Жаңалықтар

Шетелден күмәнді діни білім алудың зардабы

 Соңғы  жылдары, шетелде діни білім алу қазақ жастары үшін қауіпті болып отыр. Себебі шетелге білім іздеп барған жастарға сол елдегі діни ағымдардың ықпалы әсер етері даусыз. Өз бетімен шетел асып, «діни білім аламын» деп кеткен жастар бос уақытында сол елдегі «бәріміз бір мұсылман бауырлармыз» деген желеуді бетке ұстаған, алайда аржағында өз қатарына тарту ниеті жасырын жатқан әртүрлі ұйымдардың жетегінде кетуі әбден мүмкін. Мысалы жергілікті құжыралар мен  марказдарда білім алу және жекелеген адамдардың тарапынан қазақ жастарына степендия төлей отырып араб тілін үйрету, белгісіз ғибадат орындарында «шейхтардан» қосымша дәріс алудың ақыры адасуға апаратынын уақыт дәлелдеп отыр.

 

«Сауд Арабиясына жетіп, терең білім алуды көздедім»

 Мысалы бұдан 8 жыл бұрын Мысырға өз бетімен оқу іздеп кетіп, ары қарай «Сауд Арабиясына жетіп, терең білім алуды көздедім» деген бір жігіт Мысырда ұсталып, құқық қорғау органдары арқылы елге қайтарылды. Елден кеткенде ақидасы дұрыс болмаған ол Мысырда болған азғантай уақытта өз атынан экстремистік мазмұндағы мақалалар жазып, интернетке жүктеген. Әрине, ол жігіт түрмеге отырып шықты. Ал, бұл адасу оны бас бостандығынан айырылып, темір тордың аржағында бірнеше жыл қапаста отыруға мәжбүр етті.

Қазақстандағы бүгінгі діни ахуал халықты да, мемлекетті де алаңдатып отырғаны анық. Елдегі бірнеше топқа бөлініп, бір- бірімен қырқысып жатқан уахабизм, салафизм ағымы, бір жылдары Отанын сатып кетіп, Сириядан опынып оралған әйелдер, күнәсіз балалардың санасына түскен ауыр салмақ, Сирияда көмілген жері де белгісіз, әр жерде шашылып қалған қазақ азаматтары… Басты себеп- діни сауатсыздық салдарынан адасып, жұмақты мұсылман елінен іздеулері болса, олардың ішінде «діни білім аламын» деп кеткендер да бар.

 

Шетелден білім алып, терроризмді насихаттаған

 Сауд Арабиясы, Біріккен Араб әмірлігі, Иран, Катар, Йемен, Кувейт, Пәкістан тәріздімұсылман елдеріндегі күмәнді, соның ішінде жеке құжыралардан білім алып келген қазақ жастары елге келген соң деструктивті діни идеологияны насихаттауда. Солардың біріне Ақтөбе қаласында сот болды. Сауд Арабиясында діни білім алған ақтөбелік азамат терроризмді насихаттағаны үшін 5 жылға сотталды. Ол Сауд Арабиясындағы “Аль-Джамийя Аль-Исламийя” университетінде оқыған. Демалысқа елге келгенде араб тілі курсын ашып, қазақ жастарына діни уағыздар айтып, «дінсіздерді өлтіруге болады, тіпті өлтіруге тиіспіз» деген. Шетелде оқып, діни теріс білім алған ол «намаз оқымаған кәпір» деп туыстарымен байланысын үзіп, анасының пісірген тамағын «харам» деп,  қазақтың ұлттық сал- дәстүрін жоққа шығарған.

 

Елде болған терактілерге қатысы

          Үстіміздегі  жылдың тамыз айында Египетте күмәнді марказда діни алып жүрген3 қазақстандықтың жоғалып кеткені туралы отандық баспасөз хабарлады. Сөйтсе, жол апатына ұшыраған олардың біреуі қатты жараланыпты. Бұл оқиға олардың Египеттегі визасының әлдеқашан уақыты бітіп, шетелде заңсыз жүргендерін әшкереледі.Мұсылман елдеріне өз беттерімен кетіп, шетелдік қорлардың демеушілігімен күмәнді құжыларда  тәкфирлік бағытта білім алған мұндай жастардың ол жақта есепте тұрмайтыны,   жасырынып жүретіні белгілі. Сондықтан да оларды Қазақстан мемлекеті бақылай алмауда. Дегенмен соңғы жылдардағы деректер бойынша шетелдегі күмәнді оқу орындарында 300 дей қазақ жастары оқып жүр деген ақпарат бар.

Міне, осындай адасқан жастардың шетелден күмәнді діни оқу оқып келіп, елде терроризмді насихаттауы салдарынан және интернеттегі салафи шейхтарының уағыздарына уланып, деструктивті діни ағымға еріп кеткен қазақ жастарының арасынан өзін- өзі жарып жібергендер шықты.

2011-2012 жылдарда басталған, Ақтөбе, Атырау, Астана, Тараз қалаларында болған терактілер еліміздегі діни ахуалдың қаншалықты ушыққанын көрсетті.  Ал 2016 жылы Ақтөбе қаласындағы 26 деструктивті діни ағым мүшелері ұйымдастырған терактіде  қаза тапқан 9 адамның 3-і бейбіт тұрғынболды. 2 адам жараланып, жалпы 38 адам дене жарақаттарын алды. Діннен өмірлік сұрақтарын іздеп бастап, ақырында адасып кеткен осындай жастарайналып келгенде мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қауіп төндірді.

 

Діни білімді елден ал!

 Соңғы жылдары қазақ жастарының дінге бет бұруы, өмірдің мәнін іздеуі рухани қажеттіліктен туындап отыр. Әйтсе де намаз оқуды ғана білетін, діннен сауаты төмен  осындай сарыуыз жастардың көбі деструктивті діни теріс ағымның қатарынан бір-ақ шығып жатқаны жасырын емес.

Сондықтан елімізде исламтанушы мен дінтанушы мамандарын көптеп оқыту қолға алынды.  Соңғы жылдары «Нұр- Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде оқитын жастарға гранттар көптеп бөлінуде.

Бүгінде «оқимын, діни білім аламын» жастардың бетінен ешкім қағып, кедергі болып жатқан жоқ. Жалпы діни білімнің іргетасын отандық білім ордаларында қалаған дұрыс. Бүгінде Қазақстанда  6 жоғары оқу орнында діни факультеттер бар.«Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетіне қоса Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.А. Яссауи атындағы халықаралық қазақ -түрік университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде оқып, жоғары білімді маман болып шығуға мүмкіндік зор. Сондай-ақ елімізде 9 медресе- колледжі жастарға білім беруде. «Сарыағаш» медресе-колледжі, «Шымкент» медресе-коллджі,  «Астана» медресе-колледжі, «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжі, «Һибаттулла Тарази» медресесі, «Үшқоңыр» медресе-колледжі, «Әбу Ханифа» медресе-колледжі, «Орал» медресе-колледжі, «Ақтөбе» медресе-колледжінде дәстүрлі дініміз бойынша білім алуға болады.

Сондай-ақ ҚМДБ меморандумға отырған дәстүрлі дінімізді оқытатыншетелдегі діни оқу орындарында да қазақ жастары білім алып немесе жоғары білімдерін одан әрі көтеруде. Рұқсат етілген шетелдік оқу орындарын атасақ, Түркияның Стамбул университеті, Мәрмара университеті, Анкара университеті, «Селжүк» университеті, «Хасеки» институты, Нажмеддин Эрбакан атындағы университеті, Мысырдың «Әл-Азхар» университеті, Ресейдің Қазан қаласындағы Ресей ислам университеті, Мәскеу ислам университеті және ӨзбекстанныңТашкент ислам университеті бар.

Жалпы діни білім аламын деген қазақ жастарына өз еліміздегі оқу орындарының білім беру сапасының жоғары екенін еске саламыз. Дін ұстанамын деп қазақы ділімізден, ата- бабамыз ұстанған түпкі қазығымыздан ажырап қалмауға тиіспіз. Діндегі бөліну мен бүлінушілікке жол беру бейбіт еліміздің тұтастығын бұзатын басты қауіптердің бірі екенін бүгінгі деструктивтік діни теріс ағымдардар тарапынан жасалып жатқан неше түрлі қылмыстар дәлелдеп отыр. Ал олардың бәрі шетелден діни теріс білім алғандардың және Халил, Дарын, Ділмұрат, Назратоллалар меншетелдік шейхтардың уағыздарынан сусындағандар.

Жастарымызқазақтың салт-санасын, ұлттық дәстүрін бойына сіңірген патриот, еліміздің тәуелсіздігі жолында еңбек ететін отаншыл болса, адаспасы анық.

Әсет НҰРОВ,

Маңғыстау облысы

 Дін істері басқармасы,

бас маман

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close