Көкейкесті

Қайролла КӨШҚАЛИЕВ, Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы: «Еліміздің бүгінгі қауіпсіздігі, Ертеңгі ұрпағымыздың тыныштығы»

                 -Қайролла Дүйсешұлы жаңа лауазымыңыз құтты болсын! Атырау облысының Дін істері басқармасынан Астана қаласына ауысып отырсыз, басқарған 3 ай аралығында жұмыстың ұйымдастырылуында қандай да бір ерекшеліктер байқадыңыз ба? 

– Рахмет. Әрине, екі аймақтың діни ахуалы, менталитеті әртүрлі. Алайда, діни қызмет саласындағы заң – бір, талаптар – бір. Бұрын жүргізілген жұмыстарды одан әрі жандандырып, жаңа жобалары қолға алып заңның толық орындалуына күш саламыз.

Астана бас қала статусында болғандықтан өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, ішкі миграция мәселесі. Статистика бюросының ақпаратына сәйкес, шетелдіктерді санамағанда, Астана қаласына жылына 60 мың адам қоныс аударады екен. Оларды көбінесе қала шекарасының ұлғаюы, тұрақты жұмыс орындары, қарқынды тұрғын үй құрылысы, орталық мемлекеттік мекемелердің болуы қызықтырады, басқаша айтқанда, әдемі әрі тұрақты өмір құру үшін келеді.

 

                – Дін саласындағы қолданыстағы заңдарымыз қалай жұмыс істеп жатыр? Еліміздегі діни ахуалды қалыпты ұстап тұрудағы ролі қандай?

-Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы 2011 жылы қабылданды. Бұл заңда миссионерлерді тіркеу,  діни бірлестіктердің қызметін қадағалау, мониторинг жасау, мемлекеттің діни саясатын ұстану, діни материалдарды тарату тәртібі, кім тарату туралы айтылған. Діни мазмұндағы материалдарды кімдер сата алады, қай жерде сату керек, бәрі белгіленген.

Осы уақытқа дейін заң талаптарын түсіндіру, оны халықтың күнделікті өміріне енгізу жұмыстарын жүргізгендіктен, қабылданған бұл заң толыққанды жұмыс жасаған жоқ. Кейбір өңірлерде әлі күнге дейін заң талаптары басқаша түсіндіріліп, қолданылуда. Діни қызмет саласындағы заңнаманың дұрыс қолданылуын бірауыздан түсіндіретін мамандар тапшылық.

Жергілікті атқарушы органдардың, соның ішінде Дін істері басқармасының басшысы осы заңды қадағалап, жұмыс жасауы қажет. Бұл Заң 2011 жылы қабылданғаннан бері 13 жыл өтті. Заман бір орында тұрмайды, қазіргі уақыт талабы өзгеше, 2020 жылы болған пандемияның өзі халқымыздың тұрмысына әжептәуір өзгерістер енгізді. Ал, сол 2011 жылдан бері біздің Заңымызға айтарлықтай өзгерістер енгізілмеген, бүгінгі цифровизация талабына бейімделмеген. Соның кесірінен Қазақстанның түпкір – түпкіріне миссионерлер кіріп, орнығып алып, әлеуметтік желі арқылы жастардың санасын улап, теріс ағымға алып кету жұмыстарын белсенді жүргізуде. Миссионерлердің елімізге еркін кіріп, өздерінің уағыздарын сол аймақта жүргізуін сол кездегі осы орындарда отырған басшылардың заңның шикілігін байқамағаны себеп болды. Еліміздің әртүрлі аумақтарынан келіп, іште уағыздарын жүргізіп, қазіргі таңда сыртқа кетіп, жылы жерде әлеуметтік желі арқылы жұмыстарын жалғастыруда. Егер аңымыз қабылданған сәттен бастап жұмыс жасап, уақытылы толықтырулар мен өзгерістер енгізілген жағдайда, Қазақстаннан және ТМД елдерінен шыққан салафиттердің уағызшылары Сайд Бурятский, Дарын Мубаров, Октам Заурбеков, Дильмурат, ағайынды Зайнуллиндер, Абдуррахим Башпаев  және т.б. елге діни теріс уағыздарын емін–еркін жүргізе алмаған болар еді.

Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы осыған дейін заң талаптарын жеткізумен айналысты, бүгінгі таңда, халықты толыққанды қамтығандықтан, осы заң талаптарының орындалуы бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 490 мен 453-баптары негізінде жұмыстар алға қойылды.

Ең алдымен әлеуметтік желіні тазартудан бастадық. Желідегі діни теріс ағым уағызшыларынан бастап бұғаттап, бұғаттауға жатпайтынын әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша жазаға тартып, діни теріс ағым материалдарын парақшасынан өшіртіп жатырмыз.

Біздің діни идеология неден құралады? Ең бірінші біз бұл заңды, яғни заңсыз әрекеттерге не жатады, оған қандай шаралар алынады деген сауалдың жауабын халыққа жеткізуіміз керек. Екіншіден, халық ҚМДБ – ның өкілдеріне бет бұруы қажет. Міне, идеология осыдан басталады. Бірінші – мемлекеттің заңы, екіншісі – біз ұстанатын дәстүрлі исламның жолы.

Үшіншіден, ол ата-бабамыздан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын салт-дәстүр бағытында тәрбиелеу болып табылады.

 

«Әлеуметтік желіні бүлдіріп отырған уағызшылар мен ұстазсымақтарды, діни теріс ағым өкілдерін сотқа береміз»

 

-Әлеуметтік  желідегі босаған алаңды муфтият қалай пайдаланып отыр? Соңғы кезде имамның киіміндегі біреулер әлеуметтік желіге шығып, қазақтың салт- дәстүрін мансұқ ететін әңгімелер айтуда.

 -Бұл жерде мынадай мәселе бар. Ол мәселені мен ҚМДБ өкілдерімен кездескенде мысал ретінде көрсеттім. Салафизм уағызшысы Дарын Мубаровтың өзі 2 аптада діни теріс ағымдағы 25 материалды әлеуметтік желіге салыпты. Оны қанша қазақстандық оқып жатыр? Ал ҚМДБ-ның  30 уағызшысы бола тұра осы 2 аптада бар болғаны 35 материал жүктеген. Ал осы 35 материалды 30 адамға бөлсек, бір материалдан ғана келіп тұр. Бұл жерде «кім жеңіп, кім жеңіліп жатыр?» деген сұрақ төңірегінде пікірлестік. ҚМДБ түсініп, бұл бағыттағы жұмыстарын көбейте бастады.

Мониторингтың пайдасын көріп жатырмыз, көптеген имамдар желіде өз парақшаларын аша бастады. Әрине, егер ешқандай діни бірлестікке қатысы жоқ ауылдың бір дүмше молдасы сәлде мен шапан киіп алып әлеуметтік желіге шығатын болса ол заңмен жазалануға тиісті. Ондайлар еліміздің көптеген өңірлерінен шығуда. Оларды да әкімшілік жауапкершілікке тартуды ойлап отырмыз. Әлеуметтік желіге біреу діни теріс ағым материалын жүктеді ме, оны тұтас  Қазақстан халқы оқиды. Яғни, басқа облыстан әлеуметтік желіге жүктелген материал Астана қаласының да халқын, жастарын улап жатыр деп санаймыз. Бүгінгі таңда осындай бірнеше материалды басқа өңірлерге жібердік. Нәтижесінде, сол өңірмен заң талаптарының дұрыс қолданылмайтыны және әкімшілік істердің жүргізілмейтіні байқалды.

Бүгінгі таңда, біз салафилік идеологиясымен қатар, тыйым салынған «Ата жолы», тәңіршілер, Түріктердің «Білім кітабын» ұстанатын «Омегашылар» өздерінің жұмыстарын іске асырмақ болғандарын байқаймыз.

Өзге облыстардан шығып әлеуметтік желіні бүлдіріп отырған осындай дүмше молдасымақтарды, діни теріс ағым өкілдерін сотқа өз тараптарымыздан береміз.

 

                Жергілікті  жердегі басқармалар қолдарына ұстап отырған заңмен неге жұмыс істемей отыр деп ойлайсыз?

 – Олардың бәлкім тәжірибесі жетпей жатқан шығар. Бүгінгі жастардың 80-90 пайызы әлеуметтік желіден уланып жатқаны дабыл қағатын мәселердің бірі. Ел болып шектеу қоятын уақыт баяғыда болды. Алайда шектеудің алдында біз діни бірлестіктер туралы заңды халыққа жеткізіп, тұрғындардың құқықтық сауатын ашуымыз қажет. Содан кейін 60-70 пайызға жеткізген соң әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жұмыстануымыз керек.

Кейбіреулер «заңды қатайту керек» деп жатыр. Заңды қатайтып қажеті жоқ, қолданыстағы заңымызды тиімді, орнымен пайдаланып, орындау ғана керек.  Заңымыз 2011 жылы шыққан күннен бастап жұмыс жасауы керек еді. Сонда біз әлеуметтік желідегі мынадай сұмдық қоқысқа тап келмес едік. Ол кезде мамандар болмаған шығар, ал қазір заңның орындалмауын қалай түсіндіреміз?!

– Сонда  басқа өңірлер  тек қана жеке тұлғаларды оңалту жұмысымен айналысып отыр ма? Мына жақта теологтар 20-30 адаммен жұмыс істеп жатқанда әлеуметтік желіде 200-300 адам діни теріс ағыммен уланып жатпай ма?

                – Әрине, оңалту жұмыстары жүріп жатыр. Ол міндетті түрде жүреді. Бірақ көбі тіркелген діни бірлестіктермен жұмысқа, мемлекеттік мекемелерде өтіп жатқан  ресми шараларға көп мән беруде. Бұл Дін істері басқармасы жұмысының тек бір бағыты ғой. Ресми шараларды қадағалайтын, мешіттегі жұма, шіркеудегі сенбі күнгі ғибадаттарды бақылап отыратын Дін істері басқармалары жанындағы Діндерді зерттеу орталығының арнайы бөлімдері бар. Олар өздері мониторинг жасап, бақылап отыр. Егер де заңға қайшы  тәртіп бұзушылық болса, бізге, басқармаға ақпарат келеді. Тіркелген діни бірлестіктер тарапынан үкіметтің саясатына қарсы шыққан әрекеттер болса міндетті түрде жұмыстанамыз.

 

«Заңымызда  балалардың құқығын қорғайтын арнайы бап жоқ»

 

– Қайролла Дүйсешұлы, тағы қандай өзекті мәселе бар?

– Әлі қаралмай жатқан мәселелер бар. Соның бірі – жасөспірімдер туралы мәселе. «Кәмелеттік жасқа толмаған балаларды діни  мазмұндағы рәсімдерді орындауға мәжбүрлеуге болмайды» деген діни бірлестіктер заңында және  балалардың құқықтарын қорғау заңында да бар. Екі заңда да болмайды деп айтылып отыр. ал шара қолданатын қай заң, қай баб? Жоқ! Айтылмаған. Бұл заң шығарушылардың қателігі. Балаларды мәжбүрлеп дінге тартқан фактілер болды, ал бала құқығына қол сұғушыны жазаға тартайық десек заңда арнайы көрсетілген бап жоқ. Президент Қасым – Жомарт Тоқаев 2022 жылды – балалар жылы деп белгілеген болатын. Балалар жылында балаларды қорғайтын осындай заңды енгізу керек еді. Бірнеше ұсыныс берілді, өкінішке орай нәтижесі болмай жатыр. Заңда қолданатын әкімшілік шара жоқ. Сол себепті біз балаларды діни рәсімдерге баланың еркінен тыс мәжбүрлеп жатқан ата-аналарға шара қолдана алмай отырмыз.

 

 -Осы жерде заңды бір сұрақ туындайды. Соңғы жылдары Қазақстан бойынша мешіттер балалармен көп айналысып кетті. Мысалы, каникулда 200-300 баланы жинап алып, діни сауаттарын ашып жатыр. Ол балалар оңалтудағы ата-аналарлың балалары  болса жақсы. Мешіттер тұрмыстары төмен отбасыларға материалдық көмек беріп жүр. Мешіттің жинағаны да осы топтағы балалар шығар. Оларға неше түрлі тәттілер мен киімдер, оқу құралдарын беріп жатыр. Бұл баланың психологиясына ерекше әсер етеді. Бұл кәмелетке толмаған және  өзі шешім қабылдай алмайтын 6-7 жастағы балаларды мешітке тарту ма? Бүкіл Қазақстанды мұсылмандандыру жұмысы жүріп жатыр ма, әлде? Мұны қалай түсінуге болады? Өзіңіз айтып отырған балалардың құқығы қайда қалды сонда?

 – Бұл жерде халықтың діни сауатын арттыру мақсаты жатыр. Біз салафизм өкілдерімен көп кездесеміз. Оңалып, Абу Ханифа мазхабына оралғандар діни сауатсыздықтан адасқандарын айтады. Әрине адам баласы сауатсыз болған соң адасып, көшеде кездескен адамға еріп кетеді. Мешіттер, жалпы діни бірлестік болып тіркелген ұйымдардың мақсаты – діни сауатсыздықты азайтып, халықтың діни сауатын көтеру. Бұл жерде кім жақсы ұғып алады десек, әрине, жасөспірімдер. Таза, жас милар ақпаратты тез қабылдайды. Мешіттер вахабист етіп тәрбиелеп шығарады деп қарауға болмайды. Бұл жерде ең бастысы – балалармен жұмыс істейтін ҚМДБ-ның өкілдері білікті маман болуы керек. Бұл бір. Екіншісі –  балаға дұрыс ақпарат беру. Бұл бала өсіп, жасөспірім болған кезде көшедегі теріс ағымдағы біреуге ілесіп кетпеуі үшін алынып жатқан шара. Негізі бағыты дұрыс. Ал балалар мешітке қандай құжаттар арқылы бара алады? Бастысы – ата- анасы қарсы болмауы керек. Ауызша болсын, қол қойылған өтініш арқылы болсын, ата-ананың өтініші, келісімі, рұқсаты керек. Біз имамдармен жұмыс істеп отырмыз. Олар мешітке келген баламен сөйлесіп, кімнің баласы екенін, мешітке келуге ана-анасы рұқсат берген-бермегенін анықтап алуға міндетті.

 

– Сауат ашуға келген балаларға дінді ғана үйретпейтін шығар. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тиым, ұлттық құндылықтар туралы айтыла ма?

– Әрине, мешітте балаға «бұл жерден рухани  азығыңды ал, бірақ сен профессор бол, инженер бол» делінеді. Оқыған 30 баланың бәрі шейх болып шыға алмайды ғой. Бұл жерде мақсат – балаға рухани азық беру. Мақсат – ала жіпті аттама, ұрлама, кісі өлтірме, басқа да адамзатқа зиян әкелетін жаман істерге барма, әке-шешеңе жақсы қара, Аллаға құлшылығыңды жаса» деу арқылы иманды, саналы ұрпақ тәрбиелеп шығару.

Мешіт діни бірлестік. Мешіттің сауат ашу курсы, медреселері мен колледждері ғана бар. Мешіттің лагерь ашуы заңда көрсетілмеген. Мешіт діннің әліппесін, араб тілін, муфтиаттың бекіткен бағдарламасымен дәріс өткізеді. Әрі қарай ғимараты, жататын орны, тамағы санэпидстанцияның рұқсаты бойынша жұмыс істейді. Лагерь болғасын ол жерде бала тамақ ішеді, ұйықтайды, әр баланың өзіне тиісті шаршы метр алаңы болуы, баланың қауіпсіздігі сақталуы керек. Сондықтан лагер ашу үшін 5-6 мемлекеттік органның рұқсаты алынады.

Жалпы заң бойынша мешіт ішінде қандай курс ашса да өз құқықтары. Ол үшін мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы орындардан рұқсат сұрамайды. Егер мешіттен тыс жерден мысалы, тау етегінде, табиғат аясында діни лагер ашатын болса, онда әрине, діни басқарманың келісімін және басқа да мемлекеттік органдардың рұқсаты болуы қажет. Балаларға үйрететін дәріс материалдары сараптамадан өтуі керек.

 

Мешіт балаға ұлттық құндылықтарымызды бере ала ма?

 

– Қайролла  Дүйсешұлы, бүгінгі еліміздегі діни ахуалдың күрделеніп бара жатқанына орай баланың діни сауатын ашу дұрыс. Бірақ  бала мешітте дінмен қатар салт – дәстүр, ұлттық санамыз туралы дәріс, тәрбие алады деп сене аламыз ба?  Санасы тап- таза бала тек қана діни білім алып, «Құранды тек қана араб тілінде оқу керек» деп имамдардың айтқанымен арабтануға бет алып, діннің таза фанаты болып кетпей ме?

 – Біз бұған алғашқы жылдары сенімді болған жоқпыз. Ол кезде сауатты мамандар болған жоқ. Ол кезде 2-3 ай ғана оқыған адамдарды имамдыққа жұмысқа алып жүрді.  Ал олардың қай жерден қандай білім алып келгені бір Құдайға ғана аян еді. Басқа елден оқып келген вахабистер имам болып жастардың санасын улаған жағдайлар  біраз болды. Қазіргі таңда біздің де, ҚМДБ–ның да  қойып отырған талабы – имамның міндетті түрде жоғары діни білімі болу тиісті. ҚМДБ мен мемлекеттің рұқсаты бар оқу орындарын бітірген мамандар ғана балаларға дәріс бере алады.

Сұрағыңызға орай, бүгінгі таңда имамдарға міндетті түрде сенуге болады деп айта аламын. Дінге қызыққан балаға ата-анасы «жоқ саған әлі ерте» деп көңілін басып тастаса, бір қызыққан бала білімді бәрібір басқа жерден іздеп, көшеден деструктивті діни ағымдағы біреуді тауып алады. Ал олар баланы қуана- қуана ертіп әкетеді. Біз күні бүгін тап осы жағдайда отырмыз, балалар, жастар діни теріс ағымға тап осы жолмен кетіп жатыр. Қорқынышты заманға тап келдік. Олар өз қатарын көбейту үшін адамды базардан, дөңгелек жөндеу орындары, отбасылық сауда-саттық бутиктері, ұялы телефондарды жөндеу орындары, тағы да басқа орындардан іздейді. Соның ішінде негізгі орындары базар.

Сонымен қатар, кейбір жұмыс берушілер өзінің қызметкерлеріне белгілі бір діни талаптар қояды, атап айтқанда, халал қоғамдық тамақтану орындарында әйел адам міндетті түрде хиджап кию тиіс, немесе әйел адамдар мен ер адамдарға тамақтану залдарын бөлек құру, құрылыс компанияларында 1 айда 1 сүре жаттап келу, жаттаған жағдайда пәтермен қамтамасыз ету, жалақыны көтеру сияқты талаптар қойылған.

Дәл осы мәселелерге мемлекет жол бермеу керек, себебі бұл әлеуметтік бөлініс және алауыздықпен қатар, деструктивті идеологияның таралуына әкелетіні анық.

 

– Бүгінде  орамал тартып алған жас қыздар, келіншектер әлеуметтік желіде ауыздарына келген әңгімені айтып отыр.  Мысалы Құраннан үзінділер мен хадистерді салуда. Олардың ішінде мемлекеттік мекемелерде істеп жүрген, діннен түк хабары жоқ қыздар мен әйелдер бар. Олардың дінді насихаттауға, әлеуметтік желіге діни материал салуға құқығы бар ма?

Сонымен бірге, жылда қыркүйек айынан бастап, мемлекет пен ата-аналар арасында зайырлы мектеп формасын сақтау, хиджабпен сабаққа келу дауы көтеріліп отырады.

Бұл мәселенің соңы бар ма? Өгізді де өлтірмеу, арбаны да сындырмау үшін ұсыныстарыңыз бар ма?

 –   Жергілікті дін істері басқармасы не үшін жұмыс істеп отыр? Егер әлеуметтік желіде осындай дәрістер туралы сұрақтар түссе біз сараптамадан өткізуге жіберіп, ол жақтан қорытынды келгенше  жұмыстанып, соныңда дайын сараптаманы сотқа жібереміз. Әлеуметтік желідегі осындай қыз- келіншектер мен исламды жамылып, қазақтың ұлттық құндылықтарына нұқсан келетін уағыздар айтып отырған адамдар интернет арқылы бүкіл Қазақстан халқына залалын тигізуде.

Біз қазір Астанадағы осындай бассыздықтарды тазартудамыз, енді өзге облыстардағы осындай адамдарды Астанада отырып онлайн режимде соттайтын болсақ көп нәрсеге қол жеткізетін боламыз. Әлеуметтік желіге кез- келген адамның діни материал жүктеуін, уағыз айтуын, қазақтың қыз-келіншектерін бұзып жатқан психологтарды тоқтата аламыз, яғни  жолын кесеміз.

Мысалы, Павлодардың тұрғыны «Youtube» видеохостингі арқылы қызметіне тыйым салынған «Ата жолы» ұйымының идеологиясын таратқан. Ал оның таратқанын интернет желісіне жүргізілген мониторинг нәтижесінде анықтадық та, дінтану сараптамасының қорытындысын алған соң сотқа жолдадық.

Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы сотымен ҚР ӘҚБТК 490 – бабына сәйкес заңсыз миссионерлік қызметті жүзеге асырғаны үшін 241 500 тенге айыппұл салынды.

Ал, енді мектептердегі кәмелетке толмағандардың хиджаб кию мәселесіне келетін болсақ, мен қыздарға арналған мемлекеттік мектеп ашу арқылы даулы мәселенің шешімін көріп отырмын. Қыздарға арналған мектеп толықтай мемлекеттік білім бағдарламасына сәйкес болуымен қатар, дәстүрлі құндылықтарымызды, ұлттық салт-дәстүрлерімізді үйрететін білім мекені болады. Жалғыз ерекшелігі, онда тек қыздар оқиды. Сонда, мектептердегі хиджаб мәселесі де, ата-аналар мен мемлекет арасындағы түсініспеушіліктер  шешілуші еді.

 

      «Нихабқа, паранжаға тиым салу діни ғана емес, адамның жеке басын куәлендіру тұрғысынан қажет»

 

– Қайролла Дүйсешұлы, сіз бір сөзіңізде уәкілетті органдарға ұсыныстармен шықтық дедіңіз. Шешімін таппай отырған тағы қандай мәселе бар?

 – Әрине, әлі де шешілмеген көптеген мәселелер бар. Соның бірі – қоғамдық орындарында нихаб, параджа кию мен салафизм ағымына тиым салу.

Біріккен Ұлттар Ұйымы өкілдеріне кей жерде мән беру де керек шығар, тағы да үкіметтік емес, халықаралық, бақылаушы ұйымдар бар, қысқасы еліміздің ішкі жағдайына араласқысы келіп, қыстырылып отырған елдер және Франция, Англия нихаб пен паранжаны қоғамдық орындарда киюге заңмен тиым салды. Ал біздің елімізде әлі тиым салынбай отыр.

Қоғамдық орындарда бетін тұтас жауып жүруге тиым салу туралы жоғарыға ұсыныс бердік. Ауғанстанда әскерде болдық, Сирия, Иракта қаншама еркек террористер әйелдің нихабын, паранжасын киіп, жасырынып жүріп жарылыс жасады? Бұған мысал жетіп артылады.  Нихабқа, паранжаға тиым салу діни тұрғыдан ғана емес, дұрысында адамның жеке басын куәлендіру  мақсатында қажет. Халықтың, елдің қауіпсіздігі үшін адамның беті ашық болуға тиісті. Мүмкін бетін жауып жүрген адам халықаралық  қылмыскер, интерполда іздеуде тұрған адам шығар. Ол қауіпті қылмыскер нихаб киіп алып біздің Қазақстанда жасырынып жүрсе ұлттық қауіпсіздігімізге төнген үлкен қауіп емес пе?

 

«Ғазиз Байтасов  секілді батырларымыздың өлімі аз ба еді?»

 – Бүгін Қазақстандағы саяси-әлеуметтік жағдайымыз шатқаяқтап тұр. Елдегі орын алған саяси жағдай, қаңтар оқиғасы, сыртқы күштердің қарапайым халыққа көрінбей «күл астынан су жіберіп» отырғаны,  Ресей мен Украина соғысы, елдегі қымбатшылық, ұлттық алауыздық тудыру, тіпті қазақтың өзі қазаққа қарсы шығып, әлеуметтік желіде қырық пышақ болуы, ауызбіршіліктің ақсап тұрғаны халықты қауіптенуге мәжбүр етіп отыр. Бұл жағдайлар еліміздегі діни ахуалға қалай әсер етеді деп ойлайсыз? Соңғы айда ғана діни теріс ағым өкілдері кәсіпкерді тонады, пышақтап, өлтіріп жатыр.

 – Елдегі діни ахуалды мониторинг, әлеуметтік сауалдар, мешіттегі діни рәсімдерді бақылау, әкімшілік құқық бұзушылық статистикасы арқылы бақылап отырмыз. Әрбір діни бірлестік мүшелері, сол жердегі органдар өз жұмыстарын дұрыс атқарып жатса, халыққа уақытында қажет, дұрыс ақпарат беріп отырса ол жердің діни ахуалы тұрақты болады. Қазір Аллаға шүкір дейік, Астана қаласында діни ахуал тұрақты десек те кейбір жерлерде мәселе бары шындық. Себебі дін бір орында тұрмайды. Дінге жастар көп келіп жатыр. Сол жастарға біз дұрыс діни білім мен рухани тәрбие бере білуіміз қажет.

Екінші – Отаншылдық, ұлтшылдық. Үшінші кезең – балаға рухани азық беру. Егер ата-ана балаға рухани азық бере алмады ма, балаға кейін өмірден өз орнын табу қиынға түседі. Көшеге шыққан баланы деструктивті діни теріс ағымды ұстанушылар  бұйдалап, ертіп әкетеді. Өмірге, дінге деген дұрыс сана қалыптаспаған мұндай жастарды адастыру оңай.

Ең басты мәселе – діни теріс ағымдарға тиым салатын уақыт баяғыда болды. Кезінде  елімізде болған терактіден соң тұңғыш Президент «Мұның дәстүрлі емес салафизм ағымы жолын ұстанушылар тобының шабуылы екенін біз қазір біліп отырмыз. Республикада дін ұстану бостандығына кепілдік бере отырып, біз діннің атын жамылып елдегі жағдайды ушықтырушылардың барлығына қатаң тойтарыс беру ниетіндеміз» деген болатын. Сөйткен салафизм  ағымына әлі күнге дейін заңмен тиым салынбай отыр.

2009 жылғы атыстар, жарылыстар, 2011 жылғы терактілер, 2012 – 2013 жылғы, 2016 жылғы Ақтөбеде болған лаңкестік оқиғалардан қанша адам қырылды? Лаңкестер өздері де өлді, сонымен бірге қаншама бейбіт тұрғын қаза тапты. Мемлекетіміздің қауіпсіздігін қорғаймыз деп қаншама құқық қорғау қызметкерлері қаза тапты? Таразда болған терактіде лаңкесті ұстар сәтте гранатты өз денесімен жауып опат болған полиция капитаны Ғазиз Байтасов  секілді батырларымыздың өлімі аз ба еді? Жазықсыз төгілген қан, қыршыннан қиылған өмірлер ше? Әлде оларға тиым салу үшін тағы бір жойқын жарылысты күтеміз бе? Тиым салу үшін  осыдан артық енді нені күтіп отырмыз?

Басқа елде бесінші мазхаб болса бола берсін, бірақ соны дұрыс түсінбей Қазақстанға алып келіп, елдің ішін ала тайдай бүлдіріп, «Қазақстанда шариғат және Құран ережелері сақталмайды, ел халқы, мемлекет «дінсіз кәпірлер» деп мемлекетті мойындамай отырған салафизм ағымын заң шеңберінде тоқтату – уақыттың талабы екенін неге түсінбей отырмыз?

 

– Салафизмге тиым салу үшін не істеу керек?

 – Қорықпауымыз керек.  Салафизмге тиым салу үшін елімізде дәлел жетерлік. Қылмыс жасап түрмеде отырғандар кімдер? Вахабизм, салафизм ағымындағылар. Терактілер, жарылыстар бар, неше түрлі олар жасаған қылмыстар, ҚР рәміздерін мойындамау, мемлекетті, намаз оқымаған Қазақстан халқын «кәпірге» шығару бар, соның бәрін жинап-теріп бақылаушы, қадағалаушы орган сотқа беруі керек. Болды, бітті!

Мысалы, жақында Астана қаласының «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің ішкі тәртібіне бағынуды сұраған имамға деструктивті діни ағым ұстанушысы қол көтеріп, денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы Кодексінің 73-1 бабына сәйкес 34 100 теңгеге  айыппұл салынды.

Немесе, тағы бір тәжірибемізден мысал, «Таблиғи джамағат» ұйымына  ұлттық салт – дәстүрімізден айырғаны, тағы да басқа мемлекетке төндіретін қауіптері үшін Қазақстан аумағында тиым салынды. Ал салафизм ағымы салт- дәстүрден айырып қана қойса ештеңе емес, олар тонап, қарақшылық жасап, адам өлтіріп жатыр ғой. Өздері нашақор, есірткіні өсіріп, өндіріп, сатып, жастарды бұзып жатыр емес пе? Салафиттер Құранға қайшы әрекеттермен айналысып отыр. Біз оларды қалай мұсылман деп айта аламыз? Алла Тағала «адам өлтірме!» десе, олар адамды пышақтап, атып кетіп жатыр. Олар қазақтың ата сақалының абыройын түсірді. 17 жастағы жап- жас балалар селтеңдетіп сақал өсіріп, оны қауғадай етіп еркіне жіберді. Халық сақал көрсе шошитын жағдайға жетті. Ел үрей мен қорқынышқа берілуде. Бұрын сақалдыларды төрге шығаратын еді, қазір  үйіне де кіргізбейді. Халықты шатастырып, исламға күйе жағып, сақалды осындай төмен деңгейге түсіріп жіберген салафизм ағымының өкілдері. Бұларға неге заңмен тиым салынбайды? Олардан зардап шеккен қарапайым адамдар түгілі басшылық қызметтегі біздер де неге тиым салынбайтынын түсінбей, дал болудамыз. Дін мәселесінде әр адамның қауіпсіздігіне дін істері басқармасы басшысы ретінде жауапты болғандықтан салафизм ағымына тиым салу туралы жоғарғы органдарға талай ұсыныс жібердік. Ал ол құжаттарда осы ағымның жасаған бүкіл қылмыстары тізіліп тұр.  Енді нені күтіп отырмыз? Ақша ұрлап, қыз, әйел зорлап, қарақшылық тонау жасап, кісі өлтіріп, есірткі сатып, таратып, жарып, теракты жасап жатқан салафизм ағымына тез арада заңмен тиым салынбаса қазақ елінің болашағына үлкен қауіп төніп тұрғаны шындық.

 

 – Дін істері басқармасының құрылымдық деңгейін және 2024 жылға жоспарлаған жұмыстарыңыз бен жобаларыңыз туралы қысқаша бөліссеңіз. 

– Бүгінгі күні өңірде Басқарма штаттық саны тиімді кадрлық менеджменті ұйымдастырылып, дін саласы бойынша білікті мамандармен қамтамасыз етілген.

Ауқымды жоспалар құрып, оны іске асыру жұмыстарын бастап кеттік. Атап айтқанда, осы жоғарыда айтылған жұмыстардың барлығын тиімді жүргізу мақсатында, психологтар мен теологтардың санын көбейтетін боламыз. Теологтарды 25 маманға дейін көбейту жоспарланған. Қазіргі уақытта, өзге өңірлерден білікті мамандарды шақырудамыз.

І жартыжылдықта діни қызмет саласында контрнасихаттық материалды әзірлеуге арналған Медиа орталық пен Радионың ашылуы күтілуде. Әрине, олардың басты мақсаты: қоғамның құндылықтарын дәріптеу, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды насихаттау, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту.

Ақпараттық-түсіндіру тобының құрамын қайта қарастырып, санын көбейттік. Қала аумағында енді, 5 – аудандық, 1 қалалық және 1 – жастардан құрылған топтар қызметін бастады.

Бұның барлығы біздің тұрғындарды уақытылы ақпараттандыру, террористік және экстремистік идеологияның таралуын алдын алуға бағытталған.

– Қайролла Дүйсешұлы, шындықты бүкпей, батыл айтқан әңгімеңіз үшін рахмет! Мемлекеттің қауіпсіздігі, тәуелсіздігі үшін атқарып жатқан жұмысыңызға табыс тілейміз.

Сұқбатты жүргізген  Ұлдай ҚАБОШҚЫЗЫ,

«Дүрбі»

 

 

 

Елімізде орын алған терактілердің

ХРОНОЛОГИЯСЫ

 2000 жыл, 28 қыркүйек – Алматы қаласы

2011 жыл, 17 мамыр – Ақтөбе қаласы

2011 жыл, 24 мамыр – Астана қаласы

2011 жыл, 28 маусым – Ақтөбе олысы

2011 жыл, 31 қазан – Атырау қаласы

2011 жыл, 8 қараша – Алматы қаласы

2011 жыл, 12 қараша – Тараз қаласы

2012 жыл, 11 маусым – Алматы облысы

2012 жыл, 21 маусым – Ақтөбе қаласы

2012 жыл, 14-15 қыркүйек – Атырау қаласы

2016 жыл, 5 маусым – Ақтөбе қаласы

2016 жыл, 26 маусым – Қарағанды облысы

 

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close