Сыр сандық

Ислам және қазақ дәстүрінің құндылықтары

Құндылық дегеніміз бір заттың адамға тигізер пайдасы мен маңыздылығын білдіреді. Құндылықтардың өзі материалды және рухани болады. Қазақ дәстүріндегі құндылықтардың барлығы ислам дінімен ұштасып қайнайды. Қазақ халқының бала туылғаннан жасайтын жоралғылары діннен алынған. Мәселен, шілдехана, бесік той, сүндет той т.б., қыз баласына қатысты ұзату тойы, беташар, қалың мал, келіннің сәлем салуы ислам дінінен негіз алады.

Ислам діні VIII ғасырда қазақ жеріне Қарахан заманында келе бастады. Қазақ халқының өмір сүру салтының негізі ислам дінінде жатыр. Ислам дінінің құндылығы – бір Аллаға сену, періштелерге иман, кітаптарға иман, ақыретке иман. Сонымен қатар ислам діні ата-ананы сыйлауға, қорлық, зинақорлық жасамау, ұрламау, өтірік айтпау, туған-туысқанмен қарым-қатынасыңның дұрыс болуын, көршіңмен қарым-қатынасың түзу болуын, жаман әдеттен бойынды аулақ ұстау дегенге  шақырады. Қазақ халқы ықылым заманнан бір Құдайдың бар екендігіне сенген. «Көрші ақысы – Құдай ақысы» деген қағидатты ұстанған. Бұдан бөлек, қазақ халқы қыз баланың тәрбиесіне қатаң қарап, 40 үйден тыйып отырған. Қыз баланың бойына имандылықты, ұяңдықты анасы қолынан келгенше сіңірте білген.

Қазақ халқы қыз баланы қонақ, болашақ ана деп тәрбиелеген. Қазақтың баласына деген тәрбиесі талбесіктен басталған. Мысалы, Абай атамызды анасы Ұлжан дәретсіз емізбеген. Бұл жерден қазақтың тектілігін байқауға болады. Сонымен қоса, А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин сынды ақындарымыз өлең жолдарын Алланың атымен бастаған.

Халқымыздың дәстүріндегі құндылықтар ислам дініне негізделгенін байқауға болады. Алайда қазіргі уақытта салт-дәстүрімізді, құндылықтарымызды ұмытып кеткен секілдіміз. Өзіміздің салт-дәстүрімізді, құндылықтарымызды жаңғыртып, қолданысқа енгізу қажет. Салт-дәстүрімізді ұмыту дегеніміз халқымыздың шығу тарихын ұмытумен тең екендігін ескерген жөн. Өкінішке орай, рухани құндылықтарды ұмытып, материалды құндылыққа мән беріп жатқанымыз бар. Қазіргі кезде дәстүрлі емес бағыт өкілдері қарсылық білдіріп, салт-дәстүрімізді білмей, «бидғат», «ширк» деп айып тағуда. Бұған жол бермеу үшін жастарымыздың бойындағы қазақ халқының рухани құндылықтарын жетілдіруіміз керек. Ұлт болашағы жастарымыздың қолында екендігін ұмытпайық.

 

Малика РУСТАМҚЫЗЫ,

«Шапағат» деструктивті діни ағымдардан

жапа шеккендерге көмек көрсету

орталығының теологі

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close