Жаңалықтар
Тоқаев коронавирусқа қарсы шаралар туралы жиында не айтты?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың таралуына қарсы шаралар қабылдау жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты.
Жиын барысында Тоқаевтың бірнеше әкімге сөгіс жариялап, коронавирус бойынша сайттың жұмысын сынға алғаны белгілі болды.
«Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі кеңесте өздеріне жүктелген міндеттерді шала орындаған бірқатар шенеуніктің жұмысын сынға алды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы жұмысына салғырт қарағаны үшін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинге, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовқа және Ведомствоаралық комиссияның төрағасы Ералы Тоғжановқа сөгіс жариялады», – дейді Президенттің баспасөз хатшысы.
Берік Уәлидің айтуынша, Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновке, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевке ескерту жасаған.
«Атырау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне өңірлердегі ахуалды реттеу қажеттігін ескертті. Аталған мәселе барлық облыстың басшыларына да қатысты екенін айтты«, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Президент індеттің кең таралуына байланысты тұрғындардан арыз-шағым көп түсіп жатқанын айтып өтті.
Президент коронавирусқа байланысты құрылған сайтта тұрғындар көп шағым түсететінін және оның үштен біріне ғана жауап қайтарылғанын атап өткен.
«www.coronavirus2020.kz сайтына қырық мыңға жуық сұрақ келіп түсті. Қазіргі таңда оның үштен біріне ғана жауап берілді. Мұндай қарым-қатынастың нәтижесінде теріс әрі жалған ақпараттар өршіп тұр. Бұл біздің жұмысымызды одан сайын қиындатуда», – деген Президент.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық жұмыстарға қатысты тәсілді түбегейлі өзгерту керегін тапсырған.
дереккөз: Tengrinews.kz