Тарих
Ернар АБЗАЛҰЛЫ, тарихшы, дінтанушы: «Қазақ әйелдері беттерін бүркемеген»
Қазақ әйелдері бас киімінің өз тарихы бар. Қазақ әйелдері ежелден орамал тартқан. Біздің тарихымызда исламның енуі VIII ғасырдан басталады. Бізде исламның орнығу процесі әлі жүріп жатыр. Исламның келуімен қазақтың қыз- келіншектеріне жаңа киім үлгісі де келді. Ол – бүгінгі қыз-келіншектер тартып жүрген хиджаб. Түріктер мұны «турбан» деп атайды. Хиджаб араб тілінен енген, яғни орану, киіну.
Қазақта бір ауылда өз руы тұрғандықтан, 8-13 жас арасындағы қыздар орамал тақпады. Балиғатқа толып, 13-14 жасқа келгенде қыздарды ұзатты. Тұрмысқа шығып бара жатқан қыз үйінен сәукеле киіп кететін. Келін боп түскен жерде абысындары сәукелені шешіп алып, жаулық салды. Ол кимешек емес,орамалдың жеңіл түрі болды. Әшекейлері болмаған себепті оның жаңа түскен келін екенін көрсетіп тұрды. Жаулықты келіншек баласы бір жасқа толғанға дейін таққан. Одан соң ою-өрнекті кимешек киген.
Орамал тағу қазақта әлеуметтік жағдайға байланысты болды. Ауқатты әйелдер, ханымдар зерлі, әшекейлеген кимешектер киген. Бала дүниеге келгенде әйел басына шалма ораған. Ол, бір жағынан, көшпелі салтымызға қажеттілік болды. Жол үстінде жазатайым біреу қаза болса деп кебіндерін бастарына орап жүрген. Бұл – қазақ даласындағы өркениеттің белгісі. Шалма ораудың негізгі мақсаты осы болды.
Қазақ әйелдері Самарқандтың, Бұхараның әйелдері сияқты беттерін бүркемеген. «Сарттың әйелдері беттерін бүркеп жүреді, пәлекетті бірге тіркеп жүреді» деген қазақ. Ол – өзбек ұлтының мінезіне орай айтылып, бізге жеткен сөз. «Қазақтың әйелдерінің беті ашық жүреді, бірақ пәлекеттен қашық жүреді» деген де мақал қалыптасқан. Қазақ әйелі беттерін ашып, алайда омырауға дейін денесін жапқан. Яғни «Нұр» сүресінде айтылғандай, таққан орамалдары кеудесіне түсіп тұрды. Бұл қазақтың ежелден қалыптасқан тәртібі мен тәрбиесін көрсетті. Бүгінгі қазақтың әйелдері бұрынғы өткен аналарымыздай ақ орамалды тартар, өзге ұлттың орамал үлгісіне еліктеуді тоқтатар деген үміттенеміз.