Жаңалықтар

Ақтөбеде «Мұсылман әйелінің дәстүрлі киім үлгісі» атты сән байқауы өтті

ҚМДБ Әйел-қыздар секторының Ақтөбе облысындағы жауапты өкілі Кенжегүл Қошқарованың ұйымдастыруымен «Руханият» музейінде «Мұсылман әйелінің дәстүрлі киім үлгісі» атты сән байқауы өтті, деп хабарлады Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайты.

Сән байқауын облыстық мешіттің наиб имамы Нұрбол Смағұлов Құран оқып ашып, дизайнерлер мен тігіншілерге сәттілік тіледі. Шараға ұлттық киімдерді насихаттап жүрген ақтөбелік тігінші қыз-келіншектер қатысып, туындыларын ұсынды.

Байқаудың басты мақсаты – қоғамның сұранысына сай, күнделікті тұрмыс-тіршілікке ыңғайлы да талғамды киіне отырып, қоғамдық ортада ұлттық рухымызды көтеру. Сондай-ақ этно бағыттағы тігінші қыз-келіншектердің ісіне серпін беру.

Сән алаңында дәстүрге сай, шариғат талаптары негізінде тігілген спорттық киім, камзол мен кимешек түрлері және қыз ұзату мен үйлену тойларына арналған көйлектер ұсынылды. Кеш соңында шараға қатысқан шеберлер «Ең жас дизайнер», «Ең үздік тігінші», «Дәстүрді дәріптеуші дизайнер», «Ең шебер ару» номинациялары бойынша марапатталып, ақшалай сыйлықтар табысталды.

Шараға Ақтөбе қалалық Дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталық және Ақтөбе облыстық кәсіпкер әйелдер ассосациясы қолдау көрсетті. Сондай-ақ ардагер ұстаз, ұлттық киімнің насихатшысы, марқұм Ақзипа Сыдықова апаның балалары демеушілік көрсетті.

Сыдықовтар әулетіне және шараға атсалысқан басқа да азаматтарға алғыс білдіреміз. Алла Тағала баршамызды жақсы істерде бастамашы еткей!

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close