Жаңалықтар
Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жайы сөз болды
Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару мекемесінде «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу» атты тақырыбында Атырау облысы бойынша дін істер басқармасы өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді.
Жиынға аталған мекеменің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бас маманы А.Құспанғалиев, Атырау облысы бойынша дін істер басқармасы жанындағы Ақпараттық-талдау орталығының маманы Д.Мұхамбеталиев және «Шапағат»-деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теолог-маманы М.Омаров қатысты.
Жиынға қатысқан жеке құрамға ҚР Үкіметінің 2018-2022 жылдарға арналған «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес» туралы іске асыру бағдарламасы мен Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» N416-І Заңының баптары мен жауапкершілікке тарту тармақтары түсіндіріліп, діни экстремизм мен терроризмге байланысты атқарылған шаралар жайлы айтылды.
Дәурен Мұхамбеталиев әлеуметтік желілерге теріс бағыттағы радикалды ұстанымдарды жариялап, тарату үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық заңымен жауаптылыққа тартылатындығын және айыппұл мөлшерін түсіндіріп өтті. Ақпараттық талдау орталығы бұл бағытта үнемі тұрақты түрде БАҚ, интернет-ресурстарында мониторинг жүргізіліп отыратындығын тілге тиек етті.
«Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теолог-маманы Мухиддин Омаров теріс ағымдарға түсіп жатқандар жайлы әңгіме өрбітті. Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру, сол сияқты көрсетілген мазмұндағы материалдарды тарату мақсатында дайындау, әлеуметтік желіні пайдалану кезінде діни экстремизм мен терроризмге қатысты қандай да болмасын бейнеролик немесе хабарлама, бейне тәрізді мағлұматтарға тіпті абайсызда лүпіл басудың өзі аса қауіпті екендігін айтты.
Террорлық әрекет жасап, қазір қамауда отырған атыраулық Дамир Зналиев жайлы түсірілген бейнеролик көрсетілді. Кездесуге қатысушылар сұрақ-жауап алмасып, тақырып аясында жан-жақты пікірлесу болды.