Көкейкесті

Ирак түрмесінде өмір бойы бас бостандығынан айырылған қазақ әйелдері отыр

Қазіргі уақытта Ирак түрмесінде Қазақстанның бірнеше әйелі отыр. Ресми ақпаратқа сенсек, Ирак билігі ол әйелдерді өмір бойы бас бостандығынан айырған.

Қайролла Көшқалиев

Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиевтың айтуынша, ол әйел адамдар елге қайта алмайды. «Себебі, біздің мемлекетіміз бен Ирактың арасында жазасын өтеушілерді елге қайтару  туралы келісім жоқ. Сол себепті, Қазақстан аталған әйелдердің балаларын елге қайтаруды жоспарлап отыр. Біздің ақпаратымызша, шамамен 14-15 бала елге қайтарылуы тиіс. Бірақ, олардың ішінде Атырау облысының балалары жоқ» дейді спикер Қайролла Көшқалиев.

Иә, жұмақ іздейміз деп, бір кездері туған ортасынан безініп, ата-анасын еңіретіп кеткен адасқан топтың қай-қайсы да қазір өзегін өртеген өкінішпен өмір сүріп жатыр. Жат жерде қаза болып, сүйегі ит-құсқа жем болғандар қаншама?

Тышқан қуаламағанмен, өскен шөптің тамырымен қоректенуге мәжбүр болғандардың бірі Айман (кейіпкердің есімі өзгертілді – Авт). Бір кездері Отанын тәрк етіп, елден қашқан Айман күйеуін сол Сирия даласында жоғалтты. Бес жылдай уақыт от пен оқтың ортасында болып келген Айман мамыражай тірліктің ортасына оралғанына әлі күнге дейін сене алмай жүр. «Кезінде жастықпен күйеуімнің соңынан еріп Сирия асқан едім. Ол жақта мұсылмандықтың ешқандай белгісі жоқ екендігіне барған сәтте ақ көз жеткіздім. Бірақ, бәрі кеш еді. Себебі, ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым) лаңкестері ең алдымен, шеттен келгендерді жіті бақылауда ұстады. Біз сияқты қашқысы келетін қазақстандықтар көп едік. Бірақ, оның біразы елге қайта алмай арманда кетті» дейді Айман.

Кезінде қаржыгер мамандығын игеріп, әп-әсем табыс тауып келген Айман қазір жалтақтау. Өзін-өзі қайрап, бейбіт өмірге енді бейімделіп келеді. «Өзегімді өртеген өкініш көп. Мүмкін, бейбіт өмірдің шын қадірін түсіну үшін, маған нақ осы жолды  жүріп өту керек те болған шығар. Білмеймін» дейді Айжан.

Айжанның ендігі мақсаты өмірден өз орнын тауып, үлгілі ана, қоғамның белді мүшесі атану. «Егер мен өз өмірімді мысал ету арқылы, өзгелерді жамандықтан тыя алсам, ата-анамның разылығын аламын деп үміттенемін» дейді Айжан.

Жалған діннің жетегінде жүріп, баскесерлердің қуыршағына айналған 23 атыраулық әйел бүгінде «Жусан» операциясымен елге оралды. Қазіргі таңда елге қайтарылған алты атыраулық әйел адамның үстінен қылмыстық іс қозғалуда. Мұнымен қоса, «Жусан» операциясымен елге қайтарылған 6 ер адам да тергеу изоляторында отыр. Ал, өмірге келмей жатып қанға боялған даланы көруге мәжбүр болған атыраулық 66 бала бүгінде арнайы орталықтарда бейбіт өмірге қайта бейімделіп жатыр.

Біз жаңа ғана цирфларды тізіп өттік. Ал, сол цифрдың астында қаншама тағдыр, қаншама төгілген көз жасы жатыр десеңші… Адасқан тағдырлар-ай…

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

 

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close