Боямасыз өмір

«Дарынды тыңдап, адастым»

Адасқандар

Радикалдық бағыттағы салафизмнің жетегінде кеткен Ержанның (есімі өзгертіліп алынды) жазасын өтеп жатқанына биыл екінші жыл. Терроризмді насихаттағаны үшін алты жылға бас бостандығынан айрылған Ержан ақиқатты интернеттен іздеп, оңбай қателескенін мойындап, өкініп отыр.

«Ата-әжем бұған шыдай алмас еді…»

«Жұмақты уәде етуші Дарын Мубаров сияқтылар талай мұсылманның өміріне балта шапты. Қаншама қазақ баласы Ауғанстан, Пәкістан, Сирия жерлерінде көз жұмып, қаншама ана зар жылап қалды», – деп әңгімесін бастаған Ержаннан өзі туралы көбірек білуге тырыстық.

Ержанның туған жері Ресей екен. «Бастауыш сыныпты да сол жақта оқыдым. Ата-анам әжептәуір жұмыста болды. Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда Құрманғазы ауданының Сүйіндік ауылына көшіп келдік. Сөйтіп, ата-әжемнің бауырында өстім. Жалғыз ғана қарындасым бар», – деп, көзіне жас алған жігіт алыста қалған балалық шағын сағына отырып еске алды.

«Кішкене күнімде өлеңдерді көп оқитынмын. Мұхтар Шахановтың, Фариза Оңғарсынованың шығармаларын іздеп жүруші едім. Балалық та болар, келешекте өлең, кітап жазуды армандадым. Өмірімнің бір сәтте тас-талқаны шыққанына әлі де сене алар емеспін», – деген Ержан дін жолына қалай бет бұрғаны туралы айтып берді.

«Ілімді Youtube-тан іздедім»

«Қарабатанға» жұмысқа тұрдым. Дінге деген қызығушылығым да осы кезеңде пайда болды. Компания Ресеймен маман алмасып отыратын. Бірде Сібірге зауыт салуға бардық. Компания жұмысшыларға бар жағдай жасалған жеке қонақүй жалдап беретін. Әр бөлмеде кітап сөресі болатын. Сол кітаптардың ішінде Інжіл кітабы да тұратын. Қол боста сөредегі кітаптарды алып оқитынмын. Иса Пайғамбар туралы да алғаш реет Інжілден оқып білдім. Кітаптың әсері болса керек, елге оралғаннан кейін де Иса Пайғамбар туралы айналамдағыларға айта бастадым. Сол кезде таныстарым Исаның христиан дінін таратушы Пайғамбар екендігін, мұсылмандардың соңғы Пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с) екендігін айтып, түсіндіре бастады. Сөйтіп, жергілікті мешітке барып жүрдім. Діни кітаптар алып, оқи бастадым. Кейін қызығушылығым кітаптан гөрі, интернетке ауа бастады. Youtube-тан діни бағыттағы бейнежазбаларды іздей бастадым. Сөйтіп, Дарын Мубаровтың, Назратулла, Ділмұраттың түрлі тақырыптағы уағыздарын тыңдай бастадым. Олар, негізінен, Ауған жеріндегі талибтер туралы айтатын. Көбіне талибтер мен америкалық солдаттар арасындағы соғыс туралы бейнежазбаларды іздейтін болдым. Себебі жоғарыда аталған идеологтар талибтердің қасиетті соғыс, жәннат жолында күресіп жатқандығын айтатын.

Бұл бейнежазбалардың еліте бастағаны сонша, кейін осындай бейнеконтентті «ВКонтакте» желісіндегі жеке парақшама жүктеп алдым. Бұл 2017 жыл болатын. Осылайша, экстремистік бағыттағы видеоларды таратып, насихаттағаным үшін істі болып отырған жайым бар», – деген Ержан қазір көп нәрсеге өкінетінін қайталай берді.

«Мұсылман елін қорғау жолында ғана атқа қонуы керек»

«Шынын айту керек, дін мәселесінде жүгінетіндей белгілі бір ортам болған жоқ. Достарым бар, бірақ олар діннен алыс адамдар еді. Сондықтан да діни мәселеде көп жағдайда Назратулланың, Дарынның пәтуаларына жүгініп, адастым. Бұған қоса, Тимур Мурсараевтың джихад туралы өлеңдерін де тыңдап жүрдім. «10 мың адам жиналып, Иерусалимді басып аламыз» деген бағыттағы өлеңдері қару алып, соғысуға шақыратын. Сөйтіп, мен талибандар қозғалысын ашық қолдай бастадым. Менің де қару асынып, сол «қасиетті» жолда кеткім келді. Өйткені Дарын бастаған уағызшылардың насихатында «Талибандар өзінің жерін қорғап жүр. Олардыкі жұмаққа апаратын қасиетті соғыс» деп айтылатын. Осындай адасудың соңы үлкен өкінішке алып келіп отыр.

Қазір шүкір, түрмеге ұстаздар жиі келіп тұрады. Көптеген сұрағымызға жауап береді. Бұған дейін өз басым джихад дегенді кәпірлермен міндетті түрде соғысу деп түсінген едім. Енді білемін, мұсылманның міндеті соғысу емес. Мұсылман елін қорғау жолында ғана атқа қонуы керек. Ал бейбіт күннің джихады – бұл өз нәпсіңмен күресу, ілім алу, рухани тұрғыда таза жүру.

Қазір бауырларымыздың көпшілігі Сирия соғысына кетіп қалып жатыр. Шындығында, ол дұрыс емес. Сириядағы ДАИШ болсын, Ауғанстандағы талибандар болсын, мұның барлығының артында бизнес пен саясат жатыр», – деген Ержан дінге бет бұрған адамдардың адасу себебін атады.

«Қателесу «Өзім жинақтаймын» дегеннен басталады»

Оның пікірінше, қателесудің басы «Өзім жинақтаймын. Керегін аламын» деген өзімшілдіктен басталады. «Негізінде, мұсылман бір мәзһабты ұстануы керек. Асылында, мәзһабтардың географиясы сақталуы тиіс. Ұлттың, қауымның діни ұстанымы салт-дәстүрімен, тарихымен байланысып жатады. Имам Ағзам Әбу Ханифаның жолы – дәстүрлі қазақ қоғамының қайнар көзі. Мысалға, қазақта құданы құрметтеп, бас ұсынып жатады. Мұның шариғатқа ешқандай қайшылығы жоқ. Марқұмның садақасын беру де тіріні тәубеге келтіретін жағдай. Яғни дәстүрлі қазақ қоғамының діні мен ділі, дәстүрі бір-бірімен біте қайнасып жатыр. Біз осыны түсінуге және қабыдауға тиіспіз», – дейді Ержан.

Сөз соңында біз Ержаннан оның арман-мақсаттары туралы сұрадық. «Өзім мамандығым бойынша электрикпін. Жеті жылдай осы салада жұмыс істедім. Осы салада дамығым келеді. Қазір түрмеде отырып, ағылшын тілін үйреніп жатырмын. Әжептәуір еркін сөйлейтін деңгейге жетіп қалдым. Ағылшын тілінен сабақ беретін ұстаздан кітап алып тұрамын. Осылайша, мүмкіндігімше тіл үйренудемін», – деген Ержан оқырмандарға өзегін өртеп жатқан өкініші туралы жеткізуімді сұрады.

«Екі баламның қалай өсіп жатқанын көре алмай отырғаныма өкінемін. Анамның аялы алақанын аңсаймын. Әйелімнің жас өмірін қор қылдым. Қызғалдақтай ғана қарындасымның ағасын сағына күтіп жүргенін де сеземін. Сол үшін анамнан бастап, отбасымнан, отандастарымнан кешірім сұраймын», – деді бізбен қоштасарында Ержан.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

меншікті тілші,

Атырау облысы

«Дүрбі» №1, 14 наурыз, 2019

Редакциядан:

Редакцияның хат қоржынында Ержанның темір тордың аржағында отырып жазған бірнеше өлеңі бар. Абу Ханифа, анаға, сүйген жарға арналған өлеңдерінде Ержанның жүрегіндегі өзгеріс, өкініш, болашаққа деген үкілі үміт байқалады. Біз бүгін Ержанның «Анашым, жыламашы!» атты өлеңін назарыңызға ұсынып отырмыз. Ержан – ақын емес, алайда бір кездегі «ақын болсам!» деп армандаған балаң қиялдың бүгінде қайтып айналып, иесін тапқанына, жүрегін толқытқанына, ақ сөйлеткеніне, қасиетті жыр арқылы тазаруға ұмтылғанына, алдағы аппақ күндерге қол созғанына куә болып отырмыз. Бұл – Ержанның, анасы мен сүйген жарының, екі баласының ғана қуанышы емес, Ержанға ақ жол көрсеткен, оның діни сауатын ашып, қатарға қосу үшін тер төгіп жүрген атыраулық дін мамандары мен құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін де қуаныш болса керек. Ең бастысы, бір кездегі қатаюға бағыт алған жүректің жібігені – кеудеден өлең болып төгілгені емес пе? Ендеше, қаракөз жастарымызға жас жүректеріңді соғыс пен жалған жиһадқа деген адасқан ойлардан аулақ ұстап, қасиетті исламның адами нұрына бөлеңіздер дегіміз келеді!

 

Анашым, жыламашы

Иә, анашым,

жыламашы, сен жыламағын.

Мен-дағы әлі-ақ үйге ораламын.

Мен үшін жатсаң-тұрсаң дұға тілеп,

Болды ғой бұл сенің басты арманың.

Иә, анашым,

жыламашы, сен жыламағын.

Мен сүріндім, әйтсе де, құламадым.

Ойлауменен сары уайымға түсе берме,

Денім сау, алаңдама, мен аманмын.

Иә, анашым,

жыламашы, сен жыламағын.

Жыламашы деп күндіз-түн сұранамын.

Көп нәрсенің қадірін түсінбей жүрсем,

Енді түсініп, мен үйге ораламын.

Иә, анашым,

жыламашы, сен жыламағын.

Бұл іске көп адамды кінәладың.

Әр ана өз баласын жақтайды ғой,

Білсең етті балаңнан да кінә барын.

Иә, анашым,

жыламашы, сен жыламағын.

Көз жасыңа өзімді сан кінәладым.

Жамандықтың келген бәрін жұрттан көрме,

Тек өзімді, анашым, кінәлағын.

Өмірім кері оралса, кері самғай,

Өтер ем жүрегіңе жара салмай.

Бірақ та бұның бәрі бекер ой ғой,

Шамам жоқ тағдырменен таласардай.

 

Ержаннан үш кеңес:

– Дінді үйренген кезде асығыс шешім шығармау керек. Әр хадистің, аяттың түсінігі бар. Оны кезінде ғұламаларымыз жазып кеткен. Осындай тарихпен дәлелденген ғылыми еңбектерге көбірек назар аудару керек.

– Екіншіден, үйренушінің ұстазы болуы керек.

– Үшіншіден, адам өзін жақсылыққа, жұмсақтыққа бейімдеуі керек. Біз қазір салафизмнің жетегінде жүргендердің бойынан қаталдықты, қатыгездікті көп байқаймыз. Ал шынайы мұсылманның жүзінен нұр төгіліп тұруы керек.

Ержанның жастарға айтары:

Құранда «Расында, сендер білмесеңдер, білетіндерден сұраңдар» дейді. Сондықтан қай нәрсені де білетін адамдардан, яғни мамандардан сұрау керек. Менің қателескен жерім де осы болды. Мешітке барып, құлшылық жасағаныммен, имамдарға жүгінуді қажет деп таппайтынмын. Маған белгісіз жерде отырған Дарынның, Назратулланың уағыздары тура, шынайы жол болып көрінетін. Сондықтан дінге бет бұрған бауырларымды ілімді шынайы мамандардан алуға шақырамын. Яғни өзіміздің мүфтиятқа қарасты теолог, имам ұстаздардан сабақ алсаңыздар, тура жолдан таймайсыздар.

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close