Көкейкесті

Бақытқа жетудің жолы…

Таныс тақырып! Әлеуметтік желіні ашсаңыз «Ойыңды өзгерт, өміріңді өзгерт», «Сұлу болсын ғұмырың», «Құтты ілім», «Ештеңеге қарамай бақытты бол», «Сәттілік саны»деген семинар-тренинг, онлайн курстардың шеті мен шегі жоқ. Дүкен сөресіндеде мотивациялық кітаптар, өсиеттер жинағы мазмұнындағы кітаптар көп.

Қазір осындай семинар-тренингке деген сұраныс шарықтап тұр. Ал солардың адамға берер пайдасы мен зардабы туралы ойладыңыз ба?! Сіз қаншалықты дұрыс нәрсе жасап жүрсіз?! Бұл семинар-тренингтерде айтылатын дүниелер біздің ұлттық болмысымыз бен салт-дәстүрімізге қаншалықты дұрыс келеді, осы турасында ойланып көрдіңіз бе?!

«Түпкісана», «Самооценка», «Аффирмация», «Медитация», «Армандар картасы» деген сөздер танымал. Ал ол сөздер мен семинар барысында істеп жүрген істердің байыбына барып жүрсіз бе?

Айтыскер ретінде танылған Айнұр Тұрсынбаева адамның қазіргі кез келген шешімін таба алмай жүрген проблемаларының себебін түпкісанаға байланыс жасатып, балалық шақтажазылған алғашқы (травма) соққыдан жазылған программа деп, трансформация (өзгеріс) жасатуда.Осыдан адамдардың өз-өзін бағалауы (самооценка) төмендеді деп, Кәмшат Бекжігітова өз-өзін айна алдында күнсайын кішкентай балаша еркелетіп, жақсы көру керек деп «айна техникасын» орындату арқылы, адамның өзіне деген сенімін қалыптастыруды баса айтуда.

«Самооценканы» көтерудің тағы бір тәсілі аффирмация екен. Аффирмация – «Жақсы сөз жарым ырыс»,  яғни (латын тілінен аударғанда – «растау») – күнделікті қайталау арқылы адамның ойын жақсы арнаға бұру, мақсатын айқындау, арманының орындалуына көмек беру деген мағынаға сай келеді екен. Бұл айтылған дүниенің барлығы, әрине жақсы нәрсе. Өйткені  адамның өзін-өзі бағалауы жоғары болса, әрдайым жақсы сөз сөйлеп, жақсы нәрсе ойлап жүрсе ол адамның жүрегі де, өмірге деген ойы да жақсы болары анық. Аузынан жақсы сөз шықса, жақсы ой ойлап, соны жүзеге асыруға тырысса, алдына мақсат қоя біліп, сол мақсатқа жетуге талпынса оның несі жаман? Алайда кейбір сөздердің түп-төркінін анықтап  алған жөн.

Мысалы,семинар-тренинг өткізушілердің барлығы дерлік «медитация»деген нәрсені қолданады екен. Яғни, ыңғайлы қалыпта отырып, денені бос ұстап, дем алу арқылы көзді жұмып, белгілі бір нәрсе жайлы ойлау. Оған арнайы тыныштандыратын әуен қосып қояды екен. Сосын елестету техникасы дегенді қосасыз. Өзіңізді тыныш, әдемі жерде отырмын деп көз алдыңызға елестетесіз. Осылай 15 минут бойы жасалуы керек. Кейбіреулер тіпті азанды қосып қойып, медитация жасататын көрінеді. Бұл туралы біз елімізге белгілі діни сайттарға жүгінеміз:

«Медитация» дегеніміз  латын тілінен аударғанда «терең ой жүгірту» деген мағына білдіреді. Қазіргі таңда мұсылман елдеріндегі кейбір мұсылмандар оның тек миды тынықтыру техникасы екенін, ешқандай дінге байланысы жоқтығын айтса да, шындығына келгенде медитация буддизм, индуизм, джайнизм дінінен бастау алатыны сөзсіз, әсіресе медитация «йоганың» ажырамас іргелі негізі саналады. Ал исламда өзге діннің құлшылық түрін істеу күнә.Медитация әдісі – қазақи салт-дәстүрге де, бөтен діннен енген үрдіс болған соң мұсылмандардың оны іс жүзінде асыруларына рұқсат жоқ» деп жазады islam.kz.

Міне қараңыз, шынтуайтына келгенде сіз ақша төлеп күнә істің біреуін орындадыңыз. Барлық семинар өткізуші автордың жіберетін бірден-бір қатесі осы –медитация.

Яғни, шариғат рұқсат бермеген нәрсені жасауға болмайтыны бәрімізге  мәлім. Сондай-ақсеминар-тренинг армандар картасы – бұл дегеніміз ауырдың астымен, жеңілдің үстімен деген сөзбен пара-пар келеді. Оған дәлел, елді шулатқан Құралай ханымның  ақша әкелетінқызыл әмияны, Жанар Байсемізованың ақша шақыратын жасыл түсті шұлығы, Айнұр Асанбердінің сиқырлы сандары онсыз да «алма аузыма түс» дейтін жандарға жалау болды.

Бұл қызыл әмиян, жасыл шұлық, сиқырлы сандар дегендер қып-қызыл бизнес екені көрініп тұр. Әйтпесе, қызыл әмиян ұстап, жасыл түсті шұлық киіп жүрсеңіз ақшаңыз көп болады, сіздің өміріңізге керекті санды қосып алып есептеп берген кезде сандар арқылы тағдырыңыз шешіледі деген не масқара?! Жаза кетерлік тағы бір жайт, елімізге белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева өзінің Instagram парақшасында Ақтау қаласында белгілі сексолог Алина Шадинова екеуі өткізетін тренингі туралы жазып, «әйел энергетикасын көтеру жөнінде, әйел эмоциясын тежеу жөнінде,әйелдің ойын, түпсанасын басқару жөнінде және көптеген техникалармен бөлісетін боламыз. Сүйікті әйел болуыңызды және жатырды көтеру, түтікшелерді ашу, спайкалардан айырылу техникаларын үйренесіздер…Интимді гимнастиканы кеңінен талқылап айтамыз. Бұл тренингте әйелдің денсаулығы мен сексуалды өміріндегі ең негізгі, фундамент болар түсініктер мен техникалар беріледі» деп қазаққа жат тақырыпты ашықтан-ашық айтқан болатын. Төсек тақырыбын ашықтан-ашық талқылау,  қалай жатып-тұру туралы қазақтар ешқашан ашық айтқан емес.  Бұл ұлтымыздың діліне, табиғатына жат әрі ұят нәрсе саналады.

Жат елдің түсініксіз, біздің салт-дәстүрімізге келмейтін жат нәрсені орындау арқылы бақытты боламын, әлемдегі өте керемет тұлға боламын деу үлкен қателік. Бақытты боламын деп батпандай бәлеге ұрынып қалмасақ болғаны.

Салт-дәстүрімізді дәріптеп, елге саналы семинарымен тәлім беріп жүрген аға-әпкелеріміз де бар. Соның бірі, әлеуметтік желіде Абайдай ұлы тұлғаның бар асылын бойына сіңіріп, ұрпаққа насихаттап, Абай жазған әр өлеңді байыбына барып талдап, Абайға деген махаббатты өрбіткен Омар Жәлелдің өзі – бір төбе. Ол адамның семинарынан өміріңізге керек мол қазынажинап шығарыңыз сөзсіз.

Бақытқа жетудің жолын іздеп, өз бойына деген сенімділікті ұялатып, жақсы қасиетті бойыма жиямын деп жүріп, салт-дәстүрден аттап, санаға сыймайтын жат елдің дүниелерін жасап, бақытты болудың жолынан біржолата айырылып қалмауыңыз үшін, әр нәрсені істер алдында байыбына барып алғаныңыз абзал.

Саягүл ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ,

«Дүрбі»

 

 

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close