Басты тақырып
Сирияда «Жәннатта азық көп пе?» деп сұраған сәби көрдім
Елбасының «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен кездеуі барысында Қазақстаннан шыққан тұңғыш халықаралық әскери тілші, фотограф Назгүл Кенжетай Сириядағы жағдай жайлы баяндады. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісі хабарлайды.
Назгүл Кенжетай БҰҰ және ЮНИСЕФ-пен серіктесе ете отырып, Түркияға және Сирияға бірнеше рет іссапарға барған. Ол өзінің еңбектерінде босқындардың өмір салтын көрсетеді.
«Өздеріңіз жақсы білесіздер, әлемде саяси, дипломатиялық, стратегиялық және тағы басқа себептерге байланысты көптеген қақтығыс орын алып жатыр. Сол қақтығыстардың бірі — Таяу шығыстағы Сирия. 2014 жылдан, студенттік жылдарымнан бері осы мәселелерді жақыннан зерттеуді қолға алдым. Осылайша, жас маман үшін жауапкершілігі өте ауыр жолға шықтым. Осы жолда «жәннатта азық көп пе?» деп сұраған сәбиді көрдім, өзендей ағып, жоқ болып кеткен бір мемлекет көрдім, босып кеткен халық көрдім, байрағы жерде тапталған ел көрдім және сол байрағын қорғай алмаған ер көрдім. Осының бәрін көрдім және қолымнан келгенінше әлемге көрсетуге тырыстым. Мақсатым отансыздықтың не екенін көрсету еді», — дейді Назгүл Кенжетай.
Тілшінің айтуынша, өзінің журналистикалық зерттеу жұмыстары шетелде жыл жобасы боп таңдалса да, ол үшін өз Отанын соғысқа қарсы, бейбітшіліктің көк туын желбіреткен ел ретінде әлемге таныту кез келген жетістіктен қымбат.
«Басқа дамыған елдер келешекке тура жүрсе, біздің жүгіруіміз қажет. Бүгінде Қазақстан тек қана Орта Азияда емес, қазақ журналистері, бейбітшілік әскерлері және қазақ тілі қайда болса, Қазақстан сонда. Жаһандану деп осыны айта аламыз. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, мен отансыздықтың не екенін өз көзіммен көрген жан ретінде сіздің бұл бейбітшілік жолындағы еңбегіңіздің оңайшылықпен келмегенін ұқтым», — деді Назгүл Кенжетай.
Атап өтсек, бұл жолғы «100 жаңа есім» жобасында 29 адам жеңімпаз атанды. Олардың қатарында қоғам, спорт, білім, мәдениет, бизнес, ІТ, медицина, ғылым және БАҚ саласының мамандары бар.
Анар Мұстафина
365info.kz