Тал бесік

Ислам және отбасылық өмір

Отбасы ата мен анадан құралып, ұрпақ өсіп-өнетін қасиетті шаңырақ десек, бұл – табиғат заңы, жаратқан Алла Тағаланың әмірі. Қасиетті Құран-кәрімде «Біз сендерді жұп-жұп қылып жараттық» (Нәбә сүресі, 8-аят) деп айтылған. Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисінде «Құл үйленген кезде дініміздің жартысын кәміл орындаған болады», сондай-ақ «Неке – менің сүннетім. Кім менің сүннетім бойынша амал етпесе, менен емес. Үйленіңіздер! Себебі мен басқа үмбеттерге сендердің көптіктеріңмен мақтан етемін» деп, үйленудің дінімізден екендігін айтып кеткен.

Ендеше, Алла Тағала Құранда әмір еткен отбасылық өмір салтының да ислам шариғатына сай құрылуы тиіс. Тарихқа зер салсақ, ата-бабаларымыз отбасын институтын осы ислам діні құндылықтарының негізінде құрып, ұл өсіріп, қыз тәрбиелеген. Нәрестеге азан шақыртып, ат қойдыртудан бастап, сүндетке отырғызуға дейінгі аралықта оттың басында жасалған тұрмыстық салт-дәстүрлердің барлығы да асыл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне сай жасалған. Міне, осылайша ана мен атадан адал тәрбие алып, асыл дінімізді қастерлеп өскен қазақ баласы Мұрат ақын айтқандайын, «арамнан қашқан мұсылманның баласы» атанған. Батыры елін жаудан қорғап, би-шешені ел ішінің ала бөтен алауыздығын тыйған, дәстүрден аттамауға қалқан болған.

Біз бұдан қазақ тарихында ислам өркениетіне сай жапырақ жайған отбасы болғанын, іргесі мығым отбасы тәрбиесінің арқасында қазақ хандығының ұзақ жыл өмір сүргенін біле аламыз. Өкінішке қарай, отбасылық өмірде ислам құндылықтарын ұрпақ бойына сіңіре алмай, сол себепті бабалар дәстүрінде болмаған жаман мінездердің көбейіп кеткені – қоғам шындығы. Сондықтан дініміздің отбасылық өмірге қатысты қағидаттарын көпшілік қауымға насихат етудің маңыздылығы өте зор.

Қазақ дәстүрінде отбасылық өмірдің 3 кезеңі бар: 1) Жар таңдау (қыз айттырып, қыз ұзату); 2) Неке қию (құда түсіп, құдандаласу); 3) Ұрпақ тәрбиесі (некеден дүниеге келген ұрпақты тәрбиелеу). Дін исламдағы отбасы өмірі осындай кезеңдерден тұрады. Енді сол туралы әңгімелесек…   

 

Жар таңдау

 Бұл – адам өміріндегі аса маңызды қадам. Құран Кәрімде жар таңдаудың тағдырға қатысты жауапкершілігі туралы мынадай аят бар:  «Мүшрік әйелдерге қашан олар иман келтірмейінше үйленбеңдер. Тіпті ол сендерге ұнаса да. Расында, мүшрік әйелден иман келтірген күң артық. Мүшрік ерлерді де қашан олар иман келтірмейінше (иман келтірген әйелдерге) үйлендірмеңдер. Тіпті ол сендерге ұнаса да, расында, мүшрік ерден иман келтірген құл артық (Бақара, 221). Демек, жар таңдау – тағдырыңды таңдаумен тең жауапкершілік. Неке бүгін достасып, ертеңінде ажырасып кететін амал достық емес.

Жоғарыдағы аятқа сай пайғамбардың (с.ғ.с.) хадисінен де жар таңдауға қатысты қойылатын шарттардың бар екенін білеміз: «Бір әйелге төрт нәрсесі үшін үйленеді: мал-дүниесі, тектілігі, әдемілігі және имандылығы үшін. Діні барға қол жеткіз, қолың топырақ болғыр».

 

Неке қию

 Алланың атымен, куәгердің көзімен қиылатын ақ неке – отбасылық өмірге бастайтын екінші қадам.

Ер мен әйел – бір-бірінің жамылышы, бір-бірінің намысын қорғауға міндетті отбасының басты тұлғалары. Ер мен әйелдің ортасындағы сезімге толы сүйіспеншілік аса маңызды. Құранда бұл туралы төмендегідей аят бар: «Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да оның белгілерінен». (Рум сүресі, 21-аят). Ақиқатында, екі жұптың арасы сұйіспеншілік, мейірім, кешірімге құрылмаса, мұндай отбасының ортасына түсуі оңай болады. Осы тұрғыдан некеге де қойылатын шарттар жастардың арасындағы жауапкершілік сезімін арттыруға негіз болады.

Неке – «никах» деген араб сөзі. Некенің тілдік мағынасы бірігу, қосылу, яғни төсек жақындығында болу дегенді білдіреді. Терминдік мағынасы – бір-біріне адал ер мен әйелдің бірге өмір кешіп, ұрпақ жалғастыруын қамтамасыз ететін келісім одағы. Үйлену үкімі – бекітілген сүннет, яғни пайғамбардың (с.ғ.с.) істеген ісі.

Некенің өзіндік парызы мен шарттары бар. Біріншіден, некенің толық болуы үшін ол өте маңызды. Некенің парызы – екеу, оны рүкін деп атайды: 1) Ұсыныс айту. Ердің не әйелдің аузынан шығатын «үйленем» деген сөзі. Мұны шариғатта ижаб дейді. 2) Қабыл алу. Біріншісінің үйлену жөніндегі ұсынысын екіншісінің қабылдауы. Шариғатымыз мұны «қабул» деп атайды.

 

Некенің шариғатқа сай болу шарттары төмендегідей:

 1). Некелесуге рұқсат етілген жандар. Яғни үйлену рұқсат етілмейтін туыс, емшектес, біреудің әйелі немесе апалы-сіңлілі екі қызды бірдей алу сияқты жағдайлардың орын алмауы.

2). Өмірлікке некелесу. Үйленетін жандар өмірлік некені мақсат етулері тиіс. Шариғат бойынша уақытша үйлену, шартты түрде үйлену некеге жатпайды.

3). Куәгерлік. Қиылған неке дұрыс болу үшін куәгердің болуы шарт. Бұл мәселеде мазһаб имамдары арасында талас жоқ.

4). Екіжақты разылық. Егер екеуінің бірінде некеге разылық болмаса, неке қию дұрыс емес.

Міне, осындай шарттарға негізделген ақ некені дана халқымыз ерекше қадірлеп, оны бұзуды жөнсіз іс санаған. «Қосағыңмен қоса ағар» деген сөз – өмірдің соңғы күндеріне дейін некені бұзбай сақтауды ұрпағына аманат еткен халық даналығының айғағы. Қызын жат жұрттық санап, одан кейінгі өмір, жайына араласпағандықтан, шаңырақ берік болып, қазақ даласында «жесірлер жылап, жетім қаңғып қалмаған». Бұл да болса халқымыздың «Алла Тағаланың адал еткен ісінің ішіндегі ең жағымсызы – ажырасу» деген пайғамбар (с.ғ.с.) хадисіне амал еткен мұсылмандық санасының бір дәлеліндей.

 

Ұрпақ тәрбиесі

Ұрпақ тәрбиесі, ең алдымен, жұбайлардың өз-өздерін тәрбиелеуден басталады. Ата-ана түзу болмай, ұрпақ түзу өспейді. Өйткені адамзат табиғатында сөзден емес, істен, естігеннен емес, көргеннен ғибрат алу қасиеті бар. Ардақты пайғамбардың (с.ғ.с.) сөзіне ісі сай көркем мінезі – өз ұрпағы ғана емес, күллі мұсылман қауымына үлгі-өнеге.

Осы ретте ислам діні ер мен әйелдің бір-бірінің алдындағы міндеттерін белгілеген. Себебі адам баласының басына келетін қиындықтардың баршасы адамның өзі жасаған қателіктері арқылы келеді. Дініміз отбасының береке-бірлігінің сақтайтын тетік – отбасының негізін құраушы ер мен әйелдің бір-біріндегі жұбайлық ақыларын құрметтеуге жататынын Құранның аяттары, пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистері арқылы насихат еткен.

Ислам діні бойынша, ер адам – үйдің басшысы. «Единица кеткенде, не болады өңкей нөл?» деп хакім Абай басшысына бағынбай, бірлігі кеткен елдің бас-басына би болып кететінін айтқан. Сол сияқты ері басшы болмаған үйде береке болмайды. Неке берекесін келтіріп тұратын, ішінің жылылыққа толы болуын қамтамасыз ететін жағдай азамат ердің қадірі биік болғанда жүзеге асады. «Еркектер  әйелдерге басқарушы және билеуші» (Мұмтахина, 10).

Егер отбасында ері әйеліне басшылық еткенде ер адамның өз әйелінің алдындағы қалған міндеттері мүлтіксіз жүзеге асады: «Әйелдерің сендер үшін киім сияқты, ал сендер оларға киім сияқтысыңдар…» (Бақара сүресі, 187). Ер адамдар әйелдерінің қамқоршысы болып табылады (Ниса сүресі, 34).

Пайғамбар (с.ғ.с.) «Мүміндердің иман жағынан ең кәмілі – көркем мінезде ең жақсысы, ал сендердің ең жақсыларың – жұбайларыңмен жақсы қарым-қатынаста болғандарың» деп, әйелді сыйлап, онымен жақсы тіл табысуға шақырған.

Ислам діні – әйел баласының мәртебесін көтеріп, ар-ұятын, намысын, абыройын қорғайтін дін. Себебі әйел – дүниеге ұрпақ әкеліп, оған тәрбие беретін шаңырақтың ұйытқысы. Құран Кәрімде 176 аяттан тұратын «Ниса» («Әйелдер») сүресі, 98 аяттан тұратын «Мәриям» сүресі –  әйелдерге арналып түсірілген сүрелер. Сондай-ақ «Нұр», «Ахзаб», «Мұмтахина», «Тахрим», «Талақ» сүрелерінде де дініміздегі әйел баласының отбасы және қоғамдағы орны туралы кеңінен айтылған. Бұл – ислам дінінің әйел затына қаншалық көңіл бөлетініне дәлел.

Отбасындағы әйелдің орны дегенде, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүйікті жары Хадиша анамыз туралы айтқан төмендегі хадисі бірден еске түсетіні анық: «Ел менен теріс айналған кезде Хадиша маған сенді. Айтқанымды ешкім қабылдамағанда мені алғашқы болып растаған сол еді». Демек, әйел тар жерде еріне сенімді серік, қателігін қазбас кешірімді, қолдаушысы бола білсе, ол – ердің бағы, бақыты. Міне, осындай әйелі еріне кішірейіп, мейірі төгілген, жақсысын асырып, жаманын жасырған парасатты отбасын көрген ұрпақтың да осы мінездерді бойына сіңірері – хақ.

Исламдағы отбасылық өмірдің құпия сыры, бақыты да осы әйелдің ерге бағынуында. Бұл болмаған жерде отбасыдан береке кетіп, жас ұрпаққа айтылар үлгілі-өнеге де болмайды. «Ел болу үшін бесікті түзейтін» болсақ, тәрбиені осы тұстан бастағанымыз жөн.

 

Өсімхан ТІЛЕУОВ,

Атырау қалалық «Әт-тақуа» мешітінің бас имамы

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close