Руханият

Ұлыстың ұлы күні – ұлағат ұстыны

немесе төл мәдениет түбіріне балта сілтейтіндерге тосқауыл бола ма?

Күн мен түн теңеліп, қыр бусанып, қала мен дала ғажайып кейіпке енетін Наурыз айы – нағыз көктем хабаршысы. Мейрам тарихы мыңжылдықтарды қамтиды.

22 наурыз күніндегі тойды қазақтар «Қызылбастар наурызы» деп атаған екен. Бұлай деп атаудың да астары өте терең. Қызылбастар – парсы жұртына сіңген түркі тайпалары. Олар діни сеніміне байланысты қызыл сәлде киіп жүрген. Парсы жұртының тікелей мұрагері Иран – ислам дінінің шиға тармағын ұстанатын ел. Ежелгі Иран елінде зороастризм діні өріс алған. Зороастризмге сенгендер құдай от бейнесінде болады дескен. Содан отқа табыну ғұрпы кең етек жайды. Қазақ даласында жын-періні отпен аластау, таңғы күн алауына көз тастау, «отыңды өшірме» деген тілек айту иран мәдениетінің ықпалы деп топшылайды ғалымдар. Ислам – бірқұдайлық сенімге негізделген діндердің бірі. Сондықтан тәухид іліміне қатаң қарайтын араб елдері Наурыз мейрамына тыйым салады. Тіпті Қазақстан жамағаты арасында да уәхабилік идеология көсемдері ұлық мейрамды күстаналаудан жалығар емес. Бірақ түркі-моңғол тайпаларының этникалық қарым-қатынасы арқасында қалыптасып, кейін байрақты ту астында тұтас хандыққа топтасқан қазақ халқы ұлан-ғайыр даланы иемдене отырып, шариғат заңдарын негізге алып, ислам дінінің игі қайнарымен тоғысқан ұлттық салт-дәстүрін, ырым-тыйымдарын қазіргі дәуірге дейін ала келді. ХVI ғасыр басында Иран мен Әзербайжанның аумағындағы тайпалар Сефевид мемлекетін құрған. Шиға сенімін ұстанатын әзербайжандар әлі күнге Наурыз мейрамын тойлайды. От үстінен секіріп, билеп, халық күнәсін жарылқауды тілейді.

Түркі халықтары мен орта Азия, таяу Шығыс, Балқан түбегі елдері, Қап тауының тұрғындары Наурыз мейрамын тұрақты түрде атап өтеді. 2009 жылы ЮНЕСКО ұйымы Наурыз мерекесін адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізді. Келесі жылы БҰҰ Бас ассамблеясы «Халықаралық наурыз күні» деген мәртебе берді.

Ежелде славян халықтары көктемнің алғашқы айын «сухий» деп атаған. Сухий айының 1-і күнін қуана қарсы алып, 1343 жылға дейін мерекелейтін болған. Болгарлар мен украиндер 22 наурызда Бозторғай күнін тойлаған. Қазіргі кезде Наурыз мейрамын нәсіліне, сеніміне, тіл ерекшелігіне қарамастан, әлемдегі біраз халық асыға күтеді. Сондықтан оны бір ұлтқа теліп қоюдың қажеті жоқ. Әуел бастағы діни культінен айырылғаны анық.

22 наурызды қазақтар Ұлыстың ұлы күні деп атаған. ХІ ғасырда «Диуани-лұғат ат-түрк» еңбегін жазған Махмұд Қашқари «ұлыс» сөзін мемлекет деп түсіндірген. Бір қызығы, 1991 жылы Наурыз мейрамы елімізде ресми түрде мемлекеттік мәртебеге ие болды. Тәуелсіздік жылдары қарсаңында қазақтар Ұлыстың ұлы күнін тойлауға рұқсат алды. Себебі советтік жүйе атеистік ұстаныммен көз алартып, 1926 жылы ел ішінде тойлауға тыйым салды. Бірақ тоталитарлық саясат тоқпақ көтергенімен, қазақ Наурызды ұмытпады. Меңіреу кезеңде ұрпақ санасын мешеу қалдырудан қорғады. Қызыл империяның қабырғасы сөгілер тұста тұтас халық ұлық мейрамды тойлауға қол жеткізді. Оның өзінде КСРО билеушілері Желтоқсан оқиғасынан кейінгі қуғын-сүргінде кеудесін кек оты маздаған халық көңілін жұмсартуға тырысқан саясатынан туындаған шешім секілді. Жет қат көктің сырына әуелден қанық қазақ содан бері жеті түрлі дәм қосқан Наурыз көжені сүйсіне ішіп, ат шаптырып, балуан күрестіріп мәре-сәре болады.

Коммунистік идеология «ескіліктің сарқыншағы» деп алпыс жылдан астам уақыт жерлеп келген Наурыз мейрамына уәхабшылдардың да жаны қас. Атеистер «діни атрибуттары бар» деп үріксе, сәлафшіл содырлар «мәжусилер мерекесіне ұқсас» деген уәж айтады. Арабтар отқа табынатындарды «мәжуси» дейді. Қазақстанда талай адамның адасуына себепші болған, уәхабшыл-сәлафшыл идеологтардың пірі, елімізде діни іліміне ресми түрде тыйым салынған шейх Ибн Тәймияның «Кәпірлердің мерекелерінің қайсыбірінде оларға еліктеу адамның солардың жалған сенімдері мен әдет-ғұрыптарына разы екенін білдіреді», «Кәпірлердің мейрамдарында мұсылмандар оларға дәл сол нәрсеге қолданатын киім болсын, тамақ болсын, әтірлер және т.б. болсын, ештеңені сатпаулары керек», — деген пәтуасы («Әль-Иқтида», 229) бар екен.

Бірақ мұндай көзқарасқа жіпсіз байланып, сынықтан сылтау іздеп, сырт айналуға даяр тұратын сыңарезу уағызшыларға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әуелден жауап қатқан. «Кез-келген салт немесе дәстүр халықтың діни ұстанымдарына қарай бейімделеді. Наурыздың қазіргі бет-бейнесі біздің салтымыз бен діни құндылықтарымызға әбден сіңіскен деуге болады. Бүгінде наурыз мейрамы діни ерекшеліктерін жоғалтып, отқа табынушылық дінінің элементтерінен ада, халық арасында тек дәстүр ретінде қалыптасқан. Оған дәлел мұсылман тіршілігіне қатысты сан алуан салалардағы іс-әрекеттердің заңдылық сипатын анықтайтын фиқһ ілімінің негіздерінде «Әдет-ғұрып – төреші», яғни нақтылы дәлелдер келмеген кейбір мәселелерде адамдар арасында қалыптасқан әдет-ғұрыпқа жүгініп, солардың негізінде үкім шығарылады деген заңнамалық қағида. Наурыз мерекесін тойлау шариғатқа қайшы емес, оны бұзылған діни сенімдерге байланыстыруға да ешқандай негіз жоқ, керісінше осындай салт-дәстүрлеріміз арқылы халқымыздың ынтымақ-бірлігі күшейеді, туыстық, достық қарым-қатынастар нығаяды, сүйіспеншіліктері артады. Ендеше, әз Наурызды жатсыну, халық арасында дау тудыру, салт-санаға шабуыл жасау – ағаттық. Діні мен дүниесін қатар ұстаған халқымыздың бұрын бөлмегенін бүгін бөлудің ешқандай мәні жоқ», – деп пәтуа айтқан екен ҚМБД мамандары.

Интернетті ашсаңыз, бір ғасыр бұрын Америкада христиандық бағыттағы жаңа ағымды қалыптастырған халықаралық діни ұйым – Ехоба куәгерлерінің «JW.ORG» атты сайты бар. Сайтта біздің елдегі филиалын «Қазақстан Республикасындағы Ехоба куәгерлерінің мәсіхшілік орталығы» деп атап көрсеткен. Қазақстанда бұлардың орталығы 2012 жылы  мемлекеттік тіркеуден өткен. Заңсыз жолмен діни әдебиеттер таратқандықтан, Қазақстанда аталған ұйымға бірнеше мәрте сот шешімімен айыппұл салынған. «JW.ORG» сайтындағы мәліметтер қазақ тілінде сауатты жазылған. Сайт материалдарын саралай отырып, «Құдайға ұнамсыз мейрамдар» тарауынан «Наурыз мейрамы қайдан бастау алған?» деген тақырыпқа көзім түсті. Ехобашылар «Көктемде тойланатын Наурыз мейрамы бір қарағанда еш зиянсыз болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл мейрамның түптамыры қайда жатыр? «Британ энциклопедиясындағы» мәліметке сай, Наурыз – жиі зороастризм және парсизммен байланыстырылатын Жаңа жыл мейрамы» деп жазады да, Қазақстан ұлттық энциклопедиясындағы анықтаманы сөзбе-сөз келтіреді. Мифтік түсінікке орай, халықтың Қыдыр атаны күтетінін де жасырмайды. Одан әрмен «Жоғарыдағы мәліметтерден анық көрініп тұрғандай, Наурыз зороастризмнің отқа табыну ырымдарынан шыққан, ал мереке кезінде жасалатын жоралар спиритизмге тән. Осыны ескерер болсақ, шынайы Құдайдың қызметшілері оны тойлаудан және онымен байланысы бар барлық жора-жоралғылардан аулақ болулары керек емес пе!?» деген кесімді шешім, күмәнді сауал тастайды.

Ехобашылар мейрамға байланысты көпшілік шараларға қатысар алдында «Оның спиритизммен не жалған діннің басқа да істерімен я ілімдерімен байланысы бар екені анық па?», «Адам, ұйым не ұлттық рәміз өзіне тиесілі емес құрметке бөленіп, дәріптеле ме?» деген сұрақтарға ойлануды ұсынады. Діни кітаптарынан «[Опасыз исраилдіктер] пұтқа табынушылармен араласып, олардың істерін үйреніп алды» (Забур 105:35), «Осы дүниелік емессіңдер» (Жохан 15:19), «Иеміздің және жындардың да дастархандарына бірдей қатысуларыңа болмайды!» (Қорынттықтарға 1-хат 10:21) деген уәждерін алға тартқан.

«JW.ORG» атты сайттағы «пәтуа» қазақстандық йеговалықтар арасында үздіксіз насихаттап жатқанына сеніміміз кәміл. Үгіт-насихат мазмұнынан психологиялық тұрғыда иландыру бойынша пісіп-жетілген кәсіби шеберлік белгілері байқалады. Бұндай діни көзқарас түркілік танымның тұнық бастауын лайлау, мейрамды тойлайтындарды меңіреу санап, әпербақандық шабына ши жүгіртудің анық көрінісі емес пе? Елімізде ұлттық құндылықтарымызға соққы беруге мүдделі діни ұйымдардың бары жасырын емес. Демократия деп құшақ ашып, ділі бөлектердің мүддесін сараптамай, қамсыз отыруға болмайды. Қазақ халқының рухани құндылықтарын аяусыз таптап, аяқасты қылуға құмар сыртқы және ішкі күштер мен мерез пиғылдылар жетерлік.

Ұлыстың ұлы күні – ұлағат ұстыны. Әлем болып қадір тұтатын адами құндылықтар мен ізгі қасиеттер – жаңа жыл қарсаңында өкпе тарқатып, кешірім сұрау, жақын-жұрағатпен амандасып, үлкендерге сәлем салу, баба мұрасын жаңғыртып, ақ дәм ұсыну, қонақжайлылық қасиет, көңілге шуақ сыйлайтын салт-дәстүрлер еліміздің тұрмыс-салтымен біте қайнасып кеткен. Сан этносты бауырына басқан Ұлы Дала елінің ұлық мейрамын ешкім жатсынған емес. Ұлттың түп-тамырына балта сілтеп отырған діни ағымдардың дүдамал пиғылына тойтарыс беру – әр қазақтың қасиетті міндеті. Наурыздың белортасында Қазақстанның батыс аймағында көріс айттан, Маңғыстау аймағындағы Амал мейрамынан бастау алатын мерекенің қадір-қасиетін әлемдегі жалпақ жұрт жақсы таниды. Есігімізге енген Тышқан жылы әлем жұртына жақсылық әкелгей!

Нұртай ТЕКЕБАЙ,

«Дүрбі»

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close