Мақалалар

Бақытты отбасы болу үшін

Алла Тағала бүкіл жаратылыстарының ішіндегі ең ардақтысы да қадірлісі болып саналатын адам баласын ер мен әйел етіп жаратты. Ер мен әйелдің араларына сүйіспеншілікпен махаббатты орнатып, жақсылықта жарысып, жамандықтан бойларын аулақ ұстауды, бір-біріне деген сеніміне берік болуды үйретті. Алайда, өмір тек бақытты, шаттықты күндерден тұрмайтыны бәрімізге де белгілі. Өмірдің осындай кезеңдерінде бір біріне тірек болуы үшін, жұбаныш болуы үшін Аллаһ тағала ер мен әйелді жұп етіп жаратты. Ол туралы Құдай тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз Біз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық» дейді.Сол ер мен әйелден құралатын отбасы дейтін шағын отан – сыйластықпен ғана отан болып тұра алады. Қазақтың «Отан отбасынан басталады» дейтіні содан. Себебі, отбасы – бала  тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Адамның жеке басының қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы белгілер отбасында қалыптасады. Бақытты отбасы дегенде ойымызға бірден  қайратты әке мен мейірімді ана, жадыраған балалар келеді. Бірақ, отбасының бақыты үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Отбасы мүшелерінің сыйластығы, махаббаты, бір-біріне деген құрметі мен сүйіспеншілігі, мейірімі болса жеткілікті. Әрине, «үйлену оңай, үй болу қиын». Бақытты отбасы болу жолында талай қиындықтар мен кедергілерден өтіп, сан белесті бағындыра білу керек. Отбасының тату-тәтті болуы отбасы мүшелеріне әсер етеді. Егер отбасында ұрыс-жанжалдар болатын болса бала психологиясының ауытқуына алып келуі мүмкін. Ал егер, ата-ана баласына  қуаныш пен шаттықты күндерді ғана көрсетсе, бала толыққанды болып, балалық шағының тәтті естеліктерімен өсетін болады. Отбасы – баланың эмоционалды, рухани құндылықтарды бойына сіңіретін ортасы. Ата-ана балаға тәлім-тәрбие беріп, жақсы мен жаманды, адамдармен қарым-қатынас жасауды  үйретеді. Басқаша айтар болсақ, отбасы – үлкен өмірге дайындайтын алғашқы мектеп. Ал сапалы «білімді» қайдан, қандай ортадан алуға болады? Әрине, өзара гармонияда, бақытты ортада өмір сүретін, сол бақытты жасай алатын адамдардан алады. Осындай бірлігі жарасқан отбасынан шыққан адамөзінің отбасын бақытты ете алады, өмірде өз орны бар жеке тұлға ретінде қалыптасады.

Бақытты отбасы дегенміз – бірін-бірі түсіне алатын, үнсіз сыйласа білетін жұптар. Бір біріне мүлдем ұқсамайтын екі адамның бір шаңырақ астында өмір сүруі үшін ең алдымен түсінісуі керек. Себебі отбасындағы келеңсіз оқиғалар мен ұрыс керіс ол түсініспеушіліктен туындайды.

Әр адамның ең басты мақсаттарының бірі – отбасылы болу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)хадис шәрифтерінде: «Үйленіңдер, көбейіңдер! Қиямет күні мен сендердің көптіктеріңмен мақтанамын»,-деп, үйлену ісіне айрықша маңыз берген. Шын мәнінде, ерлі-зайыптылар бір шаңырақтың астында өмір сүруімен бақыттың дәмін тата отырып, бір-біріне деген сенімінің қалыптасуы – Алла Тағала нәсіп еткен үлкен нығметтердің бірі.

Пайғамбарымыз(с.ғ.с) хадис шарифтерінде: «Жанұяңыз үшін нені сарп қылсаңыз да, оның сыйын аласыз. Тіпті ол әйеліңіздің аузына қолыңызбен салған бір тілім ас болса да» деген екен. Қарапайым тілмен түсіндіріп кететін болсақ, шаңырағанының мықты болуын қалаған отбасы, бұл дүниелік бақытқа қол жеткізумен ғана шектелмей, ақыреттегі мәңгілік бақытқажетуді ойлап, екеуі де соған сай іс-әрекет жасауы керек. Сонда ғана Алла Тағала нағыз бақытты өзі нәсіп етеді.

Отбасын құрудағы негізгі мақсат – Алла Тағаланың разылығын алу және жақсылық пен жамандықта, қайғы мен қуанышта бірге болып, бір-біріне деген сенімнің бекем болуы. Сол себепті, өмірдің сан алуан сынақтарына мойымай, әркім өз пайдасын емес, отбасының пайдасын ойлап, ынтымақтық аясында үйлесімді өмір сүруі ең басты құндылық болып табылады.

Отбасы берік болуы үшін,оның ыдырауына  себеп болатын қате-кемшіліктерге кешіріммен қарау керек. Кешірімшіл болу – мұсылманның сипаты. Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Кешір, жақсылыққа шақыр және надандардан бетіңді бұр!» (Араф 199). «Кешіріңдер, Алла Тағала да сендерді кешірсін және құрметтеріңді арттырсын!» (Исфехани). «Алла разылығы үшін кешірген адамның Алла Тағала дәрежесін көтереді.» (Мүслим)

Қорыта айтқанда, отбасы мүшелерінің әрқайсысы өз міндеттерін орындай отырып, қандай жағдай болмасын, әркім өз пайдасын емес, отбасының пайдасын ойлауы, ынтымақтық аясында үйлесімді өмір сүруі деген сөз дер едім. Отбасын да әркім өз орнын да болса, яғни ер адам өзінін басшылық орнын әйел адам өзінің бағынушылық орнын дурыс сақтаса, оны мен қоса бір-бірінің ақыларын да адал болса, қызметтерін дұрыс атқарса,онда отбасы бақыт пен шаттық толған отбасылардан болары хақ. Сол үшін әр адам өзіне жүктелген міндетті орындап өз орны мен жүріп тұру керек. Бір-біріне деген сөздеріне үйлесімділік тауып түсіністікпен қарау керек.

Фатима Садыбекова, 

Оңалту жұмыстары бөлімі маманы

Ақтау қаласы

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close