Сұрақ-жауап

«Аманатқа қиянат жасама!»

Құрметті редакция!

Бұдан 5 жыл бұрын Оралдан Астанаға кетіп бара жатқан әріптес журналист әйелге Астанада тұратын елге танымал әрі бүкіл қазақ сыйлайтын апайға сәлемдеме беріп жібергенмін. Жаңа жылдың алды еді, өзімше барымды салғанмын. Аманатты алып бара жатқан соң әріптесімнің жол азығын беріп, апайдың үйінің мекенжайын, үйіне барып-қайту такси шығынын беріп, вокзалдан шығарып салғанмын. Әріптесім Астанада 10 күндей болды. Күнде оған телефон шалып, «Аманатымды апарып бердің бе?» деп сұраймын. «Әлі апарған жоқпын» – дейді. Пойыз Астанаға жететін күні апама «Бір адамнан сізге сәлемдеме беріп жібердім. Қаладасыз ба, апара қалғанда үйде алып қалатын біреу бола ма?» – деп телефон шалғанмын. Жетінші күні таңертең «Бүгін апарып беремін» деген соң, ойымда түк жоқ, апама кеште телефон шалып, «Апа,апарды ма?» деп сұрадым. Апам: «Ол не қылған адам? Әлі келген жоқ, неге дұрыс адамнан беріп жібермейсің?» – дегенінде қатты ұялып қалдым. Қысқасы, әріптесім аманатымды апайға апармай, Астанада өзі тоқтаған біреудің үйінің балконына тастап кетіпті… «Үйдің иесі апарып береді» – деді. Содан «Апарып берді ме?» деп апама телефон шала алмай, көп жүрдім. Әріптесімнің айтуынша, бір күні апарып беріпті, әйтеуір. Бірақ көңілімде жаман сезім қалды. «Беріп жіберген аманатым аман-есен, түгел жетті ме, жетпеді ме?» деген ой келеді кейде. Апамнан «Апарған сөмкенің ішінде анау бар ма, мынау бар ма?» деп сұрай алмадым. Қазақ «Аманатқа қиянат жасама» деген ғой. Жалпы исламда аманат туралы не дейді? Осы сұрағыма жауап берсеңіз екен.

Жәмила,

Орал қаласы

 

Оқырманымыз Жәмиланың сұрағына Атырау қаласындағы «Шапағат» деструктивті ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологы Мұхиддин Омаров  жауап береді.

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Жәмиланың басынан кешкен оқиғасы – қазаққа, мұсылман ұрпағына жат тірлік. Тіпті мүлдем дұрыс емес. Аманатты иесіне жеткізетін жол ақысы берілсе де, оны басқа біреудің үйіне тастап кеткені адам ақылына мүлдем сыйымсыз іс боп саналады. Бабаларымыз бізге тәлім-тәрбие бергенде бірінші аманатқа қиянат жасамауды үйреткен. «Балам, сен біреудің ала жібін аттама, біреуге зияның тимесін, біреудің затын алма, араласатын ортаңды дұрысынан таңда, жаман жолдарға түсіп кетпе» деген сынды т.б жайттармен тәлім үйрететін. Бірақ мына оқиғаны алар болсақ, аманат етіп берілген затқа қиянат жасалған екен. Шариғат тарапынан да, адами тұрғыдан да дұрыс болмапты. Адам баласы біреудің ақысына қиянат жасамаса, ол адаммен араларында жақсы сенімділік туындайды, жақын болады, өзінің сенімді досына айналады. Пайғамбарымыздың (с.а.с) «Ақиқатында жалғаншылар біздерден емес» деген хадисі де бар.

Құрметті жамағат! Егер сізге бір затты аманат етіп беріп жіберетін болса, бірақ оны жеткізуге сіздің жағдайыңыз болмаса, онда ол аманатты ала алмайтыңызды айтып, «Ренжімеңіз» деп қайтарып беріңіз. Егер алған болсаңыз, онда сол заттан тезірек құтылуға асығыңыз. Яғни иесіне табыстаңыз. Себебі Алла Тағала қиямет күні адам мен адамның арасындағы ақысын қияметке қалдырмайды, яғни міндетті түрде адамдардың ақылары алып беріліп, сосын үкімі шығарылады. Сол себепті, ағайын, бір-бірімізге зиянымыз тиіп кетпесін. Себебі ислам діні аманатқа қиянат жасауға үндемеген. Үндемейді де. Аманатшылдық – Пайғамбарлармұрасы. Алланың елшісі Пайғамбарымызға (с.а.с) пайғамбарлық келмеген күннің өзінде аманатқа өте қатты мән берген.

Пайғамбарымыз (с.а.с) бірде қоршауға түскен кезде күйеу баласы Алиді (р.а) өзінің орнына қалдырады да, оған «Мына аманаттарды иелеріне қайтарып бер, мынау пәленшенікі, мынау болса, түгеншенікі» деп, өзін өлтіртуге жалдаған мүшриктердің де аманаттарын түгел қайтартып береді. Көрдіңіз бе, Алла Тағала өзі жер бетіне жіберген Пайғамбарымыздың соншалықты аманатшылдығының арқасында біздер аманатқа қиянат жасай алмаймыз.

Алла Тағала Пайғамбарларына 10 сипат берген. Сол сипаттардың біріаманатшылдық болып саналады. Ендеше, біз де аманатқа қатты мән берейік! Өйткені аманатшылдық бізді, әрі жанұямызды, ұрпағымызды әр түрлі жамандықтардан сақтайды. Амандықта болайық, ағайын!

 

 

Аманат туралы тағы не білеміз?

«Аманат жоғала бастағанда қиямет жақындайды»

Аманат – «шыншыл, сенімді болу» деген сөз. Аманатты ешқандай зиян тигізбей, дәл сол күйінде иесіне қайтару керек. Аманатты сақтамау – мұнафиқтық (екіжүзділіктің) белгісі. Аманаттың маңыздылығын төмендегі хадистерден аңғаруға болады:

«Аманат жоғала бастағанд ақиямет жақындайды. Істерді лайық болмаған адамға тапсыру аманатты жоғалту болып табылады» («Бұхари»).

Алла Тағала жанымызды, денені және барлық мүшелерді бізге аманат ретінде берген. Кез келген нығмет аманат болып табылады. Бұл аманаттарды Раббымыздың разылығынан басқа мақсатта қолдану ол аманатқа қиянат жасау болмақ. Мысалы, бала-шағамыз, жұбайымыз – бізге аманат. Бұл жайлы ардақты Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

 

«Әйелдер – сендергеберілген АллаТағаланың аманаты» (Ибн Жәрир)деген.

 

«Жұбайының жасырын сырларын басқаларға айту аманатқа қиянат жасау болып табылады»деген(Муслим).

Сонымен қатар,

«Қызын пасыққа(күнәһарға)берген адам  Алла Тағаланың аманатына қиянат еткен болады. Аманатқа қиянат еткендердің баратын жері – тозақ»(Әбәдийә).

«Кедейлік – аманат. Мұны жасырған адам ғибадат жасаған болады. Кедейлігін жария еткен адам да дін бауырларын қарыздар қылған болады»(Ибн Асакир).

«Сөз – аманат. Жаман сөзді жеткізу(сөз тасу)дұрыс емес»(Әбу Нуайм).

«Бес уақыт намазға аманат» делінген. «Ниса» сүресінің 58-ші аятындағы аманат сөзін Расулулла ғибадат деп айқындап, бес уақыт намазды оқуды бұйырған.(Бәйдәуи)

Аманатқа ақыл және ислам дінідеген мағына берген ғалымдар да болды. Өйткені ақылды адам ислам дініне мойынсұнады. Демек, ақылды болып, діннің әмірлері мен тыйымдарына бағынған, намаз оқыған адам да аманатты сақтаған болады.

 

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close