Тылсым

Жалғыз көзді жасыл бала

Журналистерге кейбір адамдар телефон шалып, ел ішіндегі қызықты әңгімелерді айтып жататыны бар. «Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында басынан неше түрлі тылсымды кешкен бір жан бар» дегенді естіп, телефонын тауып, қоңырау шалғанмын.  «Бір күні барамын» деді. Кейінірек Оралға әдейі келген онымен кездесіп, әңгімелесудің сәті түсті. Тыңдап отырсаң, ертегіге ұқсайтын сол әңгімені оқырман назарына ұсынып отырмын.  

 

 Үй иесі ме, әлде жат планеталық па? 

 – 1995 жылы мамыр айында Жәнібектен Оралға көшіп келдік, – деп бастады әңгімесін Әлима. – Зашаған ауданынан құрылысы бітпеген үйді сатып алып, жөндедік. Жолдасым ауылдағы дүкенге тауар тасып, қаламен екі ортада жүрді. Үш балам бар, ең кішісі үш жаста. Өзім қарап отырмайын деп базарға ұсақ-түйек сатуға шықтым. Сол кезде үйде бірдеңе пайда болды. Түйсігіммен, денеммен сездім. Базарға кетерде: «Иә, Алла, балалар, үй өздеріңе аманат» деп тапсырып жүрдім. Аллаға қоса кімге аманаттап жүргенімді де білмеймін. «Өздеріңе аманат»деймін де, базарға жұмысқа кетемін.

Бір күні «Бұл үйдегі не нәрсе екен?» деп ойланып жатып ұйықтап кетіппін. Түсімде ашық жасыл түсті бір баланы көрдім, бойы бір метрдей, басы сопақ, қақ ортасында бір көзі бар, аузы, аяқ-қолы бар. Уақыт өте, өңімде де көріне бастады. Шәй ішіп отырғанда бөлмелердің есігінен зу етіп өтіп кетеді, тіке қарамауға тырысамын, үйдің иесі болар дедім. Аруақ дегенге де көп сенбейтін едім. «Үй иесіне ас қойсаң, ол саған сенімді болады» дегенді естиміз ғой, балаларым кішкентай, мен жоқта бірдеңеге ұрынып қалмасын, біреу сабап тастамасын деп әлгіге «саған аманат» деп тапсырып кетемін. Қысқасы, әлгі жасыл бала балаларымды бақты. Балаға ештеңе жоламайды, өздері сабаққа барып-келеді, тып-тыныш үйде ойнап отырады.

Үйде асырап алған қызымыз бар еді, менен кейін соған көрінді. Түнде оянып кетсе, бас жағында біреу пысылдап отыр дейді. Басын көтеріп қараса, бір көзді жасыл бала көпшіктің үстінде отырған көрінеді. Қыз қорыққанынан жалма-жан көрпенің астына кіріп кетіпті. Таңертең маған айтты. «Сен қорықпа, мен сендерді соған тапсырып жүрмін, тимейді сендерге, бірақ балаларға айтпа, қорқып кетер» – дедім.

 

Мені қорғап, күйеуімді қорқытқан

 Ол кезде жаспыз ба, жолдасым екеуіміз жиі айқайласып қалатын едік. Бір күні тағы да ұрысып қалдық. Сол күні ол балалардың қасына жатты. Түнде оянып кетсе, әлгі жасыл бала бетіне үңіліп, пысылдап тұр дейді. Қорқып кетіп, ұстап алып, итеріп жіберіпті. Маған қашып келді. «Тұр, тұр, мен ана жақтан бірдеңе көрдім, шайтан шығар» – деп дірілдеп тұр. «Е, сол шайтан сені қағып кетсе екен» – дедім. «Қойшы, олай демеші, шын айтам, ана жақта бірдеңе бар» – деп қалшылдап тұр. Шыдай алмай тұрып, жұбатып: «Түсің шығар, ештеңе етпес» – дедім. Оның мені қорғайтынын білдім. Көп кешікпей 2-сыныпта оқитын үлкен қызыма көрінген. Терезенің алдында отырыпты…

Бір жылдан соң анам қыдырып келді. Мен ол күні Самара қаласына тауарға кеткем. Анам түнде кіші баланың қасына кереуетке жатыпты. Түнде біреу анамды төсектен ысырып, теуіп, жерге түсіріп жіберген. Мамам балам деп ойлап, «Ей, балам, итерме, дұрыс жат!» депті. Сөйтсе, бала ұйықтап жатыр екен. «Бұл не болды екен?» деп, Аллаға сыйынып, қайта жатса, көзі ілініп кетіпті. Бір кезде кереуетке біреу секіріп мініп, тағы итере бастапты. Анам таңға дейін ұйықтай алмай, тұрып отырыпты. Мен ертесіне келдім. Мені оңашалап, «Әй, қызым, сен мына үйге балаларды қорықпай қалай тастап кетіп жүрсің? Үйде бірдеңе бар ғой, мені жатқызбады» – деді. Күлдім. «Апа, ол – біздің үйдің асыранды баласы, ол – менің бесінші балам» деп едім, «Не айтып тұрсың?» деп шошып кетті. «Балалардың қасына неге жатасың? Ол балаларды қорғап жүреді» – дедім. Анам: «Жоқ, қызым, сенің бұның дұрыс емес» – деп қақсады да қалды.

 

Бізді жібергісі келмеді

 Біз Жәнібек ауданына қайта көшетін болдық. Үй ішінде көшу туралы әңгіме шыққан күннен бастап «жасыл баланың» мазасыздана бастағанын сездім. Үй ішінде бірдеңені бүлдіріп, тарсылдата бастады. Көшетін күні кіші баламды көршінің үйіне жібердім. Себебі «жасыл бала» оны жақсы көретін еді, ашуланып майып қылып тастар деп қорықтым. Біз абыр-сабыр болып жүк тиеп жатқанда балам бізге көрінбей үйге кіріп кетіпті. Бір кезде айқайлаған дауыс естіп, жүгіріп барсам, балам жерде құлап жатыр. Қалшылдап, дірілдеп, қолды-аяққа тұрмай, бірдеңе болып қалды. Сол ауруы Жәнібекке көшіп барғасын да тыйылмай, 13 жасқа дейін тап солай ауырды.

Кәмелет жасқа толғанда «жасыл бала» балаларымды бір-бірлеп шаға бастады. Оның бізге берілгені сондай, көшіп кеткенімізге ренжіген сияқты. Кейін өскен соң екі балам да сотталып кетті. Екі оқиға да Орал қаласында, біз тұрған Зашағандағы сол үйдің тұсында, бір нүктеде болды. Екеуінің сотталған уақыты әр жылда болса да, екі балам да 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл тылсымды мен «жасыл баланың» өш алғаны деп ойлаймын.

 

Жәнібекке қуып келді

 2005 жыл. Көшіп келгенімізге 3-4 жыл болған. Бір күні түс көрдім: таңға жақын бір «тарелка» ұшып келді. Үйдің артында төрт дөңгелегі жоқ трактордың ескі арбасы тұрған. Қасында үш темір бөшке бар. «Тарелка» арбаның үстіне қонды. Төбесі үшкірлеу, жарық. Бір кезде есігі ашылып, ішінен бір-бірінен аумайтын екі бала шықты. Баяғы Оралдағы үйдегі жасыл бала… Жан-жағына қараған жоқ, бөшкенің үстіне мініп, аяқтарын салбыратып отырды. «Мыналар ана бала ғой» деп жатыр екем. Артымнан Әтеш ата келіп, маған: «Қызым, қарама оларға! Олар – жаман оймен жүргендер» – деді. Мен шыдай алмай: «Беттерін тағы бір көріп қарайыншы» деп ойлап, бұрыла бергенімде оянып кеттім. Кешікпей кіші ұлым «Мені жерді қазып, көміп жатыр» деп айқайлап, есіріп ауырды.

 

Құм ішінде қуған «тарелке»

 Атырауға мал тасуға шықтым. Жәнібек ауданының Ұзынкөл ауылында Нұрлан деген жездем бар еді. Көлік жүргізуші сол. Кешке қарай Атыраудан шығып, құмға іліге бергенімізде бізге бір жап-жарық тарелке ерді. Тарелкеден маған қарай бірдеңе жіберіп жатыр, ток па, түсініксіз. Денеме бір нәрсе еніп жатыр. Нұрланға: «Тоқтат көлікті, мыналар маған келді, сөйлесіп қалайын, алып кетсе, алып кетсін» – дедім. Жездем қатты қорықты, шоқалаққа қарамай, көлікті қатты айдай жөнелді. «Тоқта!» деп Нұрланды ұстасам, қолымнан пышырлап от шашады. Нұрлан: «Маған жақындамашы, тоқтамаймын!» – деп айқайлап жатыр. Көліктің алдыңғы жағынан ұстасам, темірге жақындасам, от атады қолымнан… Құмнан шығып, Жаңақазанға келдік. Жарық түсе бастады. Бір кезде еріп келе жатқан әлгі «тарелке» шыр көбелек айналды да, жалт бұрылып, табан астында зу етіп жоқ болып кетті.

Тағы бірде Атыраудан келе жатырмын. Әлгі жап-жарық тарелке құмның арасында тағы пайда болды. 125 шақырым жанымызда жүріп отырып, тағы да ғайып болды…

(Жалғасы бар)

Ұлдай ҚАБОШҚЫЗЫ

Tags
error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close