Басты тақырыпКөкейкесті

«Біздің қоғамда дін саласында әлі күнге ашықтық жетіспейді»

Бүгінде дін әбден саясиланған. Неше түрлі ағымдар мен қозғалыстарға толы. Қайсысы – ақ, қайсысы – қара екенін ажыратып болмайсың. Өзің адасқаныңмен тұрмай, жұртты шатастырасың. 

Қазір әлеуметтік желіге кіре қалсаң, дін тақырыбын қозғамайтын адам кемде-кем. Қасарысқан қауым. Бәрі – шетінен білгіш. Тек өз жолын, өз ұстанымын дұрыс санайды. Оқыған зиялылар қырық пышақ. Біреуі – уақапшы, біреуі – гүленші, енді біреуі – зікірші. Еліміздегі исламдық діни ағымдардың арасындағы белсенділігі жөнінде және ерушілерінің саны жағынан басымдылыққа ие болып отырған осы аталған үштік шығар. Қайсысы басым түседі, белгісіз. Уақапшылар, яғни «салафиттерің» өз ішінде неше түрлі ағымға бөлінеді. Мадхалиттер, хабашиттер дегендей. Оның қайсысы радикалды, қайсысы «жұмсақ», ал айырып көр. Суфистер де солай: зікірші, тәкпірші, тарихатшы, Исматулла мен Құрбанәлінің мүридтері дегендей. Тәңіршілдер де дәуірлеп тұр. Гүленші, нұршы, сүлейменші дейсің бе, түрікшілдер де қақ жарылған. Бәрі осал емес. Нәтижесінде дінді жеккөрінішті еттік. Дін дұшпандарына керегі де – осы.

Білетіндер ХХI ғасырды «Жамағат ғасыры» дейді. Яғни, белгілі бір ірі-ірі діни ұйымдар мен қозғалыстардың дәуірі деген сөз. Ол ұйымдар мен қозғалыстардың айналымында миллиондаған, миллиардтаған қаржылары бар. Өздерінің телеарнасы, газет-журналдары, университеттері, басқа да білім ошақтары, қайырымдылық қорлары бар. Олардың бәрін қаржыландырып отыру үшін гипермаркет секілді ірі сауда желілері, өндіріс ошақтары, үлкенді-кішілі зауыт, фабрикалары тағы бар. Түрлі тренингтер өткізеді, ағылшын курстарын ұйымдастырады, балалар лагерін ашады. Жамағат жинау үшін бәрі тегін. Бастапқыда. Тегін болған батпан құйрық ары қарай өзіңді сора бастайды. Ондай ұйымдар өз елімен шектелмей, өзге де мемлекеттерге ұя салған. Оның мысалын бүгінде Батыстан да, Шығыстан да табуға болады. Ол ұйымдардың көбісінде дін тек бетперде ғана болуы мүмкін, астарында нағыз саясат немесе нағыз бизнес бұғып жатуы да кәдік. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, не десек те, бұл ғасыр – діни көзқарасына байланысты белгілі бір топтардың өзара бауырласу, жамағатқа ұйысу ғасыры. Мұны ашық мойындау және онымен санасу керек. Ондай ұйымдармен күресу мемлекеттік машинаға да оңай емес. Өйткені мемлекеттік машинаны жүргізетін маңызды тетіктерде әлгі жамағаттардың кемінде бір-бірден өкілі отырғаны анық. Қай-қайсының да мақсаты – түптің түбінде машинаның рөліне ие болу емес пе?!

Қазақстандағы қазіргі діни ахуал, көрдіңіз бе, күрделі әрі сан-салалы. Елімізде ресми түрде тіркелген 3679 діни бірлестіктің ішінде сүнниттен бөлек, шиитің де, ахмадияң да, буддисің де, индуисің де, кришнаитің де, бахаиың да, баптисің де, саентологияң да, иудейің де, евангелиің де, атынан жаңылатын басқа да түрлі ағымдар мен бауырластықтар жетіп артылады. Бұл тіркелген діни бірлестіктердің бәрі заң алдында тең және құқықтары мен міндеттері бойынша мемлекет тарапынан бірдей және қолайлы жағдай жасалған.

Әлемде 2639 христиандық секта барын санапты біреу. Исламдағы секталар да одан қалыспайды. Мәдімін немесе Иса Мәсіхпін дейтін жалған пайғамбарлар былай қалып, өзін Құдаймын дегендер қаптап келеді. Оған сенетіндер де аз емес. Алпауыт АҚШ тек қана исламды бүлдіру үшін жылына 50 миллиардқа жуық қаржы бөлетінін ескерсек, жіптің бір ұшы қайда жатқанын шамалай беріңіз. Қазақстандық бұрынғы саентолог бұдан екі жыл бұрынғы өзінің бейнесұхбатында еліміздегі саентологтардың осы ұйымға берген садақалары 100 мың доллардан 3 миллион долларға дейін жететінін мәлімдегені бар. Бұл ақшалар қоғамның мұқтажына, өзге мемлекеттердегі кедейлер мен жетім-жесірлерге беріледі деп сендіреді, әрине.

Діни экстремизм әлеуметтік нысандарды және құндылықтарды тікелей қиратумен және өзінің идеологиялық бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі түрі болып табылатын адам өлтіру және террормен ғана қауіпті емес. Жеке тұлғаның дүниетанымын бұрмалайтын және елеулі психикалық ауытқуларға жетелейтін экстремизм идеологиясының өзі аса қауіпті. Адамдардың көптеген топтарын қамтып, олардың психикасына және санасына ықпал етіп, мақсатты түрде тұлғаның санасын түбегейлі түрде өзгерту арқылы қоғамға қауіпті топтар дайындап жатпасына кім кепіл? Жалған діни ағымдардың идеологтары өз тәжірибелерінде қорқыту, үрейлендіру және бопсалауды қолдануға тырысатыны ешкімге таңсық емес. Кейбір діни ұйымдардың сексуалды жақындық пен культ ішіндегі интимдік қатынасты бақылауда ұстайтыны, мысалы, басшы кімнің кімге үйленуі керек және сексуалды қатынасқа қашан түсу керек деп қатаң өмір салтын ұстануға мәжбүрлейтіні жалғанның жарығына шығуда. Көптеген ұйымдарда барлық қызметкерлер культтік мақсаттарға ден қою үшін ашылған жатақханалар (монастырь, медресе, ашрам т.б.) бар. Жаңадан қосылғандарды осындай үйлерде тұрғызу мақсатында бұдан да жоғары мәртебені уәде етіп, қысым да көрсетіледі. Сонымен қатар адам тартудың белсенді бағдарламалары немесе культтік басқа да қызметтері адамның жүйкесін жұқартып, оған культтің заңдарына күмән келтіруге уақыт та, энергия да қалдырмайды. Ол үшін олар трансқа түсіретін (медитация, дұға, монотонды өлең айту, өзін-өзі гипноздау) секілді әдістерді көптеп қолданып, мүшелерінің ойлау процесін, сезімдерін тежейді. Интеллектуалды және критикалық қабілеттерін әлсіретеді немесе мүлдем жойып жібереді.

Еліміздегі исламдық ағымдардың өзі сала-салаға бөлінгенін там-тұмдап айттық. Мәселен, Қазақстанға Ахмадия ағымы Пәкістаннан келді. Кезінде бір атақты жазушы ағамыз осы ағымның елдегі туын көтеріп жүрді. Орталығы – Лондонда. Пәкістанның өзінде ахмадиялықтарға өздерін мұсылман деп атауға тыйым салынған. Өздерінің тобының атауын олар Мұхаммед пайғамбардың екінші есімі – Ахмадпен байланыстырады.

Исламнан алыстап кеткен қозғалыстардың қатарында 1985 жылы құрылған құраниттер бар. Оның негізін қалаушы – Мысырдағы әл-Азхар университетінен сүннеттің талаптарын орындаудан, исламның негізгі принциптерінен бас тартқандықтан мұғалімдік жолдан қуылған Ахмад Мансур. 2002 жылы Мансур АҚШ-қа көшіп кетеді. Сол жерде Солтүстік Вирджинияда өзінің идеяларын тарату мақсатында Халықаралық Құран орталығын ашады. 2009 жылы әл-Азһар университетінің беделділері Мансур мен оның сегіз ерушісін өлім жазасына кесті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құраниттердің ілімін жалған деп пәтуа шығарды.

Соттың шешіміне сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған террористік және экстремистік ұйымдарды біле отырайық: әл-Каида, Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс, Өзбекстандағы исламдық қозғалыс, Күрд Халық Конгресі (Конгра-Гел), Асбат әл-Ансар, Мұсылман бауырлар, Талибан қозғалысы, Боз гурд, Орталық Азиядағы Жамаат моджахедтер, Лашкар-е-Тайба, Әлеуметтік реформалар Қоғамы, Хизб-ут-Тахрир ұйымы, АУМ Синрикё (жапондық діни секта), Шығыс Түркістан азат ету ұйымы, Түркістан ислам партиясы, Халифат әскерлері, Сенім. Білім. Өмір, Таблиғи жамағат, Ат-такфир уәл-хижра, ДАИШ, ан-Нусра жатады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оккульттік-мистикалық ұйымдар: Алля-Аят Фархат Абдуллаевтың адамдарды емдеу орталығы мен адамдарға олардың бойында әулиелік, емшілік қасиеттерінің бар екенін әрі оларға ауру адамдарды емдей аласыңдар деп сендіріп, «Шырақ жағу» «Ақтық жағу», «Бата шығару» сеанстарын жүзеге асырған, «Аққу», «Сұңқар» тағы басқа атақ берген «Ата жолы» қозғалысына тыйым салынған.

…Айттық не, айтпадық не, біздің қоғамда дін саласында әлі күнге ашықтық жетіспейді. Ашық мойындау мен санасу болған жерде адасу да аз болмай ма?

Төреғали Тәшенов,

ақын, журналист

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close