Руханият

Өлең таратқан өнеге

Ежелден ен даланы еркін жайлап, алып жер бетінің бір пұшпағын еншілеген қазақ дейтін қойнауы құт халықпыз. Өзіндік өркениеті, мәдениеті бар мәуелі жұртпыз. Ғасырлар бойы қамырдай иі қанып, кәғбаның қара тасындай қасиеті артқан қастерлі ұғымдарымыз, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйымдарымыз бар. Қысқасы, бабадан балаға мұра болған рухани қазыналарымыздың қарасы қалың. Сол бай мұрамыздың қатарын ата-бабамыз ардақтап ұстанған дәстүрлі дініміз – ислам арттырып, толықтыра түседі.

Ата-бабамыз бағзыдан бері дінін діңгегіне балап, өмір сүру қағидаларының айнымас қазығы етті. Олай дейтін себебіміз, кемеңгер қазақ дін атрибуттарын өз менталитетіне сай өмірлік ұстанымына айналдыра білді. Салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, ырым-тыйым ретінде дәріптеп, ұрпақ санасына сіңірді. Соның арқасында дін біздің санамызда сан ғасыр бойы сақталып, жадымызда жатталып, руханиятымыздың ажырамас бөлігіне айналды. Тіпті кешегі құдайсыздықты құндылыққа балаған кеңестік кер заманның өзінен осы салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз құтқарды деуге толық негіз бар. Онсыз орыстың құлдығына жұтылып, дінімізден де, ділімізден де, тілімізден де тұлдыр қалуымыз әбден-ақ мүмкін еді… Қош!

Жоғарыда асыл дініміздің сақталуына септігін тигізген ұлттық құндылықтарымызды атап өттік. Қазақ даласына ислам діні жеткен VIII ғасырдың орта шенінен бері халқымыз ақиқаттың ақ жолынан айнымай келді.Осы тұста діннің жалпы жұртшылыққа, байтақ қазақ даласына таралуына әдебиеттің, өнердің түрткі болғаны анық. Біз бұл мақаламызда исламдінінің қазақ даласына таралуына поэзияның еткен еңбегі төңірегінде сөз қозғамақпыз.

Өткен заманда жұртшылық түркі және парсы халықтары арасынан шыққан ғұлама, ғалым, шайырлардың еңбектерімен сусындады. Әл-Фараби, Фирдауси, Ахмет Йүгнеки, Жүсіп Баласағұни, Саиф Сараи, Қожа Ахмет Яссауи сынды басқа да толып жатқан ірі әдебиет өкілдерінің, сопылық поэзия өкілдерінің түрлі жанрда жазған діни-әдеби еңбектері ықпал етті. Бұл орта ғасырлардағы түркі халықтарына ортақ тұлғалар мен туындылар еді.

Одан кейін, яғни, қазақ өз алдына ел болып, ту көтерген тұста Асанқайғы, Шалкиіз жырау, Доспанбет жырау, Қазтуған жырау, Бұқар жырау, Ақтамберді жырау сынды ауыз әдебиеті өкілдерінің орыны ерекше болды. Қазтуған жырау «Мадақ» жырында:

Бұлт болған айды ашқан,

Мұнар болған күнді ашқан,

Мұсылман мен кәуірдің,

Арасын өтіп бұзып дінді ашқан

Сүйіншіұлы Қазтуған, – деп жырласа,

Бұқар жырау:

Күллі әлемді қаратқан,

Ең алдымен Алланы айт.

Бойыңа жан таратқан,

Аты жақсы Тәңірді айт.

Төрт шәдияр Мұстафа,

Кітап ашқан ғалымды айт.

Мұхамметтің аяты,

Алла сөзі Құранды айт.

Пайғамбардың сүннеті,

Бес уақытқы намазды айт.

Тәңірім салса аузыңа,

Жан жолдасың иманды айт,  – деп, жалпы жұртты Алланы ұлықтауға, бұйрықтарын орындауға шақырады.

Мұсылманның баласы,

Сірә, бір кеңес құрыңыз,

Бір ауызды болыңыз! – деп, бар мұсылманды береке-бірлікке үндейді.

Бертін келе жыраулар ізін жалғаған М.Әуезов арнайы бөліп қарастыратын Дулат Бабатайұлы бастаған зар заман ақындары мен Махамбет, Шернияз, Шөже, Шынияз, Әріп ақындар бар. Шал ақын атанып кеткен Тілеуке Құлекеұлы, Майлықожа, Кердері жырау, Базар жырау сынды қара өлеңнің қас шеберлері қолына қара домбырасын алып, терме-толғаулар арқылы да шариғат шарттарын санаға сіңірген. Қазақ пен қара домбыра егіз екенін сезіне білгендіктен, халыққа құрғақ уағыздан гөрі өтімді тәсілді таңдаған. Шал ақын бір термесінде:

Жігіттер, ғибадат қыл маған нансаң,

Намаз оқы, Алланы ойыңа алсаң, –

десе, Кердері жырау:

Алланың сүйер пендесін,

Бұл дүнияда кім білсін?

Ораза, намаз дұрыстап,

Алланы бір хақ білсін.

Малға – зекет, хаж барып,

Шариғат танып тұр білсін, -деп жырлайды.

Бұлардан кейін қазақ әдебиетінің жаңа бір кезеңі басталды. Бұл дәуірдің көшін бастаған әлем мойындаған алып тұлға – Абай Құнанбайұлы болды.

Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз еш уақытта жалған болмас, –

деп жырлаған ақынның өлеңдері ғана емес, қара сөздері де діни-рухани мұраға бай. Тіпті «Китабун тасдиқ» деген атпен діни еңбек те жазып қалдырған. Сол тұста қазақ ортасынан Абайдан да басқа Ыбырай Алтынсарин, Шәді төре, Шәкәрім, Орта Азиядағы атақты бұқара медресесін тауысқан Мәшһүр Жүсіп әулие сынды әдебиет және дін қайраткерлері өмір сүрген. Әрқайсысы діни еңбектер жазып қалдырған. Ыбырай «Мұсылмандық тұтқасы», Шәкәрім «Мұсылмандық шарты», Шәді төре «Назым сияр шариф», Мәшһүр Жүсіпжырлары арқылы уағыз-нәсихат қалдырған, һәм жинақтаған. Өкінерлігі, ол еңбектер әлі күнге толықзерттеліп, халыққа кеңінен таратылмай отыр…

Үрдісті әрмен қарай жалғастырған Алаш әдебиетшілері. Міржақып Дулатұлы бір өлеңінде:

Әуелі үйренетін бір ғылымың,

Өзіңнің мұсылманша дін ғылымың, – деп жырласа, Алаштықтардың мүфтиі атанған Ғұмар Қараш:

Құран – шам, ақыл – басшы, ғылым – құрал,

Құралсыз шекпе сапар жолың болмас.

Айырылма жатсаң-тұрсаң Құранды ұста,

Жол бастар қарңғыда о бір компас, – деп толғайды. Бұлардан тысата дініміз туралы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыр, басқа да алаштықтардың дін туралы айтқан сөз, жазған мақалалары аз емес. Осы жерде айта кететін бір жәйт бар. Қай кезде де қазақ ақындарында шала молда, надан сопыны сынға алу дәстүрі болған. Әсіресе, кешегі кеңестік үкімет орнай бастаған тұста ресейдің арнайы тәрбиелеп, қазақ ортасына жіберген татар молдалары көп сынға алынған. Оның да өз себебі бар. Арнайы тәрбиеленген молда-қожалардың міндеті қазақты дінінен, ділінен, дәстүрінен айыру еді. Сол себепті, арам ойлы «молдалардың» арам пиғылы ашық ойлы Алаш зиялылары тарапынан едәуір сыналды. Алайда сол туындыларға қарап, аталғанавторларды дінді сынаған, дінсіз болған деу жаңсақтық болар еді. Тіпті кейбір туындылар сол тұста дінді құбыжық көрсету мақсатында қолдан жасалуы да мүмкін. Ұлт ұстазы Ахмет: «Қазақ дінге нашар күйден өткен. Енді қазақты басқа дінге ауыстырамын деу құр әурешілік» демей ме?!

Ары қарай қылышынан қан тамған кеңестік үкіметтің тұсында бұл дәстүрде сәл үзіліс болды. «Құдай» дегеннің көмейіне қорғасын құйған құдайсыз қоғамда дін туралы тіс жару, әрине, қиын еді. Соған қарамастан Құдайшылықты, имандылықты жырлаған ақындар болды. Соның бірі қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Сүлейменұлы. Ол бір өлеңінде

Мұхаммедтің үмметі мұсылманмын,

Пайғамбарым қолдайды қысылған күн.

Алсын Тағалам ант етем, ант етемін,

Алла есімін жүректен ұшырған күн, – деп жырлайды. Ақын кер заманның кесірінен діннен алыстап бара жатқан қазақ халқының өткені мен бүгінін ойлап, зар илеп, запыран құсады. Қазақы һәм мұсылмандық қалпынан айнып бара жатқан қазақ жұртының сол кездегі кейпіне қарап, құсаланады.

Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,

Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін?!

Құбылаға бет алып, қол қусырып,

Сәждеге жығылатын қайда күнім, – деп, құлшылығын қалтқысыз орындай алатын «қайран күндерін» аңсайды. Бұлай жырлау ақын өмір сүрген қоғам тұрғысынан алып қарағанда үлкен ерлік!

Мұқағалидан кейін жаңа дәуір басталды. Яғни, тәуелсіздікке қол жеткіздік. «Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай» болды. Ұмыт болған үрдісті, дініміз бен тілімізді, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды қайта жаңғырта бастадық. Ұлттық болмысымызға оралудың орайы туды. Аз уақыттың ішінде бағзыдан бастау алған поэзиялық үлгі Дәулетбек Байтұрсынұлы, Құл-Керім Елемес, Серік Әкірамұлы, Қалқаман Сарин сынды, тағы басқа да біраз көрнекті ақындарымыз тарапынан өз жалғасын тапты.Осылайша, рухани-діни құндылықтарымыз ғасырлар бойы өз өміршеңдігін жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалды. Ары қарай да жалғасын таба бермек.

Әрине, қазақ даласына діннің таралуына ықпал еткен тек жыраулар поэзиясы, терме-толғаулар, өлең-дастандар ғана емес. Орта ғасырларда жазылған түркі және парсы ақын-жазушыларының, ғалымдарының діни еңбектері, нәзиралық жанрдағы жыр-дастандарынан тыс,қазақ би-шешендерінің Құран-хадистен құнар алған ақыл, нақыл сөздері, хан-сұлтандардың дін үкімдеріне негізделген басқару жүйесі, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәукенің жеті жарғысы» сынды шариғатпен қуатталған заңдар жинағының даүлесі зор. Бұдан да басқа факторлар жоқ емес. Бұлардың барлығын бір мақала аясына сыйғызып айту мүмкін емес. Әрбіріне жеке-жеке тоқталып, жінтіктеп түсіндіруге тура келеді. Бұл – ертеңнің еншісінде…

Біздің руханиятымыз, ұлттық болмысымыз домбыраның шанағында, ақындардың қаламында екенін ұмытпағанымыз абзал!

Ерзат ТӨЛЕШҰЛЫ,

 «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек» орталығының теологы, Атырау қаласы

 

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close