Көкейкесті

Мұхаметбек: «Адасуыма салафизм ағымының қылмысқа бейімдігі себеп болды»

Мұхаметбек  Елубаев  37 жаста. 2018  жылы Алматы қаласы Алмалы аудандық сотымен ҚР ҚК-нің 174-бабы 1 бөлігімен (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) 7 жылға сотталған.

 Бүгінде Ақтау қаласындағы 176/6 қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеп жатыр.

 

Мұхаметбек дінге қалай келді?

 «Мен қылмыстық тұлға болдым. 2013 жылы түрмеде тонау бабымен отыр едім. Деструктивтік діни  ағымға келуіме, радикалдануыма сол кезге дейін қылмыс жолында болғаным  себеп болды.

 Діни теріс ағымдағылар қылмыс жасауға бейім екен, олардың ұстанымы менің жаныма, ұстанған өмір салтыма жақын болып шықты. «Намаз оқымаған кәпір, оны тонауға, дүниесін тартып алуға болады» дегендері  жаныма сондай жағып кетті. Жаман нәрсені жылдам қабылдаймыз, жеңіл ақшаға қол жеткізгің келеді, біреудің меншігіне қол сұғу, иемдену, әлімжеттік жасау, жалпы жамандық жылдам қабылданады. Сол ұнады» дейді ол.

 

Мұхаметбек 2009  жылы тонау, қарақшылық шабуыл, кісі өлімі бабымен 8 жылға сотталады. Намазды 2013 жылы түрмеде діни экстремизм бабымен жазасын өтеп отырғандардан үйренген.

«Олар маған тыңдауға флешкаға жазылған Сайд Буряткийдің уағызын, «Үш негіз», «Төрт қағида» кітабінің дәптердегі көшірмесін  берді. Түрменің ішінде мазхабсыз, теріс ағымда намаз оқып бұзылдым. Түрмеден шыққан соң халифатқа, жихадқа шақырған видеоларды тыңдап, сақтап қойғанмын, сол үшін 2018 жылы екінші рет сотталдым,» дейді ол.

Мұхаметбек 2017 жылы жазасын өтеп шыққан соң, түрмеде қабылдаған деструктивтік ағымды одан әрі жалғастырады. Ол 2017 жылдың маусым- тамыз айлары аралығында  «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде  «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының  көзқарасын қолдаған экстремизм, терроризмді насихаттайтын материалдарды жүктеген.

М.Елубаев  2018 жылы  ҚР ҚК-нің 174-бабы 1 бөлігі, 256  бабының 2 бөлігі бойынша  (қосымша 58 бабының  3 бөлігі – қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жаза тағайындау) 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

 

«Алты  жаста қаңғыбас атандым»

 «Қиын бала болдым. Нағыз тәрбие керек жасымда әке- шешем жол апатына түсті, өте халсыз жағдайда болды да мен ата- әжемнің қарауында қалдым. Сол қиын уақытта үлкендердің менімен ісі болмай қалды, тіпті мектепке бару деген ой да болған жоқ. Сөйтіп, алты жасымда  Алматы көшесіндегі тентек, қаңғыбас балаларға қосылып кеттім. Ата- әжем, әке-шешем бәрі орысша сөйледі, кейін өзім де орыс мектебінде оқыдым, қысқасы қазақы тәрбие көре  алмай қалдым.

Қарны ашқан бала не істейді? Әрине,  ұрлық, ұсақ бұзақылық жасадық.Ол өсе келе ұрлық, тонау, қарақшылық шабуылға жалғасты… Бүгінде сол кездегі қасымдағы көше балаларының бірі де жоқ,  кейбірі өлді, кейбірі түрмеде».

 Мұхаметбек ержеткен соң жұмыс істеген, үйленіп, ажырасып кеткен. 16 жаста бір қызы бар. Ата-анасы бауырлары бәрі дін аман.

«Бұрынғы  қылмысқа толы жолым да, кейін дінге келген жолым да дұрыс емес. Көшеде өстім, жас, қызуқанды болдым.  Қазір  ақыл тоқтаттым, адасқаныма, дұрыс өмір сүрмегеніме  сенімдімін. Түрмеде теологтардан білім алдым, енді кез кезген адамнан, кез келген уағызды тыңдамаймын. Себебі өткен жолымның қате екенін 100 пайыз біліп отырмын. Құран , фиқһ, адастырмас нақты хадистерді түсінгім келеді.

«Салафизм ағымында құран, хадистердің өздеріне керек жерлерін ғана кесіп алып, теріс бағыт бергеннің кесірінен адастық.  Бұл қазіргі жастардың да проблемасы болып отыр. Діни білімсіз  намаз оқу өте қауіпті.  Жастарды сақтау үшін интернеттегі теріс уағыздарды тию керек. Біз сияқтылар өздерінің  қалай адасқандарын жастарға түсіндіру керек» дейді Мұхаметбек.

  Мұхаметбек тар қапаста әлі де 4 жыл отырады. Ол деструктивтік діни ағымға еріп кеткенін өзінің исламға дейінгі қылмыс әлемінің кесірінен көреді. Дәлірек айтсақ, «діни радикалдардың  қылмысқа жақындығы жаныма жағып кеткені себеп болды» деп отыр. Кейіпкеріміздің өз сөзімен айтсақ, «Салафизмге ергеніме қылмыспен айналысқаным себеп болды, олар қылмыс істеуге бейім, яғни менің жаныма да жақын болып шықты, сондықтан оларға ердім» дейді ол.

« Түрмеден шыққан соң жұмыс істеймін, үйленемін. Бұл жерден шыққанда қырық жастан  асады екем, сіз түсінесіз бе, менің отбасым жоқ қой… Мен өмірде  көп қиындық көрдім. Енді қалған уақытта өмірдің жақсылығын ғана көргім келеді. Тырысуым керек соған»

 Мен онымен қоштасарда  «өткеніңізге, артыңызға бұрылып қарау сізге оңай емес шығар»  деп едім.  «Артқа бұрылып  қажеті жоқ, мен ол жақта болғанмын!» деді ол…

Әңгімелескен Ұлдай САРИЕВА,

Durbi.kz

Ақтау қаласы

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close