Мәселе

«Иегово куәгерлерінің уағызына тұрғындардың наразылығы көбейді»

Оралда «Ақжайық» адам құқықтарын зерттеу орталығы «Қазақстандағы сенім бостандығының сақталуы» тақырыбында баспасөз конференциясын өткізді.

Аталған орталықтың жетекшісі Қанағат Нұрмұхамбетов Польшаның астанасы Варшава қаласында өткен Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының отырысы қорытындысы жайлы мәлімдеу үшін тілшілерді шақырды.

Суретте Қанағат Нұрмұхамбетов

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) биылғы отырысында екі мыңға жуық қатысушы болған. Адам құқықтарының ішіндегі жеке көзқарас, сенім бостандығы жағына басымдылық берілген бұл жиында бейбіт жиындар мен бірлестіктер, зорлық-зомбылық жайлы да мәселелер көтерілген.

-Мен сессияда антисемитизм, христиан, мұсылман және басқа да діндерге қатысты дискриминация, төзбеушілік жайлы сөйледім. Мінберді пайдаланып Қазақстандағы дінаралық жағдайды, ондағы мәселелерді айттым. Басты мәселелердің бірі ретінде зайырлы қоғам мен дінді ұстанушылардың кейбір бөлігі арасындағы келіспеушіліктің көбеюін келтірдім. Бұл жалпы дінаралық, қоғамдық қауіпсіздікке әсер етуде.

Мәселен, «Иегово куәгерлері» діни бірлестігінің қоғамдық шаралары Алматы, Ақтөбе Қостанай, Тараз және Шымкент қалаларында халықтың жаппай қарсылығын туғызды. Ақтөбеде олардың қоғамдық тәртіпті бұзуына қарсы шыққан тұрғындармен жанжалына полиция дәл уақытында араласып, тұтқындаған. Біздің ойымызша, «Иегово куәгерлерінің» қоғамдық орындардағы уағызына, үгіт-насихатына тіпті дінге еш қатысы жоқ тұрғындардың наразылығы көбейді. «Terra libera» қорының төрағасы Ерғали Абишов Варшавадағы ЕҚЫҰ отырысында Иегово куәгерлерінен зардап шеккендерді қорғау жайлы жоспарларымен бөлісті. Әсіресе мемлекеттік органдардың бұл ұйымға жұмсақ қарауы салдарынан ондағы педофилия және басқа да адам құқықтарының қорлануына баса тоқталды, – деді «Ақжайық» адам құқықтарын зерттеу орталығының жетекшісі Қанағат Нұрмұхамбетов.

Жиынға қатысқан «Регион ЕврАзия» газетінің бас редакторы Жанар Дәулетова жұмыс орнына келген үш алпамса жігіт Иегово куәгерлері жайлы мақаласын жоюды талап еткенін айтты. «Мен жұмыста жалғыз болдым. Сол сәтте заңгерім кеңсеге келіп қалмағанда бұл оқиға немен аяқталатынын білмеймін» дейді журналист.

«Регион ЕврАзия» газетінің бас редакторы Жанар Дәулетова

-«Terra libera» қорының төрағасы Ерғали Абишов Иегово куәгерлерінің ішкі нұсқаулығын жария етті. Онда балаларға күш қолдану жайлы айтылған. Бұл ішкі құжатқа 2019 жылдың 1 қазанында қол қойылған. Онда бұдан бұрын да бір құжат болғаны айтылған. Ол құжат жыныстық зорлық тұрғысынан балаларға тіпті қауіп төндіруі мүмкін. Бұдан бөлек ол діни бірлестіктен шығып кеткен адамдардың кәмелетке толмағандарды ұйымның «ақсақалдарының» (старейшины) зорлау деректері барын айтқан құжаттар бар. Қазақстанда аталған ұйымның «ақсақалы» өз көлігінде 13 жасар қызды зорлау оқиғасы болды. Мұндай оқиғалар әлем бойынша көп, ғаламтордан өздеріңіз де таба аласыздар. «Иегово куәгерлерінің» балаларды зорлау дерегі бойынша әлемде 1065 сот ісі тіркелген. Олардың жоғарыда айтылған ішкі нұсқаулығында мұндай оқиға бойынша мемлекеттік органдарға жүгінбей өздерінің құқық бөліміне хабарласу туралы анық көрсетілген. Яғни, барлық балаларды зорлау оқиғалары ұйымның ішкі жүйесінде жасырылып келеді. Сәбилер қорғансыз қалуда, олардың ары қарайғы жағдайы белгісіз. Бұл – біздің қоғам, түгел Қазақстан үшін қауіп. Біздің балаларға үлкен қатер төніп тұр, – деді «Регион ЕврАзия» газетінің бас редакторы Жанар Дәулетова.

Нұрлыбек Нұрланұлы

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close