Сыр сандық
Харамнан бақыт іздесең…
Әмір толассыз ағып жатқан өзен секілді. Өзеннің тазалығы, суының мөлдірлігі оның бастауынан басталады. Өмір ағысына ілескен пенде құлашын кеңге сермеп, қадамын нықтай түсері анық. Десе де адам баласы өмір жолында ащы мен тәттіні, арам мен адалды басынан кешпей қоймайды.
Құлдың таңдаған жолы қай бағытқа барып тірелсе, демек бақытын сол жолдан тапқаны. Бақыт демекші оны әркім әрқалай бағалап, өзіндік түсінігімен таниды.
Бақыт құсы адалдыққа құштар. Бақыт құсы – әділеттің құсы. Сол себепті де көкірегі ашық жандар оны жете таныған. Кәсібін адалдықпен ұштастырып, несібесін адал теріп жеуді мақсат еткен.
Адамзатқа әрдайым үлгі болып, жақсылықтың жаршысы болған пайғамбарлардың арасында да маңдайы терлеп, мал тапқандары аз емес. Хазіреті Адам ата егінші болды. Мұса пайғамбар шопан, Дәуіт пайғамбар темірден бұйым жасайтын шебер ұста бола білген.
«Ерте тұрған еркектің ырысы артық» деген мақал бар. Таң азаннан тіршілік үшін, нәпақа үшін үйінен шығатын ерге Алла сөзсіз ризық береді. Нағыз ер отбасын адал жолмен асырау мақсатында тер төгеді. Мұндай еңбек иесінің мерейі үстем, ырысы мол болады.
Қазіргі таңда шиеленіскен шаруа шаш етектен. Ақша үшін арын сатуға да дайындар жетіп артылады.
Шәкәрімнің: «Арыңды сатпа, теріңді сат!» деген сөзін кімге айтасың? Бүгінгі қоғамда ашық көріністер көз алдымызда болып жатыр. Базарға барсаң таразыдан жеу жиі байқалады. Кісінің ақысын жеу, ұрлық, өсімқорлық, алдап-арбаумен кәсіп жасау айтарлықтай мәселе тудырып отыр. Асыл дініміз мұндай іс-әрекеттерді құптамайды. Барлық теріс әрекеттер қоғамның тұрақсыздығына, мемлекеттің болашағына үлкен қауіп төндірері анық. Оңай жолмен келген табыс оп-оңай желге ұшады, оның берекесі де болмайды.
Бүгінде құмар ойындар мен желілік маркетинг сынды жүйелерге тәуелді болғандар табысының арам-адалына бас қатырмайтындай көрінеді. Бір күндік, тіпті бір мезеттік күй кейбіреулерге бақыт болып көрінері анық.
Бірде Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.): «Сондай бір заман болғанда адам баласы тапқанының адал-арам екеніне көңіл бөлмейтін болады», — деп мұңайған екен.
Даңғаза әуен, дарақы би бәлкім оларға арам мен адалдың аражігін ажыратуға мүмкіндік бермейді. Хадисте: «Құлшылық он бөліктен, ол он бөліктің тоғызы адал рызық-несібе табудан тұрады» деп айтылған.
Адал несібе табу пайғамбар үмметі үшін маңыздырақ. Себебі Алла Елшісі табыс табу үшін адал маңдай тер мен таза еңбектің қажеттілігін меңзеген. Осы ретте, бақыттың соңына шам алып түскендер халифа Омардың өмірінен өнеге алса дейсің: «Халифа Омар бiр күнi түнде мемлекет iсімен шұғылданып жатады. Сол кезде оның алдына жеке басының шаруасымен бiр кiсi кiрiп, келген мақсатын айта бастайды. Сол кезде халифа Омар шапшаң орнынан тұрып, жанып тұрған май шамды сөндiрiп, басқа май шам жағады. Бұл жайға түсінбей қалған әлгі кісі Омардан: «Екеуi де май шам. Қараптан-қарап бiреуiн сөндiрiп, екiншiсiн жаққаныңыз не?» — деп сұрайды. Сол кезде халифа Омар: «Сөндiрген май шам мемлекеттiкi. Сенiмен жеке шаруа жайында әңгiмелесу үшiн мемлекеттiң майын қолдануға хақым жоқ. Сондықтан оны сөндiрдiм де, өз ақшама алған май шамды жақтым», — деп жауап берiптi. Халифа бойындағы тазалық пен адалдық әрбір мұсылманға тиесілі.Өзіне сеніп тапсырылған дүниелерге жауапкершілікпен қарау үлкен адамгершіліктің белгісі.
Хакім Абай оныншы қарасөзінде: «…Құдайдан мал тілейсіңдер, неге керек қылайын деп тілейсіңдер? Әуелі, Құдайдан тілеймісің? Тілейсің. Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай Тағала саған еңбек қылып дүние табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп етерлік орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғынарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі? Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі — біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің — сол. Бұл – Құдайдан тілеген емес. Бұл — абыройын, арын сатып, адамжаулағандық, тіленшілік. Хош, сөйтіп жүріп-ақ дүние таптың, байыдың. Сол дүниені сарып етіп, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, жасаған хажылық, ешбір ғибадат орнына бармайды. Ешбір қазақ көрмедім, дүниені иттікпен тапса да, адамшылықпен жұмсаған. Бәрі де иттікпен табады, иттікпен айрылады. Бейнет, күйігі, ызасы – сол үшеуінен басқа ешнәрсе бойында қалмайды» деп айтады. Даналық ойдан асып не айтуға болады?
Бүгінгі кезең – нағыз кәсіптің уақыты. Қос-қостан диплом алып, бірақ жұмыссыз жүргендер қаншама!? Арба сүйретсе де, отбасына ақша тауып әкелетіндер бір төбе. Пайғамбар кезеңіндегі мына бір оқиға еріксіз назар аудартады.
Бір жолы Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) Сағыд ибн Муғазды (р.а) жолдан кездестіріп, екеуі қол алысып амандасады. Пайғамбар сахабаның қолы тілімденіп, қатты күстеніп кеткенін байқайды. Сағыд ибн Муаз (р.а) отбасын асырау үшін еңбек етіп жүргенін, қолы содан тілімденгенін айтқанда: «Міне, Алла осындай қолдарды ұнатады», – деп сахабаға ерекше сүйсініс білдірген екен. «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлы боласың», — деген хакім Абайдың сөзі осы бір өнегелі оқиғамен үндесе түседі.
Лұқпан хәкім баласына қалдырған өсиетінде: «Ұлым, адал кәсіп етіп жоқшылықтан өзіңді сақта. Жоқшылық көрген адам мынандай үш қайғыға тап болады: Біріншіден, дінін әлсіретеді: яғни, сеніміне кір келтіреді. Өйткені, кедейлік адамды жаман ниетке жетелейді. Екіншіден, ақылын азайтады. Өйткені, мұқтаждық адамның еңсесін түсіріп, есін шығарады. Үшіншіден, адамгершілігі әлсірейді. Адамдарға жек көрінішті болады», – деген екен.
Адам баласы өмір сүру үшін аздаған қаржыға, тіршілігін жалғау үшін мал-мүлікке мұқтаж. Десе де әрбір адам бұл жолда туралықтан тайқып, адаспағаны жөн.
Адам бойындағы имандылық құндылықтар жоғалмауы тиіс. «Пәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» дегендей, бүгінде жоқтан тиын құрап, ақша жасаушылардың қатары көбейді. Аңқау ел оңай ақшаға кенеліп шыға келем деп ойлайды, бірақ оның соңында арам ақша тұрғанын ойламайды. Адамдарды алдап, ақшаны оңды-солды шашып жүргендер зәулім үйде тұрып, тәтті тамақ ішіп жүр. Осы жол арқылы бақытты таптым деп кердеңдейді. Бірақ бұл бақыт та оған харам екенін халифа Омар: «Харамнан бақыт іздесең, бақыт саған харам болады» деген бір-ақ ауыз сөзімен тұжырымдаған. Бақыт кемесін таңдауда қателесіп қалмаңыз! Бақыттың есігі тек адал жолмен ғана ашылады!
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ
kazislam.kz