Тарих

«Орал Губерниясы ашығуда» немесе қолдан жасалған зұлымдық     

31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Ұлдай САРИЕВА,

«Дүрбі»

 Атам заманнан бері қазақ халқының басынан кешкен жаугершілік, небір қиын жылдарды былай қоя тұрсақ, ұлтымыздың басына зұлмат әкелген ашаршылықтың  ауыр зардабын халқымыз әлі де тартып келе жатыр. 1921 жылғы ашаршылықта Қазақстан халқы 30 пайызға азайса, 1930-1933 жылдардағы аштық 2 млн. 200 мың адамды жалмаған. Яғни, қазақ халқының 48 пайызы қырылып, үштен бірі ғана қалған.

Тарихшылардың зерттеулеріне сүйенсек, ашаршылық қолдан жасалған, яғни Ресейдің әпербақан саясатының салдары делінеді. Алапат аштықтың басты себебі- күштеп колхоздастыру, жаппай ұжымдастыру, яғни ауылшаруашылығын басқарудың бюрократтық бағыты, азық-түлік мәселесінің дұрыс шешілмеуі болған.

Қазақстанда ұжымдастыру мен жеке мүлікті тәркілеу салдарынан 1928-1932 жылдары ірі қара малы 6 509 мыңнан 965 мыңға, қой 18 566 мыңнан 1 386 мыңға, жылқы 3616,1 мыңнан 416 мыңға дейін азайған. Ал түйе шаруашылығы  93 пайызға кеміп, мүлдем құрдымға кетудің алдында тұрды. 1932 жылы колхозшылар 87, ал жекеменшік шаруалар 51,8 пайыз малынан айрылған. Жалпы сол жылдары мал азығының жоқтығынан малдың 80 пайызы қырылды.

Билік басына волшевиктердің келуі қазақ халқына орны толмас қайғы-қасірет әкелді. 1917-1919, 1921-1923, 1931-1933 жылдарда  болған үш дүркін аштық мыңдаған отбасын тұтас қырып, артына ұрпақ қалдырмағаны белгілі. Мысалы «.Қаратал және Павлодар аудандарында отбасы мүшелерінің жаппай опат болуы туралы көптеген деректер тіркеліп отыр. №8 ауылда 7, №12 ауылда 2, №6 ауылда 4, ал Байғаныс колхозында 7 отбасы опат болған.» «…тұрғындар саршұнақтың етін, түрлі шөптерді тамаққа пайдалана бастады, өлген жануарларды қазып алып жеу оқиғалары жиі кездесіп тұрады…» делінеді ҚР Президенті мұрағатының директоры В.Шепельдің мақаласында.

1918 жылы «Абай» журналында М. Дулатов: «Рақымсыз үкіметтiң қарулы әскерiне қарсы тұра алмай, көбi Қытай жерiне босты. Мал-мүлкiнiң көбi орыс әскерiнiң қолына олжаға түстi. Атадан – ұл, анадан – қыз, жардан – жар айырылды. Жүрек – қанға, көз – жасқа толды. Тағы аштық, тағы жалаңаштық, тағы өлiм…»  деп жазды.

 

Жол бойы қынадай қырылған халық…

1930-1931 жыл ішінде 280 мыңдай шаруа қожалықтары Иран, Ауғанстан, Қытайға қарай қашқан. Ашаршылық жылдары 1 млн. 130 мыңдай адам шекара асып кеткен. Сол жылдары жол бойы қынадай қырылып, аштықтан ісіп-кеуіп, бұратылған құр сүлделердің жер жастанып қалып жатқаны, аштықтан көздері қарайған бейшара адамдардың адам етін жегені тарихтан белгілі.

Тарихқа үңілсек, Ресейдің: «өзге ұлт пен өзге діни ұстанымдағы азаматтарды бір жерге шоғырландыруға болмайды. Олар аймақтарда 17-20 пайыздан аспауы керек» деген  жымысқы саясат ұстанғанын көреміз.

Сол жылдары Мәскеудің «Время новости» басылымы  «Компактное проживание в каком-то районе или регионе стран граждан другого гражданства не должно превышать 17-20%, особенно если они другой национальной культуры и вероисповедания. Превышение этой нормы создает дискомфорт для коренного населения» деген  Федеральды миграциялық қызметi директорының орынбасары Пригожиннің мақаласын жариялаған. Жергілікті ұлтты бір жерге шоғырландырмау, олардың санын азайту  Қазақстанда ғана емес, Украйнада да жүзеге асқан болатын.

 

Орал губерниясында жағдай қандай болды?

 Бұл саясат өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғында Қазақстанда асқан қаталдықпен жүзеге асырылған. Коммунистер билік басына келгенше 6 млн. болған қазақ халқы аздаған жылдар ішінде 2 млн-ға түскен. 1920-1930 жылдардағы азық- түлік дайындаудағы шикілік салдарынан халықтың малы, астығы, тіпті жүн өнімдері тартып алынды. Осыған орай әр жерде шаруалар көтерілісі пайда болып, 1921 жылдың көктемінде Орал губерниясында 10 мың бүлікшіден тұратын Сапожниковтың оспадар отряды жергілікті халыққа қарсы әрекет еткен.

 

« Бір уыс бидай үшін итжеккенге айдады»

БҚО мемлекеттік мұрағаттының сарғайған құжаттары не дейді?  Қазақстанның Ақмола, Семей, Қостанай, Ақтөбе және Орал губерниясында 1917-1921 жылдары егіс алқабы 55, ал, мал басы 70 пайызға азайып кеткен. Ол жылдары Орал округіндегі  15 ауданның 7-де таза қазақтар қоныстанған екен. Қазақтар егін салумен айналыспаған, жергілікті орыс-казактардың егін шаруашылығындағы үлес салмағы (жан басына) 5,5 пұт болса, қазақтардікі 0,09 пайыз болған. Яғни, қазақтарға нанның жүзден бірі ғана тиесілі болған. Октябрь революциясына дейін жергілікті қазақтардың 8 млн. астам гектар жері тартылып алынған. Осыған байланысты жергілікті халық пен келіссектердің арасында ашық дау-дамай туындап отырған. Мысалы, 1930 жылы Орал округіндегі колхоздарға Мәскеуден 83 қара жұмысшы әкелінген. Жалпы 1930-1933 жылдары Қазақстанға кәмпескеге ұшыраған 317 мың өзге ұлттың адамдары жер аударылып келген. ОГПУ-дің мәліметі бойынша олардың 55 мыңнан астамы қайтыс болғанымен, көбі елге кірігіп кеткен…Олардың ұрпақтары бүгінде Қазақстанда өмір сүріп жатыр.

Елдегі бай- қулақтардың тығып қойған астығын тартып алуға, егін жинау кезінде астықты ұрламау үшін күзетке атты әскер отряды  пайдаланылған. Сол жылдарды көзімен көрген ауыл әжелерінің: «Күні бойы бидайды масағынан айырып, жинаймыз. Сонда шикі бидайды аузымызға салып қаужайтын едік, ал егер үйге кетерде қалтаңа тығып салып алған бір уыс бидайды көріп қойса, қамауға алып, итжеккенге айдап жіберетін еді.» деген әңгімесін кішкентай кезімізде талай рет естігенбіз.

 

«Жерге көмген астықты шығарыңдар!»

 1921 жылғы 19 ақпан күні шыққан «Красный Урал» газетінің (бүгінгі «Приуралье» газеті) 38-ші санында Орал Губерниясы атқару комитетінің  «Шаруаларға, казактар мен кырғыздарға!» деген үндеуі жарияланған. Онда: «Кеңестік Ресейде нан аз. Сіздер білесіздер, канды соғыс ауылшаруашылығын күйретіп кетті. Шаруалар мен жұмысшылар үш жылға созылған азаматтық, революциялық соғыстың зардабын тартуда. Егіннің шықпауына байланысты Оралда да нан жоқ. Шынына келсек, жалпы Орал Губерниясында жағдай алақұла. Нан біреуде бар, біреуде жоқ. Кейбіреулер өткен жылғы жинаған қорымен күн көруде, кейбіреулер нанды жерге көміп, тығып тастаған. Балалар, мүгедектер, кедейлер, қызыләскер отбасылары ашығуда. Аштықтың салдары тудырып отырған жұқпалы аурулардан бүкіл халық, шаруашылық зардап шегеді. Бұл тығырықтан шығатын жол біреу. Ол- қиындықтан бүкіл халық жұмылып бірге шыға білу. Тағам қорын жасауға Орал Губерниясы атқару комитеті алғашқы қадамын жасады. Болыстар мен ауылдардағы азық түлік қоры бар шаруалар артық астығын ортаға салуы, ашығып отырған ауылдарға тамақ ауыстыруы қажет. Барлық көмбені ашуымыз керек. Жұрт ашығып жатқанда кейбіреулердің астығы жердің астында көгеріп, шіріп жатыр. Адамдар аштан өліп, көмілген нан шіріп кетпестен бұрын барлық шұңқырды қазу қажет. Жерге көмген астықты шығарыңдар!» деп жазылған.

 

Қазақстанның наны Ресейге жөнелтіліп жатты

 Сарғайған мұрағат беттеріне үңілсек, 1922 жылы Жымпиты уезінің (бүгінгі БҚО, Сырым ауданы) Орал губерниясына берген мәліметінде былай деп жазылады. «Ауданның экономикалық жағдайы сын көтермейді, тамақ қоры жеткізіксіз. Базардағы тағам саны азайды. Ақшаның құны күн сайын түсуде. Астықтың бір пұты 1500 рублге жетті. Болыстарда аштық белең алып, қолын жайып тамақ сұраушылар көбее бастады. Күйіп кеткен егіннен келген шығынның орнын толтыру үшін халыққа өте жоғары мөлшерде салық салынуда. Бұл әсіресе кедейлердің қыстан аман шығуына күдік тудыруда».

Аштық Қазақстанды ғана жайламағаны белгілі. Еліміздің барлық өңірінен жиналған пәлен млн.пұт астық пен май Мәскеуге, Питерге, Самара, Саратов, Қазан қалаларына жөнелтіліп жатты…

1922 жылы аштан қырылып, жер-жерде сұлап қалған адам мүрдесін жинау үшін өлкелік комиссияның бұйрығы шығады. (БҚО мұрағаты, №24 қор, №430 іс). Сол кездегі ОГПУ-дың телефонограммалардың бірінде, адам өліктерін жинауға салғырт қараған уездік милиция бастығы Зотов пен жерлеу бюросының меңгерушісі  Чурилиннің тұтқынға алынғаны жазылады.

Батыс Қазақстан облысындағы мына жағдайға назар аударалық. «Волдырев ауылында ( бүгінгі БҚО, Ақжайық ауданы, Үштөбе ауылы) Рождествоның үшінші күні  қолында кресі бар «поп»  ауылды аралап, үйден -үйге кіріп жүрді. Ал артында бірге еріп отырған арбаға табысы- нан мен етті сықап тиеп алған. Поп тоқ болады, бірақ бұдан Питер мен Мәскеудің аш жұмысшыларына не пайда?! Кулактар мен поптарға тамақ бар, ал еңбекшілер ашығуда» деп жазады С.Шарай деген оқырман.( «Красный Урал» газеті, 9 ақпан, 1921 жыл, №24)

 

18,5 мың баланы Ресейге әкетті

   1922 жылдың қараша айында Орал губерниясында ашыққандар саны 97 691 адам болса, арада өткен тоғыз айда 1 291 834 адамға жеткен. Орал губерниялық атқару комитеті төрағасы Мәскеу ағарту халық комиссариатына салған жауап телераммасында: «Басқа губерниядан келетін 1 624 балаға орын жоқ, себебі Орал губерниясының өзі ашығуда» деген.

1923 жыл аяғында Орал губерниясында 14 713 бала бар делінеді. «Бірақ бұл тізім ескірген, жергілікті атқару комиссиясының өз жұмысына салғырт қарағанына байланысты губернияда бала саны белгісіз болғандықтан оларды тамақтандыру дұрыс іске аспай отыр» делінеді мұрағат құжаттарында.

 

1922 жылдың өзінде ғана Қазақстанда 575 балалар үйі, 9 балалар баспанасы ашылды. 18,5 мың баланы Ресейге әкетті. Олардың кейінгі тағдыры не болды? Бұл бізге белгісіз…

Аштық жылдары  «Красный Урал» газетінде «Аштықпен күрес» атты тұрақты баған болған. Газеттің 1922 жылғы 15 наурыз  күнгі №49 санында Оралда 52 жабық, 8 ашық асхана жұмыс істегенін, онда 12 мың баланың тамақтанып тұрғаны жазылған. Сондай-ақ Орал уезінде ашылған 92 асханада 12 441 ашқұрсақ бала жүрек жалғаған. Сол күндерде бір баланың күндік нормасы ¾ фунт нан, ал ересек бір адамның наны 40 золотник (алтын ақша) тұрған. Харьков қаласынан Орал губерниясына екі вагон, яғни 2 872 пұт, Курскіден 37 мың пұт нан тағамдары келеді. Бірақ жан-жақтан келген гуманитарлық көмектер губерния орталығынан алыс жатқан қазақ ауылдарына жетпейді… «Ақтөбе қаласы мен губерниясында өлім күн сайын өсуде. Көмек жоқ» делінеді. («Красный Урал», 14 мамыр, 1922 жыл, №96)

 

«Жедел көмек қажет»

1922 жылы Сламихин ауданында (бүгінгі БҚО, Қазталов ауданы, Жалпақтал ауылы) ашыққандар саны 4 мың адамға жетеді. «260 бала асханадан тамақтанады, бірақ тағам қоры 1- сәуірге дейін ғана жетеді.Әрі қарай балаларға не беретіні белгісіз. Елді мекендерде адамдар аштықтан ісініп кеткен. Халық әртүрлі суррогаттарды, мысық мен иттерді жеп жатыр. Жедел көмек қажет» деп дабыл қағылады.

Сол жылдарда Қазақстандағы жағдайды Ахмет Байтұрсынов «…Өткен қыста аштық болды. Ашыққан адам бірінің етін бірі жеді. Өліктің етін жегені былай тұрсын, өлмеген тірі адамдарды малша ұрлап, сойып жеді. Қалаларда түн болса, көшеде жүруге болмады. Мезгілсіз уақытта көшеде жүрген адамдарды жылқы сияқтандырып, бұғалық салып, буындырып ұстап, сойып жейтін болды. Анасы баласының етін жеуге жетті…» деп жазды. 1922 жыл.

1920 жылдың аяғында Орал губерниясының құрамында  133 болыстан тұратын  6 уезд болған. 1921 жылғы ашаршылық Батыс Қазақстан халқының 31,4 пайызын жалмап кетті. Ал 1930-1933 жылдар арасында жалпы қазақ елі 3 млн. 379,5 мың адамынан айырылған. Мұның ішінде шыбын жанын шүберекке түйіп, лажсыздан қаңғып кеткен босқындар да бар. 1992 жылы аштықты зерттеген Мемлекеттік комиссия: «Қазақ елі аштықтан және соған байланысты індеттерден, табиғи өлім деңгейінің үнемі жоғары болуынан қазақ халқының 48 пайызын жоғалтты» деп баға берді. Оған «голощекиннің геноцитін» қоссаңыз, Сәкен, Ілияс, Тұрар сынды  біртуар, көзі ашық арыстарынан айырылған қазақ халқының көрген қасіретін саралауға парақ жетпес…

 

Халел Айтқожаұлы,

ашаршылық куәгері:

Қарындасым күні-түні жылай бастады. Аштан ба, аурудан ба, білмеймін. Сосын, бір күні тынышталды. Қарасам анам карындасымды құшақтап, жылап  отыр екен. Сосын, былай пышақпен жерді қазып отыр. Сөйтсем, кішкенеден кейін қарындасымды жерге салып, көміп тастады. Сосын, біз бос қалған үйге келіп паналадық.

Бір құдамыз болатын. Сол кісі терезесі ашық-шашық үйді көріп, «Айтқожаның жесірі бар еді, кіріп шығайын» дейді. Сөйтсе, қараңғы үйдің ортасында менің шешем жатыр екен. Үстінде жаман көрпе ме, бірдене, аяғы ісіп кеткен. Өліп қалған ғой, иістеніп жатыр. «О, сорлы-ай кеткен екен ғой» деп, ол кезде көмек жоқ, бұрылып кетіп бара жатса, шиқылдаған дауысты естиді. Қараса, көрпенің астында бір нәрсе бүлкілдейді. «Мысық па, ит пе, жеп жатыр-ау сорлыны» деп ойлайды. Сол кезде «баласы бар еді ғой деп, көрпені ашып,көтерсе, қу жаны қалған бала өліп калған шешемнің емшегін қысып алып, еміп жатыр екен…» дейді.

*суреттер ғаламтордағы ашық дереккөздерден

 

1921 жылдың 1 ақпаны бойынша Орал Губерниясында тамақтың бөлінуі.

(Пұт есебімен)

Нан, бидай -1 381 503,

Ет (тірі салмақта) – 943 918

Май мен шошқа майы -7 723

Шошқа еті – 4 149

Тауық еті -1 535

Жұмыртқа – 226 486 дана

Картоп – 20 014

Капуста -4 827

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close