Жаңалықтар
Атырауда діни кітап сатқандарға әкімшілік шаралар қолданылуда
Діни әдебиеттердің заңсыз саудасымен айналысатындар Атырау қаласындағы сауда орындарында және жарнамалық сайттарда анықталған.
Атырау полиция департаментінің экстремизммен күрес басқармасы Атырау облысы Дін істері басқармасымен бірлесіп 9-11 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы шеңберінде рейд өткізді.
Рейд барысында ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы «Дина» базарындағы сауда орындарының бірінен «Пайғамбарлар қиссасы», «Ақырет өткелдері» сынды 3 кітап тәркіледі. Дүңгіршік иесінен түсініктеме алынды.
Дін тақырыбындағы балаларға арналған кітапшалар «Тамаша» ойын-сауық орталығындағы «Еркемай» дүкенінен де табылған. Онда «Религия мира», «Православия» атты шағын кітапшалар заңсыз сатылымда тұрғаны анықталды.
Атырау қаласы аумағындағы ұл балаларға арналған «Сарайшық қайырымдылық мекемесі», Қыздарға арналған «Ақ Жайық» пансионаты, «Еділ қайырылымдылық мекемесі» пансионаты, «Береке қайырымдылық мекемесі» пансионаты, «Құспан молла», «Қ.Мұңайтпасов», «Сұлтан Бейбарыс» және «Мәулімберген» мешіттері, «Рим-Католиктік» шіркеуі, «Насиха», «Көктем», «Бақдаулет», «Мұрагер», «Атырау», «Шалқыма», «Байзар» сауда орталықтарында заң бұзушылық байқалмаған.
Аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тәркіленген әдебиеттер Дін істері комитетіне дінтану сараптамасына жолданды. Сараптама қорытындысы негізінде тұлғаларға тиісті әкімшілік шаралар қолданылады.
Қазір интернет желісі деструктивті діни ағым идеологиясының таралуының қайнар көзіне айналды. Әлемдік зерттеулердің есебіне жүгінсек, «Сovid-19» пандемиясына қатысты жарияланған карантиндік шектеулерге байланысты интернет желісінде отыратын адамдардың саны біраз көбейген. Сол себепті Атырау облысының Дін істері басқармасы интернет желісінде теріс діни идеологияны тарату фактілеріне қатысты жұмыстарын күшейте түсті.
Жыл басынан бері әлеуметтік желіде діни теріс бағыттағы ақпараттарды таратудың 30 дерегі анықталды. Қазір солардың 25-іне ресми сот шешімі шығып, әрбіріне 20 АЕК көлемінде, яғни 55 560 теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Сонымен қатар ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңының» тармағында көрсетілген діни мазмұндағы әдебиеттерді тарату бойынша талаптарды бұзған, яғни Атырау облысы аумағында жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз діни әдебиеттерді сатылымға шығарған 3 тұлғаға 50 АЕК, яғни 139 100 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Бұдан бөлек Дін істері басқармасы «OLX» жарнамалық сайтына жүргізген мониторинг барысында діни мазмұндағы әдебиеттерді заңсыз сату бойынша 6 дерек тіркеліп отыр. Аталған кітаптар дінтану сараптамасына жолданды. Сараптама қорытындысына сәйкес құзырлы органдардың шешімі шығады.
Ерлан Ерғалиев,
Атырау облысы Дін істері басқармасы діни бірлестіктермен байланыс, мониторинг және ақпараттық талдау бөлімінің бас маманы