қартая баста­ғанда қалпына келтірем деу – ауыр жүк. Ендеше, қоғамның зиялы ойы адамға қарай бұры­лып, қоғамды жұмыл­дырып, жоғарыда аталғандай болашақ­тың ортақ конструкциясын құруы тиіс. Осы ұлттық жауап­кер­шілікті орындау – зиялы қауым­ның парызы! Ұрпаққа берілген ата-баба аманаты да сол еді ғой? Ал қазіргідей керіл­десу­мен, бөлінумен, не басқа да «қасқыр заманның қасқыр тір­ліктермен» айналысып жүре берсек − соңы өзара жаттарға айналарымыз кәдік! Әркім қарақан бас қамы мен күнкөріс­тің жетегінде кетсе – бүгінгі мақ­танышпен айтылатын «жетіс­тігімізден» не үміт, не қайыр?

Нақты әрекет керек

Мен осы бағытта жұмыс бастауға әрекеттеніп, фейсбуктегі парақшама сұрақтар жариялап едім, қызығушылық танытқандар мен қолдағандар біршама болды. Төменде содан қысқа үзіндіні назарларыңызға ұсынамын. «Қазақтың нағыз жігіті қандай болуы керек?» деген сұраққа мынадай жауаптар келді (бұл үлкен жұмыстың бастамасы, үлгі ретінде қарап шығыңыздар):

1. «Қазақ жігіті үлкенді сыйлауы тиіс. Ол «үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без» деген қазақ даналығын басшылыққа алады». (Әбдіқали Әбдірайым, Тараз)

2. «…Әрбір жігіт өзінің жеті атаға дейінгі шежіресін жақсы білуі тиіс. Сонымен бірге қазақ жігіті ұлтын бір тамырдан тарайтын халық деп санауға, әрбір қазақты өз қандасым деп құрметтеуге міндетті». (Айгүл Шоғы, Ақтау);

3. «…Қазақ жігіті өтірік айтпайды, ұрлық істемейді, босаға кермейді, табалдырық баспайды, ала жіп аттамайды.(Босаға кермеу – ерлі-зайыпты адамдардың арасына килікпеуді, яғни отбасының шырқын бұзбауды; Табалдырық баспау – үйдің қорғаушы киесіне соқтықпауды, біреудің отбасына жамандық ойламауды; Ала жіп аттамау – біреудің өміріне қатер төндірмеу мен дүние-мүлкіне қол сұқпауды білдіреді). (Марат Уатқан, Алматы);

4. «…Отан – отбасынан басталады. Сондықтан Қазақ жігіті отбасы алдындағы жауапкершілігін биік дәрежеде ұстауы тиіс. Ол қоғамдағы ер адамның рөлін түсінуге, түйсінуге, ұрпақ тәрбиесін онымен ұштастыруға міндетті». (Бейбіт Жұмаділова, Алматы);

5. «…Қазақ жігіті ағайынға – қорған, туып өскен ортаға – жанашыр екенін жас кезінен сезініп өседі. Ол «әрбір қазақ менің жалғызым» деген ұстанымды заң деп қабылдауға, Ата бабалары тарихындағы Баһадүр Жалаңтөстен бастап Махамбет – Исатайларға дейінгі, Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек және т.б. тарихи ұлт батырларының ұлы ерліктерін мұра тұтып, өзін ынжықтықтан аулақ ұстауға, білімін ғылымға ұштастыруға, ізденіспен өмір сүруге міндетті». (Гатау-Гали Бохан, Атырау);

6. «…Қазақ жігіті (әрине, әр қазақ азаматы) – Қазақ елінің және жерінің нақты, бірден-бір иесі ретінде оның ертеңгі күніне және болашағына жауапты! Сондықтан да оның әрбір атқарған ісі осы бағытта жасалуы тиіс. Әрекеті оның (қоғамның) дамуына кедергі келтірмеуі керек. Болмаса, ертеңгі күні Қазақ елі деген мемлекеттің болуы да екіталай! Сол үшін әрбір қазақ жігіті Отаны – Қазақ елі үшін бар күш-жігерін аямауы тиіс. «Отан үшін отқа түс – күймейсің»!».(Алмас Арзикулов, Астана).

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close