Сыр сандық
Журналист күнделігі
«Дүрбі» газетінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Нұртай Текебаев 2018 жыл қорытындысында Орал қаласындағы «Жайық Пресс» медиахолдингінің шешімімен «Журналист күнделігі» жазбаларымен «Жыл философы – 2018» аталымына ие болды. Жас ақын, қаламы қарымды журналистің аталмыш күнделігін оқи отырайық.
Тротуардың бетіне «Сен жақсысың» деп жазылған екен. Тек сол сөздің үстінен аттап өтіп жатқанымыз болмаса…
***
Билет арзан болғанымен, уақыт қымбат. Қаламақысы ақтамаса да, кей шараны жазуға такси жалдап кете барасың. Есесіне, абыройыңды сақтап қаласың. Уақыт – абырой өлшемі.
***
Дүкенде тұрған сары шашты əйел азық-түлік алсаң, пакетін шығарып, оған лезде өзі салып береді. Ілтипатына риза боласың. Пакетке алғаныңды орналастыру – еркек үшін əжептəуір жұмыс əрі уақыт қат. Ал қараторы өңдісі пакетін алдыңа тастай салады. Тұтынушыға қызмет көрсетуі нашар деп, сатушының немқұрайлылығына іштей өкпелеп кетесің. Бір күні онымен тез есептесіп, шығуға беттеп ем, лезде кері шақырып алды. Бақандай қызыл 5 мыңдықты артығымен қолына ұстатып жіберіппін. Содан екінші сатушыға деген пікірім 180 градусқа өзгерді. Ақшаны қалтасына басқанда еш ұтылмас еді.
***
Екі бүлдіршін қызымнан «Қайсың мені бақытты қыласыңдар?» деп сұраймын жорта.
– Мен!
– Мен! – десті екеуі.
Сауалымның байыбына пайымы жете қоймас періштелерімнің. Бірақ Қос Бақыттың күлімдеп тұрғаны қандай ғажап!
***
Қоғамда айқайшыларды мығым да білімді деп санау қалыптасқан. Қарапайым көрінетіндердің тегеуріні мықты екенін жайырақ біліп жатамыз. Ескере жүрейік, əлеуметтік желілер ар жағында да жақсы адамдар жүр. Үнсіздік келісім белгісі емес!
***
Көбіне қарапайым болмысыммен қалатыным ұнайды. Тіпті менсінбей қарайтындарды іштей сезем. Тіпті жақсы. Маған адамдардың шынайы көзқарасын, пікірін білгенді қош көрем. Дегенмен жадағайлық та жақсы емес. Өзін мығым, тəкаппар ұстайтындар бар. Олар əр күн үшін күресуге қауқарлы.
***
Ашу-ыза – бөтелкедегі тығынның атылуы. Ең соңғы амал. Дəрменсіздік. Ызаға жиі шырмала жүріп, осыны түсіндім. Ақымақтықтың шегі – қарадүрсін күшпен доқ көрсету, тістену ғана. Тізең жерге тигенге мойымасаң, тағдыр түрлі есікті ашып қоятынын кеш түсініп жатамын. Ал тіземді бүкпей өттім деу – нағыз ақымақтық.
***
Өткен шақтың кей штрихтары маза бермейді. Түйсік сол арқылы Хас Тəңірдің бекерге белгі бермейтінін түсіндіріп бағады. Жадыңда қалған сауал жылдарды артқа салып барып, шешімін табады. Мен оқыған универде жанашыр ұстаздар ақыл-кеңесін санаға құйып жататын. Сондай жанның бірінің «Азамат болу – қаһарман болу емес. Отбасыңды қамқорлап, қоғамға пайдалы қызмет ету де зор үлес» тақілеттес пікірін кейін, мүмкін, сан мəрте естіген шығармын. Оған дейін ұстазға да бұл кеңес бірнеше рет айтылған болуы мүмкін. Бірақсолсөзсанамабекітілді. Авторы да солкісі мен үшін. Есесіне, құлағыма жаңғырып естілген сайын, уақыт өте құны артуда.
***
Көлгірсуді бірден сеземіз. Тіпті иттің етінен жек көреміз. Сөйте тұра, көлгірсуге көлгірсумен жауап беруді шебер меңгеріп алғанбыз.
***
Əлі күнге аяқ киімімді сүртіп, маңдайымнан сипауды қор санамайды. Ол – Анамның АЛАҚАНы. Əйелім де солай істейді. Бірақ ол да АНА болмысын сезінген соң ғана ІЛТИПАТпен қызмет ете бастады.
***
Бозбала шағым еді. Нағашым іңірде қораға шөп түсіре бастады. Мама қанша ескертсе де, шығуға еріндім. Жатып-жатып, сыртқа беттегенімде қатулана сөйлеген нағашы əжем жақ-шекемнен салып кеп жіберді. Дуылдаған бет емес, өкініш өзекті өртеді. Сол кездегі қатулы алақан кейін жадырап, шашымнан сипап, арқамнан қағуды ұмытқан емес. Бірақ əлі күнге бетім дуылдап тұр.
***
Есейгесін, желкеңнен нұқып, жер-жебіріңе жететін үлкендер азаюда. Олардікі жанашырлық екен. Қазір өзімді өзім қамшылаудамын. Өмірдің ащы сабақтары басталғалы қашан!?.
***
Сайттардағы сары жағал тақырыптар көзге ұрып, оқылымды көп тартса, қоғамның сұранысы, индикаторы сол. Сыни пайымға емес, ұрандатып жазуға жауап қатуға ғана құлықты көрінеді билік.
***
Əркім жүрегін жалаңаштаумен айналысып кетті.
***
Баламның азу тістері жарып шыққанда бір апта дерлік тұла бойының қызуы көтерілді. Сəбимен бірге күйіп-жандық. Дəрі ішкізе беруден өзіміздің жүрегіміз айныды. Қабағы ашылып, ойнауға хал-дəрмені келгенде күдігіміз сейіліп, жанымыз жадырады. Өмірде қиын-қыстау күн туғанда жанымызды қоярға жер таппай қаламыз. Яғни Құдайдың тудырған зауалының бəрі ақырзаман белгісі емес. Сəбидің сүт тістері қызыл етті жарып шыққанын тəн жатырқап қабылдай алмағандай, жаңалық лебін, түнді тіліп түсер күн сəулесіне үрке қарап, қабылдамай жататын кезіміз көп. Бекер! Түбінде мойындаймыз. Тіпті алақайлап кетеміз. АҚИҚАТ мойындатады…
***
Адамның ең басты ұстазы – Өзі. Ешкім оған (сізге) ақыл үйрете алмайды. Адам саналы түрде қауашақ саңылауынан сығалаған жарықты қабылдайды не қабылдамайды. Көздегі шел көкірек қараңғылығынан. Рухани кесел менменсіген сайын күшейеді. Бірақ обыр секілді, ұрығын жасырады. Жан сезінуден қалады. Ми тұмшаланады. Шелді сыпырып, кемелдену жолына түсу үшін адамның көкірегі ашылуы тиіс. Ісінген кеуде басылу үшін ақиқат шырағына көз тігу қажет. Шешім Өзіңнен. Тəрбие Өзіңнен. Тəлім Ұстаздан.
***
«Дүниеде дұшпаны жоқ – бейшара» деген сарындағы пікір бар. Біреулерге бұл да мақтан. Шығыс пəлсапасына тəн нақыл емес. Жау іздеу қазақ ділінде жоқ. Өз-өзімен, өзінің бойындағы кемшілігімен арпалысқан адам əсте бұлай айтпайды, тіпті олай көкуге ары жібермейді. Шарабасов ұстазымыз «Мыңмен жалғыз алыстым, кінə қойма» деген Абай көппен арпалысып жүрмегенін, керісінше, «қазақтың бойындағы мың кемшілікпен күрескенін» меңзегенін айтып түсіндірген еді. Менің қосарым, ақын, бəлки, бойындағы бар мінімен күрескен: «Жүрегімді қарасам, инедейін таза емес».
Оның қасында, біз…Ойланыңыз!
***
Жалт-жұлт еткен жарнама заманы есігімізге енгелі ес жия алмай келеміз. Қызылды-жасылды дүние тобырлық түйсікті түртпектеп, көзді тұмшалап, құмарлықты қоздыра береді. Саналы шабуыл тұзағына екілене бас сұғу, бəстесу белең алды. Сондықтан қателеспеңіз! Ешкімді ешкім ТАЛАН-ТАРАЖҒА салып жүрген жоқ, тек əркім өз жүрегін жалаңаштаумен айналысып кетті.
***
Бұрынғының адамдары… Ақкөңіл, мырза, жайдары т.б. болғанына мен де қол қоям. Əжемнің жаназасынан кейін… «Қайта жаназаны атқарысуға ауыл адамдарының біразы келді. Қазіргі кезде ауылдасын ақырғы сапарға аттандыруға борыш деп келіп, қайғысына ортақтасуға қарекет жасайтындар сиреп барады. Енді төрт-бес жылда жаназаға жанашырлықпен келетіндерді көру мұңға айналады», – деп нағашыларыма аталас кексе адам қолын сермей сөйлегенде көкірегім қарс айырылғандай болды. Бірақ «Бұрынғының адамдары…» дегенді ностальгияға айналдырудың қажеті жоқ секілді. Бір теректің тамыры шіріп құлағанымен, маңынан екінші шыбық көктеуі мүмкін. Алмағайып заманда ұрпақтың бір буыны азып, ақыл тозып, асыл жасып, тоқ көңіл тоқырағанымен, қазақтың сүйек жаңғыртып ырымдайтыны, амалдайтыны секілді, рухы жаңғыратын күн де туады.
…Əттең-айы, қазіргі жаңғыру шебі мерзімді бағдарлама шеңберінде ғана.