Сыр сандық

«Жусан»: Көбі райынан қайтпай отыр…

Оралдық Айдана Максим мен Альбина Мансұрованы бір кезде арабтың қара жамылғысын бүркеніп, Сирияға қашты дегенге бүгінде бірден сену қиын. Себебі олар елге оралған соң орамалын тастап, шаштарын жайып, заманауи үлгіде киініп, сырт кейіптерін мүлде өзгерткен.

Бір кезде деструктивтік діни ағымның жетегінде жүріп мұсылман мемлекеті болмағаны себепті Қазақстан мемлекетін  «харам» деп,  намаз оқымағаны үшін ата-анасын «кәпір» деп, Отанын сатып, елден жасырынып, қашып кетіп, Сирия мен Иракка жиһадқа аттанған тәкфіршілердің  отбасы  «Жусан» операциясының арқасында елге оралып, естерін жинап жатыр. Олар  өздерінің адасқандарын мойындап, ел алдына шығып өкініштерін айтуда.

Айдана Максим Усама есімді ұлымен

Айдана мен Альбина да Орал қаласындағы республикалық жоғары техникалық колледж студенттерімен кездесті. Кездесуге сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы дін істері басқары Дін мәселелерін зерттеу орталығының теологы Бейімбет Жамбылұлы, М.Өтемісов атындағы БҚМУ оқытушысы Саялбек  Ғиззатов қатысты.

 

Студенттер алдында сөз сөйлеген әйелдер өздерінің адасқанын мойындап, Сирияда көрген қиыншылықтарын баяндап, жастарды жат ағымдардан аулақ болуға шақырды.

«Біз барған Сирияда  интернетте көрсеткендей «Халифат», «Ислам мемлекеті» түгілі, асыл дініміздің иісі де шықпайды. Елбасымыздың қолдауымен «Жусан» операциясымен  елге оралдым. Қазақ қашанда жетімін жылатпаған, жесірін қанғытпаған халық қой. Халқымның қадірін сол жерде түсіндім. Мұсылман елі деп барған ол жақтан адамшылық, қонақжайлық, шынайылық пен қазаққа тән бауырмашылдық деген қасиеттің біреуін де таппадым. Діни сауатсыздықтың кесірінен біз бұл жолда от бастық. Ол жақта қаншама апа-қарындастарымыз жесір, балалар жетім, ер азаматтар өлім құшты. Жансақ басқан қадамнан орны толмас өкінішке ұрындық. Жастарға айтарым дін жағынан сұрақтар туындаған жағдайда теологтар мен мешіттерден сұраңыздар» деді Айдана Максим.

«2013 жылы күйеуім екеуіміз Сирияға кеттік» дейді Альбина Мансұрова. – Күйеуім маған «Сирияда халифат бар. Біздер Құран мен сүннетті ұстанамыз. Қазақстан шариғатпен өмір сүрмейді» дейтін.  Ютубтан лекциялар тыңдайтынмыз. «Сирияда мұсылман бауырларымыз өліп жатыр. Мұсылмандар қайдасыңдар? Көмектерін керек!» деген сөздер ютубта шыға бастады. Жолдасым «Бауырларым арғы жақта өліп жатқанда мен қалай жылы жерде отырамын? Мен оларды құтқарамын» деді. Сирияға сондай мақсатпен  кеткен болатынбыз.Қазір өмірімді өзгерттім. Бірақ бес уақыт намазымды оқимын. Бізді қайтарып алған еліме зор алғысымды айтамын. Жастардың менің адасқан жолыма түспегендерін қалаймын. Әлеуметтік желідегі әр-түрлі видеоларға, ресми емес ақпараттарға жоламаңыздар. Біз басқан қате жолға түспеулеріңіз үшін біз сіздермен кездесіп отырмыз»деді ол.

«Жусан» операциясымен Сириядан Батыс Қазақстан облысына оралғандармен әлеуметтік, психологиялық, құқықтық және теологиялық жұмыстар жүруде. Әйелдерді шаштараз, тігінші, аспаз,тырнақ әрлеуші мамандықтары бойынша курстарда оқытып жатырмыз. Олар уаһһабилік- салафилік идеология салдарының өздеріне оңайға соқпағанын, тағдыр- талайына  кері әсер еткенін білді. Быразы райынан қайтып, еліміздің саясаты дұрыс екенін көпшілік алдында мойындап, ағынан жарылып жатыр» деген еді өткен айларда газетке берген сұқбатында Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасының басшысы Мақсат Раманқұлов.

Басшы айтқандай, отты нүктелерден оралғандардың арасында бұрынғы сәләфилік, тәкфірші көзқарастарынан айнымай отырғандары баршылық екен. Сирияда от пен оқтың ортасында небір құқайды, зорлық- зомбылықты, зұлымдықты көрсе де, лаңкестерге әйел болуға мәжбүр болса да,бір тілім нанға зар болып, аштықтан шөп, жем жеп, лай суды ішіп, адамдықтан ада Сириядан азар деп құтылса да райынан қайтпау- сәләфилік идеологияның аса қауіпті екенін тағы да дәлелдеп отыр. Сириядан оралғалы еліміздің соғыссыз тыныш аспаны астында, ішкені алдында, ішпегені артында, алаңсыз өмір сүріп жатқан бұл әйелдерді мемлекет өз қамқорлығына алды. Олардың райынан қайтуы үшін басқасы басқа, өздері табынған, дәрісін тыңдаған ұстаздары Ділмұрат пен Халел шейх сияқты дінбұзарлардың экстремистік идеологиясы үшін түрмеде отырғандары да саналарына жетпей отырғаны өкінішті.

Осы тұста Айдана мен Альбина сияқты қыздарымыздың өздерінің адасқандарын ел алдына шығып мойындауы, жастарды деструктивтік ағымдардан сақтандыруы қуанарлық жағдай. «Адасқанның айыбы жоқ…» дейтін ұстанымдағы мемлекет Отанын сатқанды да кешірді. Райынан қайтпай отырғандарға осыдан артық енді не керек?!

Еске сала кетсек, террористік белсенді аймақтардан Батыс Қазақстан облысына 30 әйел, 82 бала оралды. Күні бүгін әйелдердің 10-ы тігінші, 10-ы аспаз, 1-і шаштараз, 3-і бет және тырнақ әрлеуші мамандықтарына оқытылды. Қазақстанда тиым салынған ДАИШ террористік ұйымының құрамында соғысқан 3 азамат келген заматта қамауға алынып, тергеп- тексеру нәтижесінде бас бостандықтарынан айырылды. Олар еліміздің түзету мекемелерінде жазаларын өтеуде.

Ұлдай САРИЕВА,

«Дүрбі»

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close