Тылсым

Төсегін қызғанған кемпір

 Дүниенің тылсым сыры ғылымға да белгісіз болып отыр. Біз адам жанының мәңгілік өлмейтініне сенеміз, «аруақ» ұғымы біз үшін өмірден өткен қымбат жандарымыз. Сондай-ақ жын-шайтан туралы адамға қорқыныш пен үрей әкелер неше түрлі әңгімелерді тыңдағанды да жақсы көреміз. Менің таныстарым өздерінің басынан кешкен оқиғаларын  әңгімелеп берген еді.

1987 жыл екен. Сәлима Орал қаласына келіп жұмысқа орналасып, пәтер іздейді. Бір аулада екі үйі бар орыстың үйіне тап келіпті. Орыс оған бір үйді тұтас береді де: «қасыңа тағы да 4-5 қыз тап» дейді. Қуанып кеткен Сәлима үйді өзінше жуып, тазалап шығады. Үстіне шығып жататын орыс пеші бар екен. Пештің түбінде тұрған орыстың өрнекті ескі кереуетіне төсегін орналастырады. Көңілі жайланып, ұйқыға кетеді. « Түннің бір уағында ояна алмай, қатты бастырығылдым,-дейді ол.- Ту сыртымнан бір қайратты қол қапсыра құшақтап, тырнағын батырып барады. Жан-дәрмен артыма бұрылып қарасам, дәу орыс кемпірі. Қолы нән және шұбар. Үстінде уақ безекті көйлегі, басында жағынан тартқан қара орамалы, мойнында ірі домалақ моншағы бар. «Жібер, жібер» деп айқайлап жатырмын. Бірте-бірте әлім кетіп, тынысым тарылып барады. «Өлдім-ау» деп ойлай бергенім сол еді, терезені біреу тарсылдатып қаға жөнелді. Сол-ақ екен, кемпір қолын босатып, жоғалып кетті. «Менің бұл үйде тұратынымды әзір ешкім білмейді ғой, терезе қаққан кім екен?» деп кемпірден құтылған мен жан-дәрмен терезеге ұмтылдым. Жүгіріп келіп, пердені ашып қалдым. Аулаға айдың жарығы түсіп тұр екен. Сыртта терезе алдында қайтыс болған әкем мен балам тұр… Әкем баламды қолынан жетектеп алыпты. Емшек жасында қайтыс болған ұлым 3-4 жастағы кейіпте тұр… Неге екенін қайдам, сол сәтте бойымдағы қорқыныш сап тиылды. «Бисмиллаһир-рахманир- рахим» деп пердені жауып, жүрегімді қуаныш кернеп, орныма жаттым. «Аруақ желеп- жебейді» деген сөз шын екен.

Ертесіне үйдің қожасынан  түндегі кемпірді суреттеп «ол кім?» деп сұрадым. «Оны қайдан білесің?» деп өзіме біртүрлі көзбен қарап, « подожди» деп үйіне кіріп кетті. Сәлден соң шығып, бір суретті көрсетіп: «мынау ма?» деді. Дәл өзі, орамалы, моншағы… Сөйтсем, ол кемпір қарттың әжесі, яғни мен жалдаған үй атам заманда өлген сол кемпірдікі екен. Ал мен ұйықтаған кереуетте кемпір жатыпты. Кемпір содан қайтып көрінбеді.

Ғылымда өлген адамның жаны үш күн бойы денесінің қасында болады делінеді. Үш күннен соң басқа әлемге тап келеді. Жер бетінде еске алатын соңғы адамы құрығанша Жанның жер бетімен байланысы үзілмейді. Кейін Алла оның санасынан барлық ақпаратты сүртіп тастайды дейді. Биофизиктер адамның физикалық тәнінен бөлініп шығатын астральды денесі, яғни жаны болатынын дәлелдеген. Қазақта «аруақ» деп аталып кеткен адамның сол жаны артында қалған ұрпақтарын қорғап жүреді дейді. Сәлиманың басынан кешкен оқиғасы  осыған дәлел болса керек.

«Егер өлгеннен кейiнгi ырым-жоралар дұрыс орындалса, онда өлген адамның рухы жайбарақат рақат күйге түсiп, өз үрiм-бұтақтары мен туған-туысқандарына шапағатын тигiзiп, жебеп жүредi, ал олай болмаған жағдайда жауығып, әруағы қарғап-сiлейдi» деп жазыпты  ағартушы Шоқан Уалиханов та.

Шарап ата басында

 Қазақ бейіт басына барып, рухы күшті адамдарға зиярат етіп жатады. Ғалымдар аруақтардың да әртүрлі болатынын, кейбір бейіттердің адамның күшін сорып алатынын айтады. Сондықтан зиратқа кірместен бұрын  барлық аруақтарға арнап сыртынан құран оқу пайдалы дейді. Біздің облыста да аталардың басына бару үрдісі бар. Бұл  тіпті де Аллаға серік қосып, аруаққа табыну емес. Бұл – өмірден өткен ата- бабаңды сыйлау, өзіңнің де түбі қара жерден орын алатыныңды еске түсіріп, тәубеңе келу. Халық көп зиярат жасайтын қасиетті орындардың бірі – аруақты емші Шарап Жолалыұлының бейіті. Өмірден 1959 жылы өткен атаның бейіті Жаңақала ауданының Бірлік ауылынан онша қашық емес.

Екінші кейіпкерімнің әңгімесі:

 «Шарап атаның басына қас қарая жеттік. Басына барып құран оқып, бейіт қасындағы жолаушылар түсетін үйге еніп, от жағып, шелпек пісірдік. Үй кілем төселген, төсек-орны таза. Сүлгіге дейін ілулі тұр. Шай ішіп, намаз оқып болғанша қараңғы түсіп кетті. Қасымдағы апайға: «сонадайда көрініп тұрған екі-үш үйге барып, ата туралы сұрап келейік, мүмкін, біз білмейтін мәліметтер болар» дедім. Күйеулеріміз: «өздерің барып келіңдер» деді. Бір шақырымдай қашықта жатқан шағын ауылға келіп, малды қораға кіргізіп жатқан бақташы орысқа жолықтық. Ауылда өзінен басқа жан баласы жоқ екен. Шарап ата туралы жартымды ештеңе айта алмады. «Қой туа алмай жатса, малға қасқыр шабатын болса әлде басқа да тосын оқиға болатын болса, түн ішінде  бейіт жақтан «аһ» деп біреу айқайлап, оятып жібереді» деді ол. Біз оны атаның рухы ғой дестік. Кері қарай келе жатырмыз. Орта жолда атаның бейіті. Амал жоқ қасынан өтеміз. Бейітке жақындай бере артымда бір нәрсенің келе жатқанын сездім. Қасымдағы апай да сезді-ау деймін, күбірлеп дұға оқи жөнелді. Атқа мінген ер адам екпіндеп келіп сол жағымнан тоқтай қалды да… жоғалып кетті. Артымызға қарамаумен үйге жеттік.

Күйеулеріміз сыртта, көліктің ішінде түнеді. Таңға жақын оянып кеттім. Үйдің ішін өзгеше бір күй кернеп кетіпті… Білте шам сығырайып жанып тұр. Алғашында түсінбей қалдым, есік жақтан маған біреу қарап тұрғандай сезілді. Қара қабылан… Бірақ қорқыныш сезбедім, құраннан сүрелер оқи бастадым. Кішкенеден кейін ол бұрылып шығып кетті. Әлі күнге дейін «атаның аруағы қабылан ба екен?» деп ойланамын»

 

Шайтан иектеген

 Сені шайтаннан бір түлен түртсе, бірден Аллаһқа сиын» деген бар. Жын-шайтанның, қара күштердің бары құранда да айтылады. Ғылым да бізбен қатар өмір сүріп жатқан басқа дүниенің барын баяғыда дәлелдеген. Исламның шарттарын бұлжытпай орындауды күнделікті дағдыға айналдыру, құлшылықты шын көңілмен жасау, сауапты істермен шұғылдану адам жанын тазартады. Жанымыздың  ластануы жын-шайтандардың кесір-кесепатына ұшырататыны белгілі. Рухани дүниеміздегі әрбір кемшілік олардың бізді иектеуіне жол ашады. Шайтанның иектеуіне тап келіп, құран сүрелерін оқып құтылған бір адамның әңгімесі:

«Бұдан 3-4 жыл бұрын бір жұмысым болып, облыстық филармонияға бардым. Іздеп барған адамымды күте тұруға тура келді. Ыстықтап барған мен аздап демала тұратын жер сұрадым. Бір қызметкер үлкен залды ашып, балконға апарып: «мына диванға жатып, демала тұрыңыз, қаласаңыз ұйықтап та алыңыз,» деп, өзі балконның фойэге шығатын есігін кілттеп, кетіп қалды. Газет-жорналдар толып жатыр екен, біреуін қолыма алып оқи бастадым. Кенет денем бөтен бір толқынды сезді. Жалғыз емесімді сездім. Балконда менен басқа да біреу… жоқ, біреу емес, бірдеңе бар… «Бисмиллаһир- рахманир- рахим» деп жатқан жерімнен тұрып, отырдым. Есіме, бұл үйдің орыс байынікі екені түсті. «Әлде сол қожасы ма екен? Әлде?..» деп ойлай бергенім сол еді, бойымды түсініксіз бір күш билей жөнелді. «Секір, балконнан секір»дейді ол. Және ол ешқандай дауыс емес, сананы билеп тұр. «Секір, секір!» Дәл сол сәтте басыма: «Мен бұл жерден шығуым керек, ал шығатын есік кілттеулі, сондықтан балконнан секіруден басқа жол жоқ  және тез, тез, дәл қазір»деген ой келді. Және ол ой ерікті алып барады…«Ағузу билләһи минәш-шайтанир-ражим» деп оқи жөнелдім, оқи жүріп сөмкем мен аяқ киімімді қолыма алып, есікке жақындадым. Иектеген күштің екпіні басылды, басқа да әсері күшті сүрелерді оқи бастадым. Есік қаққанымды естіп мені балконнан шығарып алды. Бірақ оларға бұл оқиғаны айтпадым»

Міне, бұл өзіне-өзі қол жұмсаған  оқиғаларға ұқсас емес пе? Яғни, өмірден сондай жолмен кеткен адамдардың дәл осындай күйді бастарынан кешетініне дау жоқ. Олар әншейін өздерін қорғай алмаған. Қара күштің жетегінде кетпеу үшін адамның жаны да, тәні де таза болуы керек және үздіксіз дұға етуді әдетке айналдыру қажет деп ойлаймын.  Дұға – мұсылманның басты қаруы, бірақ бойыңда дәретің болмаса  дұғаның әсері де әлсіз болатыны анық. Ата –аналар балаға жатқан- тұрғанда, кішкентайынан «бисмиллаһир- рахманир- рахим» деген сөзді айтуға, жын-періні жолатпайтын дұғаларды жаттатып, үйретуі керек. Олар көзге көрінбейді, бірақ, біздің жанымызда жүр. Сондықтан, қара суды да Аллаға сыйынып ішуіміз қажет.

Ұлдай ҚАБОШҚЫЗЫ

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close