Мақалалар

Дін саласын реттейтін маңызды құжат

Мақсатбек МАХАНБЕТОВ,

Маңғыстау облысы Дін істері

басқармасының басшысы

 

Қазақстан Республикасы зайырлы мемлекет. Мемлекетіміздің басты құндылығы – ұлтаралық және дінаралық келісім мен татулықты сақтау. Күні бүгін Тәуелсіз елімізде 130 дан астам ұлт пен ұлыс, 18 конфессиядан тұратын дін өкілдері өмір сүруде. Мемлекетіміздің дін саласындағы ұстанған саясаты әділдігімен, ашықтығымен, адам құқығын заңмен қорғауымен маңызды. Бұл саясатты ел халқының 89 пайызы қолдап отыр. 

         Елімізді мекендеген 18 конфессияға енетін 3816 діни бірлестіктің 2680-і – ислам бағытында болса,  342-і- православие, 86-ы –католик, 595-і протестандық бағытты ұстанған.

«Дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың 2021 – 2023 жылдарға арналған кешенді жоспары» мемлекетіміздің дін саласындағы саясатының мақсаттары мен міндеттерін айқындайды. Бағдарлама  «Зайырлылық қағидаттарын нығайту», «Азаматтардың діни сенім бостандығына құқығын және діни бірлестіктермен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету», «Қазақстандық қоғамда конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету», «Дін саласындағы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету» деген 4 бөлімнен тұрады.

«Азаматтардың діни сенім бостандығына құқығын және діни бірлестіктермен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету» бөлімінде көрсетілгендей, діни сенімдегі отбасылардың кәмелетке толмаған балаларының  құқықтарының заңмен қорғалатыны еліміздің болашақ азаматтарының қоғамның толыққанды мүшесі болып қалыптасуына ықпал етеді. Елімізде тіркелген кейбір ұйымдардың діни наным-сенімдеріне орай, балаларына қан құйдырмау салдарынан шетінеп кету фактілері сирек те болса, орын алуда. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңға сәйкес мұндай әрекеттерге жол бермеу қарастырылған.

Бағдарлама әлемде қалыптасып отырған күрделі діни ахуалға орай, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ел халқының діни экстремизм мен терроризм идеологиясына қарсы тұра алатын иммунитетін қалыптастыру бағытында іс-шараларды жүзеге асырады. Бағдарламада осыған орай ақпараттық, әлеуметтік және ғылыми білім жобаларын іске асыру көзделген.

Еліміз бойынша 224 ақпараттық-түсіндіру топтары жұмыс істейді. Оның құрамында мемлекеттік қызметкерлер, дін мамандары, еңбек ардагерлері, қоғамдық ұйым мүшелері еңбек етуде.

Діни сауатсыздық салдарынан адасқан, экстремистік әрекеттері үшін бас бостандығынан айырылған және басқа да тұлғаларды радикалдық пиғылдан қайтару бағытында дін мамандары мен құқық қорғау органдарының бірлескен қызметі елімізде радикалды, жат идеологиялардың алдын алуда.

Ел азаматтары өз еркімен дінді ұстануға немесе ұстанбауға құқылы. Зайырлы, мемлекетіміз адамдардың діни наным-сеніміне қол сұқпайды. Алайда құқықтық мемлекет ретінде заңда  көрсетілген шектеулерді  бағытқа ала отырып, әрекет етеді. Соңғы жылдары деструктивтік діни теріс ағымды ұстанушылар тарапынан әкімшілік құқық бұзушылықтар кездесуде. Мемлекеттік рәміздер мен ұлттық және мемлекеттік мейрамдарды мойындамау белең алды.  Аталмыш құжатта «Қазақстанды мекендеген барлық өзге дін өкілдері мемлекеттік рәміздерді, ұлттық және мемлекеттік мерекелерді құрметтеуге тиіс» делінген. Сондай-ақ,

Қазақстандық қоғамда діндер:

қоғамдағы моральдық-адамгершілік құндылықтарды жаңғыртуға, сақтауға және дамытуға, соның ішінде руханиятсыздық элементтерін жеңуге;

қоғамдағы мәдениет деңгейін арттыруға;

халықтың дәстүрлі құндылықтарын дамытуға және қоғамға жалған құндылықтардың енуіне қарсы тұруға;

отбасы және неке институтының рөлі мен маңыздылығын арттыруға;

елде және халықаралық деңгейде мәдени алуан түрлілік пен мәдениетаралық диалог құндылықтарын дамытуға маңызды үлес қоса алады – делінеді.

Аталмыш бағдарламаның маңыздылығы –   радикалды, деструктивті діни теріс ағымдардың экстремизмді насихаттауына және діни теріс ағымдарға адам тартуына жол бермеу. Бұл бағыттағы басты мақсат – экстремизм мен радикализм идеологиясының алдын-алу үшін жұмыс тиімділігін жетілдіру, дін мамандарының біліктігін арттыру, әлеуметтік, ақпараттық жұмысты тиімді ұйымдастыруда жатыр.

Бұл жұмыстар халықтың дін саласындағы мемлекеттік саясатты және зайырлылық қағидаттарын қолдауына, діни теріс ағымды ұстанушыларды оңалту арқылы зайырлы қоғамға оралуға қол жеткізеді деп ойлаймыз.

 

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close