Мақалалар

Қаймағы бұзылмаған қайран дінім…

Қаймағы бұзылмаған қайран дінім, қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін… Расымен де, әлемдегі діни ахуалдар мен конфессияаралы қ жанжал атаулы үдей түскен уақытта біздің қоғам үшін маңызды дүние зайырлы мемлекетті қалыптыстыру болып қала береді.

Бүгінде елімізде діндердің жалпы ахуалы қалыпты деңгейде дамып келеді. Өйткені Қазақстан зайырлы сипаттағы мемлекет болғандықтан, ресми түрде діндерге мейлінше бейтарап                                                                             қарайды. Ол діншілге де, дінге қарсы да сипатқа ие емес.

Баршамызға белгілі, халқымыздың басым көпшілігі ислам дінін ұстанады. Халқымыздың салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен үндесіп, зайырлы қоғамды ізгілікке шақыратын ислам діні – өнегелілігі мен және діни толеранттылығымен ерекшеленетін гуманитарлық мәдениеттің ажырамас бөлігі.

Дәстүрлі діннің құндылықтары еліміздегі түрлі этностардың өзара тату және ынтымақтаса өмір сүруіне ықпал етері  сөзсіз. Дархан даламызда тараған осынау дәстүрлі діннің негізінде түрлі ұлт өкілдері мен конфессия өкілдерінің өмір сүріп келе жатқаны әмбеге аян. Оған мысал–Мұхаммед Пайғамбардың өзге дін өкілдерін сыйлауға, құрметтеуге шақыратын хадистері.

Алайда елімізде соңғы бес-алты жылдықта террорлық актілер тіркеліп, қоғамда үрей туғызуға бейім, агрессивті ағымды исламофобияның дамуына ықпал етіп жатыр. Намаз оқымағандарды «кәпір» деп айыптау, халықтық салт-дәстүрлерді мойындамау сияқты кертартпа әрекеттер діни ахуалды ушықтыра түсуде. Өкінішке орай, осындай дәстүрлі емес ағым ерушілерінің басым көпшілігі–жастар. Жастардың кереғар санамен улануының нәтижесі 2016 жылғы Ақтөбедегі және Алматыдағы терактілерге ұласты. Демек, қоғамымыздың ең үлкен өзекті мәселесі дәстүрлі емес ғымдардың ықпалынан жастарды арашалап қалу болмақ.

Дәстүрлі емес жат ағымдардан туатын үлкен мәселе, ол – ислам дінін жартылай және қате түсініп, өздерін ұстазсымақ санаған адамдардың айтқанына еріп, өз өмірлерін психологиялық тұрғыдан қиюға дайындығы. Ислам дінін дұрыс түсінбеушілік мәселесі діни фанатизмге алып келуде. Сондықтан тұрғындардың, жастардың діни сауаттылығын арттыру мәселесін алдыңғы қатарға қоя отырып, елдегі үйлесімді конфессияаралық қарым-қатынасты қалыптастыруға және нығайтуға, экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған жұмыстарды күшейтудің,деструктивті діни қауымдардың қатарына өту қауіптері туралы ескертудің қоғам үшін маңыздылығы зор.

Сол себепті төмендегі мәселелерге әрдайым ерекше назар аудару керек деп ойлаймын:

Біріншіден, облыс тұрғындарының діни және құқықтық сауатын арттыру. Облыс және қала тұрғындарымен кездесу барысында біздің заңнамалық актілерді түсіндіру, зайырлылық ұстанымдары мен діни көзқарастардың аражігін ажыратып үгіттеу.

Екіншіден, халық санасында деструктивті жалған діни ағымдардың идеологиясын қабылдамайтын иммунитет қалыптастыру. Ол үшін қазақ халқының ұлттық, діни, дәстүрлі, рухани құндылықтарын сақтау әрі дамыту ерекше маңызға ие. Әсіресе, халқымыздың ұлт ретіндегі үш болмысы сақталуы тиіс. Тілінен, мәдениетінен, тарихынан – осы үш болмыстан да діннің бояуын көреміз. Бірақ аталған топтар біздің мәдениетіміздегі кейбір салт-жоралғыларды «ширкке», «бидағатқа» балайды, тіліміздегі Құдай Тағалаға арналған сөздерді қолдануды әбес көреді, «Қазақ тарихында дінге қызмет еткен қайраткерлер болмаған» деген ұрандарды да желеу етеді. Міне, осы мәселелердің бетін қайтару үшін біз ұлттық сананы оятып, тарихи тұлғалардың бейнелерін жандандыруымыз қажет. Мәселен, Ахмет Яссауи мен хәкім Абайдың ислам дінінің шарттарына тоқталған даналық сөздерін, қазақ даласына діннің тарауына қызмет еткен хан-сұлтандардың хикаяларын жас ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек.

Үшіншіден, кертартпа топтар зайырлы мемлекет ұстанымдарын түбегейлі жоққа шығарады,елдің билігін «тағұт» деп бұрмалайды. Басқа да діни көзқарастағы азаматтарды кемсітеді. Сондықтан дәстүрлі діндегі толеранттық ұстанымдарды қоғамда күшейту қажет.

Дін мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Елімізде қалыптасқан ортақ ауызбіршілік, елжандылық, отансүйгіштік, бейбітшілік пен тыныштық сияқты ұстанымдарға селкеу түсіру – дәстүрлі діни ағым өкілдерінің басты ұстанған бағыты.

Ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағым идеологиясынан бойымызды аулақ ұстап, жастарымызды тілі мен дінінің, мәдениетінің тарихына сай тәрбиелегеннен  ұтылмасымыз анық.

Мұхтар ІЗҒАЛИЕВ

Атырау облысы дін істері басқармасының

Діни бірлестіктермен байланыс, мониторинг және талдау бөлімінің басшысы

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close