Сыр сандық

Ғалам жайлы ғылым мен Ислам дінінде не айтылады?

Бала кезімізде жаздай ауладағы сәкіде ұйықтадық. Самсаған жұлдыздарға қарап жатып қиялға беріліп, аспан әлемін өзімізше түсінуге тырысатын едік. Бұл ауылда өскен әр қазаққа таныс шығар. Ақсақалдардың батасынан «он сегіз мың әлемді Жаратқан Ием» дегенді естіп, саны соншалықты болғаны ғой деп ойлайтынбыз.

Кейін мектепте «Астрономия» деген пәнді оқыдық. Бірақ ғалам жайлы бала күнімнен санамда қалған сауалдарыма әлі толық жауап таппадым. Ғаламның құрылысы қалай? Шексіз дүние қандай болады? Түпсіз тұңғиық аспан әлемінде бізден басқа кім бар?..

Ғылым Жерден өзге тіршілікті жоққа шығармайды

Адамзатты өзінен басқа тіршілік әуел бастан қызықтырады. Зерттеушілер ғаламды ұдайы өзгеріп отыратын, кеңістік пен уақыт бойынша шеті де, шегі де жоқ дүние дейді.
Астрономия аспанға көз салатын лайықты құрал-жабдықсыз тұста тек философияға сүйенгенге ұқсайды. Ойшылдар Жерді әлемнің кіндігі санады. Кейін телескоптар шыққасын Жердің көп жұлдыздың бірі ғана екені белгілі болды.

Ғаламның шексіздігі туралы алғашқы пікір біздің заманымыздан бұрынғы V ғасырдағы грек ғалымы Гераклиттің еңбектерінде кездеседі екен. Ол Ғалам мәңгілік, аспан денелерін құрайтын материя жаңадан жасалмайды және жойылмайды деп тұжырымдаған. Оның көзқарасын Демокрит, Эпикур және Лукреций одан әрі дамытқан. Одан кейін Пифагор, Аристотель сияқты әлемге әйгілі ғалымдар Жердің шар тәрізді екенін зерттеулер арқылы анықтаған. Грек философы Филолай және грек астрономы Аристарх Самосский Жердің қозғалатындығы жөнінде жорамал жасаған. Бірақ ғылымнан гөрі дін үстем болған дәуірде мұндай ойлар қолдау таппаған.
Қайта өркендеу дәуірінде поляк ғалымы Николай Коперниктің «Аспан сферасының айналысы туралы» атты кітабы космогонияда ғылыми зерттеулерге жол ашты. Ол Жердің орталық емес, қайта планеталар Күнді айналатынын жазып кетті. Жерді аспан денелерінің бірі деп санаған Коперниктің пікірін сол заманның ойшылы Джордано Бруно одан әрі дамытып, аспан әлемі шексіз деген тұжырым жасайды. Ерекше ойлары үшін Бруноны инквизиция (папалық билікке қарсы адамдарды жазалауға арналған католиктік шіркеудің арнайы трибуналы) діннен безген деп айып тағып, сегіз жыл түрмеде ұстады, кейін тірідей отқа жағып өлтірді. Бірақ оның болжамдары кейін ғылыми тұрғыда дәлелденіп, идеялары жаңа заманғы философияны дамытты. Коперник қалыптастырған дүниенің гелиоцентрлік жүйесі ғалам туралы ғылымның негізіне айналды.

ХХ ғасырдың 30-жылдары ғалам жөніндегі адамзат білімі кеңейе түсті. Галактиканы (Құс жолы) зерттеуге байланысты жұмыстар кеңінен жүргізілді. Оның бір шетінен екінші шетіне дейін күн сәулесінің түсуіне 97,8 мың жыл қажет деп есептеді. Кейінірек ғалам кеңістігінде біздің галактика тәріздес басқа да галактикалардың бар екендігі анықталды. Біз мекендеген Жер де, басқа планеталар құйрықты жұлдыздар мен метеорлық денелер тәрізді Күн жүйесінің құрамында. Күн жүйесінің көлемі 10 млрд. шақырым делінеді. Ал ғалымдар кейбір жұлдыздардың төңірегінде тіршіліктің, сондай-ақ Жерден тыс өркениеттің болу мүмкіндігін теріске шығармайды.

Ислам дінінде ғалам жайлы не айтылады?

Құранда ғаламның пайда болуы туралы: «Көктер мен Жерді жоқтан бар етуші… («Әнғам» сүресі, 101-аят»); «Аспанды тұрғыздық, оны біз расында құдыретпен кеңейтушіміз» («Қамар» сүресі, 47-аят) делінеді.

Мұнда «аспан» сөзі бізден жоғары тұрғандардың бәрін қамтиды. Яғни, ғарыш сөзімен сәйкеседі. Ал ғылымда «Үлкен жарылыс» гипотезасы бар. Бұл теория бойынша ғалам о баста бір нүктеге шоғырланып, өте үлкен жоғарғы температураға дейін қыздырылған. Өте қуатты жарылыс болған. Бөлшектерден біртіндеп атомдар, жұлдыздар, галактикалар, планеталар пайда болып, соңынан өмір пайда болған. Яғни, қазіргі ғылыми көзқарас бойынша, біз 15-20 миллиард жыл бұрын материядан пайда болған, кеңею үрдісіндегі ғаламда өмір сүрудеміз. Жоғарыда келтірілген Құранның аяты «Үлкен жарылыс» теориясын, екінші аят кеңею теорияларын айғақтап тұрғандай.

Құран Кәрімде: «Перғауын: «Әлемдердің Раббысы деген не?» – деді. Мұса: «Ол аспандар мен жердің және екеуінің арасындағылардың Иесі, егер көз жеткізетін болсаңдар», – деді (Шұғара сүресі, 23-24 аяттар) және «Алла аспандарды және жерді әрі екеуінің арасындағыларды жаратты… (Сәжде сүресі, 4-аят) және «Алла аспандарды және жерді жаратты… (Ибраһим сүресі, 32-аят)», – деген аяттар бар.

Ал Ислам ғұламаларының тәпсірлерін тоқталсақ, Кағб Ахбар: «Әлемдердің саны тек Алла Тағалаға мәлім», – деген. Ибн Касир: «Адамзат – бір әлем, жындар – бір әлем. Одан басқа он сегіз мың әлем немесе он төрт мың әлем бар», – деп ой білдіреді. Бағауи өз кітабында Сағид бин Мусаябтан риуаят етіп: «Алла Тағала мың әлем жаратты. Алты жүзі теңізде, төрт жүзі құрлықта», – дейді. Уаһб бин Мунаббих: «Алла Тағала он сегіз мың әлемді жаратты. Дүние сол әлемдердің бірі. Алла Тағала жер бетінде мың үмбетті (жаратылыс түрін) жаратты, адамзат, жын, шайтан және яжуж және мажужден бөлек. Олардың төрт жүзі құрлықта, ал алты жүзі теңізде»,-деген. Сондай-ақ түркі жұртының ғұламасы Ахмет Яссауи «Он сегіз мың ғаламға сәруар болған Мұхаммед» десе, Бұқар жырау «Құдіретімен жаралған, он сегіз мың ғаламды айт» деп жырлаған.

«Нәміл» сүресінде: «Көктер мен жердегі ешкім келешекті білмейді, тек қана Алла (біледі). Олар қашан тірілтілетіндіктерін білмейді»,- делінген. Аят көкте де өркениетті тіршілік барлығынан хабар береді.
Құран 14 ғасыр бұрын түсірілгенін,оның ғылыми трактат емес екенін ескерсек, ондағы мағлұматтардың қазіргі заман ғалымдарының ашқан заңдарын толығымен үйлесіп, қуаттайтыны адамзатты таң қалдырумен келеді. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Ғылым жетілген сайын Ислам (Құран) адам затына ұғынықты бола түседі» деген.

Ғылым қазір қанша дамыды десек те, біз, адамзат, көп нәрсені, мүмкін ештеңені білмейміз. Қанша тырыссақ та ғаламды еркін аралауға шамамыз жетпеді, өз әлемімізді ғана білеміз. Миллиардтаған шақырымдық метагалактикада Жер бір нүктедей, ондағы адамзат тозаңдай ғана шығармыз. Салыстырмалы түрде қарағандағы сол микроағзадай адамзаттың кей сәтте өзін құдды ғаламды бағындыратындай ұстайтынын, бір ғаламшарға сыйыспай бір-бірін аяусыз қыратынын, ортақ әлемді аяусыз бүлдіріп, жан-жануар мен тіршілік атаулыны жайпап жатқанын ойлайсың. Бұл әлемді келешекке мейірім мен ізгілік қана сақтайды. Сіз не дейсіз, оқырман?

Нұрлыбек Нұрланұлы,

durbi.kz сайтының редакторы

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close