Тылсым

Рух

«Рух – көктің жетінші қабатындағы періште. Рух материя емес, ол материалдық әлемге жатпайды, ол «әмір әлемінің» ерекше құбылысы. Керісінше материя рухқа тәуелді» делінеді. Біз өмір сүріп отырған әлемде бізге белгілі құбылыстардан басқа да жұмбақ болмыстар бары баяғыда дәлелденген. Хазірет Пайғамбарымыздан: «Рух не нәрсе?» деп сұрағанда былай деп жауап беріпті: «Мұхаммед олар сенен (рух) жан туралы сұрайды: «Ол Раббімнің әмірінен. Сендерге өте аз мәлімет берілді»(15/85).  Физикалық заңдылықтармен түсіндіруге келмейтін, оған бағынбайтын рухани болмыстар туралы ғалымдардың еңбегіне үңілген сайын, бізге белгілі, белгісіз құбылыстардың бір Алланың өзінен бастау алғанына, Алланың ғана құдіретімен болғанына тағы да көз жеткізесің.

         «Адам баласы бос қоя берілеміз деп ойлай ма? Ол, (жатырға) тамызылған бір тамшы мәни емес пе? Сосын ол ұйыған қан болады.Сонда Аллах жаратып бейнеледі. Сонда одан ер, әйел екі жыныс жаратты. Бұларды жасаған Аллахтың, өліктерді қайта тірілтуге күші жетпейді ме?» (Қиямет 75:36-40)

Біз, адам баласы өзімізге берілген өмірді қалай сүріп жатырмыз? Нан табу, ұрпақ өсіру, таққа, байлыққа ұмтылу тағы басқа да толып жатқан материалдық қажеттілікке тәуелді болып жүріп, бір күні Раббымыздан хабар келіп, өлім сағаты соққанда «Аһ» ұрып өкініп қалмаймыз ба? Бұл жерде әңгіме жаннат пен тозақ туралы емес, өлім сәтіндегі бізге жұмбақ тылсым құбылыстар туралы болмақ.  Бір Алланың құдіретімен  руханиятқа көкірек көзі ашылған жандар адамның өмірден өткен сәтіндегі ғажайып құбылыстарды былайша әңгімелепті.

Өмірден өту сәті  

  Өнертапқыш Эдиссон өмірден өтіп бара жатып «Арғы жақ шынында да тамаша екен» депті. («Рух және материя»жорналы)  Бұл жайт адам демі үзілерде оның рухы о дүниеге сапар шегіп, көзді ашып жұмғандай уақытта ақыретке барлау жасайтынының дәлелі болса керек. АҚШ азамат соғысының ардагері бір әскери адам ауруханада өмірінің соңғы күндерін өткізіп жатыпты. Ол бір күні дәрігеріне мынадай әңгіме айтады.  «Ұйқыдан оянғанымда кереуетімнің аяқ жағында біреудің тұрғанын сездім.Ол менен бұрын қайтыс болған бауырым Джеймс екен. Бойымда еш қорқыныш жоқ, керісінше тезірек өлсем екен деп ойласам жаным жайланып сала береді.Ол маған « Келесі жексенбі күні сағат 11.00 -де менімен бірге боласың» деді де кетіп қалды» депті. Айтқандай жексенбі күні сағат 11- ге 15 минут қалғанда қолын бұрышқа қарай созып: «Бауырым, Джеймс» депті. Науқас сағат дәл 11-де жан тапсырыпты.

Көріпкелдік кабілеті өте күшті Эдис есімді әйелдің сіңлісі өлім аузында жатады. Науқас үзілер сәтте қатты мазасызданып, аса сезімтал болып кетіпті. Қасында отырған Эдис оның бас жағында түтіннің будақтап, бұлтқа айнала бастағанын көреді. Әлгі бұлт бірте-бірте қоюланып, сіңлісінің кейпіне ене бастапты да басы төмен қарап ауада ілініп тұрыпты. Кешке қарай науқас сұлқ түсіп тыныштала қалады. Сол сәтте сіңлісінің бас жағында ілініп тұрған елес дене толыққанды кейіпке еніп, тірі жан секілденеді. Эдис төбеде қалықтаған денемен төсекте қимылсыз жатқан сіңлісінің жүрегі мен миын жіңішке жіптердің байланыстырып тұрғанын көреді. Кенет бөлмеде жарқыраған екі бейне пайда болыпты. Эдис олардың ертеректе қайтыс болған атасы мен әжесі екенін таниды. Екеуі төбеде қалықтап тұрған сіңлісіне жақындап оны мейіріммен құшақтарына алады. Сіңлісі атасының кеудесіне басын сүйеп, оның құшағына кіріп кетіпті. Эдис сіңлісінің  демі таусылғанына куә болады. Сол сәтте әлгі жіп те үзіліп кетіпті.

«Әбхарым үзілді»

          Пайғамбар өмірден өтерінен азғана сәт бұрын «Әбхарым үзілді» депті. Әбхар араб тілінде күретамыр деген сөз екен. Яғни, күре тамырым үзілді дегені рухани денем менен бөлініп шықты дегені. Бұл жоғарыда айтқан елес дене мен науқасты байланыстырып тұрған жіпке ұқсайды емес пе?! Содан кейін ол: «Уа, Раббым, мен ұлы достардың жанына барғым келеді» деген. Ол мұнымен рухтың өлмейтінін айтып кеткен.

АҚШ-тың психология докторы Кеннет Ринг өліп кетіп қайта тірілген 102 клиникалық өлімді  зерттеген. Оның 60 пайызы тіл жетпес тыныштықты сезінсе, 37 пайызы өз денесінің үстінде қалықтап тұрған, 26 пайызы әртүрлі нәрселерді, 23 пайызы туннель, бөгет, мөшек, құдық, ұраны көрсе, 16 пайызы жарқыраған жарыққа таңқалса, 8 пайызы бұрын өмірден өткен туыстарымен кездескен. Клиникалық өлімді медициналық тұрғыда былайша бағамдайды. Адамның жүрегі соқпай, тыныс алуы білінбей, орталық нерв жүйесінің қызметтері өшеді. Алайда ұлпадағы  зат алмасу  үдерістері сақталып, өмір мен өлім арасында  болатын терминальдық жағдай бірнеше минутка созылады. Сосын биологиялық өліммен  алмасады.  

Өліп, қайта тірілген

Ал ұйықтап жатып өліп кетіп, өмірге қайтып оралған өзіміздің қандасымыздың мына әңгімесі қызық.  Кеш түсіп отбасымызбен ұйқыға жаттық,-  деп әңгімелейді ол.-  Көзім ілініп кеткені сол еді, кенет тұңғиыққа құбыр бойымен зулап бара жатқандай болдым.

Құбырдың екінші жағына шықтым, дүние жарқ етіп, аппақ болып, артынша көмескіленіп етті. Кенет үйдің төбесінде қалықтап тұрған сияқтымын. Үйдің іші қаракөлеңке. Демім жетпей, кеудемді уқалап едім сәл – пәл жеңілдеп, терең тыныстап, айналама қарадым. Терезе пердесінің ашық қалған жерінен ай сәулесі үйге түсіп тұр екен. Пердені жабайын деп терезе алдына сырғып жетіп келдім. Пердені ұстайын десем қолым  икемге келмейді. Балаларыма көзім түсіп кетті, үстеріндегі жамылғы көрпелері сусып түсіп кеткен екен, қайта жабайын дейін десем тағы да көрпені қолыма ұстай алатын емеспін.  Бір кезде төсегімде жатқан жұбайыма көзім түсті, ол алаңсыз ұйықтап жатыр екен.  Ал қасында бір ер адам етпетінен түсіп, қимылсыз жатыр. Бұл кім болды деп жақындап барып қарасам, о, тоба менен айнымайтын біреу. Әлгі еркекті жұлқылап оятқым келеді, бірақ ұстай алар емеспін. Ақыры оның өзім екенін білдім. Содан ойым одан сайын астан-кестен болды. Сонда менің жаным денемнен бөлініп кеткен бе деймін? Мен өлгенмін бе? «Жоқ, бұлай болуы мүмкін емес қой. Балаларым әлі жас, оларды  кім адам етеді, жоқ, мен өлуге тиіс емеспін, қайта тірілуім керек» деп жанталасқанымды білемін. Бір кезде жүрегімнің түбі шым ете түсті, көзімді ашсам етпетімнен жатыр екенмін. Осылай өмірге қайта оралғанымды білдім. Сонда басымнан өткен әлгі жағдайды ой елегінен өткізіп, жанымның денемнен бөлініп о дүниеге барып келгенімді сездім. Ойым шым-шытырық болды. Сонда, Құранда жазылған о дүниенің, ахиреттің болғаны рас болғаны ғой»

Иманымыз қандай?

           Тәнге Жан беріп, оған өмір сүруге күш беретін рух адам тірі жүргенде біршама шектеулерге тәуелді болады екен. Алайда рухтың тәнмен арадағы байланысы үзілген сәтте материяның тар қапасынан құтылып, дербестікке ие болады екен. Оның көруі, сезінуі басқа кеңістікке ауысып, бізге белгісіз, құдіретті Аллаға ғана аян әлемге жол тартатын сияқты. Оған  мақаланың басындағы өлім алдындағы рухта байқалған тосын жайлар куә. Адамның соңғы сәтте ақиқатты анық көруі жер бетіндегі сынақтың біткенін, енді келген жағына қайтып баратынын, тәннің бізге уақытша берілгенін, ал Жанның (рух) ғайып әлеміне тән екенін көрсетеді. Имансыз өткен ақындардың бірі В.Гюго өлер алдында шіркеу қызметкеріне: «Қоңырау соғып, араға қыстырылмаңдар, мен енді Құдайға сенемін» деп айқайлапты. Бірақ тым кеш еді…

Тірісінде иманы болмаған  адамның жан алқымға келгенде иман етуі қабыл болмайтыны анық. Біздер, жер бетіне уақытша жіберілген пенделер түбі бір сұраққа алынатымызды ойласақ, тәубеге келіп бір Алланың ғана құдіретіне бас қояр едік. Хадисте «Құлдың Аллахқа ең жақын болатын халі – сәжде» делінеді. «Адамның тірі кезінде істеген игі істері амал дәптеріне жазылып, о дүниеде алдынан шығады. Қайта тірілу кезінде адам бірнеше сынақтан өтеді» делінеді. Аяттағы «Ал енді кім зәредей жақсылық жасаған болса, соны көреді» деген  жағдай кім-кімге де мәңгілік мекенде алдынан шығып, оны қорғайтын көрінеді. О дүниеде жауапқа тартылып, жер бетінде істеген жамандығы жақсылығынан асып түсіп жатқан бір пендеге бір таба нан араша түсіпті. Сөйітсе ол нан бақытсыз пенденің тірі кезінде бір жетімге берген наны екен….

Ұлдай ҚАБОШҚЫЗЫ

Мақала діни әдебиеттер және ғаламтор көмегімен дайындалды

Tags
error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close