Мәселе
ШАМШӘДИН КЕРІМ: «СӘЛӘФИЗМ МЕН УАХАБИЗМДІ ҚУДАЛАУ ҮШІН ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ КЕРЕК»
Бүгінде елімізде дін саласында айтарлықтай мәселелер бар екені жасырын емес. Мәселен, діни кітаптар шығару, кез келген жерде уағыз айту, исламды ғылыми тұрғыда зерттеу, жат ағымдар деген сияқты кезек күттірмейтін мәселелер бар. Осы орайда аталған тақырыптар аясында «Ұлт» порталы Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Шамшәдин Керіммен арнайы сұхбаттасқан еді.
– Әңгімемізді өзіңіз басқаратын Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығына қатысты сауалдан бастайық. Қашан, қалай құрылды?
– Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің жанынан 2011 жылы ашылды. Бұл – аталған университеттегі жалғыз ғылыми орталық. Осы күнге дейін елімізде исламды зерттейтін арнайы орталық болмады. Әрине, исламға қатысты мәселелермен шұғылданып отырған ғылыми мекемелер бар, бірақ көп дүние – олардың басты емес, қосалқы, жанама міндеті. Біздің орталықтың негізгі мақсаты – университеттің кітаптар шығару, аударма, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, арнайы жобаларға қатысуын үйлестіру.
Ислам діні 751 жылы Атлах шайқасынан кейін күні бүгінге дейін Қазақстан тарихындағы маңызы бар тақырыпқа айналды. Біз осы кезеңге дейінгі ислам құбылысын бағамдап, қандай қырынан көрінгенін, қазіргі һәм келешектегі дамуын салмақтап, таразылап отыруымыз қажет. Сондай-ақ, орталық қазақ жерінен шыққан дін ғұламаларының еңбегін жинаумен айналысады. Мәселен менің өзім орта ғасырлардың жарық жұлдыздарындай болған ас-Сығнақи, әл-Итқани сияқты ғұламалардың еңбектерін жинау, қолжазбаларын табу және әкелу, олар туралы зерттеулер жасау, аудару сияқты жұмыстармен айналысып келемін. Тек орта ғасырдағы оқымыстылармен шектелмейміз, Кеңес үкіметі кезіндегі ғұламалардың еңбектері де айқындалуда. Мысалы, ат-Тарази деген ғұлама шыққан, ол Қазақстанда аса белгілі болмай келді. Бұл оқымысты Кеңес үкіметі тұсында бірнеше мәрте қамалап, басына қатер төнгендіктен шетел асып, 40-тан астам кітап жазған. Сонымен бірге, Тараз қаласының тумасы, өзінің туған қаласында мухтасиб болған ғұламаның 25 мың кітаптық кітапханасы тәркіленген. Ең бастысы ол – саяси күрескер тұлға. Осы қайраткер турасында еңбек жазып жүрмін. Ал Садуақас Ғұлманидың мұралары 40 томнан асады. Енді осының бәрін зерделеу керек.
Сол сияқты Қазақстандағы діни кітаптарды, мирастық құндылыққа ие мұраларды да аударумен шұғылданамыз.
Қазіргі таңда Хұсам ад-Дин Хүсейн ибн Әли ибн Хажжаж ас-Сығанақи бабамыздың «Ат-Тасдид фи шарх ат-Тамһид» атты қолжазба еңбегін арабшадан аударып болдық, енді оның қазір алғысөз, түсініктерімен баспаға дайындап жатырмыз. Бұл кітап XIV ғасырда жазылған, дегенмен бұл – Матуриди ақидасы бойынша бүгінге дейін мән-маңызын жойғамаған құнды туынды. Еңбек орта ғасырларда жазылса да, оған арқау болған кейбір ақидалық мәселелер күні бүгінде өзектілігін жоғалтпай отыр. Сонымен қатар Әбу Ханифаның «әл-Уасият» атты рисаласы мен оған Әкмәлуддин әл-Бабартидің түсінігі қазақ тіліне тәржімәланып, баспаға әзірлену үстінде.
Университет оқытушыларының еңбектерін де кітап етіп басып отырамыз. Қазіргі Қазақстандағы ислам дініне байланысты шығып жатқан кітаптарды төртке бөлуге болады. Бірінші – аударма сипатындағы, екінші – діни ағартушылық-танымдық, үшінші – оқулық, төртінші – ғылыми еңбектер. Көп кітаптар ағартушылық-танымдық бағытты көздейді. Ал енді біз жоғары оқу орны болғандықтан, ғылымға сүйенген зерттеулер мен оқу құралдарын дайындауға баса мән береміз. Исламтану, дінтану, басқа да дінге байланысты оқу кітаптары ауадай қажет. Оны кім дайындайды? Өзіміздің қазақстандық жас кадрлар дайындайды. Міне, осы мақсатта біз университетте магистратура, докторантура ашқанбыз. Жас исламтанушылардың диссертацияларын кітап ретінде көпшіліктің игілігіне айналдыру қолға алынды. «Исламтану зерттеулері» бойынша сериямен Қайрат Құрманбай, Асқар Әкімхан, Қайрат Жолдыбайұлы, Жалғас Сандыбай сияқты ғалымдардың кітаптары жарыққа шықты. Бұл серия әлі де жалғасады. Осылайша отандық исламтанушы ғалымдар буынының жаңа зерттеулерін қожетімді ету көзделдген.
Олар Исламтанудың әртүрлі салаларында зерттеулер жасап жатыр.
– Дінтану, исламтану салалары бойынша жас мамандарды, ғалымдарды осы университет шығарып отыр ғой. Ал оларға сіздің орталықтарыңызда қандай мүмкіндіктер бар, жалпы жағдай жасалып отыр ма?
– Біздегі аудармамен айналысатын, ғылыми зерттеулермен шұғылданатындардың дені – жастар. Университеттің түлектері. Біздің шәкірттеріміз басқа ЖОО-да, мемлекеттік қызметте, ғылыми зерттеу орталықтарында жұмыс істеп жатыр. Түлектерінің алды ғалым болды, докторлық қорғады. Сол сияқты мамандарымыз тек ғылыми жұмыстармен ғана емес, басшылық жұмыста – проректор, имам, ҚМДБ қызметкерлері, кафедра меңгерушісі сынды жауапкершілігі мол, лауызымды жұмыстардың жүгін көтеруде. Сондықтан біз тек жоғары білім беріп қана қоймай, Қазақстандағы исламтану ғылымын күшейтуге көмектесіп жатырмыз. Ең алдымен мына ҚМДБ-ның әлеуетін көтеруіміз керек. Уағыз-насихат ғылымға, әдістемеге негізделуі абзал. Сол мақсатта олардың кадрларының да біліктілігін жоғары деңгейге көтерген жөн. Ізденем, ғылыммен айналысамын деген кез келген жасқа біздің орталықтың есігі әрдайым ашық.
– Қазақстандағы ұлттық мәдениеттің дамуы мен қайта жаңғырудағы дәстүрлі исламды зерделеу мен зерттеу жұмыстары қалай жүріп жатыр?
– Қазақстанда жалпы ислам үлкен факторға ие болған. Біздің рухани жаңғыруымыздың өзі исламмен байланысты. Себебі, қараңыз, еліміздегі қасиетті орындарымызға адамдар қазіргі күнге дейін зиярат жасайды. Бұрын Кеңес үкіметі де кезінде де халықтың осындай киелі мазараттарға зиярат жасап, тәу етуін тоқтата алмаса, қазір мемлекеттік органдар әулелі орындарды тізімге алып, жөндеп, рухани жаңғырудың нысандары ретінде зерттеуге де көңіл аударуда. Солардың арасында исламмен байланысты Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Хорасан ата, Бекет ата, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы тұлғалардың бәрі исламға қызмет еткен. Небір сопы, ғұлама, ағартушылар өтті. Тіпті поэзиямыздың өзінде исламдық сарын,сюжеттер мол. Біздің орта ғасырларда дүниеге келген «Құтадғу білік», «Диуани луғат ат-түрік» сынды жәдігерліктер де , әл-Фараби, берідегі Абай, Алтынсариндер біздің әдебиетіміз, мәдениетіміз, тарихымызда исламның болмысымызбен біте қайнасып кеткенін көрсетті. Мысалы, Абай Құнанбайұлы шығармашылығы кең зерттелсе де, дін тұрғыдан әліде байыпты талдауға зәру. Ұлы ақын тек медреседе ғана оқыған, кейінгі білімін өз бетінше ізденіп тереңдеткен. Сондықтан Абайдың шығармаларында исламға қатысты ұғымдары бар. Бірақ оны екінің бірі терең бойлап зерттей алмайды. Өйткені оның артында діни түсінік, астарлар жатыр. Шариғатты, ақиданы білетін мамандар болмаса, Абай шығармашылығындағы дін көрінісінің мәнін, сырларын аша алмайды. Біз жуырда «Абай және дін» деген жобаны қолға алдық. Енді Абайдың дінге қатысты қырларын зерделеуге жас исламтанушыларды жұмылдырудамыз. Мысалы, Семей өңірінде ағартушылық медреселер мешіттер аз болмаған. Оның бәрі әлі күнге дейін зерттелген жоқ.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ поэзиясының бағыты да исламмен байланысты. Мысалы, Шәкәрімді, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлын, Сұлтанмахмұт Торайғыровты алыңыз. Мәселен, С.Торайғыров медреселерде оқыған, Құранның параларын жаттаған. Көптеген ағартушыларымыз Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаевтар «Ғалия» медресесінде тәлім алған. Сондықтан біздің мәдениетіміз, әдебиетіміз елеулі тұлғаларының өмірінде исламның үлкен орны бар екенін ескеруіміз керек. Ал жаңғыру деген не? Осының бәрін бір кезде айта алмай қалдық, білесіздер. Қасиетті жерлерімізге халық жасырынып баратын еді. Енді осыған мемлекетіміз деңгейде мән бере бастады. Мүмкіндік беріле бастады. Сондықтан біз осылардың бәрін қазір ғылыми негізде саралауымызкерек. Рухани жаңғыруға өз тарапымыздан атсалысуымыз қажет.
–Кезінде тәңіршілдер, жоғарыда өзіңіз айтқан сопылар қудаланды ғой. Егер осы исламдық көзқарастан қарағанда аса қауіп тудырмайтын болса неліктен қудалауға ұшырады?
–Жалпы діннің қудаланған кезі – Кеңес үкіметі кезеңі. Біздің қожа-ишандарымыз, сопыларымыз қудалау емес, геноцитке ұшыраған. Түрмеге жабылды, қуылды, атылды . Біздің тұтас сопылық мектептеріміз соққы алды. Дәстүрі үзілді. Ал Кеңес үкіметінен кейін 1990 жылдан бастап бізде дін сенімге еркіндік берілді. Кедергілер алынып, біздің еліміздегі адамдар әртүрлі бағытта іздене бастады. Тәуелсіздік алғаннансыртқа есік ашылғаннан кейін біреуі Сауд Арабиясына кетіп сәләфизмнің етегінен ұстанды, сопы болдық дегендер шықты. Бірақ кейде асыра сілтеу болды. Тек қана біздің жолымыз дұрыс, басқаларды адасқан деп, өзінікінен бөгдені мансұқтаған бетбақтырмайтын біржақтылар пайда болды. Түсінгенім, сіздің тұспалдап отырғаныңыз – Исматулла ғой. Оның бағытын «зікірші» деу орныққан. Ал бұларға «зікіршілер» деген атаудың телінуі біз «зікір салсақ» болды деуінен. Өздері намаз оқымайды, діннің шарттарын орындамайды, біздің ғана жолымыз тура, Яссауидің жолы деп жұртты шатастырғандардың талайын көргенмін. Исламның ішіндегі сопылықтың төрт ұстыны бар. Соның бірі – шариғат. Мысалы, Қожа Ахмет Ясауи шариғаттың барлық шарттарын, парызды,сүннетті толық орындаған, әрі қосымша мінәжаттар орындаған Сопылық ауыр жол, оны ұстау оңай емес. Кейбіреулер «Қожа Ахмет Ясауидің жолымен жүрейік» дейді. «Намаз оқисың ба?» десең, «Жоқ»дейді. «Ясауи сияқты қылуетке түсе аласың ба, бұл дүниені тәрк етіп?» десең, «Жоқ, оның заманы басқа» дейді. Ясауидің жолы – тақуалық жол, дінге берілген жол, ол міндетті ғидабат, мінәжаттарды орындаумен шектелмей, дүниеден баз кешіп, қылуетке түсіп кеткен. Сен өзің астыңда машина, рахаттанып өмір сүргің келеді. Халықтың бәрі о замандағы сопылықты насихаттаса, сен де сопылық тіліңде ғана бар, сенің өміріңде тариқат та, шариғат та жоқ. Сопылықтың дұрыс ұсталса, ол- әдемі жол. Ал қазіргі ұстап байбай салатындардың кейбірі – сопылықтың жолын білмейтіндер. «Жалған сопыларды» Яссауи де аяусыз сынаған. Абай да өз кезінде шариғатты таза білмейтін, надан ишандардың, сопылардың дінге тигізер зарары көп деп мінеген, олардан сақ болуға шақырған.
–Жалпы біздің құзырлы органдар осы сопы, зікіршілерге жақсы қысым көрсете алды. Ал қазір көзіміз көріп отырған сәләфизмге неге қысым көрсете алмаймыз?
–Кез келген ағымға төтеп беру үшін, оның заңдық-құқықтық негіз болуы керек. Мысалы, зікіршілерді қудалаған кезде олардың көбіне құқықтық нормаларға сәйкеспейтін әрекеттерін тауып, сотқа дейін апарды. Олардың кейбір адамдарды заңсыз бостандығынан айырды, маскүнемдер мен нашақорларды ұрып-соғып, денсаулығына зиян келтіре отырып емдеді дегендей томпақ тұстарынан ілік тапты. «Таблиғи жамағатқа» да тыйым бар бізде. Олар бұрын Қазақстанда тарала бастаған, қазір бәрін заң жүзімен жазалайтынын жазалады, қорқытындарын үркітті, қалағандары бәрі киімдерін шешіп, галустук тағып, басқа қалыпқа түсті. Ал сәләфизмді, уахабизмді қысымға алу үшін мемлекет заң қабылдау керек деген ұсыныстар мен ойлар да ашық айтылып қалды. Бұны мемлекеттің заң органдары қолдай қоймады. Нормативтік баптар оларды тәртіпке шақыруға негіз береді. Осыған сүйеніп олардың ұсталғандары жауапқа тартылуға, я болмаса жазалап, оларға да қатысты қатаң шаралары қолдануға жол ашылады.
–Ақтөбедегі, Алматыдағы оқиғалар заң шығаруға негіз бола алмайды ма?
–Біз – құқықтық мемлекетпіз. Қазақстан әлемдік заң нормаларымен санасады. Шетелдерде сәләфизм-уахабизм – ұстаным, террористік ұйымға қосылған емес, өмір сүруге құқы бар ағым ретінде қарастырылады. Еліміздің заң шығару кезінде де халықаралық қарым-қатынастар да ескеріледі. Бірақ ұсыныс талаптар болды. Мысалы, Ақтөбедегі лаңкестік оқиғалардан кейін уахабизмді – жарылыстарға итермелеуші идеология деп танып, ағым ретінде шектеу қойылу керек дегенді көтерген сарапшылар болды .
–Кезінде діндар адам, діни саланың маманы деген тек мешіттегі имамдармен ғана шектелген замандар болды ғой. Қазір біз дінге, исламға ғылым ретінде қарай аламыз. Ал Тәуелсіз Қазақстанда ислам ғылым ретінде қай кезде дами бастады?
–Қазақстанда дін ғылымы орта ғасырларда дамыды. Дегенмен, тәуелсіздік кезін алсақ, мысалы біздің профессор Әбсаттар қажы 2000 жылы бас мүфти болып сайланды. Ол діни қызметке келгенге дейін ғалым болған. Бұрынғы ҚМБД-нің жұмыс бағдарында білім мен ғылымға көңіл бөле бастады. Ол кезде Қазақстандағы мешіттер тарихы, Қазақстандағы ислам ғалымдары зерттеліп, конференциялар ұйымдастырыла бастады. Ал біз университетті құрған кезде осы ғылыми негізді күшейтуіміз керек деп мақсат еттік. Себебі бізге Қазақстанның дін саласындағы төл ғалымдарының маңыздылығын сезіндік.Өткені мұсылман елдерінде діннің жауапты мансаптарына сол саланың ғалымдарын ғана тағайындайтын аңғардық. Қазақстанның ғалымдары, имамдары, дін ағартушылары тек қана уағызшы болып қалмауы дұрыс. Сол үшін біз ғылыми зерттеулерге көңіл бере бастадық. Ғылыми салада қалам ұстаған топ қалыптасу үстінде. Олардың алдыңғы қатары – Алау Әділбай, Досай Кенжетай, Қайрат Құрманбай, Қайрат Жолдыбай, Асқар Әкімханов, Нұрлан Анарбай осылардың бәрі кітап жазатын, зерттеумен айналысатын буын. Қазір бұл шоғырдың қатары көбейе түсуде. Біздің зерттеулеріміздің саласы да, бағыттары мен әдістемесі де түрленіп, тақырыптық аясы да кеңейуде. Нұр-Мүбарак университетінде, ҚазҰУ, ЕҰУ-де білім алып, зерттеумен айналысып жүрген магистр-докторанттар аз емес. Буын, дәстүр, мектеп қалыптасуы қуантады.
–Орталықтың жұмысына қайта оралайықшы, жаңа кітап дайын тұр дедіңіз? Жалпы ғылыми жобалар ұсынылып тұра ма сіздерге? Орталықтың тарапынан тағы қандай басылымдар шығып отыр?
– Мәселен, Алау Әділбаев пен Шамшат Әділбаеваның «Абу Ханифа и ханафитский мазхаб», Алау Әділбаев пен Имаммади Түсіпханның «Имам Ағзам Әбу Ханифаның ғибратқа толы ғұмыры», Шамшәдин Керімнің «Сығанақ саңлағы», «Қауам ад-дин әл-Фараби – ғұлама ғалым, ақын», «Қазақстан исламтануының аса көрнекті өкілдері» монографиялары, «Кердерлік Ханафи ғұлама» (дайындаған Имаммади Түсіпхан), «Хусам ад-дин ас-Сығнақидің «ат-Тасдид фи шарх ат-Тамһид» атты арабша қолжазба негізінде мәтін алғысөз, түсініктер, сондай-ақ қазақша алғысөзбен бірге» (дайындағандар: Ш.Керім,С.Тәжібаев), «Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби. «Әл-Қасида маусума би лалали әл-маунат фи сарф уа шархиһа» арабша қолжазба негізінде мәтін алғысөз, түсініктер, сондай-ақ қазақша алғысөзбен бірге» (дайындаған: Ш.Керім), Қайрат Құрманбаевтың «Хусам ад-дин әс-Сығнақи еңбектеріндегі «усул әл-фиқһ» ілімінің лингвистикалық негіздері» Аcқар Әкімхановтың «Әбу Мансур әл-Матуриди және оның «иман» мәселелеріне қатысты ақидалық ұстанымы», Ж.Сандыбаевтың «әл-Ғазали және ахлақ» атты кітаптары мен қатар, бірқатар аудармалар, сөздіктер жарық көрді. Енді алдағы уақытта «Ислам өркениеті және Алтын орда», «Абай және дін», «әл-Фараби және дін» жобалары бойынша да кітап шығару жоспарда бар.
–Бізде сауаты болсын, болмасын діни уағыз айтатындар, дінді насихаттайтындар көбейген. Осындай әрекеттердің салдарынан түрлі жат ағымдар пайда болып, солардың салдарынан біз дінді, исламды жек көрінішті қылып көрсетіп отырған жоқпыз ба?
–Бізде исламның бағыттар өз деңгейінде әлі жолға қойылмаған. Оның бірі – уағыз. «Дағауат» – жеке мамандық, арнаулы пән. Уағыз айтатын адам оны қалай айту керек, ол халықпен қандай байланыста болу керек, қандай тақырыпты таңдауда жағдайды, уақыт талабын ескеруі, өзін қалай ұстауы, интонациясы т.б. үгітшінің арнайы білімді, дайындықты керексінеді. Мешіттердегі молдалардың біразы өз бетімен оқып, ізденген адамдар. Біреуі араб елінде шариғат бағыты бойынша бітірген, біреуі ақида мен фалсафа мамандығы бойынша білім алған. Мешітке имам болған адамдардың барлығы уағызшы болып, жүктелген қызметіне сай хұтпа айтуға мәжбүр болады. Қазақстанда дағуаттың әдістемесі, оның теориясы хақында арнайы еңбектер таба алмайсыз. Айтылмыш пәнді оқыту да жолы қойылмаған. Аз-маз хадис естіп, шамалы Құран жаттап, өзі мамандығы дін болмаса даадамдардыңотырыста аузы-аузына жұқпай уағызайта жөнелетіндерді көріп, біліп жүрміз. Қазір имамдардың, діни білімі бардың бәрін бірдей уағызшы деп қабылдау ретсіз. Ол үшін адам арнайы мамандықтан, білім жетілдіру, машықтанудан өтуі дұрыс. Сондықтан біз қазір исламның ішіндегі уағыздың сапасын , жаңа деңгейге көтеретін уақыт келді. Осы мақсатта менің жетекшілігіммен қазіргі мүфти Наурызбай қажы 5-6 жылдан бері осындай исламға шақыру мәселесіне қатысты арнайы зерттеу жүргізді, еңбегін әзірледі,онда сіз қойған сұраққа жан-жақты жауаптар табасыз. Енді ол жаңа мансабында еліміздегі дағауат жұмыстарын жүйелі, тәртіпке келтіреді деп сенемін. Кез келген, әлуан ұстанымның иесідағуатпен айналысқаннан кейін, міне, біздің жастарымыз әртүрлі ағымдарға кіріп кетіп жатыр. Бір кезде біреулер Дарын Мүбаров деген жігітті қолдап, қуаттап,ұшақпен батыс өңірлеріне уағыз айтқызуын ұйымдастырды. Ол Ақтөбе өңіріне барып, қанша уағыз айтты. Осының әсеріменен жастарымыздың арасында «радикалдану» күшейіп, Сирияға кетті, түрлі жарылыстар жасады. Міне, осы бір жақты, қатқыл насихаттардың неге апарып соқтыратынын білмеудің зияны. Сондықтан дін насихатын бетімен жіберуге болмайды.
–Уағыз дегенде интернеттегі ақпараттар да негізге алынады. Біз неге діни ақпараттарды сараптан неге өткізе алмаймыз? Мәселен ресми ақпараттарға қарағанда басқа жақты бейтарап ақпараттар жылдам шығады.
–Біз тәуелсіздік алғаннан кейін бізде дін кадрларымыз жетпеді. Молда, имамдар мешіттерде отырды, намаз өткізуден, садақа мен жаназа рәсімдерін атқарудан қолдары босамады. Ал біздің басқа кеңістік бос,бақылаусыз қалды. Сол кеңістікті басқа топ өте сәтті пайдаланды. Міне, біздің жат ағымның жетегінде кеткен адамдардың көбісі «қайдан дін үйрендің» дегенде, «мен уағызды кассетадан тыңдадым», «шетелдегі сайттан оқыдым» дейді, немесе әртүрлі үйлерде белгілі топтардың жарнамашылары жасырын уағыздар жүргізді. Енді үкіметтік органдар осы кеңістікті қадағалауды қолға алды. Қазір сайттарғамониторинг жүргізіп, күмәнділарыбұғатталды. Бұрын енді Қазақстанда дін неге тұрақты болды, білесіз бе? Абайдың, Ясауидің кезін алайық. Ол дәуірде мәлімет көздері өте шектеулі болды, кітаптар аз болды. Соңғы уақытта технология жылдамдықпен алға кетуде. Ал қазір біздің ақпараттық кеңістігіміз өте ашық. Дағауаттың құралдары мен тәсілдері күн санап баюда. Зарарлы үндеулергебөгет қою үшін заңдық негізі болуы керек. Біздің мемлекеттің заңдарына қайшы келген жағдайда ғана тосқауыл қойып, тыйым сала алады.
–Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ақбота МҰСАБЕК