Жаңалықтар

«Жусан» операциясы аясында елге оралғандар тарихи орында болды (СУРЕТ)

Атырау облысы Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының ұйымдастыруымен қақтығыс аймағынан елге оралған әйелдер және балалармен жүргізіліп жатқан жұмыс бұл жолы табиғат аясында жалғасты. «Жусан» операциясы аясында елге оралған әйелдерді қоғамдық ортаға жұмылдыру, олардың бойына зайырлылық қағидаттарын сіңіру, тарихи дәстүрімізді таныту мақсатында «Хан ордалы Сарайшық» тарихи мемориалдық кешенінде бір күндік демалыс шарасы өтті.

Аталмыш шараға Атырау облысы Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының басшысы М.Құбышев, орталық теологтары А.Мағазов, Е.Асқаров, орталық мамандары және «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының психолог маманы С.Нұрбекова қатынасты.

Шара барысында қатысушылар өркениет ошағына айналған шаһар «Хан ордалы Сарайшық» тарихи мемориалдық кешеніне сапар шегіп, мұражайдағы тарихымызды түгендеп, өткенімізге баға беретін тарихи жәдігерлерге куә болды. Мұражайға алғаш аяқ басушылар үшін әйелдер моласынан табылған мұсылман қауымының қасиетті кітабы – Құран Кәрім қызығушылық туғызды. «Сарайшықта ханның салтанатты сарайы және төрт мешіт болған. Ғасырлар бойы ислам дінін ұстанған халқымыздың ізімен мұсылмандық үрдістің үдегенін мұражай ішіндегі жәдігерлерден көреміз. Солардың бірегейі болған Құран кітап – Сарайшықта әйелдердің де білім алғандығының, білімнің бағаланғандығының дәлелі болып табылады»,- деп мәлімдеді мұражай қызметкері. Даланың дәстүрі мен ел шежіресіне қаныққан әйелдер қауымы мұражай қызметіне ризашылықтарын білдіре шықты.

Демалыс орнында жалғасын тапқан шараны Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының басшысы М.Құбышев ашып, шараның мақсат-мүддесімен таныстыра отырып, зайырлылық және дін мәселелерін сөз етті. Бір күндік демалыс ұйымдастыру арқылы діндар әйелдер арасында қоршаған ортаға оң көзқарас қалыптастыру, қоғамнан қол үзбеудің маңыздылығын ұғындыру мақсаты көзделгендігін жеткізді.

Бір күндік демалыс аясында сергіп қалған әйелдер мен балалар ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close