Мақалалар

Дәстүрлі құндылықтар және рухани тәрбие

Мұхтар ІЗҒАЛИЕВ,

Атырау облысы әкімдігі Дін істері

басқармасының бөлім басшысы

  

Ежелден ұлттық құндылықтарымыз қазақ мәдениетінің негізгі қайнар көздері екені мәлім. Ғасырлар бойы жалғасын тауып келе жатқан тарихымыздан көшпенді қазақ тәрбиесіндегі өркениет, мәдениеттің болғанын бабалар қалдырған мұралардан, халық аузында жүрген мақал-мәтелдерден-ақ көруге болады.

Қазақтың әрбір айтқан сөзі даналыққа сүйеніп, дәстүр мен дін біте қайнасқан үлгісінде көркем бір бейнеде үйлесімділік таба білгені анық. Қазір қоғамда дін және дәстүр бірлігі  маңызды орын алады. Ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды.

Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Сондықтан дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі. Қазіргі зайырлы қоғамдардағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы негізгі тетіктердің  бірі – дәстүрлі құндылықтар. Осы орайда радикалды діни ағымдар идеологиясының жеке тұлғалардың санасына мақсатты түрде әсер етуі патриотизм мен ұлттық бірегейлікті, мәдени, адамгершілік, отбасылық құндылықтарды жоғалтуға әкеліп, дәстүрлі рухани-діни құндылықтарды ыдырату арқылы діни сананы өзгерту үдерісі болып отырғанын атап айту қажет. Өйткені кез келген жат ағым қоғамда қалыптасқан құндылықтарды күйрету арқылы өзін орнықтыруға жол ашады. Ал бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау болып табылады. Құндылықтар кешені бір-бірімен тығыз байланысты.

Дін құндылықтарының негізі – бейбітшілік пен келісім. Өйткені бейбіт өмір ғана дін адамына Жаратушының алдындағы пенделік міндеттерін орындауға мүмкіндік береді. Ал зайырлы қоғам тұрғысынан қарасақ, бейбітшіліктің маңызы тіпті өлшеусіз. Дін ісі де, дүние ісі де бейбітшілік жағдайында ғана көгеріп-көктейді. Осыны түйсіну өз кезегінде отансүйгіштік сезімдерге тәрбиелеп, елдік мұраттарға жетелейді. Өйткені тыныштық, тұрақтылық пен татулық тек заңдылыққа, тәртіпке, жүйеге негізделген біртұтас құрылым – мемлекет аясында ғана орнайды.

Сондықтан да исламда «Отанды сүю – иманнан» делінеді, дінге қызмет – елге қызмет деп бағаланады. Діннің рухани әлеуеті мен шынайы мазмұны адамзат өміріне терең рухани мағына дарытатын, оны өркениет шыңына жетелейтін осындай кең өрісті дүниетанымнан бастау алады. Осыны дұрыс ескермей, діннің тек формалық жағына мән беріп, мазмұнын назардан тыс қалдыру – дін туралы ұғымды шектеу,  оның өміршеңдігін, икемділігін қолдан құлдырату болып табылады. Сондықтан діннің рухани құндылықтары мен әлеуетін дұрыс бағалап, орнымен пайдалансақ, қоғамның рухани деңгейі де көтеріледі, зайырлылығымыз да өміршең бола түседі.

Қазіргі таңда қоғамның әлеуметтік сұранысының негізі жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру. Біздің алдымызда бабаларының игі дәстүрін сақтайтын, күллі әлемге әйгілі, әрі сыйлы өз елінің патриоттары болатын ұрпақ тәрбиелеу міндеттері жатыр.

Отаншылдық сезім – ұлт рухының деңгейінің айнасы, өлшемі. «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген екен дана халқымыз. Осы орайда, жалпы ұлттың алдында тұрған ұлы міндет– сан ғасырлар бойы сұрыпталған ұлттық құндылықтарымызды оқу-тәрбие процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтін ұрпақтарды сусындатып, ұлтшылдық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын, бойында ұлттық санасы қалыптасқан тұлғаларды тәрбиелеп шығару болып отыр.

Қандай да бір елдің рухани мәдениеті, әдебиеті мен өнері, ғылым мен техникасы, әлеуметтік жағдайы, материалдық өндірісінің ең маңызды жетістіктері тәрбиесінен көрінуі арқылы оның ұлттық құндылықтарының мәніне ие болады және өскелең ұрпақтың азаматтығы мен отаншылдықты, рухани-адамгершілік жан-дүниесі қалыптасуына белсенді түрде ықпал етеді.Әрбір халықтың тарихи өмірінде қол жеткізген ең құнды дүниелері – рухани және адами қасиеттері, моральдық нормалары, ұлттық құндылықтары бар.

Ұлттық құндылықтар – қандай да бір этникалық қауым өкілдерінің өзіндік тарихи көрінісі бар рухани мұраттарының жиынтығы.Ұлттық құндылықтардың әрбір халықтың өмірінде алатын орны өзгеше екені белгілі. Сондықтан да әрбір жаңа ұрпақ үшін мәнді тәрбие – ұлттық тұрғыдағы тәрбие үлгісі болып табылады. Өйткені, мұнда тәрбиенің негізі ғасырлар бойы қалыптасып келген асыл рухани құндылықтар және биік ізеттілік пен моралдық тұрғысындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жататын, адамның адамдық қасиетін нығайтып әрі асылдандыра түсетін, халықтың даналық өмір-салтынан туындап отыратын бұлжымас ережелер мен қағидалар құрайды.

Қазақы дүниетаным, ақыл-ой, тағылымдық ұлағат ғасырлар бойы шыңдалып қалыптасты. Сол сан ғасырлық ұлттық тәрбиенің негіздерін бір арнаға түсіріп, тәрбие мәселесінде пайдалану бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған ең басты қажеттілік болып отыр. Ұлттық отаншылдықты қалыптастыруда ата-бабаларымыздың ұлағатты ойлары мен тәлімдік тәрбиесінің атқаратын орны ерекше.

Бала тәрбиесінің ұлттық сипатта болуына ерекше мән беру керек. Ал ұлттық сипат – сол ұлт тарихының таңбасы. Қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғырту бүгінгі мемлекеттен өзінің ішкі және сыртқы саясатын ұлттық сипатта жүргізуді талап етеді. Қазақи рухы биік ұлттық идеяның қалыптасуында ұлттық құндылықтардың маңызы зор. Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу ұлттық идеяның негізгі бағыты болып табылады.

Ұлттық идея – қазақ халқы тудырған моральдық нормаларда және ұлттық құндылықтарда бекітілген патриоттық тәжірибені меңгеру, ұлттық этно-мәдени дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды тану, тарихты құрметтеу арқылы іске асырылады. Бүгінгі жас ұрпақты бала шақтан, яғни ерте жастан ұлт құндылықтарына сүйене отырып тәрбие жүргізу керек. Тәрбие iсi – мемлекеттiк iс. Өйткенi бүгiнгi дұрыс тәрбие – болашақтағы жақсы елдiктi танытар азаматтардың өсетiнiн танытады.

Бүгінгі күн тұрғысынан қарайтын болсақ, егемен елдің бейбітшілігі мен бірлігін сақтайтын жас ұрпақтың бойына жастайынан ата-бабаларымыз негізін салған ерлік рухты, отаншылдық сезімді сіңіру кезек күттірмейтін мәселелердің бірі болып отыр. Ұлттық сезім мен ұлттық намыс, ұлттық рухты көтеру бүгінгі күннің кезек күттірмес міндеті деп білемін. Яғни елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзаттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени-рухани мұрағаттары мен ұлттық тәрбие саласында жұмыс жасау басты міндетіміз. Отансүйгіштік рух-тәуелсіз еліміздің әлемдік өркениет көшіне қосылып, дүниежүзілік қауымдастықтан лайықты орнын алуына мүмкіндік беретін бірден-бір күш. Ең бастысы- жас ұрпақ отбасында асқақ отансүйгіштік сезімге тәрбиеленуі тиіс.

Ұлы Абай: «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: біріншісі – ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан» – деген екен.Отансүйгіштік сезімнің қалыптасуына ата-ана, ауыл аймағының ықпалы зор. «Отан отбасынан басталады»-дейді дана халқымыз. Ия, Отанды сүю – отбасынан басталатыны рас. Баланың ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады.

Бала тәрбиесі баршаға ортақ іс. Оған көпшілік қоғам болып жұмылу, парасаттылық пен байсалдылық керек. Ұрпақ тәрбиесіндегі ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрі мен тағылымдарын, мәдениет тарихын, бұрын-соңғы ұлы ойшыл педагогтардың еңбектерін оқып, жетік білмей, оны жақсы меңгермей тұрып келер буынға дұрыс тәрбие-тағылымберу мүмкін емес. Себебі, өткенді жақсы білмейінше келешекке сапар шегу, Л.Толстой айтқандай, айсыз қараңғыда сүрлеу соқпақ іздеп шатасумен пара-пар.

Жас ұрпақты тәрбиелеуде ата – бабамыздан келе жатқан ұлттық тәрбие үлгісін ұғындырып, мәдениетті, адами қасиеті мол, шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу – бұл қазіргі таңда өмір талабы және қоғам қажеттілігі.

Дана халқымыз «Ерім деген ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» дегендей, ел болып, жұрт болып ұрпақ тәрбиесін қолға алу басты міндет.

Тәрбие беруде ұлттық құндылықтарымыз арқылы жол көрсетер болсақ, жастарымыз Қазақстан қоғамының әлеуметтік-мәдени өзгерістеріне елеулі үлес қосар тұлға болып қалыптасарын нық сеніммен айта аламыз. «Тәрбие – тал бесіктен». Отанға, қоғамға қызмет етемін, елдің іргесін көгертемін деген ұрпақ тәрбиелеу үшін, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуды тоқтатпауымыз керек.

 

 

 

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close