Жаңалықтар

Ұлттық рух пен қазақы болмыс

 Елбасымыз ұлттық идеологияның маңызы жайлы: «Біз мемлекеттілігіміздің рухани мәселелері экономикалық, материалдық мәселелерден ешбір кем бағаланбайтын даму кезеңіне келіп отырмыз.2050 жылғы Қазақстан прогрессивті идеалдар қоғамы болуы тиіс» деп атап көрсеткен болатын.Тұңғыш Президент “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты стратегиялық мақаласында біздің таяу болашақтағы ұранымыз реализм мен прагматизмге негізделуі тиіс деген болатын. Құлаққа алабөтен естілетін реализм мен  прагматизм ұғымы қазаққа таңсық па? Зерделеп қарасақ, өткен ғасырда қазығын Америка елінде мықтап тұрып қағып, Американың ең ықпалды мемлекет боп қалыптасуына ықпал еткен прагматизмді ұлы Абай қазағына қарапайым тілмен түсіндіріп кеткен екен. Мәселен, Абай атамыздың реализм мен прагматизмге толы мына өлеңін алайықшы:

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар

Еңбегің мен ақылың екі жақтап.

Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,

Құмарпаз боп, мақтанды қуып кетпе.

Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,

Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?

Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме,

Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.

Жүрегіңе сүңгі де,түбін көзде,

Сонантапқаншынасыл,тастайкөрме.

Прагматизмнің мәні – бойыңызды билеген күдіктенпарасатты сенімді негізге ала отырып,арылу,тиімді шешімдерді табуарқылы өмірлік тәжірибеңізді жүйелі іс-әрекеттермен байытып, ортаңызды,қоғамды  өзгертіп, дамытуға үлес қосу. Яғни Абай атамыз мақтану мен ойын күлкіні (дәл қазір қазақ қоғамында өршіп тұрған кесек кеселдер) әдетке айналдырмай, ақылыңды дер кезінде дұрыс қолданып, еңбек ет, қиындықтарға мойыма деп, сонымен бірге жүрегіңдегі сыр боп жатқан рухани қазыналардан (имандылық, адамгершілік) сусындауға шақырады.

Діні, ділі, тілі, нәсілі бөлек  барша ұлтты қанатының астына алып, ұйыған айрандай боп отырған американ қоғамының идеологиясының философиялық түпнегізі прагматизмде жатыр. Прагматизм ұстанымдарына берік орташа американдыққа тән ортақ белгілер: бәсекеге қабілеттілік,отансүйгіштік, еңбексүйгіштік,үнемшілдік,ізденімпаздық,ерік-жігердің мықтылығы,тәртіп пен заңға бағыну,түйіндеп айтқанда, нақты өмір жағдаятын толық қабылдап,санасу арқылы заман ағымымен жүріп отыру, өздерінің 35-ші президенті Дж.Кеннеди айтпақшы,”Мен еліме не бере аламын?” деп бас қатырып,тиісті әрекетін жасау.

Осы орайда тарих тегершігін кері айналдырып, өткенге бір шегініс жасайықшы. Қаншама ұлттың  тарих сахнасынан жоғалып кетуіне мұрындық болған империялық зұлымдық қазақ халқын да кері айналып өтпеді, ұлт тұп-тұнық ұлттық болмысынан айырылып қала жаздады.”Аман ердің аты шығар”демекші, азаттықтың ақ таңы атып, абыройлы тегімізбен қайта қауышып, түп-тұқиянымызға  оралдық.Дегенмен саясаттағы “Мемлекетті құру оңай, қиыны – оны ұстап тұру”тәмсіліндегідей, тәуелсіз ел ретінде тәжірибесі жоқ Қазақстанға жаңа нарықтық экономикалық,әлеуметтік қарым-қатынастар оңай тимеді.Елдегі идеологиялық бостықты пайдаланып, мәдениетімізге үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын кертартпа ұйымдар мен ағымдар емін-еркін тайраңдады,діннің атын жамылып, геосаяси мақсат көздеген радикалды саяси ағымдар жеке дүниетанымы қалыптаспаған жастардың санасын мәңгүрттендіріп, кезкелген айтаққа көнетіндүбәра(маргинал) топ  етіп шығарды.

Нұрсұлтан Әбішұлы  »Қазақстан – 2050» стратегиясында: »Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сай келетін діни сана қалыптастыруымыз керек.Біз өзін-өзі ұстаудың ерекше үлгілерін алуға тиіспіз.Мен жария етіп отырған стратегия біздің халқымызды орта ғасырларға емес, ХХІ ғасырда өмір сүруге дайындайды”деп атап көрсетті. Тағы бір Жолдауында Елбасымыз еліміз үшін негізгі он сын-қатердің бірі ретінде өркениеттің құндылықтар дағдарысын атап өткен болатын.

Әлемдегі барлық алпауыт мемлекет өздерін зайырлы мемлекетпіз деп атап көрсетсе де, діндеріне қатты мән беріп отыр.Әлемге танымал ғалым-этолог, белгілі философ Конрад Лоренц қазіргі кезде адамзаттың құрып, жоғалып кетуіне ықпал ететін сегіз апатты атайды.Өзі »Өркениеттің күнәлары»деп атаған бұл апаттарға халық санының шамадан тыс артуы,ғылыми-техникалық прогрестің жылдам дамуы,адамдық қасиеттердің жоғалуымен қатар дәстүрден қол үзуді атайды.Лоренцтің пікірінше,қазіргі өркениет адамдары тарихи тәжірибені бүгінгі күн талабына сай келмейтін ескінің қалдығы, консерватизм деп қарап,дәстүрден қол үзген.

Демек, дәстүріміз бен дінімізді сабақтастырып, ақпараттық заманымыздың толқымалы шарттарына жаңаша икемдеп, жаһанданудың дүлей дауылына қарсы қоя білуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді сақтай отыра, мәдениет, ғылым, технологияның үстемдігі үшін алапат бәсекеде алдыңғы қатарда болғымыз  келсе, ұлттық рухымыз бен болмысымызды заман талабына қиюластыра білуіміз қажет. Елбасымыздың “Мәңгілік Ел” идеясының да негізгі айтпағы осы.

Бір айта кетер қуанышты жәйт, Қазақстанның әр түрлі аймақтарында жүргізілген әлеуметтік зерттеулер қазақстандық жастар арасында дініміз исламның беделінің жоғары екендігін, тіпті діндарлығының да көз қуантатындай деңгейде екендігін көрсетті. Дінаралық, ұлтаралық қарым-қатынастарды реттеуде әлемге үлгі боп, елеулі жетістіктерге жетіп отырған Қазақ елі Мәңгілік Ел мәртебесіне жету үшін  идеологиялық салмағы ауыр тұғыр қалыптастыруда, тұғырдың киелі мәнін түсініп, бағалай білу арқылы түсірмей, ұстап тұру өз қолымызда, ағайын!

Бекжан ШАЛҒЫНБАЕВ

дінтанушы,

Атырау қаласы

.

 

 

 

 

.

 

 

 

 

 

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close