Мақалалар

«Зайырлы мемлекет пен қоғам – біздің тарихи таңдауымыз»

Әлемдегі зайырлы 113 мемлекеттің  бірі – Қазақстан Республикасы. Ата Заңымызда нақтыланғандай, Қазақстан Республикасы зайырлы, демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет.

ҚР Конституциясының 1-бабы 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» делінген.

Зайырлы мемлекетімізде білім мен ғылым дінге тәуелсіз. Сондай-ақ мемлекет дінге, дін мемлекет ісіне араласпайды. Мемлекеттік дін жоқ және дін бәріне ортақ болмайды. Қазақстан азаматтарының дінге сену, сенбеуі өз еріктерінде. Ел азаматтарының ар – ождан бостандығы заңмен қорғалады. 

Конституциялық басқару тәртібі, құқықтық жүйесі, сот билігі бар мемлекетімізде адам өмірі, бостандықтары мен құқықтары қорғалған. Яғни, ҚР азаматтары өзі қалаған дінге сену, сенбеуге құқылы және Ата Заңымызға орай, азаматтарды ұлтына, тегіне, жынысына, тіліне, дініне, діни сеніміне, әлеуметтік, лауазымдық жағдайына, мекеніне байланысты кемсітуге тиым салынған. Яғни, ҚР азаматтарының конституциялық құқықтарының бұзылуына жол берілмейді. Сондай-ақ, зайырлы мемлекетімізде барлық дін өкілдері заң алдында бірдей жауап береді. Бұл қағидалар зайырлы мемлекетімізге тән. Құқықтық қағидаларды басшылыққа алған мемлекетіміз діни сенімдерді адам табиғатына тән қажеттіліктің бірі ретінде қарастырған.

Елбасы айтқандай,  «Зайырлы мемлекет пен қоғам – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлы деген атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлы дегеніміз – озық, толерантты, ашық қоғам. Біз дәстүрлі діндерге қолдау көрсетіп, кез келген экстремизм түрін үзілді-кесілді мойындамаймыз»

Ата Заңымызда көрсетілген зайырлылық қағидаттарына сәйкес,  басты байлығымыз – адамнің діни наным- сенімдеріне құрметпен қарап,  құқықтарын сақтап отырған мемлекетімізде зайырлылық ұғымын «дінсіздік», «харам» деп қабылдаған діндегі адасушылардың пайда болуы және олардың қоғамға жат идеяларын белсенді жүргізуге тырысулары алаңдатады.

Бүгінгі таңда радикалдық идеяларды таратушылар ел тұрғындарының және әлеуметтік желіні есепсіз қолданушылардың діни сауатының төмендігін пайдаланып отыр. Интернеттен оқыған ақпараттарды сараптауға сауаты жетпейтін жастар деструктивтік діни ағымдардың қақпанына түсіп, жат идеологиялар ағымына жұтылып, экстремизмге бой алдыртып отырғаны қынжылтады.

Қазақ қоғамына зиянды, зайырлы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қауіп төндіріп  отырған жымысқы идеологиялар жетерлік. Олар –  ғаламторда және тұрғындар арасында да құқықтық мемлекетіміздің саясатына жат идеологияларын тықпалап, ұлттық, мәдени, тарихи құндылықтарымыздың тамырына балта шабуға тырысуда. Бұл әсіресе, шетелдік уағызшылардың интернетке жүктелген уағыздарынан уланған деструктивтік діни теріс ағымды ұстанушылар тарапынан анық байқалуда. Олар қазақтың ғасырлар бойы ұлтты ұлт қылып ұстап тұрған діліне, салт- дәстүр, салт- санасы мен ырым-тиымдарынан бастап, тарихына, мәдениетіне, рухани құндылықтарына қарсы шығуда. Бірақ адасушылар бір нәрсені білуге тиісті. Зайырлы, құқықтық мемлекетіміздің ұстанымы – елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын, ұлтаралық, дінаралық татулықты нығайту. Сондықтан мемлекет  дініне, тіліне, нәсіліне, әлеуметтік жағдайына қарамастан өз азаматтарына конституциялық нормаларды орындауды міндеттейді. Қазақстан азаматтары мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетуге,  елдің мәдени- тарихи құндылықтары мен мұраларын сақтауға міндетті. Зайырлы мемлекетіміздің қалыптасқан құқықтық негізі діни алауыздыққа, араңдатушылыққа,  экстремизм мен терроризмге жол бермейді. Осы бағыттағы елімізде жүргізіліп отырған кешенді жұмыстар «Дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың 2021 – 2023 жылдарға арналған кешенді жоспары» бағдарламасында нақты көрсетілген.

 Гүлмира БАЛҒОЖАЕВА,

Маңғыстау облысы Дін істері басқармасы

Діни бірлестіктермен байланыс және діни

экстремизмге қарсы насихат жұмыстарын

ұйымдастыру бөлімінің басшысы

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close