Көкейкесті
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек бар ма біздің жастарда?
Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Әр ұрпақтың пешенесіне жазылған заман ағымы, кезең тынысы болады.
Абай атамыз он тоғызыншы қара сөзінде «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің сөзін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» деген. Ал он екінші қара сөзінде «Кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір, жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны Құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды» деген.
Иә, қазіргі жаһандану дәуіріндегі көрініс беретін қоғамның бүгінгі келбетін құраушы, адамзат баласын кемелдікке, ізгілікке жетелейтін ұлы күш – рухани тәрбие, рухани білім. Жастарымыздың теріс сенімге сеніп, сергелдең болуы – діни білімнің төмендігінен. Қазақтың «Екпей, егін шықпас, үйренбей, білім жұқпас» деуінің себебі де осы. Егер бір нәрсені үйренуге, білуге, ақ пен қараны ажыратуға ниеттенген жастарға әрқашан мемлекет тарапынан қолдау бар. Зайырлы мемлекетте, заңды қоғамда өмір сүретін адам, тіпті ол дін маманы болсын, басқа саланың адамы болсын, жан-жақты білімді, ақыл-ойы кемелденген, өзінің отбасына, болашағына, өзі өмір сүретін елдің бүгіні мен ертеңін ойлайтын пайым-парасаты мол тұлға болып қалыптасуы тиіс.
Мемлекетіміздің мақсаты – өскелең ұрпақтың Отанын сүйетін, ата-анаға, еліне опа беретін азамат болып өсуіне күш салу. Адамның үш асыл қасиеті – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек кеудесінде иман ұялаған адамда ғана болады.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқандай, «Көңіл жайдары әрі ата-анаға берілген сый» болып табылатын балалардың аманат екендігін естен шығармау керек. Сондықтан балалардың материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз етумен қатар, рухани қажеттіліктерінің де өтелуіне баса назар аударуымыз тиіс. Жастар – кез келген халықтың бүгіні мен ертеңінің кепілі. Сондықтан болашағын ойлаған кез келген халық оңы мен солына жұмсаған уақыт пен күшінің бір бөлігін осы күш-қуаты мен жігері тасыған, әрі кір жұға қоймаған жастарын тәрбиелеуге жұмсауы керек. Жастардың дұрыс адам болып қалыптасуы үшін ата-ана, ұстаздар, айнала, жалпы қоғам болып атсалысуымыз керек. Ендеше ата-бабамыз қалдырған әділеттің ақ туын берік ұстап, елін-жерін, дінін сүйетін, қоғамға пайдасы тиетін жастарымыз көп болғай!
Нүркен ӘМІРАШЕВ,
Атырау қаласы