Сыр сандық

Абызым қайда азғындықты тізгіндер?

Қазағым, қайда барасың?

 Қазақ халқында «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген мәтелдің сойылдай сойып түсіретін қуаты ерен екенін көкірегінде титімдей сәулесі барлар түсінеді. Жиырма шақты жыл бұрын кіндігін көрсеткен қызды күстәналап кірерге жер таппай қалатын еді ауыл үлкендері. Қазіргі уақытта, керісінше, сақалын салалап, салмақты ой толғап отыратын қарияларды таппай қалдық. Есесіне тойда етегін ашып билейтін қыз-келіншекті көзімен аңдып, бидің түрлі көкесін танытып, жас сылқымдармен той көрігін қыздыратын шал-шауқан «өнерімен» көпті шалқасынан түсіретін болып жүр. «Естіген құлақта жазық жоқ» деп, астарлы ойды емексітіп қоятын қазақ көз көргенінен танбайтынын да білген. Кейуана дейін десең, кейпі келмейді, жөн біледі десең, сиқы келмейді, кейбір кемпір той-топыр алаңынан табылып, жас жігіттермен жарыса билеп, ерсі қылықтарымен көптің көзіне түсуде.

Оның қасында «Жастарға не жорық?» деп қоя салғаныңмен, жас-кәрісі демей-ақ, жалпы қазақ жұртшылығының жанарында жарасымды түрде жасырынып  тұратын жасқаншақ ұят жылыстап бара жатқан сияқты көрінеді. «Той десе, қу бас домалайды».  Советтік кезеңде дәуірлеген, лап етіп жанғыш ламбадабосағада қалып,  қазіргі кезде билеудің түр-түрі сахнаға шықты.

Қырық үйден тыйым салынуы тиіс қыз-қырқынның төсін жалаңаштап билеуден бастап, той тізгінін ұстаған асабалардың желігімен ішкиімін сыпыруға дейін барып жүргені жасырын емес. Ғаламтор көзінен «интернетті жарды» деген тақырыппен іздей салсаңыз, жеткілікті. Біз бейәдеп би, шектен шыққан шоу, сахнада сабырыңды түгесіп тауысатын дәлдүріштерге қатысты мыңдаған қойылымды түгендеп беруді мақсат етіп отырғанымыз жоқ. Саптыаяққа қарауыл қоюды ұмытпайтын қазақ санасы қазіргі уақытта дағдарғаны қалай? Бабалардың байырғы тәлімі, адамгершілік, ізгілік қағидаттарымен жымдасқан дария дәстүрі, жылдар жаңғырығында жақсылық атаулының тамыр жаюына септесетін жөн-жоралғыларымыз сүрлеуінен жаңылып, соны із таппай, даңғыл жолға ұласпай, қайнарынан айырылып, жаһандық құндылықтардың тұңғиық қойнауына сіңіп жатқандай әсер қалдырады. Әйтпесе, жастан бетер желігіп, керенау келіннен бетер керіліп, сылқымнан әрмен сырбазсып отыратын кейбір кейуаналардың тойдың төрін бермей, жұлқына билеп жататынына жақын түгілі, жаттың көзі үйренген.

 

Ащы да болса, ақиқат

 «Түгел сөздің түбі бір, түпкі атасы – Майқы би» деп кейінгіге өрелі сөз, жебелі ой айтып кеткен даңқты бабамыздың сөзі кеңінен таралып, әлі күнге ғаламтор бетінен түскен емес. «Ащы да болса, ақиқат» деп қабылдап, Майқы бидің көріпкелдігінің орындалғанын көргенде күллі дүниеден баз кешкендей күй кешесің.

Орай салып бастарын,
Жалпылдатып шаштарын,
Тақымдары жалтылдап,
Емшектері салпылдап,
Ұят жағы кем болар
Сөйткен заман кез болса,
Түзелуі қиын болар,  – деп бір толғаса,

Ағып жатқан дария

Суы тартылар деп еді.

Өзі болған жігітке

Қызартылардепеді.

Көкек айы болғанда

Кемпір күйлер деп еді, – дегеніне де еріксіз тосыласың. Расында, «Жүдә, бұл өзгенің сөзі» деп өзеурей шықсақ та, қазіргі ақиқат осы екеніне санасында саңылауы бар қол қояры анық.

 

Мыңдаған күдік, сан сауал…

 «Әй дейтін  әже, қой дейтін қожа жоқтың» кебі екенін шамаласақ та, елге жөн, қауымға тура жол сілтер кейбір ақсақалдарымыз бен қарасақалдарымыздың аяқ-қолын ербеңдетіп, замана сылқымына айналып бара жатқанын көріп, күйзеліп қана қоясың. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ бүгінгінің ақиқаты сол, терең ойдан, тебірене ойлаудан ажырасақ та, есепсіз тойдан, есерсоқ тойлаудан ажырамадық. Қазір таяқ лақтырсаң, тамадаға тиеді. Олардың жынойнақ ойны түгесілмек түгілі, түлен түрткендей түрлене, түлей түсетін тәрізді. Біреудің некелі жарын алқақотан отырған қауым ортасына шақырып, бөтен еркектің  құшағына енгізіп, білегін білегіне, белін беліне айқастырып қойып, би алаңына шақырып, жүгенсіз ойынның желігіне айналдыру кәдуілгі өнерге телініп кеткендей. Тойдың тізгінін алғанымен, тәрбие атаулыдан алыс тұрған асабасымақтардың қиқуынан делебеміз қозып, думаншыл болып алдық па? Әлде әнші-әртістердің қас-қабағы мен қимылын, өсегі мен төсегін аңдып, есебін түгендеп отырған өресіз жұртшылықтың  өрісі кеңеюмен келе ме?

Қасиетті дала заңдарын жаһанданудың қою түтіні тұмшалап жатқан қала заңдары алмастырды ма?

Билер алқасы, ақсақалдар институты, ақжаулықты әжелер тәрбиесі, жеңгенің қырағы көзі, ағаның айбынды жүзімен қорғалатын тәрбиенің қайнар көзі суалып, құрғап қалды ма? Қалай және қайтіп түйіндесек те, сабыр сарқылып, сан сауал көңілге мыңдаған күдік ұялатып жатыр.

 

«Қырыққа дейінгі қылық жарасымды»

 Бүгінде ел ардақтысы, айтыскер ақын Шолпан Қыдырниязова әлеуметтік желілерде «Менің тәрбие сағатым» атты жазбаларымен көптің көкейіндегі ойды тамыршыдай тап басып, кейінкітап қылып басып шығарған болатын. «Бойымыздан ұяңдық пен ұят таба алмай қалып жатамыз. Неге? «Тоқ адам тоқпақпен ойнайды» деген осы ма? Қарқыл, шаңқыл, анайы­лық, оспадарлық көшеде шерулеп жүр» дейді ақын бір жазбасында. «Ұл бұзылса, жұртқа сын, қыз бұзылса, ұлтқа сын. Ер бұзылса, серт кетер, әйел бұзылса, дертті етер. Ұлт бұзылса, салт кетер. Салты жоқтың – халқы жоқ» деп ой түйіп қояды Шолпан Батырқызы.

– Қазіргі кезде адамдық қасиеттен жұрдай болмау үшін биік талғам қажет-ақ. Әдеп шегінен асқан дарақы би көптің көңілін күпті қылады. Сақалына қырау біткен кәрінің жінігіп билейтіні, оның видеосы кеңінен таралып жатқанын ұлт қасіреті, масқаралық деп білемін. Қазақ «Қырыққа дейінгі қылық жарасымды» деп, жастардың жан-дүниесін түсіне білген, оспадарлығы болса, кешіруге дайын тұрған. Ал кейінгі толқынға үлгі болар үлкендер азса, өзгенің өресін өлшей аламыз ба?! Ұлтымыз ұлағатты болсын десек, ұрпақ тәрбиесінде мәуе жайған бәйтеректей мығым болуымыз керек. Сонда санасыздықтың сұрапыл шабуылына тойтарыс беріп, таяз танымның есер екпінін басып, салауатты қоғам қалыптастыра аламыз, – деді тақырыпты қаузай қойылған сұраққа толымды жауап берген Шолпан Қыдырниязова.

 

Ғаламтор ғажайыбы осы болса…

 Заманға ілестік, ғаламтор ажырамас досымызға айналды. Адамды аздырып бара жатқан, көруге көз ұялатын ғаламтордағыбейәдеп видеоларға шектеу жоқ. Технология тұрмыс тауқыметін жеңілдеткенімен, алапат қасірет әкелерін де әлі күнге жете сезіне қоймаған секілдіміз. Отбасында орман ойлы абызы жоғалып, күнкөріс қамын күйттеп кеткен әке-шешенің назарынан тыс қалған балалардың санасын шідерсіз шырмап, жүйкесін жүгендеп алатын қатерлі ақпарат пен азғын ойындардың тасқынынан қорғауда көпшілік дәрменсіз күйде қалуда. Бес күндік жалған ләззаты жасты да, жасамысты да баурап, балқытып, бурадай құтыртып жатқанын көрген жас буын санасына соққы алып жатқан жоқ па?

 

Бұл туралы психолог не дейді?

 – Зейнет жасына жеткендердің тойда билеуін қалыпты деп санаймын. Дегенмен шектен шығып кететіндердің мұндай қадамға баруын психологиялық тұрғыда талдауға болады. Ондай әрекет отбасында іштей булығып өскен, теңінен сый-құрмет көрмеген, күйеуінен өмір бойы зәбір көрген әйелдің бір сәттік босаңсуынан туындауы мүмкін. Жөн-жосықсыз би, ерсі қимыл, оғаш қылық арқау болған бейнероликтерді тәрбиесі түзу, толыққанды отбасынан шыққан балаларға кері әсері бола қоймайды. Тәрбиелі жеткіншек тура жолды өзі іздеп табады. Ал бейәдеп роликтерге тым құмартуды әдетке айналдырған баланың психологиясына алаңдауға болады. Оған отбасынан көрген зәбір, кішкентай күнінен қабылдаған психологиялық жарақат түрткі болуы мүмкін, – дейді психолог.

Маман сөзінен түсінгеніміз, оспадар қылыққа еліктеу, оны бойға сіңіру немесе қабылдамау әр адамның санасына байланысты. Бірақ елді түгел шулатқан қаршадай қыздың омырауын жалаңаштап, сәукеле киіп түсуі де тұтас ұлттың қасіреті, құндылықты қорлау деп есептеріміз хақ. Адамзат баласы анайы қылығымен жын-періден асып түсіп жатыр. Шетелге еліктеп-солықтаудан қазақтың қаракөздері алдына жан салмайтынын жарыса дәлелдеуде. Қазақ  жігіттері қыздан бетер майысып, мәні жоқ әнді ыңырси шырқап, сахнадан түспейтін болды. «Обал, сауап, ұят» деп кезінде негізгі қағиданы бағдар қылған ұлт әлі күнге өліара кезеңнің қасіретінен арылмай отыр. Бала-шағаны эротикалық бимен «ауыздандырып», азғындық жолына түсуіне тікелей жол нұсқап жатқандардың арасынан желіккен кәрі-құртаңды көру көңілге ауыр тиеді, жаныңды сыздатып, сау күніңде сансыратады. Ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың орнына жасанды кірпік пен жасанды омырау салдырған әйел затындай бетпақтанып, безеріп бара жатқандаймыз. Барыңды бүгіннен безбенде, қазақ жұрты!

Нұртай ТЕКЕБАЙ,

меншікті тілші,

Батыс Қазақстан облысы

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close