Көкейкесті

«Інжілдік христиан баптистері Кеңесін» қашанғы тайраңдатамыз?

Орал қаласындағы «Інжілдік христиан баптистері Кеңесі» баптистері күшейтілген карантин шектеуіне қарамастан діни мәжіліс жасаған. Мемлекеттік тіркеуді ешқашан мойындамайтын, заңбұзушылығымен жақсы танымал протестанттық ағым үгіттеушілері тағы да әдеттегідей заңсыз жиналып, «Қолымыздан келді, қонышымыздан басамыз. Бізге не істей аласыз?» дегендей заң орындарына қыр көрсетіп отыр…

 Тамыздың 21-і күні Орал қалалық әкімдік жанындағы мониторинг тобы Көкшетау көшесі, 5 мекенжайында орналасқан үйде баптистердің бас қосқанын анықтаған. Бұл шараға Батыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасы мен Орал қалалық полиция басқармасының қызметкерлері қатысқан. Мониторинг кезіндегі бейнетүсірілім мен фотосуреттерден мінберде егде миссионердің уағыз жүргізіп жатқанын, оның сөзін ден қоя тыңдап, бала-шағамен бірге отырған бір топ әйелді анық көруге болады. Мінбердің алдыңғы бетіне «Мы проповедуем Христа распятого. 1 Кор. 1:23» деген жазу жазылған. Қабырғаға қазақша-орысша нұсқалары қатар ілінген, Інжіл кітабынан алынған мәтін үзіндісін тайға таңба басқандай ірі әріптермен көмкеріп, көзге түсетіндей етіп қойыпты. Кең бөлме ішінде діни уағыз тыңдауға қолайлы, бірнеше адамға арналған ұзын орындықтар бар.

 

БҚО Дін істері басқармасы мен осы басқармаға қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ мамандары діни нысандарға мониторинг жұмысын тұрақты жүргізеді. Тамыздың 21-і күні сағат 19:00-де «Евангелдік христиан баптистері Кеңесінің» шіркеуіне 38 адамның ғибадат етуге келгенін анықталған соң, заңбұзушылықты сотқа дейінгі тергеп-тексеру реестріне тіркеген жергілікті полиция қызметі санитарлық-эпидемеолгиялық талаптарды бұзу дерегі бойынша іс материалдарын БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолдаған.

 

Баптистер ұзақ жылдар бойы «шіркеуге»айналдырған Көкшетау көшесіндегі №5 тұрғын үйдің иесі В. Нелепин құзырлы құрылымдар уәжіне құлақ аспай келеді. Осы үйде тұрақты уағыз айтатын, алпысты алқымдаған қарт С. Краснов заңсыз миссионерлік қызметін тыйған емес.

 

«Інжілдік христиан-баптистері кеңесінің» жетекшілері Д. Исаев пен Н. Новиков та заң талаптарын орындауға мүлдем құлықсыз

 Уәкілетті органға тіркелуден бас тартудан танбайтын діни ұйым заңсыз қызметі үшін бірнеше жылдан бері әкімшілік жауапкершілікке тартылуда. Атап айтсақ, баптистерге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі аясында 2017 жылы 10 (аталған кодекстің 489-бабы 9-бөлігі (100 АЕК) бойынша – 1, 489-баптың 10-бөлігі бойынша –9), 2018 жылы 6 (489-баптың 9-бөлігі (100 АЕК) – 1, 489-баптың 10-бөлігі (50 АЕК) – 5), 2019 жылы – 4 (490-баптың 1-бөлігі (60 АЕК) бойынша – 1, 490-баптың 3-бөлігі (100 АЕК) – 3) әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді.

Міне, БҚО Дін істері басқармасы мен құқық қорғау құрылымдары заңсыз жолмен бас қосатын ұйым мүшелері мен олардың жетекшілеріне бірнеше мәрте айыппұл салған. Құзырлы құрылымдар әкімшілік жаза тағайындап, тексерістер жүргізгеніне қарамастан, баптистердің белсенділері ұйым қызметін заңсыз жолмен жалғастыруда. Сала мамандары табынатын құдайы, тәжім ететін ғибадат орны, қасиетті кітабы, тәжірибелі уағызшысы, оған ессіз еліктеген табынушылары бар, діни атрибуттары айқын баптистер «Заң талабы мен тәртіп шегінен тыс әрекет етіп отырған діни ұйым құрып отыр» деп есептейді. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 489-бабында «Қазақстан Республикасының қоғамдық бiрлестiктер туралы заңнамасын бұзу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген қоғамдық, дiни бiрлестiктердiң қызметіне басшылық жасау, қатысу, олардың қызметiн қаржыландыру» қатаң жаза қолдануға алып келетіні жазылған. Бұған қатысты басты мәселенің басын ашып айта кетейік, «Інжілдік христиан баптистері Кеңесінің» миссионерлері  мемлекеттік тіркеуді ешқашан мойындаған емес.

 

Баптистер өздерінің белгілеген күндері – аптаның жұма-жексенбісі аралығында бас қосады. Мониторинг жүргізуге барғанда діни жиынды ұйымдастырушылар өздерінің аты-жөнін айтудан бас тартады, құжатын көрсетпейді, байланысқа шығатын телефон нөмірлерін көрсетпейді. Ресми түрде тіркелмегендіктен, заң жүзінде тексеріс жүргізу мүмкін емес. Басқарма мамандарының ескертуіне құлақ аспайды. Өздерінің діни рәсімдеріне ылғи бала-шағасымен бірге жиналады. Көкшетау көшесіндегі үй ресми түрде ғибадат орны ретінде де есепке алынған жоқ, – деді тамыз айында мониторинг тобымен бірге барған Батыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасы Дін істерін зерттеу орталығының маманы Алиса Кондыкирова. 

Баптистердің ғибадат үйіне көрші тұратын Анна есімді кейуана баптистер бұрынғы кезде қаланың Ватутин көшесінде бас қосқанын, тоқсаныншы жылдар аяғында Көкшетау көшесіне көшіп келгенін айтады. «Олар көрші үйде сенбі-жексенбі және мереке күндері немесе жаназа өткізген кезде жиналады. Кейде бәрінің хормен ән салғаны көрші үйден анық естіледі. Содан кейін бірге отырып шай ішеді. Көкшетау көшесіндегі көршілерді мінәжат етуге шақырғанын көрдім. Мен түсініксіз уағыз тыңдаудан бірнеше мәрте бас тарттым. Бір ұзын бойлы шетелдік жігіт Германиядан тұрақты келіп тұратынын білемін. Осы үйге жиналғандарға қаржылай көмек береді немесе азық-түлік таратады. Орысша жақсы сөйлейді», – деді кейуана. Көрші әжей осы жерде жиырма жылдан астам уақыт тұрып келе жатқанын, баптистердің бұрыннан үзбей бас қосатынын, бірақ қандай ұйым екенін жете  білмейтінін айтты.

 

Діни үгіт-насихатты ұйымдастырушылар

карантин талабын бұзғаны үшін де әлі жазаланбай отыр

Осы заңбұзушылық алдында, төрт күн бұрын Батыс Қазақстан облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері М.Арыспаевтың 2020 жылғы 16 тамыздағы № 27-ПГВр «БҚО аумағында карантиндік шектеу шараларын кезең-кезеңмен жеңілдету туралы» қаулысы күшіне енген. Қаулы бойынша  тұрғындар арасында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу және адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында «банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, салтанатты, отбасылық, естелік, салт-жоралғы және өзге де бұқаралық іс-шараларды (оның ішінде үйде өткізілетін іс-шараларды) өткізуге тыйым салу белгіленсін» және «мерекелерді ұйымдастыру жөніндегі қызметтердің; діни нысандардың, сондай-ақ барлық мәдениет нысанының қызметі тоқтатылсын» деген талаптар жазылған.

Қаулыға сәйкес «үй-жайлардың, ғимараттардың кіретін және шығатын жерлеріне санитайзерлер орнату; келушілерді, клиенттерді үй-жайларға бетпердесіз кіргізбеу; үй-жайлардың ішінде және сыртында адамдар арасында әлеуметтік қашықтықтың сақталуын бақылау, белгілердің болуын қамтамасыз ету; үй-жайларды үнемі дезинфекциялау және үй-жайларды желдету» шаралары уақтылы жүргізілуі тиіс. Мониторнг тобы ұсынған фото және бейнеайғақтар баптистердің санитарлық талаптарды өрескел бұзғанын дәлелдейді. Осы сөзіміздің бір айғағы – мінберде тұрған уағызшы мен  оны тыңдап отырған ересек адамдардың маска тақпағаны. Бас санитар қаулысына сәйкес полиция қызметкерлері жоғарыда көрсетілген талаптардың бұзылуына байланысты Аумақтық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына тергеу материалдарынжолдағанын жаздық.

«Біздің құрылымға аталған рейд қорытындысына сәйкес шара қолдану жөнінде жазбаша хат түскені рас. Бірақ санитарлық нормаларды бұзған тұрғындар шақыртуымызға мүлдем құлақ аспай отыр. Әкімшілік хаттама толтыру үшін кінәлі адамдарды мәжбүрлеп алдыртуға өтініш жолдап, қалалық  полиция басқармасына хат жолдадық. Басқарма тарапынан әлі күнге жауап жоқ. Егер полицейлер жазаға тартылуы тиіс тұрғындарды алып келмесе, әкімшілік істі тоқтатуға мәжбүр боламыз. Әзірше бұл іс өндіріс құрамынан қысқартылмады» деп түсініктеме берді БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев. (фотода)

 

ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына сәйкес, «Әркім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес діни немесе өзге де нанымдарды ұстануға, оларды таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы». Бірақ осы заңның 8-бабында «Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар миссионерлiк қызметтi тiркеуден өткеннен кейiн жүзеге асырады» деп заңсыз діни қызметке рұқсат етілмейтіні туралы нақты көрсеткен.

Миссионерлер тіркелу үшін жергілікті атқарушы органдарға бірқатар  құжатты – төлқұжатының немесе жеке куәлігінің көшірмесін, миссионерлiк қызмет аумағы мен мерзiмi көрсетiлген өтiнiшті, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы  анықтаманы және дiни бiрлестiк жарғысының көшiрмесін ұсынуы тиіс. Теолог мамандар бірлестіктің діни әдебиеттері мен ақпараттық материалдарын сараптап, әбден сүзгіден өткізеді. Дінтану сараптамасының теріс қорытындысы негізінде,  сондай-ақ, егер олардың миссионерлік қызметі конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпке, адамның құқықтары мен бостандықтарына, халықтың денсаулығы мен имандылығына қатер төндіретін болса, тіркеуден бас тартылады.

ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасы бұзылған жағдайда,Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 490-бабы1-бөлігіне сәйкес, дiни жораларды, рәсімдерді және жиналыстарды өткізу, діни әдебиетті, діни мақсаттағы заттарды әкелуге, таратуға, үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттар) етіп қайта бейіндеуге (функционалдық мақсатын өзгертуге) байланысты белгіленген талаптарды бұзу –қызметтi үш ай мерзімге тоқтата тұрып, жеке тұлғаларға – 50, заңды тұлғаларға 200 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Осы баптың 3-бөлігіне сәйкес, миссионерлiк қызметтi тіркеусіз жүзеге асыру, сол сияқты миссионерлердің дінтану сараптамасының оң қорытындысы жоқ діни әдебиетті, діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды және діни мақсаттағы заттарды пайдалануы, Қазақстан Республикасында тіркелмеген діни бірлестіктердің діни ілімді таратуы – ҚР азаматтарына 100АЕК мөлшерінде, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ тұлғаларға ҚР шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберуге және 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

  «Сайда саны, құмда ізі жоқ» ұйым секілді есепке алынбайды. Толық бақылауда болмаған соң, діни ағымның түпкі мүддесін, қазаққа деген пиғылы қандай екенін зерделеу қиын. Оқырман үшін анықтама бере кетейік, інжілдік мәсіхші баптистердің заңды түрде тіркелген ұйымдары да бар. Батыс Қазақстан облысында «Ізгі хабар жарығы» інжілдік мәсіхші баптистердің қауымы» жергілікті діни бірлестігінің бес филиалы бар. Баптизм ағымы ХVII ғасырда Англияда бастау алған. ХIХ ғасырдың ортасында Ресей империясында протестанттық інжілдік христиан баптистері пайда болды. КСРО кезінде атеистік бағыт күшейіп, Совет үкіметі діни ұйымдарды қысымға ала бастады. ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары інжілдік мәсіхшілердің бір бөлігі өздерін дербес санап, мемлекет заңнамасын мойындаудан бас тартты. Өздерін «бастамашылар, реформаторлар, бөлінгендер» деп атаған ағым өкілдері әлі күнге дейін осы сенімінен айныған емес.

 

Мемлекеттік тіркеуді мойындамайтын баптистер қазақ жерінде әлі күнге алшаң басып жүр

 Діни сенім – өте нәзік дүние. Қазақ жеріндегі жат ағым құзырлы органдардың ескертуін қаперіне де алар емес. Бұған дейін бірнеше мәрте әкімшілік жазаға тартылса да, баптистер заң талабын орындаудан бас тартып келеді. «Үй ішінен үй тігудің» орасан зияны барын ұғынатын уақыт жетті. Бұл бағытта құқық қорғау құрылымдары батыл қимылдауы тиіс. Айта кетейік, «Дүрбі» газеті «Інжілдік христиан-баптистері Кеңесінің» Оралда заңсыз діни ұйым құрғаны туралы мәселені тұрақты көтеріп келеді. Екі жыл бұрын Дін істері комитеті төрағасының сол кездегі орынбасары Б.Мырзаев «Дүрбі» газетінің дабыл қаққанына алғыс білдіріп, «Бұл мәселенің назарда болатынын» айтқан еді. Бірақ әлі күнге «жабулы қазан жабулы» күйінде келе жатқанын көріп отырмыз. Дін саласындағы өзекті мәселені құзырлы органдар назардан қағыс қалдырмай, бұл жолы жүгенсіз кеткен ұйымға құрық салуға қауқары жетеді деген сенімдеміз. ҚР Заңына бағынбай, осы кезге дейін қанша айыппұл салынса да оны «шыбын шаққан құрлы» көрмей, төлеуден бас тартып, ойларына келгенді істеп, тайраңдап жүрген «Інжілдік христиан-баптистері Кеңесі» баптистерінің заңсыз қызметіне тиым салатын уақыт жетті.

 Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Дүрбі»

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close