Басты тақырыпЖаңалықтар
Идеологиялық күрес – діни терроризмнің алдын алудағы басты құрал
Қахарман Мусаев,
Атырау облысы Дін істері басқармасының «Әкімшілік-ұйымдастыру» бөлімінің басшысы
Қазіргі таңда террористік әрекеттерімен әлемді шулатып, лаңкестік пиғылдарында діни құндылықтарды пайдаланып жүрген, қазақи тілмен айтқанда «Қой терісін жамылған қасқыр» кейпіндегі, әсіресе, Ислам дінінің атын жамылып қоғамды екіге бөлетін деструктивтік діни ұйымдардың мүшелері елімізде де кездесетіні ащы болса да рас.
Білетініміздей қандай да қоғам болмасын оның рухани тәрбиесінде діннің алар орны әрқашанда ерекше. Қазақ даласында әр отбасы ұл-қыздарын имандылыққа инабаттылыққа тәрбиелейтін еді. Бірақ Кеңес үкіметі дәуірінде халықтың көпшілігі рухани байлықтарынан алыстатылып, атеистік түсінікпен тәрбиеленген болатын.
Дін мәселелерінің осал тұстарын ескерген кереғар ағымдар, дінге деген жанашырлығын алға тарту арқылы өздерінің көздеген саяси экономикалық мақсаттарына жету үшін жас буынның діни сауатсыздығын қолданып келуде.
Дін – әрдайым адамзат баласын жақсылыққа, білім мен ғылымға жетектеп, бейбітшілік пен толеранттылықты насихаттайтын, көркем мінезділікті үгіттейтін, жақсы әдептер мен этикалық нормалар үстінде құрылғандығы баршамызға белгілі.
Бірақ тарихи деректерге жүгінер болсақ, уақыт өте келе діннің негізгі функциялары мен мақсаттары теріс бұрмаланып, келеңсіз оқиғаларға жол беріп жүргендігі де айдай анық. Бұның үлгілері Ислам дінінде болғаны секілді, Христиан, Иудаизм және т.б. дәстүрлі діндердің түрлі ағымдары мен секталарының іс-қимылдарынан көруге болады.
Өңірімізде де осыған ұқсас діни теріс ағымдар мен топтар пайда болуда. Жас буынның санасын жалған діни түсінікпен улап, оларды дін атымен жамандық жасауға үгіттеуде. Нәтижесінде Ислам діні терроризмнің бұлағы және радикалдық экстремистік түсініктердің қайнар көзі ретінде пікір қалыптасуына жол ашуда. Бұданда сорақысы бұл істерін растап, дәлелдеу үшін Құран Кәрім мен Хадис кітаптарында кездесетін джихад, шариғат, даруль ислам, даруль харб, ширк, шәһидттік мәртебесі, Алланын үкімі сияқты көптеген теологиялық түсіндірмелер мен анықтамаларды қажет ететін терминдердің негізгі мағынасын бұрмалау арқылы діни сауатсыз жастар арасында өздерінің дұрыс жолда екенгідігін дәлелдеуде.
Терроризмнің шығу жолы мен құрамын зерттеуші ғалымдар мен социологтардың сөзіне сүйенер болсақ, террористік топ мүшелерінің «қол шоқпар» қызметшілері ауылдық мекедерден, жұмыссыз, білімсіз, мамандығы жоқ және әлеуметтік экономикалық тұрғыдан толық қамтылмаған отбасының балалары болып табылуда.
Бұндай адамдардың шынайы өмірмен байланысы жеткіліксіз болғандықтан, ішкі дүниесінде де болашақтан үмітін үзген, қоғамнан шеттетілген және өзіне жақын шеңберлерден (отбасы, тума-туысы, құрбы-құрдастары мен дос-жарандарынан) қолдау көрмегендіктен өздерінің психологиясында еліне деген жатшылық қалыптасуда. Олардың осындай әлсіз тұстарын пайдаланған экстремистік ұйымдардың мүшелері олардың біреуіне аға болып, ал біреуіне жанашыр көрініп, радикалдық бағыттағы көзқарастарының тұқымдарын сеуіп, идеологиялық тұрғыдан ауытқытып, болашақ жастарымыздың сана-сезімін улауда.
Сондай-ақ, деструктивтік діни ағымдардың түсінігі бойынша дінге аянбай қызмет ету әрбір діндардың басты міндеті болып саналады. Ал сол дінге қызмет етудің ең бастысы және сауабы мол амалы – жиһад деп сенуде. Ол жиһадты жүзеге асыру үшін өздерінің көзқарастарымен келіспеген әрбір қоғам мен кез-келген мемлекеттік құрылым жеткілікті болуда.
Сондықтан, терроризмді тоқтатып және оған тосқауыл қою үшін, ең алдымен діни терроризмнің негізін қалаушысы болған экстремистік діни идеологияны құлатуымыз қажет. Сонда ғана жастардың деструктивті діни ұйымдардың экстремистік әрекеттерін тоқтату мүмкін болар ма еді.
Ал енді дәл қазіргі жағдайда жастарымыздың діни теріс ағымдардын шырмауында жүріп, алдануларының бірден бір себебі діни сауатсыздық пен жастардың қоғамда бос қалып өмір сүру шарттарының толыққанды қамтамсыз етілмеуі. Осы тұрғыдан алар болсақ, бұның шешу жолы екі:
Біріншісі Ислам дінін дұрыс түсіну. Яғни келешек ұрпақтың діни сауатын жеткілікті дәрежеде арттырып, дәстүрлі дініміздің құндылықтарын насихаттап, Орта Азиядағы бауырларымыз секілді Исламның сүннизм бағытын, оның ішінде төрт мәзһабтың бірі және бірегейі Имам Ағзам Әбу Ханифа негізін салған мектеппен жүретіндігімізді, барлық мәзһаб жақсы, ал біздің мәзһабымыз – абзалырақ әрі ол қазақ халқының әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне ыңғайланып жасалғандығын, сондай-ақ, бір мәзһабты ұстану – мұсылмандардың ынтымақ пен бірлікте болуының кепілі екендігін үгіттеу қажет.
Екіншісі болса, жастар арасында қалыптасқан «жұмыс жоқ», «ағасы бардың жағасы бар» немесе «талант бар – таныс жоқ» және тағы сол секілді ұғымдардан болашақ жастарымыз аулақ болуы үшін барлық жастар жұмыспен қамтылуы керек. Жалпы осы екі әдіс арқылы жастар арасындағы діни экстремизмнің қалыптасудағы жолдарының алдын алуға болады.
Енді осы екі мәселені жүзеге асыру үшін алдымен отбасы, мектеп және білім ордалары, ғалымдар, мешіт имамдары, БАҚ, мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдардың да атсалысып, қоян қолтық қызмет етулері аса қажет.
Жоғарыда айтылған мәселеге жеке-жеке тоқталар болсақ, алдымен Ислам дінін дұрыс түсіну, діни мазмұнды кітаптарда кездесетін діни терминдердің мағынасы мен мән-жайын анықтап түсіндіру жұмысын жүргізі ең маңызды бастама. Өйткені лаңкестік әрекеттердің қоғамда орын алуындағы бірінші фактор Ислам дінін дұрыс түсінбеуінен туындаған діни сауатсыздық. Соқыр сенімділіктің салдарынан Ислам дінінің маңызды қағидаларын білмеуде немесе ескермеуде.
Өйткені Ислам шариғаты бойынша Ислам дінінің заңдылықтарын (ережелерін) құрайтын ең маңызды және негізгі қағидалардың пайда болуына ерекше ықпал ететін бес шарт бар. Олар:
– адамның жаны мен тәнін қорғау (мұсылман, христиан немесе басқада діннің өкілдері болсын);
– сенген дінін қорғау; (Ислам, Христиан, Иудаизм және т.б)
– ақыл есін қорғау (психологиялық, идеологиялық тұрғыдағы қауіптен сақтау)
– мал-мүлкін қорғау;
– оның ұрпағын қорғау.
Осы жоғарыда аталған бес негіз Ислам дінінің қағидасы бойынша ең алғаш қорғалуы қажет болған маңызды мәселелер. Бұларға ешкімнің қол сұғуға құқығы жоқ екендігі туралы қасиетті Құран Кәрім мен Хадис кітаптарында дәлелденген.
Өкінішке орай, кейбір діни сауаты төмен тіпті мүлдем діни сауаты жоқ діни теріс ағым мүшелері осы қағидаларды тек қана «мұсылмандар» үшін қажетсініп басқа дін өкілдерінің немесе кәпір санаған адамдардың мал-мүлкі мен жан-тәнін өздеріне «халал» санап, реті келсе өлім құштырып, шынайы мұсылманшылыққа жат әрекеттерге барып көз жастарын төгуде.
Қорытындылап айтқанда өмір – тек қана идеологиядан, діннен, мазһаптан, партиядан немесе ұлттардан құралмағандығын, сонымен қатар, өмірдің де басқа жақтарымен де алар орны болғандығын жастарға жеткізіп, түсіндіру олда бір қателіктердің алдын алу болып есептеледі.
Адамның идеологиясы, өмірге деген көзқарасы, партиясы, саяси пікірі тіпті діни ұстанымы де өзгеруі мүмкін. Бірақ өмірде басты мәселе, Абай атамыз айтқандай «Сенде бір кірпіш дүниеде, Кетігін тапта бар қалан» яғни қоғамда өзіңнің орныңды таба білу сондай-ақ, «Біріңді қазақ, біріңді дос, көрмесең істің бәрі бос» демекші қоғаммен тату-тәтті өмір сүре білу жолдарын көрсету білу. Ал бұл болса зиялы қауым өкілдерінің және алдыңғы ағабуын ағалардың еншісінде болса керек.